06 Тамыз, 2010

Әлеуметтік әріптестік бүгінгі күн талабынан туып отырған ізденіс

704 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Биылғы маусым айының он сегізі күні отанымыздың бас басылымы “Егемен Қазақстан” газетінде “Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы жарияланды. Елдің жаңаша білім беру жүйесінде маңызы зор осынау қомақты құжат өз құрамына бірнеше мектеп пен лицейді, колледжді жоғары техникалық мектеп пен университетті және “Транс” ғылыми зерттеу институтын қамтитын Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті (ҚазИИТУ) кешенінде де жан-жақты талқыланды. Жобаның мақсаты мен міндеті айқын. Бұл бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен білім беру жүйесін бүгінгі инновациялық үрдістер талабына сай түбегейлі жаңғырту болып табылады. Мұнда әсіресе адам капиталы маңызды мәнге ие. Осы мақсатта жобада әр жан басын қаржыландыру әдістемесі ұсынылып, оны білім беру ұйымдарына енгізу қарастырылған. Мұнда менеджментті жетілдіру, педагог маман­дығының мәртебесін көтеру, оқу үрдісіне автоматтандыруды енгізу ісі барынша маңызды. Сонымен бірге мектепке дейінгі ұйымдарды көбейту, он екі жылдық білім беру жүйесіне көшу, оқушылар саны аз жи­нақ­талған мектептер санын азайту мә­селелері де құптауға тұрарлық. Сондай-ақ жобада мектептерде инклюзивты білім беру­ді жетілдіру, еліміздің индустриялық-инно­вациялық жобаларын жоғары білікті кадр­лармен қамтамасыз ету және ғылым мен білім беруді интеграциялау мәселелері де көрініс тапқан. Бұл міндеттер біздің ғы­лы­ми-білім беру кешені үшін де өте маңызды. Бағдарламада мыналар көрсетілген: тәуелсіз тестілеу қорытындысы бойынша 22,2 пайыздан 10 пайызға дейін төмендейтін, жоғары оқу орындарына түсуге қажетті деңгейден өтпеген мектеп түлектерінің үлесін төмендету. Бұл жағдай құрамында лицей – колледж – университет бар біздің кешеннің әрбір деңгейдегі оқытушыларына үлкен жауапкершілік жүктейді. Оқушылардың, колледж және университет студенттерінің білім деңгейінің қорытындысы соңғы нәтижеде көрініс табады. Әрі мұнда әрбір оқытушының интеллектуалды әлеуеті көрінеді. Ал бұл бағдарлама жобасының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Адам капиталына, оның ішінде балалық шақтан бастап, орта жасқа дейінгі білім беруге инвестиция құю экономикаға және қоғамға үлкен септігін тигізетіндігін халықаралық тәжірибелер дәлелдейтіндігі бағдарламада көрсетілген. Ол туралы еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев тиісті міндеттер қойған болатын. Үнемі жаңғыру, даму үстіндегі жас, тәуелсіз мемлекет бір орында тұрмауы тиіс. Оның тетігі бәсекеге қабілеттілік, дамыған 50 елдің қатарына ену мүмкіндігі болмақ. Қазіргі таңда еліміз Ұлт көшбасшысының бастауымен экономиканы жоғары қарқынды индустриялық- инновациялық дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл үрдісте тек дипломы бар адам ғана емес, осыған дейінгі алған жоғары білімі мен тәжірибесіне қарамастан жаңа білімді, инновациялық жаңалықты меңгеруге қабілеті бар, дайын мамандар да қажет. Яғни, Қазақстан өндірісі мен экономикасына қажетті мамандықтарды өмір бойы алуға талпыну қазақ­стан­дықтардың басты мұраты болып қала бермек. Экономикалық пайдамен қатар білім беру, басқа да әлеуметтік пайданың қалыптасуына септігін тигізетіндігі бағдарлама жобасында анық көрсетілген. Өркениетті қоғам құруда әлеуметтік капиталдың алатын орны ерекше. Өйткені, білімді, инновациялық технологияны пайдалана білетін маман – орта топтың негізі, әрбір қоғамның тұрақтылық факторы болып табылады. Мектепке дейінгі білім беру баланың дамуында өте маңызды, интенсивті мерзім болып табылады. Бұл кезде оның тәжірибелік және интеллектуалды қабі­леттері қалыптасады.