Дана табиғат Жер атты тіршілік байтағында ғажайып үйлесімдер патшалығын орнатқан. Солардың бірі және бірегейі – планетамыздың Көгілдір Алқасы. Өмір Алқасы! Ол планета байтағында Жерорта, Қара, Каспий, Арал теңіздері, Балқаш көлі секілді келісті, даңғайыр тізбек құрап жатыр. Жердегі фердауыстай осы, мағыналы-мәнді алап – миллиондардың өмір кепілі, тіршіліктің мәйекті өрісі. Сол тізбектің ең сынды тұсында көз қуантып, көңіл толтырып Арал теңізі шалқып жатушы еді...
Жарты ғасырға жуық, экологиялық апат шеңгеліне түскен Арал үстінде, жаңа тарихымызда, әлем назарын аударған, халықаралық ауқымдағы үш кезеңдік оқиға болды. Оның біріншісі: қызыл империя түндігі астында, ақпараттық қапаста тұншыққан Арал теңізі ақиқатын ББҰ-ның биік мінберінен Елбасымыз айдай әлемге паш етті. Екіншісі, 1993 жылдың наурызында проблемаға іргелес бес ел басшылығын Қызылорда саммитіне қауыштырып, халықаралық Аралды құтқару кеңесі, халықаралық Аралды құтқару қорын құруды жүзеге асырды. Үшіншісі, жаңа мыңжылдық басында Елбасымыз “Кіші Арал” идеясын теңіз алабындағы бауырлас елдер алдында дәлелдеп, мақұлдатып, қорғап шықты. Осы оқиғалардың қатарында Арал экологиясы туралы заң, Үкіметтің түрлі бағдарламалары сияқты ел ауқымындағы елеулі оқиғалар да аз емес еді. Бұл бастамалар арасында, байқағанға, сабақтастық, бірізділік, терең қисындар бар.
Ғаламдық проблеманың ауқымды шешімін әлемнің ізгі күштері әлі таба алар емес. Бұл, әйтсе де, шарасыздық пен дәрменсіздік дегенге желеу болмаса керек. Еліміздің Арал үстіндегі жағдайды оңалтуға деген талмас ізденісі – осы жолдағы нақты іс-қимыл қадамдары. Көп жылдық жұртшылық тілегінен туған, адамдардың ой, ниет, ұсыныстар квинтэссенциясы іспетті сондай тағы бір бастама ғасыр басында өмірге келген. Ол – Қазақстан қажырлы түрде қолға алған САРАТС (Сырдария арнасы және Арал теңізінің солтүстігін сақтау) жобасы еді.
Еркіндік алған бауырлас елдердің жаңа тарихында көптеген игі өзгерістер жүзеге асса да, қасіретті Аралға деген көзқарас көп аса өзгермей қалған жайы бар. Бұлай деуге себеп: Әму-Сыр алабындағы елдер ұстанымына тағдыры тым тәуелді Арал басында қаншама иманды сөздер ағыны ағыл-тегіл төгілгенімен, кешегі Кеңес заманындағы душарлықтан сол теңіз бір арылып шыққан емес. Таңғаларлық жағдай: дүмді саясатын тоқпақ еткен сонау темір жұдырықты орталық жоқ; адамдар мен ұлыстар имандылық бастауларына оралды; жер-суының иелігі өз қолдарына тиді; өз игілігіне жанашырлық жасайтын ізгі мүмкіндіктерге жетті. Бірақ Тұранның көгілдір жанары, Орталық Азияның салқын сабатты айдыны сол баяғы қасіретінде тоқтаусыз өше берді. Арал жер бетінен жойылуға келді. Енді кім кінәлі?! (Бір заманда “табиғаттың бермесін тартып аламыз!” деген сорақы ұран болып еді-ау...)
Бүгінгі Арал енді Орталық Азиядағы имандылық пен мәдени деңгейдің қапысыз индикаторы сияқты көрінеді.
