14 Тамыз, 2010

Ертең — Спорт күні

16044 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Спорт күніне арналған құттықтауы

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Спорт күні мерекесімен құттықтаймын! Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Биылғы Жолдауда 2020 жылға дейін Қазақстан халқының отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы айтылды. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Келесі жылы елімізде қысқы Азия ойындары өтеді. Бұл Қазақстан спортының әлемдік деңгейде дамығанын көрсетеді. Мерекелеріңіз құтты болсын! Дендеріңізге саулық тілеймін! Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін! Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. __________

БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Өмірде адамның денсаулығын жақсартып, оның жасын ұзартатын, көңілін өсіріп, айналасына сүйкімді де сымбатты, шыдамды да жігерлі, жинақы жүруіне септесетін құдіретті күш болатын болса, ол – дене тәрбиесі мен спорт. Бүгінде елімізде адам үшін осын­шама маңызға ие спортты дамытуға барлық жағдайдың жасалып жатқаны белгілі. Әсіресе, соңғы 10 жылдың бедерінде мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отырған дене тәрбиесі мен спорт сияқты салаларды дамытуға қолда бар жағдайдың бәрі жасалып жатқанын атап өтпесе болмайды. Бұған дәлел ретінде еліміздің әр түкпірінде көптеп са­лынып жатқан спорт нысандарын, күнделікті өмірде халықтың саламатты өмір сал­ты­на ден қойып отырғанын айтуға болады. Бірақ кей кезде істелініп жатқан жұ­мыс­тардың көзге көрінбейтіні де жасырын емес. Сондықтан біз Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияевпен кездесіп, елімізде бұқаралық спорт пен дене тәрбиесін насихаттауда, осы салада мемлекет пен жеке бизнестің әріптестігін дамытуда істелініп жатқан жұмыстарды білу үшін әңгімеге тартқан едік. – Сізден ең алдымен мына нәрсені сұрайын деп едім. Спорт пен дене тәрбиесінің адамның денсау­­лығын сақтауда, қоғамда саламатты өмір салтын қалыптастыруда қанша­лықты маңызды рөл атқаратынын білеміз. Дегенмен өзіңіз спорттың қоғамға деген пайдасы қандай екенін айтып берсеңіз. – Біздің ата-бабаларымыз “Денсаулық – ең басты байлық” деп айтқан еді ғой. Бұл қазіргі технологиялық даму кезеңінде де өзінің маңыздылығын жойған емес. Біз, қазақтар ежелден бері басқа халықтарға қарағанда жерге, далаға, таза ауаға жақын болып өскен халықпыз. Ғалымдар осылардың адамның денсаулығына қаншалық­ты күш-қуат беретінін бұрыннан дәлелдеп келеді. Біз осындай жерді қадір тұтатын, саламатты өмір сал­тын ұстанған халықтың ұрпағымыз. Қазір өкінішке орай, көпшілік тех­нологиялық дамудан қалыспау үшін дене тәрбиесімен айналысудың орнына интеллектуалды жағынан жетілуді көбірек ойлайтын қалалық жерлерде өмір сүруде. Әрине, адам­ның интеллектуалды болуы да ке­рек, бірақ дене тәрбиесін де еш­қа­шан ұмытпаған жөн.  Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударып келеді. Президент Жолдауларында дені сау ұлтты қалыптасыру үшін Туризм және спорт министрлігіне бірқатар міндеттер қойған болатын. Соның ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы адамды бала кезінен бастап дене тәрбиесіне баулу үшін оның спортпен айналысуына қолда бар жағдайдың бәрін жасау керектігін айтты. – Биылғы Жолдауда Президент министрлікке қандай нақты міндеттер жүктеді? – Осы жылғы Жолдауында Елбасы министрлік пен түрлі деңгейдегі әкімдердің алдына бірігіп дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт нысандарын көптеп салуды, халық арасында саламатты өмір салтын барынша насихаттауды тапсырды. Қазір осы бағытта айтарлықтай жұ­мыстар істелуде. Мәселен, елімізде Балалар және жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің саны 425-ке артты. Мұнда қазір 234 мың адам спортпен айналысуда. Соны­мен бірге қазір республикада 4 мыңнан астам жастар тәрбиелейтін 15 мектеп-интернат