Біз бағдарлама жобасының     “Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту” бөлімін талдай келе, кешенде шағын балалар бақшасын ашу жөнінде ұйғарымға келдік. Интеллектуалдық мек­тепке байланысты, біздің басты міндет­теріміздің бірі кешеніміздегі лицейді инновациялық бағыттағы интеллектуалды мектепке айналдыру болып отыр. Яғни, мұндағы лицей оқушысы тек жақсы оқып қана қоймай, компьютерлік технологияны жетік біліп, мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерін еркін меңгерулері қажет. Болония үрдісіне қатысты біздің жоғары оқу орны – Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер универ­ситеті аталған үрдісті іске асыруға кірісіп те кетті. Ұжым білім берудің несиелік механизмін жүзеге асыруда. ҚазИИТУ мен Ресей Федерациясының Самара, Саратов, Орынбор қалаларының жоғары оқу орындарының арасында тәжірибе алмасу, конференциялар, арнайы курстар және олимпиадалар өткізу бағытында келісім-шарттарға және Норвегияның бірнеше білім беру мекемелерімен хаттамаға қол қойылды. Қазіргі таңда біздің университеттің дипломымен қатар кейбір Ресей жоғары оқу орындарының дипломдарын алу туралы келіссөздер жүргізілуде. Біздің оқу орнында екі деңгейлі дайындық жүргізу қарастырылған. Ол бакалавриат пен магистратура. Біз үш жылдан бері “Экономика” және “Ақ­параттық технологиялар” мамандығы бойынша магистрларды дайындап келеміз. Бағдарлама жобасының басты бағыттары алға қойған мақсаттарға жету жолдарын нақтылау. Әрі оған қажетті шараларды белгілеу. Бұл – білім беру жүйесін қаржыландыру, білім беру менеджменті, педагог мәртебесі – learnіng электронды оқыту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім, техникалық және кәсіби білім беру, жоғары және жоғары оқу орын­дарынан кейінгі оқыту болып табылады. Осы орайда білім беру менеджменті проблемаларын ерекше атап өтуге болады. Расында, біз ескірген жүйе бойынша жұмыстанып келеміз, яғни оқытушы сабақ береді – студент оқиды. Нәтижесінде ертеден іске қосылған үрдіс тек жай ғана өз ағымымен жалғасып отырады. Қазір жүйелік сараптау өте қажет. Инновацияның басты бағыттарын анықтау, оны дер кезінде енгізу, ғылыми-оқу үрдістеріне мониторинг жүргізу, болашақта білім берудің ғана емес, сонымен қатар түлектердің жұмысқа орналасуын болжау және кешеннің болашақтағы артықшылықтарын анықтау қажет. Осы талаптар ескерілсе, бағдарлама одан әрі байыпты бола түспек. Біздің университеттің Батыс Қазақстан аймағында өзіндік ерекшелігі бар. Ол – инновациялық және телеком­муникациялық жүйелер бағытын ұстанатындығы. Сту­денттер “Есептеу техникалары және бағ­дар­ламалық қамту”, “Басқару және ав­то­мат­тандыру”, “ақпараттық жүйелер”, “радио­техника, электроника және телеком­муникациялар”, “математикалық және компьютерлік модельдеу” маман­дықтары бойынша білім алуда. Бұл қазіргі таңда өте қажетті мамандықтар болып табылады. Бүгінде еліміз Елбасы Н.