Қазақстандық САРАТС жобасы осындай ахуалда, терең өмірлік қисынмен дүниеге келіп еді. Сырдағы еліміздің үлесті суымен, ондағы экология-теңіз-табиғат сыбағасымен, ішкі резервімізде үнемді жолдар іздестірумен, ең болмаса, Солтүстік Арал айдынын сақтап қалу керек! Теңізді екіге бөлген Көкарал-Баян өткелегі осыған сұранып-ақ тұр... Сол жерде 2004 жылы “Көкарал” бөгетінің құрылысы басталды. 15 жылдай ұсынылып, халықтық құрылыс түрінде талай нұсқасы салынып, талай апаттарға душар болған идея мемлекеттік, өркениетті деңгейде қолға алынды. Ұзыны 13 шақырым, биіктігі Балтық жүйесімен 44 метр алып нысан 3 жылда бітті. 4-5 жылда толады деп жобаланған айдынның кенересін су бір ғана қыста (!) шіреп шыға келді. Ең бастысы, осы бейнеттен күтілген зейнет шаш-етектен болды: Аралдың табиғаты жұмсарды, экология тәуірленді; елдің әлеуметтік, экономикалық әл-ауқаты түзелді; аралдықтар өзінің ата кәсібімен қауышып, барақат тапты. Болашақ мұнан да жарқын игіліктер ашқандай – жобадағы теңіздің екінші кезегі 46 м., болашағы онан да биік нұсқада белгіленген еді. Бірақ... Соңғы жылдары іс пен жоба басындағы жауапты адамдар сондай үмітті, аңсаулы бағыттан ауытқып, “Сарышығанақ” дегенді қаузап кетті.
Халық өзінің жүдеу үмітімен, сортаң жағалауда қала беретінге ұқсады.
“Сарышығанақ” – сонау КСРО-ның аумалы-төкпелі уағында, ақша құнсызданып, алып империя пышырай бастаған тұста өмірге келген амал. Ол проблемалы өлкенің “қасбетін әктеп”, көзге түсер жағын жылтыратып қоюға ғана есептелген сол кезгі саясаттың жауырды жаба тоқыған жартыкеш ісі еді. Жаңа тарих ол тиімсіз іске өз үкімін айтты. Өрісті жаралап, онсыз да экология зілі түскен өлкеге жаман тыртық салып, халықтың 15-18 миллион сом ақшасын желге шашып үлгерген құрылыс тоқтатылды. Дер кезінде тоқтатылған сол бассыздық қайтымын ел әлі күнге риза сезімде айтады. Сол “Сарышығанаққа” тағы да қаржы жұмсап, жаңа дем берушілердің бүгінгі тарихи-имандылық пәлсафамыздағы ескі жыры түсініксіз. 2009 жылы наурызда өткен қоғамдық тыңдауда Қызылорда жұртшылығы бұл нұсқаға түбегейлі қарсы болды. Бірақ іс басындағылар қоғамның негізді пікірін құлаққа ілмей, өз тұғырларын қайталаумен болды: әлемдік дағдарыс – Солтүстік Аралға қаржы жоқ деп бір қорқытты; Сырдың суы кіші теңізге жетпейді деп тағы бір үбіжік шығарды; құжаттарды “Кіші Аралға” бейімдеу үшін кемі бір жыл уақыт керек деп және бір уәж айтты. Қарап отырсақ, сонан бері де 17 айға (!) қарапты...
Ел көкейінде көп күтілген жақсы лепес биыл көктем Қызылорда облысының әкімі Б.Қуандықовтың аузымен айтылды: “Сарышығанақ” идеясы ел-жерге тиімсіз нұсқа; жобаның 2-ші кезеңіне бөлінген қомақты қаржыны төгіп-шашпай келешекті “Көкаралды” көтеруге салу керек!..” Ақиқат бізге осылай бет бұрды. Дәлірегі, біз аңсаулы ақиқатқа осылай жақындаған сияқтымыз. Әрине, аймақ басшысы шегесі терең қағылған “Сарышығанақ” жолын тоқтатып, ел-жер тілегіндегі “Кіші Аралға” ынта арнасын бұрғанда, үлкен тәуекел, шешімді қадамға барып отыр. Адам да, табиғат та бұған тілекші, бірақ, сонша ақша жұмсап, түрлі негіздеулер мен тұсаукесерлерден өткізіп үлгерген нұсқаны тоқтатып, тілеулі болса да, тасада қалған игілікті “Көкарал” идеясын демеп, жолға салу оңай міндет емес еді.
Сөзіміз әділ болуы үшін екі араны біршама саралап көрелік. Қайтерсің, имандылықпен қауышып, игі өркениетке бет бұрдық деген ХХІ ғасырда Үлкен Арал, ақыры, жер бетінен өшіріліп тынды. Енді, анығында, ғаламдық ауқымдағы үміт кіші теңізде қалды. Құрсағы солыңқы кіші айдынның жағасы, төсі, тереңінде лып-лып жанған шырақтай, лүп-лүп соққан жүректей, сонау ұлы судың болар-болмас өмір тынысы сақталып қалған еді. Жаратушы-болмыс, осылайша, өзі Қазақстан бетке Көкарал түбегі, Берг бұғазымен сол қайран Аралдың қайталанбас жәдігер-қасиетін аман-есен сақтап қалу миссиясын ұсынып тұр емес пе!.. Міне, осыны ұғынып-пайымдау бізді көшелілік жолына бастайтын парасат тұғыры болмақ.
