06 Тамыз, 2010

Қарашығанақтағы қарымды қадамдар

488 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Батыс Қазақстан облысына қарасты Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнындағы қордың пайдаға асатын мөлшері 9 миллиард баррель сұйық көмірсутегі пен 48 триллион текше фут газды құрайды. Жоғарыда аталған бұл сандар Қарашығанақты әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының қатарына жатқызуға өз ықпалын тигізуде. Сонымен қатар, Қарашығанақ – қазіргі еліміздегі аса ірі газ кен орындарының бірі. Өндірілетін газдың мөлшері 44 пайызға сәйкес келсе, сұйық көмірсутегінің мөлшері еліміз бойынша өндірілетін жалпы мөлшердің 15 пайызға жуығын құрайды. Қарашығанақ кен орнын игерудегі нәтижелі жұмыстар республиканың билік тарапы мен жергілікті қоғамдық және халықаралық инвесторлық ком­паниялармен жинақталған берік ынтымақтастық пен әріптестіктің жемісі деп түсінсек, артық болмас. Берік әріптестік қарым-қатынасты орнатқан ком­паниялардың қатарында “Би Джи Груп”, Эни, Шеврон және ЛУКОЙЛ сынды тәжірибелі компаниялар бар. Қазақстан бойынша ірі халықаралық жобалардың бірі болып табы­латын Қарашығанақ 14 миллиард АҚШ долларынан астам кө­лемдегі  инвестицияны пайдаға асырды. Мұның өзі игеру жұмыстары күрделі болып табылатын осы кен орнына  мұнай-газ өнеркәсібіндегі әлем­дік алдыңғы қатарлы техно­логияларды пайдалануға мүм­кіндік туғызды. Қазақстан бойынша ең алғашқы тесу ұңғымасының пайдалануы да осы Қарашығанақта табылды. Сонымен қатар дәл осы жерде инновациялық жоба бойынша жоғарғы қысым аясында сұр газ қабаттары өндірілді. Мұндай өнімді пайдаланудың арқасында көмірсутегінің шикізат мөлшері көбейді. Бір сөзбен айтқанда елімізге елеулі табыстар әкелді десек, қателеспеген болар едік. Отандық ұйымдар мен “ҚазМұнайГаз” сынды ұлттық компаниямен әріптестік қарым-қатынас орнығуы нәтижесінде Қарашығанақтың өндірістік жоспарлары мемлекеттік мін­деттермен үйлесім тауып жатты. Мәселен, еліміздің тұрақты дамуына табиғи байлықтардың игерілуі өндіріс бәсекесінің кепілі болып табылады. ҚПО-ның жұмыстары халықаралық стандарт бойынша еңбек пен қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік техникасы, алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалану, жергілікті бірлестіктермен әріп­тестік орнату, кадрларды ұлттандыру мен әлеуметтік даму бағдарламаларын жүзеге асыруды қадағалау әрекеттеріне негізделген. Ел үкіметінің ірі инвестициялық жобалар қатарында қазақстандық компаниялардың үлес-салмағын ең жоғарғы деңгейге көтерудің бастамашылығын барынша қол­дай­тыны осындайда байқалады. Қарашығанақ – қазақстандық өндіргіш күштердің бағдар­­ламаларында ықпалдылық пен нығайту жолдарын мейлінше жаңа қырларынан танытқан ең бір ірі жобалардың бірі болып табылады. Бүгінгі күнге дейін Қара­шығанақтың құрылымында 2700-ден астам жергілікті кәсіпорын тіркелген. Ал Қар­а­шығанақтағы отандық кәсіп­орындардың келісім-шарттарының құны 3,5 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайтыны тағы бар. Қазақстандық мұнай-газ секторы саласындағы ірі жетекшілік кәсіпорындардың қатарына жататын ҚПО өнім шығару барысында да, нарыққа шығатын Қарашығанақтың көмірсутегін тасу үрдістері кезінде де қоршаған ортаны қорғау сынды мемлекеттік нормативтік талап­тарды қадағалауды басшылыққа ала білген. Көмірсутегі шикі­затының күйдіру қажеттілігін болдырмау үшін зерттеу жұ­мыстары барысында ұңғыма “Мега Флоу” деп аталатын жаңа инновациялық технологияны қолдануға