07 Тамыз, 2010

Астана саммитін өткізу — мәртебелі міндет

444 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
КӨРЕГЕНДІК ІС НӘТИЖЕСІ Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитін осы жылдың аяғында, яғни жел­тоқ­сан айының 1-2-сі күндері Аста­на­да өткізу туралы шешімге байла­нысты жасаған Мәлім­де­месін үлкен қуаныш сезіммен құптаймын. Әрине, ЕҚЫҰ елде­ріне басшы болу өз алдына үлкен дәреже. Бірақ біз­дің Астанамызда соған байланысты Саммит өткізу сол дәрежемізді одан әрі арттыра түспек. Мұны үлкен кө­регендік істің нәтижесі деп бі­ле­міз. Ал енді сол Саммитте істелген жұ­мыс­тарды қорыту, алға келелі проб­лема қою, оған әлем елдері­нің назарын аудару саясаттағы толыс­қан кемелдікті көрсетеді. Бізге дейінгі басшы болған елдер мұндай үлкен қорытынды жасай алды деп айта алмаймын. Мәселе тек басшы болуда ғана емес, жақсы жұмыстар жүргізіп, әлемді даңғыл жолға салуға үлес қосуда жатыр. Алдымен ЕҚЫҰ-ға кірген ірілі-кішілі елдер өздерінің тағдырын біздің қолымызға бір жылға болса да тапсырды. Бұл үлкен тарихи оқи­ға, бұрын-соңды болып көрме­ген жағдай. Міне, сегізінші айға аяқ бастық, ісіміз абыроймен жүріп жатыр. Әрине, оңай болған жоқ. Ауған түйткілі, Қырғызстандағы қырғынға ұласқан қайғылы жағдай, Таяу Шығыс елдеріндегі шиеле­ніс­тер. Осыларды сабыр аясына ша­ма­мыз келгенше ша­қы­рып, сая­быр­сытып бағудамыз. Жыл аяғы осы сенімімізді ақтай­ды деп күтеміз. Әр заманның өз проблемасы бар. Бұдан 35 жыл бұрынғы Хель­синки қорытындысы әлемде бей­бітшілік пен тыныштық проб­ле­ма­сын алға қойған болатын. Ол кезде қазақ түгілі, Қазақстанды бі­реу білсе, біреу білмейтін. Ал қазір сол Хельсинки қорытын­ды­сын ұран етіп ілгері апару біздің қолымызға сеніп тапсырылды. Бұдан 65 жыл бұрын тамыздың 6-ы, яғни кешегі күні Хиросима қа­ласы, одан екі күннен кейін На­гасаки қаласы атом жарылы­сы­ның құрбандығына айналды. Жүз мыңдаған жазықсыз адам қырыл­ды. Мен 1978 жылы Хиросима қаласында болып, сол жарылыс­тың ауыр трагедиясын көзіммен көргендей болдым. Сонда өмірі тамшылап еріп сөніп бара жат­қан, тажалдан қашқан ана мен ба­ланың балауыз бейнесі күй­зелт­кені есімде. Ескерткіш тақтада: “Тыныш ұйықтаңдар, бұл енді қай­таланбайды”, деп жазылған. Беті аулақ. Қайталанбасын. Ал енді бүгінгі күннің де өзіндік міндеттері бар. Ол – лаңкестікті бол­дыртпау, есірткіні таратқыз­бау, Арал пробле­масы, тағы басқалар. Қазақ атымен аталған еліміздің ЕҚЫҰ аясына бі­ріккен мемлекеттердің тізгінін қол­ға алып, әлемдік проб­лемаларды ше­шуге бастап жұмылдыруы үл­кен табыс, айрықша мерей, ұлт­тың салтанатты шағы деп білеміз. Қолымыздағы осынау тарихи бақыт құсын жіберіп алмай алға тарта берейік дегім келеді. Досмұхамед КІШІБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі. ЕЛІМІЗДІҢ АБЫРОЙЫ САНАЙМЫЗ Қазақстан Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етіп, төбебилік тө­рінен ақылман қариядай ха­лық­аралық жанжалдарды реттеуде жаңаша бетбұрыс бастады. Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың төрағалықтың та­бал­дырығында төрт “Т”-дан бас­тау алатын негізгі қағидаттарды ай­рық­ша атап, әлем елдерінің дәс­түр­ге сенім білдіріп, жаһандық өр­кениетке ұластыратын демо­кра­­тиялық даму жолында ашық­тық пен төзімділік танытуға ша­қыруының өзіндік сыры бар. Себебі, адамзаттың бір-біріне сенім білдіріп, дәстүрін сыйлауда ашықтық, сонымен бірге, түрлі қиындықтарға төзімділік танытса ғана бейбіт өмірдің аспанын қара бұлт торламас еді. Міне, осы тұр­ғы­дан айтқанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы халық­ара­лық жанжалдарды реттеумен бір­ге, Тұңғыш Президентіміздің адам­заттың бейбіт өмірінен қым­бат нәрсе болмайды деген сөзін жаһан жұртына мойындатты. Қазақстанның халықаралық ұйымға төрағалық етуіндегі биік бедел мен үлкен абыройға жетуі оңай болған жоқ. Дегенмен, қазір әлем елдерінің белгілі саясат­кер­лері Қазақстан төрағалығын сәтті өтуде деп бағалауда. Бұған әрине, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық ауқым­дағы жанжалдарды реттей ала­тын тәжірибелі саясаткерлігі, адамзаттың бейбіт өмірін қалай­тын прогресшіл көшбасшы екен­дігі оң әсер етті. Енді Елбасының идеясымен Астанада ұйымға елдер басшыларының үлкен Сам­митін өткізуге шешім қабыл­дан­ғаны ел үшін үлкен мерей. Осы ұйымға төрағалық еткен өзге елдерде, сонымен ХХІ ғасырдың алғашқы он жылында мұндай саммит өтпегенін ескерсек, бұл тәуелсіз Қазақстанның экономи­ка­лық, әлеуметтік дамуын көптеген мем­лекетке кеңінен паш ететін­дей зор мүм­кіндік. Жаңа дәуірде жаңаша даму жолына түскен Қа­зақстан секілді жаңа мемлекеттегі халықтар бірлігі мен дәстүріне се­німді, қыр-сыры мол демокра­тия­лық өркен­деуде билік пен бұқара арасындағы ашықтық пен төзім­діліктің үлгісін көрсете алатындай мүм­кіндік болатындығы және айқын. Шындығын айтар болсақ, Қазақстан – соңғы он жылда Астана сияқты әлемдегі ең сәу­лет­ті, ең әсем, өркениет талабына орай батыс пен шығыстың сәу­лет­тік көркемдік шеберлігі астасқан жауһар елорда тұрғыза алған бірден-бір ел. Бұл да Саммитке қатысушы елдер басшыларын таң-тамаша ететіндей үлкен олжамыз. Қалай айтқанда, үлкен Саммиттің ел жүрегі – Астанада өтетіндігі баршамыздың мерейімізді тасыт­қа­нын жасыра алмаймыз. Саммит­тің Астанада өтуін ұйымға мүше елдердің барлығы қолдады. Де­мек, бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевты әлемдегі жетекші елдердің барлығы дерлік қолдағаны. Ал Елбасының беделі мен абыройы – тәуелсіз Қазақстанның беделі мен абыройы! Бәрінен бұрын осының бәрі қазақ халқының әлем алдын­дағы мерейінің тасығаны, абы­ройы­ның биіктегені деп білеміз. Төлеуіш СЕРІКОВ, Атырау мұнай және газ институтының ректоры, профессор. Атырау облысы. САЯСИ КҮНТІЗБЕДЕГІ АЙТУЛЫ ОҚИҒА БОЛМАҚ Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы түпкілікті шешім нағыз тарихи оқиға және ол Қа­зақстанның осы ұйымға төраға­лы­ғына берілген жоғары бағаның заңды нәтижесі. Ең бастысы, ол әлемдік қауымдастықтың  Қазақ­стан Президенті, партиямыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың халықаралық беде­лін мойындауының және жа­һан­дық бастамаларын қолдауы­ның ай­ғағы. Сол арқылы Қазақ­стан өзінің өңірлік көшбасшы мәртебесін тағы бір рет растап қана қоймай, соны­мен бірге жа­һандық деңгейдегі ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға ұмтылатын мемлекет екендігін де айғақтады, оның өзі біздің елі­міздің әлемдік аренадағы беделін арттыра түседі. ЕҚЫҰ-ны басқарушы елдің басшысы ретінде Қазақстан Пре­зидентіне