жұмыс істеуде. Ал спорт нысандарына келсек, бү­гінде елімізде 30 330 спорт ғима­рат­тары бар. Ол жерлерде жыл сайын 18 мыңнан астам жарыстар өтіп тұрады. Дегенмен спортты дамытуда әлі де болса көп жұмыстар істеліну керек деп ойлаймын. Мәселен, ау­ыл­­­дық жерлерде, кішігірім қа­ла­ларда, кәсіпорындар мен ұйымдарда жарыстар бір реттік емес, тұрақты түрде өтуі керек деп санаймын. – Бұқаралық спортты дамыту күн тәртібінде тұрған мәселе ғой. Президент Жолдауында оны дамыту үшін халықтың 30 пайызын спортқа тарту мәселесі айтылған еді. Осы бағытта қандай жұмыстар істелінуде? – Қазір елімізде 16 миллионға жуық халықтың 2,5 млн.-ы тұрақты түрде спортпен айналысуда. Бұл ха­лықтың 16 пайызы. Ал дүние жүзінің экономикасы дамыған елдерінде бұл көрсеткішті 30 және одан да жоғары пайызға арттыру мақсат етілуде. Біз болашақта осы жолға түсуіміз керек. Яғни, бұқа­ралық спортты дамыту дегеніміз алдымен экономиканың дамуына байланысты. Егер көйлегің көк, уайымың жоқ болса, әрбір азамат күнделікті күйбең тіршіліктен гөрі дене тәрбиесі мен спортты ойлай­тын болады. – Бізде қай облыстарда бұқара­лық спорт жақсы дамыған? – Қарағанды, Павлодар, Ал­маты облысы мен Алматы қа­ла­ларында. Енді келесі жылы елімізде тұңғыш рет Қысқы Азия ойындары өтеді ғой. Осы дүбірлі додадан кейін халық арасында саламатты өмір салтына деген көзқарас өзгеретініне сенімдімін. Бұқаралық спортты да­мытудың тағы бір жолы – еліміздегі белгілі азаматтарға байла­нысты. Егер көпшіліктің көз алдында жүр­ген мәдениет және өнер қайраткері, саясаткерлер мен табысқа жетіп жатқан ірі бизнесмендер халыққа саламатты өмір салтын ұстанаты­нын көрсетсе, жұртшылық ара­сын­да спортқа деген қызығушылықтың артатыны сөзсіз. Сонымен бірге БАҚ-тың спортты дамытуға көп септігін тигізетіні белгілі. – Өкінішке орай, қазір бізде жастар арасында нашақорлардың көбейіп, шылым тарту мен ішімдікке салынушылардың артып бара жатқаны жасырын емес. Осы жөнінде не айтар едіңіз? – Статистикалық деректерге қарағанда, 18-19 жастағы әскер қа­та­рында жүретін кешегі мектеп бі­тірушілердің көбі әскери қызметке дай­ын болмай шығады екен. Дегенмен медальдың да екі жағы бар дегендей, қазір елімізде футбол, ва­лейбол, баскетбол, суға жүзу, тен­нис сияқты спорт түрлерімен ай­налысушылар көбеюде. Ал өзіміздің төл спортымыз – қазақ күресі мен самбодан өтетін ел біріншілігіне жас­тар ғана емес, ардагерлер де қатысуда. Ал зияткерлік ойындар санатына жататын тоғызқұмалақтан биылғы жылдың қараша айында Астанада алғаш рет әлем чемпио­наты өтеді. Бұл да біздің спорттағы жетістігіміз. – Соңғы кездері ведомство­аралық спартакиадалар мен жастар арасында ауыл ойындары, халық ойындарын өткізу дәстүрге айналып келеді. Соның қазір қандай нәтиже беріп жатқанын айтып кетсеңіз. – Халық ойындары ұлттық спорт түрлерін дамытып, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіліп келеді. Биылғы шілде айында Батыс Қазақстан облысында кезекті мәрте өткен халық ойын­дары алдымен ұжымаралық, одан кейін аудандық және қалалық, об­лыстың деңгейде лайықты өтті. Ал жастар ойындарына келсек, оған 1300 ауыл жастары қатысты. Президенттік тест деген де жақсы жарыс түрі. Оған жыл сайын 2,5 млн. астам адам қатысып отырады. Биыл елімізде алғаш рет олимпия­лық жүгіру күні лайықты аталып өтті. Оған 459 мың адам қатысты. Ал ведомствоаралық спартакиада БАҚ, кеден, сот, денсаулық сақтау ұйымдары арасында спорттың бірнеше түрінен өтіп тұрады. Ал осы жексенбі күні Спорт күніне байланысты Астанада екі шақы­рым­ға арналған Президенттік шақырым мен БАҚ өкілдері арасында спорттың бірнеше түрінен жарыстар өтеді. Жүгіру жарысына 5 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Енді сөз соңында барша отандаста­ры­мызды жексенбі күні болатын Спорт күнімен құттықтай отырып, ден­саулық, отбасына бақыт, жұмыс­тарына табыс тілегім келеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.