мүмкіндік берді. Мұнай-газ саласындағы ең соңғы техникалардың бірі – көп фазалы сепаратор. Бұл құрылғы бағалы көмірсутегі шикізатының жануына жол бермейді, яғни керісінше өнімді шығаратын мұнай жинақтау жүйесінің жұмысына өзінің оң ықпалын тигізеді. ҚПО Батыс Қазақстан облы­сының инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын 10 миллион АҚШ доллары көлемінде қар­жыны жұмсап келеді. Өткен жылы Үкімет құрылымы мен Қара­шығанақ жобасын басқару коми­теті өңірдегі жылдық әлеуметтік инвестицияның көлемін 20 миллион АҚШ долларына дейін еселеу туралы екіжақты бірлескен шешім қабыл­даған болатын. Бұл қаражаттар осы өңірдің денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт салаларын дамытуға ар­налып келеді. Өткен онжылдық көлемінде бірнеше жаңа мектептер мен балабақшалар, жолдар мен әлеуметтік маңызы жоғары жобалар салынды. Осындай әлеуметтік жобалардың жаңғы­руына отандық кәсіпорындардың басым үлес салмағын айтпасқа болмас. Орал мен оның төңірегіндегі 150-ге жуық елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ететін “Қара­шығанақ–Орал” газ құбыры­ның бірінші желісін ҚПО нәтижелі аяқтады. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуден басқа таза табиғи қуат көздерін жеткізу жұмыстары болашақта Батыс Қазақстан облы­сының экономи­калық әлеуетінің жақсаруына жол ашады. Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданы Жымпиты ауы­лында ағымдағы жылдың маусым айында Қарашығанақ – Орал газ құбыры бойынша газ жеткізудің салтанатты рәсімі өткізілді. Аталмыш салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрі Сауат Мың­баев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен ҚПО-ның бас директоры Джузеппе Пази қатысып, ауыл тұр­ғындарын мерекелерімен құттықтап, ҚПО басшылығына жасаған көмектеріне өз алғыс­тарын жеткізді. Жымпиты ауылындағы ресми салтанатта сөз сөйлеген ҚПО-ның бас директоры Джузеппе Пази: “Қарашығанақ – Орал” газ құбырының алғашқы желісі аяқталып, болашақта бұл құбырдың дәл осы желісі Батыс Қазақстан облысындағы жүз мыңнан астам тұрғыны бар 5 ауданды табиғи таза отынмен тұрақты қамтамасыз ететініне қуаныштымын. Бұл жетістігіміз тек қана экономикалық тұрғыда ғана емес, Қазақстандағы Қарашығанақ жобасы бойынша әріптестік орнатқан компа­ниялардың бірлескен ынтымақ­тастығының нәтижесіндегі әлеуметтік мағынаға ие жетістік деп білемін. Сонымен қатар бұл жұмысты Батыс Қазақстан облысын дамыту жолындағы ең бір серпін беретін жоба ретінде есептеймін. Аталған маңызды әлеуметтік жоба табиғи газдың ішкі нарықтағы дамуына және болашақта Батыс Қазақстан облысы тұрғындарына айтар­лықтай энергия қажеттілігін жеткізудің өнеркәсіптік даму бағыты болып саналады”–деді өз сөзінде. “Қарашығанақ – Орал” газ құбырының құрылысы жөніндегі уағдаластық Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және Қарашығанақ жобасындағы әріптестік тара­пынан қарас­тырылған болатын. Бұл жобаны дамытудың ресми Меморан­думына Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев қол қойған еді. Осының нәтижесінде әр тарап­тың жауапкершілігі артып, газ құбырының Оралдан бастап Новопавловка ауылына дейінгі және Теректі ауданындағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету желісі өткен жылдың жел­тоқсан айында толығымен аяқталды. “Қарашығанақ – Орал” газ құбыры құрылысының жобадағы белгіленген құны 300 миллионға жуық АҚШ долларын құрайтындығын тағы да естеріңізге саламыз. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.