оның дамуына жаңа серпін беріп, ұйымның алдына оның жұмысына шығармашылық мазмұн мен өз миссиясын қазіргі заман тұрғысынан зерделеуге жағ­дай жасайтындай жаңа көкей­кесті мақсаттар қоюдың орайы келді. Біздің көшбасшымыздың қызметі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы шешім қабылдауда құнды актив болып қана қоймай, сонымен бірге мүше мемлекеттердің Астана қаласында Саммит өткізу туралы келісілген шешіміне де жағдай жасады. Алда тұрған Астана Саммиті­нің халықаралық саяси күнтізбеде айтулы оқиға бола отырып, қазіргі заманның проблемалары мен қауіп-қатерлерін шешу ісіне айтарлықтай үлес қосатынына еш күмән жоқ. Ал қазақстандықтар, сөз жоқ, өз Президенті үшін, өз елі үшін мақтаныш сезіміне бөленуде. Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, “Нұр Отан” халықтық-демо­кра­тиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. БҰЛ ТАНЫҒАНДЫҚ ҒАНА ЕМЕС, МОЙЫНДАҒАНДЫҚ ТА Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына еліміз­дің төрағалық етуі туралы шешім қа­былданғанда, оны бізді басқа­лар­дың танығандығы, бағалаған­ды­ғы деп қабылдағанбыз. Шы­нында да, мұндай үлкен сенім көп елге жүктеле бермейді және он­дай жауапты іске көп ел тәуекел ете де алмайды. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткеніне де жарты жылдан асты. Біраз шаруаның басы қайы­рыл­ды. Осынау ұйымға мүше елдер­дің арасындағы қарым-қатынас, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу, үн қатысу жандана түс­ке­ні даусыз. Бұған жақында Алма­тыда өткен Ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің саммиті айқын мысал бола алады. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ төрағасы ре­тінде Қазақстан Республикасы Ауғанстандағы жағдайға, әсіресе Қырғызстандағы саяси дағда­рыс­қа байланысты бастамашылық қадамдар жасады. Сонымен бірге ұйымға төраға ел ЕҚЫҰ-ның жұмысын одан әрі жандандыру қажеттігін терең аң­ғарып, қордаланған біршама өзек­ті мәселелерді жоғары дең­гейде талқылауды – ЕҚЫҰ Сам­митін өткізуді ұсынды. Ұсыныс қабыл­дан­ды. Бұл жөнінде Қа­зақ­стан Республикасының Прези­денті Нұр­сұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың мәлімдемесінде жан-жақты ай­тылған. Осы жерде мен бір нәрсеге тоқталғым келіп отыр. ЕҚЫҰ-ға біраз ел төраға болып жатыр. Бір­ақ соңғы 11 жылда олардың еш­қайсысында саммит өтпеген. Олар тарапынан ұсыныс болды ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз, болған күнде де кейбіреуіне мұн­дай үлкен істі сеніп тапсыру да оңай емес. Біз ұсыныс жасадық. Ұсыны­сы­мыз қабылданды. Бұл біздің төраға ретіндегі жұмысы­мыз­ды жоғары бағалағандық, мүмкіндігімізді мойындағандық. Біз мұның бәрін еліміздің үл­кен абыройы санаймыз, мақта­на­мыз да. Осы ретте кейбіреулердің елі­міздің ЕҚЫҰ-ға төраға бо­луы­на, кейін Саммит өткізуіне қарсы болғанына еріксіз таңданасың. Олар өздерінше елде демо­кра­тия­ның дамуы үшін күресеміз де­генді айтады. Елінің абыройының өскеніне қуанбайтындардың пейіліне күмәнданасың. Саммит өткізу оңай шаруа емес. Президентіміз айтқандай, ол абыройлы міндет пен ерекше жауапкершілік жүктейді. Мұндай сыннан еліміз абыроймен өтетініне ешқандай күмән да жоқ. Нұрлан СЕЙДІН, Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі.