Алматыдағы Республикалық білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыру институтының, С.Мұқанов пен Ә.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 110 жыл толуына орай “Жол таптым бар қазақтың жүрегіне” деген тақырыпта әдеби кеш болып өтті.
Әдеби кешті институт директоры Бақтияр Сманов ашып, ХХ ғасырдағы әдебиет алыптарының бірі Сәбит Мұқановтың ХХІ ғасырда да руханият әлемінде ойып орын алатынына тоқталды. Ал “Қазақстан мектебі” журналының бас редакторы Сайраш Әбішқызы жазушының өмірі мен шығармашылығынан алар өнеге жөнінде айтса, музей кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков мерейтойлық шаралар аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ Мыңбай Рәш, Жәркен Бөдеш, Жарылқасын Боранбай, Болат Шарахымбай, Зернебек Шілдебайұлы Сәбең жайлы тағылымды әңгіме өрбітті. Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған орта мектеп-интернатының шәкірттері де ән мен жырдан шашу шашты.
“Егемен-ақпарат”.