06 Тамыз, 2010

Қорғас пен Жетіген арасы шойын жолмен ұштасатын шақ жақын

446 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Еліміздің шығыс шекарасы шебіндегі Қорғас пен Жетіген елді мекендерінің арасын болат жолдың бойымен жалғастыратын жосын жобаның қолға алынғанына тым көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан, қарқынды жүріп жатқан жұмыстың арқасында мұнда қазірдің өзінде біраз шаруаның шашасы қайырылып үлгерген түрі бар. Дегенмен, таулы-тасты табандарды тілгілеп түрен тартқан құрылыстың оңайға түспей тұрғаны тағы аян. Бұл тұрғыда ол баяғы Асқар ақынның “тауды тіліп, тасты жарып”, “қайратты, қайсар жұмыскерлерге” “ащы терді тамшылатып” тұрып салдыратын Түрксіб шойын жолының жоралғысына қатты ұқсайды. Жақында “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” акционерлік қо­ғамының басшылары мен осы жорықты жұмысқа тартылған мердігер ұйымдар­дың өкілдерінің Алматы облысында осы темір жол желісін салуды бақылау бой­ын­ша өткізген көшпелі штаб отыры­сында, міне, осы мәселелер төңірегінде ой оздырылып, тұжырым түзілді. Алқалы басқосуда Жоңғар Алатауының баурайын бойлай ілгері іргелеп бара жатқан ғасырлық салмағы бар ғаламат жолдың жұмысы айтарлықтай ауыртпалықтарды бастан кешіп жатқаны сөз болып, оны мейлінше жедел де жеңіл жеңудің жол­дары қарастырылды. Расында да бұл құ­рылыс техникалық атқарылуы жағынан қиын жобалардың қатарына жатады. Бұдан қалды, осы 293 шақырымды қам­ти­тын жолдың жо­насында 29 кө­пір, 2 жол өтке­легі, 307 су өткі­з­гіш құбыр са­лынып кетуі тиіс. Онсыз да қырат­тардың қиясы мен жоталардың жо­ны­нан жақ тар­тып, садақтың са­ға­ғындай жобаға қонып бара жатқан тағанды табандарды тағы тереңге талдырып, тұмсықты тұр­ба­лар тастап шыға беру қисынның өзіне қиындау тірлік қой. Бірақ біздің жол­шылар сол қиындықты жеңуге қайыл. Жиында әңгіменің бұл жағы ашып айтылды. Қорғаста қамданып, Жетігенге жете­тін бұл темір жолдың ұзақтығы 293 ша­қырым екенін жоғарыда айтып өттік. Ал жалпы жобалық құны 153,2 млрд. теңге тұратын бұл құрылыстың өне бойына 14 темір жол бекеті орналасады. Олардың бәрі жаңадан соғылып, қайтадан ашы­лады. Қазіргі уақытта бұл алып құры­лыс­тың алпарында салынып жатқан желінің ұзына бойына су өткізгіш құбырларды қойып шығып, жер төселімін салу жұ­мыс­тары қызу жүріп жатыр. Мұндағы жер төселімдерін салу бойынша атқа­рылатын жұмыс көлемінің өзі 26,8 млн. текше метр топырақты алады. Ал шілде айының ақырына дейін 4,7 мың текше метрден астам жер төселімі салынып, 3,6 мың текше метр су құбырларының те­мір-бетон құрылысы орнатылды. Таяу аралықта жолдың жоғарғы бө­лі­гін салу шаруалары да басталып кетті. Онда табандарға құмды-қиыршық қос­па­сы орнықтырылып, рельс-шпалды торламалар салынуда. Осы жұмыстар үшін құрылыс басына 40 мың тонна жаңа рельс әкелініп, 29 шақырымдық рельс-шпалды торламалар жинақталып қойылды. Сонымен қатар Қорғас-Же­тіген аралығының 90-шы шақырымынан оның ең соңғы 293-ші шақырымына дейінгі аралықтағы 14 көпір мен жол өт­келегінің құрылысы жақын арада бастал­мақшы. Техника күші сондай-ақ Жетіген стансасындағы ғимараттар мен басқа да құрылыс нысандарын, сыртқы қуат жаб­дықтау нысандары мен темір жолды ұзы­на бойына электр қуатымен жабдық­тау желілерін салу үшін жинақталып жатыр. Жиында қазіргі таңға дейін бұл жол құрылысында 9,4 млрд. теңгенің қаража­ты игеріліп, осыншама көлемдегі жұ­мыстардың жасалып біткені белгілі бол­ды. Құрылыс жұмыстарына 1045 техни­ка мен жабдық, 1200 адам жұмыл­дырылған. Жалпы, жобаны іс жүзіне асыруға 11 мердігерлік мекеме атса­лы­суда. Осыдан бастап Көлік және ком­муникация министрінің бұйрығы бойын­ша құрылған Қорғас-Жетіген темір жол желісін салу жобасының іске асырылуын қадағалау жөніндегі штабтың жұмысы тұрақты түрде жүріп тұратын болады. Осы күні мұнда штаб мүшелері құры­лыс алаңдарын аралай жүріп, 6 мәрте көшпелі отырыс өткізді. Шілде айының соңында Көлік және коммуникация министрлігінде темір жол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігі мәселесі бойынша кеңес өтті. Оған айма­қара­лық көліктік бақылау инспекциясы мен олардың филиалдары басшы­ла­ры, сонымен қатар “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ және Орталық аумақтық көлік прокуратурасының өкілдері қа­тыс­ты. Басқосуда саланың 2010 жылғы бі­рінші жартыжылдықтағы қорытындысы шығарылып, жұмыстың басты бағыттары анықталды. Серік ПІРНАЗАР.