06 Тамыз, 2010

АҚШ дипломатының қолдауы

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен жұмада Батыс елдерінің саяси элитасы мен танымал сарап­шыларының назарын АҚШ Мем­лекет­тік хатшысының орынбасары Роберт Блэйктің Карнеги қорында еуразиялық тақырыпта сөйлеген сөзі әлем назарын аударды. Әлемге әйгілі бұл зерттеу орталығы қазіргі таңда түбі тереңде жатқан саяси идеяларды бейресми жағдайда мәлімдеуге қолайлы бірегей алаңға айналып үлгерген. Жоғары лауазымды дипломат өз сөзінде АҚШ сыртқы сая­са­тында ортаазиялық аймақтың ма­ңыздылығын және Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы аясында Қыр­ғызстандағы жанжалды реттеуге қосып жүрген үлесін айта келіп, АҚШ-тың Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне қолдау білді­ре­тінін жеткізді. Р.Блэйк өз елінің сыртқы саяси мүдделері үшін Ор­талық Азияда тұрақтылық сақ­талуының маңызын АҚШ-тың дипломатиялық ведомствосы жете түсінетіндігін атап өтті. Ор­талық Азиядағы бес мемлекеттің ерекшеліктерін, олардың толық тәуелсіздігі мен дербес дамып ке­ле жатқандығын мойындай оты­рып, “АҚШ өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуда біз­бен және біздің әріптестерімізбен ынтымақтастық орнатқан және әлемдік экономикаға сіңісіп кет­кен тәуелсіз демократиялық елдер ретіндегі дамуын қолдайды”, деді ол. Роберт Блэйктің атап өтуінше, Барак Обаманың Президент болып сайлануы оның саяси командасына Орталық Азия елдерімен көпжақты ынтымақтастықты кеңейту және өңірдегі мемлекеттермен белсенді үнқатысуды дамытуға басымдық береді. “Көздейтініміз, Орталық Азия елдерінің әрқайсысымен, біздің ұлттық мүдделеріміз бен олардың ерекшеліктері мен дамуының негізінде кемелденген екіжақты қатынастар орнату”, деді дипломат осы жайында. Р.Блэйк сондай-ақ осы жылдың 16-17 шілдесінде Алматыда өткен ЕҚЫҰ сыртқы істер министр­ле­рі­нің бейресми кездесуіне АҚШ Мемлекеттік департаментінің берген бағасы жөнінде ой бөлісті. Айта кетейік, Алматы кездесуінде Р.Блэйк АҚШ Мемлекеттік хатшы­сы­ның бірінші орынбасары Джеймс Стайнберг бастаған аме­рикалық делегацияның құрамында лауазымы жағынан екінші адам ретінде қатысқан болатын. Карнеги қоры­ның пайымдауынша, ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті тарихи ма­ңызға ие болады. “Бұл ЕҚЫҰ-ның соңғы 11 жылда жоғары деңгейде ұйымдас­тырылып отырған бірінші кездесуі болмақ. Сонымен қатар тарихта бі­рінші рет мұндай басқосу ортаазия­лық елде өткізіледі. Аталған кездесу бұл аймақтағы жағдайларға серпін беріп, Ұйымның қағидаттарын ЕҚЫҰ кеңістігіне таратуға ықпал етеді деп сенемін”, – деді ол. Р.Блэйктің айтуынша, Қазақ­станның ЕҚЫҰ төрағасы қыз­ме­тіндегі жұмысын жоғары бағалап отыр. Әсіресе, Қырғызстандағы жағдайға қатысты. Себебі, Ұйым бейбітшілік пен демократияны ор­натуға және тараптарды татулас­ты­руға тікелей атсалысып, сол мә­селелерді шешудің ортасында болды. “Біз Қазақстанның Қыр­ғыз­стан­дағы жағдайды реттеуде, ЕҚЫҰ-ның әрекеттерін үйлесті­ру­дегі күш-жігерін жоғары бағалай­мыз”, – деді Р.Блэйк. Атап айт­қанда, ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанға полицей кеңесшілерін жіберу жөніндегі шешімнің қабылдануына, Бішкектегі ЕҚЫҰ орталығының мүмкіндіктерін қаржылай нығай­ту­ға және күзге жоспарланған пар­ла­менттік сайлауды бақылауда Демо­кратиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюроның (ДИАҚБ) миссиясын қолдауға қазақ дипломаттарының қосқан үлесі айтарлықтай. Экономикалық жағынан қуатты көрші бола тұра Қазақстан Қыр­ғыз­станда экономикалық және әлеу­меттік тұрақтылыққа қол жет­кізуде шешуші рөлге ие”, – деді Р.Блэйк мырза. “Егемен-ақпарат”.