Ә. Назар­баевтың бастамасымен экономиканы жоғары қарқынды индустриялық-иннов­а­циялық дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісті. Осы мақсатта тікелей өндіріспен тығыз байланысты техникалық бағыттағы инженер мамандарға деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік ака­демиясының президиумы 2010 жылы 25 мау­сымда еліміздің ғылыми-инженерлік қо­ғамдастығына, мектеп, колледж, жоо тү­лек­теріне және бүкіл жастарға инженерлік ма­ман­дықтарды таңдаулары туралы Үндеу жолдады. Сонымен қатар жоғарыда айтылғандай, бағдарлама жобасында жан басын қаржыландыру әдістемесін жасақтап, оны енгізу көзделген. Сонымен қатар білім беруде мемлекеттік және жеке несиелеу жүйесін дамыту қарастырылған. Қаржы­лан­дырудың жаңа тетіктері білім берудің сапа­сын көтеруге бағытталған. Ал қаржы­ландыру деңгейі тек осы жақсы нәтижеге байланысты іске асырылмақ. Сондай-ақ бағдарлама жобасында жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беруді жүзеге асыру үшін жаңа міндеттер қойылған. Бұл бағыттағы білім берудің басты мақсаты анықталды. Ол – еңбек нарығының қажеттілігін, тұлға қажеттігін және еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттерін қанағаттандыратын жоғары білім беру сапасын көтеру деген сөз. Сонымен бірге мақсатты индикаторлар да анықталды. Бұл түлектердің жоғары оқу орнында алған білім сапасын тәуелсіз сарапшылар арқылы бағалау болмақ. Осы тұрғыда түлектердің сексен пайызы қызметке орналасатын болса бұл үлкен жетістік. Бұл мақсатқа жету үшін еліміздің индустриялық-инновациялық дамуын меңгеруге қабілетті мамандарды әзірлеуге баса көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ, Болония үрдістерінің параметрлеріне сәйкес жоғары білім берудің еуропалық аймағына интеграциялауды қамтамасыз ету, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын одан әрі дамыту да маңызды іс болмақ. Соңғы уақытта біздің кешенге берілетін мемлекеттік білім тапсырыстары көбейіп келеді. Айталық “Ақпараттық жүйелер” мамандығы бойынша грант санының 270-тен 540-қа өсуі осы пікіріміздің дәлелі. Мұндай мысалды магистранттар мен докторанттар дайындауға қатысты да айта аламыз. Бағдарлама жобасында жоғары оқу орындарының базасында ғылыми бағытқа негізделген өнім мен қызмет көрсету көзделген. Әрі жоғары оқу орындары мен ғылыми, кәсіби ұйымдар консорциумын құру қажеттілігі айтылған. Осы мақсатта біздің кешен құрамында жоғары оқу орнымен қатар “Транс” ғылыми зерттеу инс­титуты бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Әлеуметтік әріптестер гранттар мен стипендиялар тағайындай алатыны бағдарлама жобасында айқын көрсетілген. Әріптестік тетігін жетілдіре отырып, әрі өз мүмкіндігіміз аясында біз қазірдің өзінде бұл мәселені іске асыруға қам жасап отырмыз. “Бағдарламаны жүзеге асыру этаптары” бөлімінде білім беруде мемлекеттік және жеке әріптестікті енгізу туралы айтылған. Иә, бұл бүгінгі күннің талабынан туып отырған үрдіс екені анық. Жеке ғылыми білім беру кешені үлгісіндегі біздің ұжым мемлекеттік білім беру мекемелері мен әріптестік қарым-қатынасты бұған дейін де орнатып үлгерген еді. Бұл үрдіс әсіресе грант бөлу, әдістемелік көмек беру және профессорлық, оқытушылық құрамының біліктілігін көтеру бағыттарында өрістеп келеді. Дегенмен осындай әріптестік қарым-қатынасты нақты және жаппай қолданысқа енгізетін тетікті жасақтау уақыты жеткені анық. Өйткені, түптей келгенде бұл екеуінің атқаратын міндеттері мен мақсаттары біреу-ақ. Бұл XXІ ғасырдағы жаһандану үрдісіне сай еліміздің одан әрі өркендеуі мен дамуына тиісті үлес қосу болмақ. Білім бе­руді жаңғырту мен бәсекелестікке қа­білеттілікті көтерудің қажеттілігі де осында. Ақсерік ӘЙТІМОВ,  Қазақстан инновациялық және  телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры. Орал.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20