04 Тамыз, 2010

Құқықты құндылаған құжат

1935 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Ата Заң айшықтары Конституция – ел тәуелсіздігінің, мемлекеттігінің негізгі тірегі. Оны мемлекеттің саяси-құқықтық төл­құжаты деп бекер атамайды. Себебі, Конституция ең алдымен мемлекеттің қандай жолмен дами­­тынын, басты құндылықтарын өлшеп-пішіп, айқындап беріп отыр. Ата Заңның 1-бабының 1-тармағында Қазақстан өзін ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деген. Ендеше мемлекетіміздің Ата Заңы халқымыздың тәуелсіз ел болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтаған, әлемге, адамзат ғаламына Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен юридистикалық құжат болып табылады. Осыған орай біз Конституциялық Кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы, белгілі заңгер Ілияс Бақтыбаевқа жолығып, еліміздің конс­­титу­­ционалдық дамуы, оның қазақстандық үлгісі, биыл 15 жыл толып отырған қолданыстағы Конс­­титуцияның жалпы қалыптасқан құқықтық идеялармен сабақтастығы жөнінде әңгімелескен едік. – Ілияс Жақыпбекұлы, еліміздің тарихына назар аударсақ, өткен XX ғасырда республи­камызда бірнеше конституция болғанын білеміз. Оны конституциялық даму әлде қалыптасу кезеңі дей отырып, әуелі сол бір алғашқы қадам­дарға тоқталып өтсеңіз. – Алғаш рет сонау 1926 жы­лы 18 ақпанда Қазақ АССР-і Орталық атқару комитеті Қазақ АССР-інің Конститу­ция­сын бекіткен болатын, бі­рақ бұл құжат күшіне енбеді. Себебі оны сол кездегі кеңестік Ресей Федерациясы Орталық атқару комитеті бекітуі тиіс еді. Ал келесі Конс­титуцияны 1937 жылы 26 наурызда Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекітті. 1978 жылы 20 сәуірдегі “кемелденген социализм” деп аталған заманның Конституциясы Тәуелсіздік жылдарының бірінші – 1993 жылғы 28 қаңтар­дағы Конституциясы қабылданғанға дейін қолданыста болды. 1993 жылғы Конституция мемлекетіміздің тәу­ел­сіздігін ең жоғарғы заң тұр­ғы­сында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат еді. Ол Кон­ституцияның елі­міздің тарихында алатын орны бөлек екені ешқандай шүбә келтірмейді. Дегенмен, оның да күрделі кемшіліктері болды. Нақтырақ айтқанда, ол мем­лекеттік билікті бөлу қа­ғи­датына негізделген тежемелік және тепе-теңдік қағидасын ұстанған, яғни “бір жеңнен қол, бір жағадан бас шыға­рып” елге қызмет ететін бір­тұтас мемлекеттік органдардың жүйесін қалыптастыра алмады. Осы тұста депутаттыққа үміт­кер­лердің бірінің жасаған шағы­мының негізінде XІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңеске сайлау бойынша Орталық сайлау комиссия­сының кейбір актілерін Конституция­­лық Сот 1995 жылдың 6 наурызында Конститу­цияға кереғар деп тануы себептен Жоғарғы Кеңес өз қызметін тоқтатқан болатын. Ал 11 наурыз күні республика Президенті Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 1995 жылғы 6 наурыздағы қаулысынан туындайтын шаралар туралы Жарлыққа қол қойған еді. Осы Жарлық негізінде Жоғарғы Кеңес депутаттарын жұмысқа орналастыру, Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы мен оның орынбасарын қызметінен босату, кейбір әлеуметтік шаралар және басқа да мәселелер шешілді. Президент Жоғарғы Кеңесті сақтап қалудың барлық конституциялық мүмкіншілігін қарастырды. – 1995 жылы жаңа Конституцияны қабылдау қалай жүзеге асырылды? Оның жобасы бірнеше рет талқылауға ұсынылған көрінеді. – Сіз айтып отырған Конституцияның жобасы екі рет жалпыхалықтық талқылауға ұсынылды. Мемлекет басшысы 1995 жылы жаңа Конституцияның жобасын талдау және оған тәуелсіз сараптаманы жүзеге асыру мақсатында Сараптамалық-консультативтік кеңес құрды. Оның құрамына белгілі отандық заңгерлермен қатар ірі-ірі шетелдік конституционалистер де кірді. Аталған