06 Тамыз, 2010

Ақыл, қайрат бәрін жеңбек

513 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Депутат дауысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұр Отан” партиясының былтырғы съезінде Абайдың “ақыл, қайрат бәрін жеңбек” деген сөздерін келтірген болатын. Иә, ұтқыр сөздер уақыт ағымы өтсе де өзінің өміршеңдігін жоғалтпақ емес. Әлбетте, Қазақстан индустриялық-инновациялық даму кезеңіне өту үшін келесі жылдан бастап мемлекеттегі барлық қорды мейлінше бір жұдырық астына біріктіріп, жасампаздыққа ұмтылу ниетінде. Өйткені, біз тек осы арқылы инновациялық даму, елдің тұрмыс-тіршілігін түзеу және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған негізгі үш міндетті орындай аламыз.

Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың

(Абай)

Бәзбіреулер бұл саяси форумдағы ұмы­тыла бастаған “съезд”, “бесжылдық”, “ин­дустрияландыру” деген сөздерді естігенде абдырап, мұны өткенге оралу ма, әлде эко­номикалық бағытты өзгерту ме деген сауал қоюы заңды. Қандай сыртқы жағдайлар болса да елімізде соңғы 12-13 жыл ішінде жүргізілген барлық саяси-экономикалық реформалар “Қазақстан-2030” даму стратегия­сы шеңберінде жүзеге асып келеді. Съезде айтылған жоспарлардың барлығы да осы ұзақ мерзімді стратегияға негізделген. Біз әралуан тактикаларға барғанымызбен, стратегиялық мақсатты өзгерткеніміз жоқ. Стратегияның негізгі басымдығына – тұрақты экономикалық өсу арқылы тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі қарай жақсартуға қол жеткізу үшін нарықтық экономикаға таңдау жасалды. Алайда, “кімнің арбасына мінсең, соның өлеңін айтасың” демекші, нарықтық елдердің қатарына кіргеннен соң, дағдарыстың соншалықты жағымды болмағанымен, оның қазіргі экономикалық үдерістердің заңды бір құбылысы екендігін түсінуіміз керек. Нарықтық экономиканың заңдылығы бойынша бәріміз куә болған серпінді даму кезеңінен кейін (соңғы жылдары жыл сайын ішкі жалпы өнім 9-10%-ға тұрақты өсіп келді) міндетті түрде құлдырау болатынын ұғынатын уақыт жетті. Ең бастысы, түбегейлі әрі дер кезінде жүргізілген реформалар арқасында біздің халқымыздың көпшілігі дағдарысты онша қатты сезіне қойған жоқ. Қазір Қазақстан жаңа инвестициялық цикл қарсаңында. Ертеңгі болашақ бүгіннен қалмай шикізат ресурстарына тәуелді емес бәсекеге қабілетті экономика құрумен байланысты. Бұл үшін елде барлық бағыттар бойынша – эконо­микада да, әлеуметтік салада да нағыз серпіліс­тер қажет. Демек, индустриялық-инновация­лық жедел даму басталған реформалардың заңды жалғасы болып табылады.

Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой

(Абай)