Арал ауданының 70 пайыз шамасында халқы (Арал қаласын қоса) “Кіші Аралдың” ежелгі жағалауында, атақоныс, ата мазарын қимай, көп уақыт үміт созып, теңізін күтіп отыр. Бұл жағалауда Бөген, Көнебөген, Қарашалаң, Қаратерең, Ақбасты, Ақеспе, Тастүбек және Мергенсай ауылдары, Арал қаласы тұр. Экологиядан үдере көшкен біраз ағайын осы жерлерге жетіп табан тіреген. “Кіші Арал” – ең алдымен солар үшін өмір шарты. Сарышығанақ – кіші теңіздің бір пұшпағы, бұл су толса, ол да тіріледі. Ал кіші теңіз – бүкіл Аралдың оннан бір айдыны. Оған жаратылыс Үлкен Аралдың кешенді табиғатын берген. Бұл бақиға бет бұрған Аралдың қайталанбас тіршілік дүниесін ертеңге сақтап қала алатын ғажап мүмкіндік. Мұндағы теңіз түлігінің ішінде атақты Арал қаязы, бекіресі, албырты, шөмейкесі және таспа шалаңы сияқты, өзге әлемнің еш жерінде кездеспейтін кереметтер бар. Мұндай жәдігерді Сарышығанақ сақтап қала алмайды.
“Көкаралда” іргесі көтеріліп, игі нәтижесін берген сенімді негіз тұр. Ол бетке жол, электр желісі тартылып, жұмысшылар қыстағы салынған. Бөгеттің оңтүстік-батыс аймақтағы экономикалық, стратегиялық рөлі аса зор. Ал, әлгі “Сарышығанаққа” сондайлық қымбат коммуникацияны тыңнан салу керек. Маңында ел жоқ құлатүздегі нысанда елеулі экономикалық, стратегиялық маңыз да болмайды. Бұл бөгетте кеме өткізетін шлюз орнату, шығанақ суын тұшыту ниеттері тым шығынды және ел-табиғатқа қатерлі эксперимент болуы мүмкін. Мысалы, каскадты шлюз теңіздің табиғи тіршілігіне үлкен нұқсан келтіретін құрылғы болмақ. Ол жұмыс істеуі үшін үнемі қуат көзін, қыста күту, жазда пайдалану сияқты тұрақты қызмет шығынын қажет етеді. Ал ащы сулы ежелгі теңіз шығанағында төменгі Сырдың “ауыр” суымен тұщы көл жасаймын деу – экология мен тіршілікке қауіпті тәуекелге бару... Мұндай артық “бас ауруының” не керегі бар?!. Және, “Сарышығанаққа” бола Қамбаш сияқты реликті көлден арна қазып, оның табиғатын бұзу да мақұлдарлық іс емес... Таразының екі басындағы “Кіші Арал” – “Сарышығанақ” нұсқаларында осындай принципті кереғарлықтар бар.
Су мәселесі. Мамандардың шектеулі-кепілді есебіне қарамастан, Сырда теңізге жетімді су бар деп батыл айтуға болады. Әсіресе, дарияның қысқы ағыны толымды. (Маман есебін бұза толған “Кіші Арал” мысалын еске алайық.) Күні бүгін де (соңғы бірнеше жыл!) “Көкаралдан” Ұлы теңіз сортабына жүздеген миллион текшеметр су құлап жатыр. Сол сумен мыңдап, миллиондап балық кетіп, кері қайта алмай ол қырылып жатыр... “Кіші Арал” ішкі резервімізден су үнемдеу мақсатын да айқындаушы фактор болады. Дария суын пайдалануда экологиялық мәдениетке ынталандырады. 1993 жылғы Қызылорда саммитінде қабылданған су бөлу шарты соны күш алады. Және “Көксарайдың” су реттеуші рөлінен үлкен игілік күтіледі. ”Кіші Арал” мен “Көксарай”, түбі, бір үйлесімде болады деген үміт зор. Қазақстан, Сібір суларын оңтүстік өлкелерге жеткізу мәселелері де күн тәртібіне қойылып келеді... Солтүстік Аралдың су есебінде тағы бір-жар жайтты ескеру керек: бұл айдында, оңтүстікке қарағанда, булану аз, жауын-шашын басымдау. Батыс шыңдардың шолақ сай, өзенше, бұлақтары, Ырғыз-Торғайдың жер асты ағындары – есепке алынбаған тағы бір “кіріс көздері” болмақ.