кеңеспен Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын бүкілха­лықтық талқылау барысында 30 мыңға жуық түскен ескертпелер мен ұсыныстар қаралды. Халықтың ұсыныстарын қорыта келе аталған кеңес Конституция жобасына 1100-дей өзгер­тулер мен толықтырылулар енгізді. Нәти­жесінде 1995 жылы 30 тамызда республикалық рефе­рендум өткізіліп, халықтың тікелей дауыс беруі­мен қолданыстағы Конституция – Ата Заң қабылданды. Сөйтіп, көп жылдардан бері ел сеніміне ие болып, экономикалық, әлеуметтік сындарлы саясатты жүргізіп, ел бірлігіне ұйытқы болып отырған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Ата Заңның діңгегін қалыптастырды. Ол Конститу­­цияның әрбір бабының, әр ережесінің халықтың талап-мүддесіне сәйкес келуіне, мемлекеттігі­міз­дің нығайып, билік органдарының адам мен қо­ғам үшін қызмет етуіне баса назар аударды. Ал­ды­мен экономиканы, сонан соң саяси қатынас­тарды дамыту арқылы бізге үшінші саптағы елдердің қатарынан серпіліп шығып, озық 50 елдің қатарына қосылу мүмкіндігі туып отыр. Елбасы Н. Назарбаевтың ұсынысы ретінде Конституцияның бірінші бабында республика қызметінің түбегейлі қағидаттарының бірі сана­тында “бүкіл халықтың игілігін көздейтін эконо­микалық даму” мәселесі басты шарт етіп көрсе­тілген. Оның дұрыстығына қазір ешкім шүбә кел­тір­мейді. Өйткені, өркендеп жатқан Астана ақиқаты, құйылған инвестиция қарқыны, эконо­мика өсімі және оны әлемнің барлық елдері, оның ішінде ресейлік, еуропалық, аме­рикалық саясат­керлердің таңдай қағып мойын­дауы Президенттің іскер де алғыр, білікті басшы­лығының арқасында, Конституция талаптарының негізінде жүзеге асып жатқан игіліктер екенін сөзсіз дәлелдейді. Жалпы байқасаңыз, Қазақстанда шұғыл бет­бұ­рыс 1995 жылдан басталды. Мемлекет басшы­сы­ның көрегендігі мен дер кезінде жүзеге асы­рыл­ған саяси-экономикалық реформалардың арқа­сында тұралаған еліміз қирандыдан қуатты экономиканы түзеп, тығырықтан шықты. ТМД елдерінің арасында бірінші болып зейнетақы реформасы жүргізілді. Халықты экономикалық қор­ғауды әлеуметтендіру саясаты, жастардың бола­шағын кепілдендіру жүйесі қалыптасты. Кә­сіп­кер­лікке кең жол ашылды. Жеке меншіктің қор­ғалуы шетелдік инвесторлардың сенімі мен қызы­ғу­шылығын арттырды. Біз өз жолымызды таңдадық. – Сонымен, қазіргі қолданыстағы Ата Заңы­мыз бұрынғыларынан қандай негізгі өзгешелік­терімен ерекшеленеді? – Ең алдымен Конституция мемлекеттік билікті тез арада нығайтып, әр билік саласы органдарының өкілеттігін нақты белгілеу арқылы оның тиімділігін күшейте түсті. Соның ішінде көп елдердің теория жүзінде болғанымен конституциялық-заңнамалық практикада қолданыла бермейтін мемлекеттік биліктің біртұтастығы идеясын жоғарғы заң тұрғысында бекітті. Бұл мемлекеттік биліктің монолиттігін емес, көп түрліліктің бірлігін көрсетеді. Конституция барлық мем­лекеттік билік құзырет­терін өз қолдарына жиып алған ке­ңес­тер билігін “саясат сахна­сы­нан” түпкілікті кеті­ріп, оның орнына қазіргі заманғы өмір талап­тарына сай мемлекеттік органдардың жүйесін тудырды. Мәселен, қос палаталы Парла­мент қа­лып­тастырылды. Конс­титуциялық Сот, арбит­раждық соттар, Жоғарғы Сот пен жер­гілікті сот­тардан тұратын үш салалы сот жүйесінің орнына біртұтас сот жүйесі қаланды. Еш­бір билік саласына кірмей­тін жаңа үлгідегі консти­ту­ция­лық бақылау органы – Конс­титуциялық Кеңес құрылды. 