Әлемдегі дағдарыс бізге жаһандық эко­но­ми­каның “әлсіз тұстарын” көрсетті. Себебі, қа­зіргі төрімізге шығарған классикалық деп ата­лып жүрген экономикалық теория қаншалықты мықты болғанымен, дәлелденбеген ғылыми жорамалдар негізінде құрылған. Сөйте тұра, ол тез арада бүкіл әлемде шық жуытпайтын “ақи­қатқа” айналды. Мысалы, “нарық бәрін өзі ше­шіп, өз орнына  қояды” немесе “жылжы­май­тын мүлік ешқашан құнын жоғалтпайды” деген күмән туғызбайтын ұстаным болып қа­лып­тасты. Ал, банктер “барлық өркениетті адам­дар несиеге өмір сүреді” дегенді ұранда­тып, бір­талайымызды тығырыққа тіреді. Сөй­тіп, “қарыз күліп кіріп, күңіреніп шығады” деген ха­лық даналығын ұмытып кеткен сыңай таныттық. Дегенмен, қазіргі кезде осындай “ақылгөй” ғылыми теориялар мен оларға негізделген кейбір ойға сыймас “ақырзаманғы” болжаулар орындала қоймағанымен, дағдарыс өзінің теріс әсерін байқатып үлгерді. Осы теориялардың қателіктерін дамыған елдердің өзі бастап се­зінді. Айталық, кейбір мемлекеттер тұтасымен өздерін банкрот етіп жариялады (мысалы Ис­ландия), америкалықтар ауыспас “қаржы ал­пауыттары” атанғанымен, байырғы ұлылығын ұмытып, өздерінің “жылтыр аяқтарымен” әбі­герленіп, сүрініп-қабынып әлек, ал мың­жыл­дықтар бойы жеке меншіктің мызғымас ны­ша­нына айналған ірі Швейцария банктері қай­мық­пастан мемлекет меншігіне өту мүмкін­діктерін қарастырып жүр. Сонымен қатар, біздегі “нарықты мем­лекеттік реттеуді” сынап-мінеп келген кейбір еуропалық экономикалық либе­рализмнің “көсемдері” Карл Маркстың еңбектерін зерттеп, мемлекеттің экономикаға бел­сенді араласу теориялық ірге­тасын іске асы­ру жолдарын қарастыруда. Мұны сәуір айында әлемнің 20 дамыған мемлекеттері (G-20) бас­шыларының басқосуында дағдарыстың әсерін азайту үшін мемлекет арқылы бақылауды ор­натуды өз құлағымызбен естідік. Осылай на­рық­тық экономиканың негізін қалаушылардың бірін берген Ұлыбритания Премьер-министрі өзінің “Мен капитализмді жү­гендеймін” атты мақаласында нарықтық жүйеге күмән келті­ріп, мемлекет көмегі­мен экономиканы қолдауды ұсынды.

Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл,

ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ

(Абай)

Жаһандық экономиканың ықпалы сон­ша­лық, қандай дербеспін десе де әлемдегі бірде-бір мемлекет дағдарысты жалғыз жүріп жеңе алмайды. Қайта-қайта мемлекет басшылары бас қосса да ортақ шешім таба алған жоқ. Әр мемлекет өз қотырын өзі қасып жүргенде  жа­һан­дану үдерісі айылын жияр деген сөздер де айтылып қалуда. Десе де, ортақ нарықтың кеңеюі, мем­лекет­ара­лық әлеуметтік еңбек бөлінісінің тереңдеуі, трансұлттық корпора­ция­лардың өсуі бұл өмірдің бұлжымас бол­мысы. Демек, жаһан­да­ну қайтымсыз үдеріске айналса, одан біз қа­лыспауымыз керек. Сол себептен, эко­но­микалық жаһандану­дың алдағы уақытта да әсерін ескеріп, мем­ле­кет­тер арасындағы бә­секелестік үшін әділетті ортақ ұстаным орна­туы­мыздың қажеттігі туындайды. Біріншіден, жаһандану арқасында көретін пайда мемле­кет­тер арасында не­ғұр­лым біркелкі үлестірілуі тиіс. Екіншіден, “аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін” демей, экономикалық жаһан­да­ну мейлінше тең дең­гейде құрылып, даму­шы елдер дамыған елдердің тықпалаған тәр­тіп­тері мен кез келген шарттарына әрекетсіз ке­ліспеуі керек. Үшіншіден, экономикалық жа­һандану үдерісінде “бәрін еркін нарық шешеді, мем­лекеттің араласуы қажет емес” деген тұ­жы­рым­­даманы түзеткен абзал. Себебі, экономи­ка­лық жаһандану тиімді жалпы бақылауды қажет етеді. Қазақстан Республикасының Президенті өзінің “Дағдарыстан шығу кілті” мақаласында әлемде алғашқы болып, осы мәселелерді көтерді.

Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып

қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп

(Абай)