* * *

Велоспорт

“АСТАНА” ЖАНКҮЙЕРЛЕРІН ҚУАНТА БЕРМЕК

Жақында Қазақ­стан велоспорт феде­ра­циясының прези­денті, “Самұрық-Қа­зына” ҰӘҚ басқар­ма­сының төрағасы Қай­рат Келімбетов елі­мізде спортты да­мы­ту және “Астана” ве­ло­клу­бына әрі қарай қол­­дау көрсетуде істе­лініп жатқан жұмыс­тар жөніндегі ойлары­мен бөлісті. Қор төрағасы алдымен “Астана” велоклубына қатысты мәліметтер келтіріп, оның брэндін құру идея­сының авторы Елбасы Н.Назарбаев екенін, Президент осыдан бірнеше жыл бұрын жарыстар мен турларға қатысу үшін халықаралық команда құру жөнінде тапсырма бергенін атап айтты. “Қазіргі кезде, – деді ол – әлемде Тур де Франс, Джиро ди Италия, Вуэльта сияқты бәйгелердің басын қосатын велоспорт жарыс­тары бар. Осы сындарға қатысу үшін осыдан бірнеше жыл бұрын сол кездегі велоспорт федерациясының президенті Даниал Ахметов “Астана” командасын құрған болатын. Ол кезең сәтті болып, команда 3 турдың жеңімпазы атанды. “Астана” коман­дасының сапында Тур де Франстың биылғы жеңімпазы Альберто Кон­­тадор сол кезде осы бәйгелердің бәрін жеңіп, команданың мерейін өсірді. Бірақ 2008 жыл команда үшін оңай болған жоқ. Қаржылық қиын­дық, демеушілердің болмауы сияқты мәселелер шыққан соң Елбасы “Астана” командасына көмектесу үшін “Самұрық-Қазына” қорына тап­­сырма берді. Сөйтіп қор велоко­манданың негізгі демеушісіне ай­налды”. Осыдан кейін Қ.Келімбе­тов “Астана” жобасы тек аса ірі спорт­ты ғана емес, сондай-ақ ол еліміздің имиджін көтеретін, Қа­зақстанда спорттың осы түрін насихаттайтын жоба екенін атап өтті. Осы ретте ол Контадордың биылғы Тур де Франс­тегі жеңісі тек оның өзінің ғана емес, бүкіл команданың бағын­дырған биік белесі екенін ескертті. Оның айтуынша, Александр Ви­но­куровтан бастап бүкіл команда Астана деген аттың Елисей ала­ңында құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілуіне көп еңбек сіңірді. Осыған байланысты Қ.Ке­лімбетов енді “Астана” командасы келесі жылы да веложарыстарға қа­тысып, тағы да жеңіске жетуді мақ­сат етіп отырғанынан хабардар етті. “Қазір – деді ол, – біз әлемдегі ірі вело­шабандоздармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Контадордан өзге ағай­ынды Шлектер, Санчес пен Мень­шов сияқты спортшылар бар екені белгілі. Менеджерлер ко­ман­даға келуі ықтимал үміткерлермен жұмыс істеуде. Осы маусымның аяғына дейін команданың құрамы белгілі болады”. Осы орайда ол ке­лесі жылы да команданың отандас­та­ры­мызды қуантатынынан үмітті екенін айтты. Сонымен бірге қор төрағасы бүгінде “Самұрық-Қазына” қоры велоспортты ғана емес, фут­бол, хок­кей, теннис, волейбол сияқ­ты спорт түрлерін дамытуға назар аударып отырғанын, ал оларды дамытуға қор демеуші ретінде 100 млн. АҚШ долларын бөлгенін мәлімдеді. – Жалпы, – деді ол, – “Ас­тана” командасының бюджеті 13 млн. еуро шамасында. Біз әлемде еліміздің брэн­дін қалыптастыруда еңбек сіңі­ріп келе жатқан коман­да­ның мүше­леріне қолдан келген кө­мекті беру­і­міз керек. Ал басқа спорт түрлерінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-тан жолды төсеуге байла­­­нысты ақша бөліп отыр. Мәселен, хоккейді дамыту үшін 40 мың АҚШ доллары бөлініп берілсе, басқа спорт түрлері аса көп қаржыны талап етпейді. Сонымен қатар оның айтуынша, қор “Астана” командасының 50 пайы­зы отандық спортшылардан тұратынын, 3-5 жыл ішінде команда сапына жігіттерді жинау жоспар­ла­нып отырғанынан хабардар етті. Біз тек сан жағына емес, Қа­зақстан спортының сапасының ар­туы­на назар аударамыз, – деді Қ.Ке­лімбетов, – велотурда спорт­шы­ларымыздың белгілі бір кезең­дерді ғана емес, жалпы турдың же­ңімпаз атануы үшін жұмыс істеп Қазақ­стан әнұранының айтылуын қалай­мыз. Сондықтан біз елдегі вело­спорт­қа мықты көңіл бөлмекпіз.