“Көкаралды” көтеру, әрине, қомақты қаржы талап етеді. Қаржы негізін САРАТС-2 кезегінде “Сарышығанаққа” енді “шашылмайтын” ақша құрауға тиіс. Және бұл игі бастамаға Үкіметіміздің елеулі қолдауы болатынына сенім мол. Мысалы, “Көксарай” бөгетінің (45 км.) үштен бірінен сәл ғана асатын “Көкарал” тоспасының (17 км.) келешек маңызы мен қайтарымы су реттегіштен кем болмаса керек. Бұл орайда жоғарыда келтірілген игі уәждерге не қосуға болады? “Кіші Арал” суының жиегі Балтық Жүйесіндегі 50-53 метр деңгейге көтерілсе, жерімізде Сарышығанақтан 5 есе үлкен теңіз пайда болады. Балық аулау көлемі 3-4 есе көбейеді. Өлкенің экологиясы көп жақсарып, халықтың әлеуметтік, экономикалық әл-ауқаты артады. Қызылорда облысының батыс аймағын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған Сарбұлақ су көзі қуат алады. Ақтөбе облысының шығысы мен оңтүстігі, Қостанай облысының оңтүстігі, Қарағанды облысының батыс аймақтары, Қызылорда облысының экологиялық зіл астындағы үлкен өңіріне Солтүстік Аралдың тікелей әсері сезіледі. Арқаның егісті алқаптары, Үстірт-Бетпақдала, таулы өлкелер климатында оң өзгеріс күтіледі. Кіші теңіздің күтулі деңгейінде, шалғайдағы Құланды ауылы іргесіндегі Тұщыбас шығанағына “Көкаралдан” су жетіп, Үлкен Аралдың да бір айдыны қайта тола бастауы мүмкін.
Аралдың оннан бір айдыны, 6000 шаршы шақырымдық “Кіші Арал” – Орталық Балқаш, Ыстықкөл секілді үлкен су болады. Жұртшылық қайта қауышқан теңізімен енді заманауи әлеуметтік-экологиялық фәлсафа ұстанар болар. Қатыбас тұтынушылық ниеттерден мәдениетті түрде арылу шарт. (Теңіз үстінде сондай тұтынушылық әрекет әлі орын алып отыр.) Аспаны шағырмақ шөлді өлкенің теңізі бірегей курортты-туристік кешен бола алады. Ерек табиғат, ыңғайлы жағрафиялық орналасу, балық, ет, шұбат, қымыз сияқты жеңсік ас осыған өзіндік реңк береді... Бұрмасыз Арал ежелгі сүрдектердің, сан тарау жолдардың, болашақты “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” күре жолының нақ бойында жатыр... Бәлкім, сондай келешек үшін, қажет болса, САРАТС жобасының 3-ші кезегін де ойластыру артық болмас?..
Жаңа бетбұрыс алғашқы ретте Республика Парламентінде, ел Үкіметі деңгейінде түсіністік тапты. Енді Мемлекет деңгейіндегі қолдау, Елбасының қамқор сөзі күтіліп отыр.
Алып теңіздің ауқымды айдынын адам қолымен көтеру – адамзат тарихында мысалы аз, бәлкім, болмаған оқиға. Бұл жағдай қуаты мен имандылығы бір өрім боп өрілген еліміздің нұсқалы өнегесі. Арал проблемасына қатысы бар, іргелес елдердің бірде-бірі мұндай батыл қадамға әлі бара алған емес.
Солтүстік Аралдың ауқымды айдынын көтеру идеясы Елбасымыздың қажырлы бастамасымен өмірге келді. Осы игі бастаманың келешегі де Елбасымыздың жіті, ынталы назарында.
Үміті оянған теңізін күту халыққа керемет сенім мен оптимизм берді. Жұртшылық ізгі мақсат төңірегіне ұйысты. Жарты ғасырдай экология сынына шыдаған ағайын үміт желкенін көтерген көк теңізін, жақсы тілекте, енді қанша уақыт болса да күтуге пейілді.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы. Қызылорда.