Әрине, қазір дамыған мемлекеттер постин­дустриализм кезінде өмір сүріп жатқанда, біз үшін қазір инновациялық индустрияландыруға көшеміз деу тосын көрінуі де мүмкін. Бәлкім кейбіреулер күмән де келтірер. Алдымен, дағдарысты жеңіп, еңсемізді тіктеген соң жаңа жобалар бастағанды жөн көрер. Әлбетте, ол да негізсіз емес. Мәселен, КСРО кезінде Қазақ­станда ірі өндіріс орындары салынбады. Еліміз тек шикізат көзі болып келді. Дүние жүзінде дамыған елдер индустрияландырудан өтіп, постиндустриализм кезеңіне көшіп, бізге де индустрияландыруға соқпай, шикізатпен, қар­жылық операциялармен (алыпсатарлығымен) айналысу ұсынылды. Біз “үлгі” алып жүрген дүние жүзіндегі Америка, Ұлыбритания сияқты алпауыт елдер индустрияландырудан қашып, өз өндірістерін арзан жұмыс күші бар Үндістан, Қытай мемлекеттеріне сыртқа шығара бастады. Нәтижесінде бұрын Ұлыбританияда ішкі жалпы өнімнің 40%-ы өндірістен түсетін болса, ол қазір 10%-ға дейін түсіп кетті. Сол себептен, қазіргі дағдарысты бірінші болып қатты се­зінгендер осы қолға ілінбейтін “виртуалды эко­номикаға” көшкен алпауыттар. Ал, нақты эконо­микалық секторды дамытып, индустрия­ландыруға кіріскен Қытай, Үндістан күшейіп келеді. Әлемдік тәжірибе дәлелдеп отырғандай, ауқымды өндірісті дамытып, өз орныңды нақ­ты­лап алмай, бірден постиндустрияландыруға өтемін деу үлкен қателік. Сондықтан индус­трия­ландыруға бет алған бүгінде тек Қазақстан ғана емес. Ал индустрияландырудың жедел даму мерзімін бес жылдыққа жоспарлап отыр­ға­нымыз да экономикалық заңдылық. Қайсы­бір өндіріске болмаса да инвестиция салғаннан кейін оның аяғынан нық тұрып кетуі үшін кемінде бес жыл уақыт керек. Одан кейінгі бес жылда салған қаржы қайтарылады, ал одан кейінгі мерзімде өндіріс пайдаға шығады. Бір­ақ, он бес жылдан кейін өндірісті жаңартпаса, оған қайтадан инвестиция салынбаса, онда технология да ескіреді, рынокта сұраныс та өзгереді. Сол себепті өндірістің даму кезеңі бес жылдықтарға жоспарланады. Дегенмен де, экономикалық дағдарыс елде жүргізіліп жатқан реформалар қарқынын тө­мен­детуге желеу болмай ма деген сұрақ туын­дайды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, керісінше, дағдарыс кезінде реформалардың  нәтижелілігі артады. Бұған қандай дәлел­демелер бар. Біріншіден, күрделі экономикалық жағдай бұған дейінгі жақсы кездерде көзге көрінбеген қате шешімдерді ашып көрсетеді, әрі бүгінгі күнге шешімі табылмай жүрген өткір мәсе­лелерді айқындай түседі. Екіншіден, бұрынғыға қарағанда ресурс­тар­дың шектеулілігі де шешімдер қабылдауда аса ыждағаттылық танытуға, мың ойлап, бір ше­шуге мәжбүрлейді. Бұған қосымша, биліктің әрбір іс-әрекетіне қоғамның сыни көзқарасы, қатаң қадағалауы да қабылданған шешімдердің сапалылығына әсер етеді. Оның үстіне, барлық деңгейдегі басшылардың бәрі де қызмет тиімділігі мен нақты нәтижелілігі арқылы ғана өз қабілеттілігін дәлелдей алады. Үшіншіден, бұл кезеңде өзгерістерге саяси қарсылық жасау да оңай емес. Себебі, мұндай жағдайда басталған реформаларды жалғас­тырудан басқа балама жоқ.

Бір ақыл қуаты бірлән мұны тоқтатып болмайды.

Һәм ақыл, һәм қайрат – екі мықты қуат қосылып тоқтатады

(Абай)