1993 жылғы Конституцияға қарағанда жеке меншік құ­қығы, мұрагерлік құқығы, заң жо­лымен алынған кез келген мүлікке ие болу құ­қығы және басқа да мәселелер конституциялық мәнге ие болып, адам мен азаматтың құқықтары мен бостан­дықтарының аясы кеңіді. Нәтижесінде Конс­титуция халықаралық стандарттарға сай тұлғаның құқық мәртебесіне қатысты сол ха­лық­аралық құ­қықтық нормалар­мен мәндес ережелермен байы­тылды. – Бәріміз белгілі, Консти­ту­цияға 1998 және 2007 жыл­да­ры өзгерістер мен толықты­рулар енгізілді. Бұл толықты­рулар Ата Заңның әлеуетін байыта түскені белгілі. Енді осы өзгерістер елімізге не алып кел­­ді? Сіздің ойыңызша Консти­ту­цияның мүмкіншілігі қанша­лық­ты, оның әлі де болса ашылмаған жақтары бар ма? – Конституция еліміздің саяси өмірінде мәні зор оң өзгерістер тудырды. Бірнеше жыл­дар бойы дайындық жұ­мыс­тары жүргізіліп, арнайы комиссияларда қаралып, ел ішінде кең талқылау өткізіліп, саяси пар­тия­лармен, қоғамдық ұйым­дармен, сарапшылармен кеңесіп, жан-жақты ойлана отырып Ата Заңы­мыз­ға 2007 жылы ірі өзгерістер енгізілді. Ол өзге­ріс­тер халықтың ел бас­қару үрдісіне белсене араласуына, Парламент­тің құзыретінің күшеюіне, саяси партиялардың өркениетті үлгіде өзара сайысқа түсуіне, сондай-ақ жергілікті өзін өзі басқару жүйесінің өмірге тереңдеп енуіне жағдай жасады. Өлім жазасын қолдану аясы тарылып, тек қана соттың санк­циясы арқылы тұтқындау және қамауда ұстау бекітілді. Сөйтіп осы оң өзгерістердің негізінде 2007 жылғы тамыз айында Қазақстанның тари­хында тұңғыш рет тек қана партиялық тізім бойынша Мәжіліс депутаттары сайланды. Бұл аса ауқымды шара Қазақстан демократиясының жаңа да жарқын бетін ашатындығы даусыз. Ал сіздің Конституцияға енгізілген өзгерістер оның әлеуетін одан әрі байытты дегеніңізге толығымен қосыламын. Ата Заңға енгізілген өзгерістер негізгі қоғамдық-саяси институттар мен олардың даму келешегін түсінудегі жаңа тұжырымдамалық көзқарастарды айқындап берді. Конституцияның ашылмаған тұстарына келетін болсақ, ең алдымен оның 83-бабына тоқ­тар едім. Себебі, онда прокуратураға республика Консти­туциясына қайшы келетін заңдар мен басқа да нормативтік актілерге наразылық келтіру құқығы берілген. Бірақ, бұл ереже әлі күнге дейін қолда­нылмай отыр. Себебі прокурордың наразы­лығын қарайтын орган мен оның тәртібі бекітіл­меген. Прокуратура органдарына ондай міндеттің жүктелуі Конституцияға кереғар келетін заңдар­дың күшін жою үшін Бас прокурордың өзге мемлекеттік ор­ган­дармен өзара қатынасы меха­низмі мен про­цессуалдық жолдарын қарастыруды талап етеді. Осы мақсатта Парламент пен оның палата­ларының, Үкіметтің регламенттеріне өзгерістер енгізу қажеттігі туындайды. Бұл жөнін­де осыдан оншақты жыл бұрын жарық көрген “Конститу­цион­ный надзор прокуратуры Респуб­лики Казах­стан” атты еңбегімде де көрсеткен болатынмын. Бәрімізге белгілі, заңдар мен өзге де норма­тивтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін айқындау Конституциялық Кеңес құзыретінде. Құқық қолдану практикасының заңдылығына қадағалау жүргізетін ең белсенді мемлекеттік органдардың бірі прокуратура екені белгілі. Заңдардың шикілігін, әсіресе олардың Ата Заңда бекітілген адамның құқығы мен бостан­дықтарына қайшылығын прокуратура қызмет­керлері күнделікті жұмыстарында байқауы мүмкін. Сол себептен, Бас прокурорға заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің конституцияға сәйкестігін тексеру үшін Консти­туциялық Кеңеске өтініш жасау құқығын беру арқылы Конститу­цияның 83-бабының толық­қанды жүзеге асуын қамтамасыз етуге болады деп ойлаймын. – Дегенмен, осы енгізілген өзгерістерден кейін республиканың басқару формасы президенттіктен президенттік-парламенттік басқару формасына қарай ойысты деген қоғамда тұжырым қалыптасты. Осы қаншалықты “конституциялық ойға” сыйымды? – Конституцияға жүгінсек, оған сәйкес Қа­зақ­стан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет (2-баптың 1-тармағы), Қазақстан Республикасының Прези­денті – мемлекеттің басшысы және ең жоғары лауазымды тұлға (40-баптың 1-тармағы). Конс­титуцияда белгіленген республиканың басқару нысанын өзгертуге болмайды (9-баптың 