Ал, енді мұндай өзгерістерге біз қан­ша­лық­ты дайынбыз, қайратымыз жете ме? Бұл кезеңнің өзіндік ерекшелігі – Қазақстанда дағ­дарысқа қарамастан, осындай үлкен ауқымды жоспарларды жүзеге асыруға қажетті жағдай, орта қалыптасып үлгерді. Біріншіден, қаражатымыз жеткілікті ме? Ең бастысы, мемлекетіміздің майда-шүйде мін­деттемелерінен басқа сыртқа қарыздары жоқ. Біздің әрқайсымыз басқаға қарыз болмау – бұл ертеңгі күнге деген нық сенімнің, тұрақ­ты­лықтың кепілі екенін жақсы түсініп қалдық. Мына қараңыз, бір қарағанда нарықтық дамыған елдер банкрот болып жатыр. Немесе, кеше ғана мықты болып жүрген мемлекеттер зейнетақы мен жалақы бойынша міндеттеме­ле­рін қаржыландыруға халықаралық ұйымдар­дан қарыз сұрап жүр. Бетін аулақ қылсын, бізде жағдай жақсы. Біз қиын күндерге қор жасап, қаражат жинадық, нәтижесінде бүгін жыл сай­ын көбейіп отырған әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландырып қана қоймай, индустриялық бағдарламаларды жедел дамытуды жоспарлауға мүмкіндік алып отырмыз. Әрине, барлығына бірдей өз қаражатымыз жете бермес. Шетелдік инвесторларды тарту қажет. Бұл тұрғыда жуырда ислам банкингі мәселелері бойынша қабылданған заң біздің кәсіпкерлердің көңілінен шығады деп ойлаймын. Бүгінгі күні ислам елдерінде $2 трлн. көлемінде қаржы қоры бар екені белгілі. Сонымен қатар, тез арада ішкі инвести­цияларды тарту, зейнетақы қорларында жатқан $11 млрд.-ты өнеркәсіпті дамытуға тиімді пайдалану мәселесін шешуіміз қажет. Екіншіден, индустрияландыру үшін шикізат пен энергетикалық ресурстар жеткілікті ме? Әрине, жеткілікті. Тек қолда барды ұқсата білу шарт. Үшіншіден, өндірісті бастамас бұрын өнімге сұраныс болуы керек. Ол бар ма? Қазақстан импортының жыл сайын 38 млрд. доллар құ­рай­тынын ескерсек, ішкі рыноктың өсу мүмкіндігі бар екенін және сыртқы саудаға аса тәуелді екенімізді байқаймыз. Тек өткен жылы мәшине мен құрал-жабдықтар алуға $17,1 млрд., минералды тағам­дарға – $5,4 млрд., хи­мия­лық тауарларға – $4,1 млрд., азық-түлік тауар­ларына $2,6 млрд. жұм­салды. ­Өзіміз ке­мінде осылардың біраз көлемін шығара аламыз. Төртіншіден, мамандандырылған кадрлар­дың қалыптасуы. Мұнда да сәйкесінше жұмыс­тар жүргізілді. Біраз жылдар бойы нысаналы гранттар жүйесі қажетті кадр әлеуетін қалып­тас­тыруға көмектесті. Бұған “Болашақ” бағ­дарламасы бойынша бітірген 15 мыңнан астам түлектерге биылғы жылы Отанына оралатын халықаралық деңгейдегі мыңнан астам ма­ман­ды қосыңыз. Олардың басым бөлігі техникалық білім алған мамандар. Сондай-ақ, нақты жо­балар болса, ғылымды да тартуға болады.

Жер білмеген көп адам адасып жүрсе,

бір жер білетұғын кісі керек

(Абай)

Десе де, жаһандық еңбек бөлінісінде орны бар Қазақстан экономикасының өзімен өзі болуы мүмкін емес, ол әлемдік қаржы жүйесінің бір бөлігі болып табылады. Сондықтан әлем­дік қаржы дағдарысымен байланысты барлық мәселелер тіке­лей не жанама түрде бізге ық­пал етеді. Басты сауал, біздің экономикамыздың ұтымды салалары қандай және біз сыртқы экономикалық ықпалға нені қа­рама-қарсы қоя аламыз? Бір нәрсе анық, біздің ең басты ар­тық­шылығымыз – мемле­кетіміздің мықты лидері бар, ол – ел Президенті, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. Тарихқа көз жүгіртейік. Небір қиын-қыстау дағдарыстарды жеңген немесе күрделі реформаларды тиімді жүр­гізген көптеген мемлекет­тер­дің басшылы­ғында көздеген мақ­сатқа жетуде елді біріктіре алатын лидерлер тұрған. Ал қазақстандықтар үшін барлық жетістіктеріміздің бастауында Елбасының тұрғаны жасырын емес. Нұрсұлтан Әбішұлының стра­тегиялық көз­қарасы халықаралық тәжірибені тиянақты зерт­теу, ғылыми зерттеулерге сүйену біздің мем­ле­кет дамуының бірегей моделін қалыптастырды. Бұл жағдайда Мемлекет басшысы өзінің “Қазақстандық жол” атты танымал кіта­бында “Ал­дымен – экономика, содан кейін – сая­сат” деген сөздерінің саяси ұран емес, әлеу­меттік саяси тұрақтылықтың қажетті шарты орнықты дамушы экономикаға негізделген мемлекет құрылымының жүйелі қағидаты екендігіне тағы да бір мәрте көз жеткізе алдық. Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік  даму комитетінің хатшысы.