2-тарма­ғы). Яғни, Конституцияда көрсетілгендей, Қазақ­стан басқару нысаны бойынша тек қана прези­денттік республика, ал мемлекеттің басқару ны­са­­нын өзгертуге тыйым салынған. Бұл баптарға 1998 жылы да, 2007 жылы да еш өзгеріс енгі­зілген жоқ. Сондықтан да, басқару формасына қатысты айты­лып жүрген ой-пікірлерді саясаткерлер мен әлеу­меттанушылардың үлесіне қалдырып, заңгер ре­тінде басқару нысаны жағынан Қазақстанның пре­зиденттік республика екенін және оны өзгер­ту­ге Конституция жол бермейтінін ескерткім келеді. – Өзіңіз мүше болып табылатын Консти­туциялық Кеңес – Ата Заңның республиканың барлық аумағында үстем болуын қамтамасыз ететін бірден-бір мемлекеттік орган. Ендеше осы органның қызметі туралы да айта кетсеңіз. – Конституциялық Кеңес қызметі конститу­ция­лық заңдылықты қамтамасыз етуге негіздел­ген, оның міндеті республиканың бүкіл аума­ғын­да Конституцияның жоғары тұруын қамтамасыз ету болып табылады. Ол республика Парламенті қабылдаған заңдардың конституциялылығы тура­лы, Конституция нормаларын ресми түсіндіру туралы өтініштерді, соттардың ұсыныстарын қа­р­ай­ды. Өкілеттігін жүзеге асыра отырып, Конс­титуциялық Кеңес өзі құрылған күннен бастап 180-ге жуық өтініш қарапты. Осы өтініштер бойынша 140-тан астам нормативтік қаулылар қабылданды. Бұл ретте 25 заң және халықаралық шарт толығымен немесе бір бөлігінде консти­туциялық емес деп танылды. Конституциялық бақылау практикасын қорыту нәтижесі бойынша Парламентке елдегі конституциялық заңдылық­тың жай-күйі туралы 12 жыл сайынғы жолдау жі­берілді. Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде оларда айтылған көптеген ұсыныстар заң шығармашылығы мен құқық қолдануда ескерілді. Конституциялық Кеңестің шешімдеріне сәйкес 65 заңның ережелері өзгертілді. Өйткені, Конституциялық Кеңес қабылдаған нормативтік қаулылар конституциялық заңдылық режімін қамтамасыз етеді, қолданыстағы құқықты байыта түседі, заңдардағы кемшіліктерді толықтырады, құқық қолдану практикасының одан әрі даму бағыттарын қалыптастырады. – “Конституциялық құндылықтар” деген сөз тіркесі кейінгі уақытта жиі қолданылады. – Жалпы, құқықтық құндылық ретінде Конституцияда, заңдарда бекітілген, сот, өзге де құқық қолдану практикасында қалыптасқан адамның, қоғамның талап-тілегіне сай келетін, олардың мүддесіне қызмет ететін құндылықтарды айтамыз. Халықаралық актілерге, ішкі заңнамаға, құқықтық ілімдерге сүйенсек, конституциялық құндылықтар ретінде, ең алдымен, адам мен аза­мат­тардың құқықтары мен бостандықтары, әді­лет­тілік, теңдік қағидалары, құқық пен заңды­лықтың үстемдігі танылады. Еліміздің қолданыстағы заңдарында “құн­дылық” деген термин жиі кездеседі. Мысалы, “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” Заңда оның негізгі міндеттерінің бірі ретінде қоғам құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту қарастырылған. “Білім туралы” Заңға сәйкес білім беру саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарының бірі ретінде азаматтық құндылықтар анықталады. “Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы” Заңда “ұлттық құндылық” деген ұғым қалыптасқан. Конституцияның кіріспе бөліміне назар ау­дар­сақ, Қазақстан Республикасының құрылуына берілген тарихи сипаттаманы көреміз. Ата Заң­ның кіріспесінде “біз, ортақ тарихи тағдыр бі­ріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерін­де мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды не­гізге ала отырып, осы Конституцияны қабыл­даймыз” деп жазылған. Бұл жолдар Қазақстан Республикасы қазақ халқының кіндік қаны тамған жерде қалыптасып отырған үлкен тарихы бар мемлекет, еліміздің аумағындағы барлық ұлт­тар мен ұлыстар – тарихы тағдырлас бір ха­лық, біздің ұранымыз татулық, еркіндік, теңдік дегенді білдіреді. Қысқа ғана жолдардың ішінде терең табиғи құқықтық және философиялық мәні бар құндылықтар жатқанын ұға білгеніміз жөн. Конституцияда орын алған адами құнды­лықтарды жалпылама түрде былайша топтау дұ­рыс деп ойлаймын: адамның табиғи құндылығы (өмір сүру құқығы, әркімнің жеке басының бостандығы, еркін жүріп тұру құқығы және т.б.), мемлекет тарапынан танылған құндылықтар, оның ішінде адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі, дискриминацияға тыйым салу, меншікке қол сұқпау, көзқарастар плюрализмі, адам құ­қық­тары мен бостандықтарының ажыратылмай­тын­дығы, халық егемендігі және тағы басқалары. Құқықтық мемлекеттің бір ерекшелігі жоға­рыда айтылған міндеттер ең алдымен мемлекеттік органдарға жүктеледі. Алайда бұл, Консти­ту­цияның және заңдардың талаптарын орындаудан азаматтар шет қалады дегенді білдірмейді. Ата Заң­ды сыйлау, оның талаптарын мүлтіксіз орын­дау, оны құрметтеу – баршамыздың қасиетті міндетіміз. – Конституция талаптары негізінде нарықтық қатынастарды дамытуда, қоғамдағы тұрақтылықты және ұлтаралық татулықты орнатуда, адам және азаматтың конституциялық құқықтары мен бос­тандықтарын қамтамасыз етуде, т.б. атқарылған іс­тер өте көп. Мұның бәрі еліміздің консти­туция­лық даму жолына түскенімізді нақты білдірсе керек. – Иә, Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Он бес жыл ішінде ол өзінің өміршеңдігін көрсете білді. Конституция негізінде мемлекеттік органдар жүйесі қалыптасып, ел игілігіне тұрақты қызмет етуде. Өткен жылдарда олардың әрқайсысының тәжірибесі мен дәстүрі қалыптасты. Еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындал­ды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағи­да­ла­ры қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Атап айт­сақ, республикамыз тәуелсіздік алған жылдар ішін­де халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сай­ланбалы органдарды конституциялық мер­зімге қалыптастыру дәстүрге айналды. Өткен ке­зең ішінде бірнеше рет республикалық референ­дум мен Елбасын сайлау, жоғарғы өкілді-заң шы­ғарушы органдар мен жергілікті өкілді ор­ган­дардың депутаттарын сайлау жүзеге асырылды. Бұл да болса, өзіңіз айтқандай, еліміздің конс­титуциялық даму сатысына түскенінің белгісі. Ең бастысы, ел ішінде, кейбір көршіле­рі­міздегідей “ертеңіміз қалай болады” деген үрей жоқ. Керісінше, орта қол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сабырлы конституциялық саясатының арқасы. Құқықтық-саяси жаңарулар мен экономи­калық жандандырулардың арқасында қоғамда саяси, әлеуметтік тұрақтылық, ұлтаралық татулық қалыптасып, болашаққа деген сенім нығайды. Конституцияның негізінде ұтымды жүргізілген на­рықтық қайта құрулар мен қабылданған заңдар экономикалық өркендеуімізге себеп болды. Қа­зақстанда дініне, түріне қарамастан барлық адам­дарға тең құқықтық жағдай жасалған. Конс­титуция саяси тұрақтылықтың алтын діңгегіне айналды. Кешегі өтпелі сәттерде елдің бірлігін сақтап, ұлыстардың ұюына ұйытқы бола алды. Қазіргі таңда Конституцияға негізделген экономикалық саясаттағы тиімділік барлық халықтың ауқаттылығымен өлшеніп отыр. Еліміздің конституциялық-стратегиялық міндеті ең алдымен халықтың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру. Халықтың еркіндігі көрініс тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен қағидаттары көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына көтеріп отыр. Конституция Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюына, мемлекетіміздің дамуына, халқымыз­­дың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берді. Елді­гі­мізді қалыптастырып, тәуелсіздігімізді нығайтуда маңызы зор Ата Заңымызды құрметтей білейік! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.