* * *

Бокс

ШАРШЫ АЛАҢДАҒЫ ШАЙҚАСТАР

Жуырда Өскеменде Қазақстан Бокс федерациясының кубогы жолында өтіп жатқан матчтық жекпе-жектердің кезектісі өтті. Бұл жолы “Шығыс” дивизионына кіретін Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының командалары кездесті. Осы айқастарды жалпылай айта­тын болсақ, әр салмақтарда бокс­шылар бір-біріне лайықты қарсылық таныта білді. Мардан Берікбаев, Данабек Сужанов, Айдар Әмірзақов, Міржан Рақымжанов секілді тәж­і­­рибелі боксшылар қар­сыластарын бірден сұлата құлатпаса да кездесу барысында айқын басымдылық танытып, ірі есеппен ұтты. Ең жеңіл, 49 кило салмақта Мардан өскемен­дік Елдос Амантаев­ты 10:2 есебімен жеңсе, соңғысының жерлесі 60 кг. сал­мақ­тағы Айдар Әмірзақов Роман Шег­ри­новті 7:0, ал Шығыс Қазақ­­стан­ның өкілі Данабек Сужанов 81 кг. салмақтағы Кенже Аманжо­лов­ты 10:0 есебімен тізе бүктірді. Осы айқастарда Қытай атынан Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері атанған, жуырда Қазақстанның азаматтығын алған Қанат Ісләмұлы (75 кг.) қарсыласын нокаутпен ұт­қанын атап өткен жөн. Сол сияқты Міржан Рақымжанов (56 кг.) өзінен тәжірибесі аздау Томаз Хал­мұ­ра­довты (Алматы облысы) 10:0 есе­бімен бет қаратпай ұтты. Басқа салмақтарда өскемендік Мирас Бай­ырханов (69 кг.), Қана­­ғат Маралов (64 кг.) қарсыласта­рынан басым түссе, Алматы об­лы­сының өкілдері аса ауыр салмақ­та­ғы Дәулет Мұ­са­баев пен Данияр Үстембаев (91 кг.) нағыз бабында екенін көрсетті. Осы жолғы кездесулердің бірінде есеп тең аяқталды. 52 кг. салмақта Ринат Қа­дыров (Алматы облысы) пен Елдар Нұрсейітов арасында қызу тартысты өткен айқаста есеп 4:4 болып тіркелді. Сөйтіп, қорытынды есеп 16:13 болып, кенді Алтай өрендерінің пайдасына шешілді. * Жақында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлыбританияда Қытай, Куба және алаң иелерімен бірге өткізген оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Осы жиын аяқталған соң ұйым­дастырушылар “Төрт елдің турни­рі” атты шағын турнир өткізді. Оған Қазақстан атынан 10 боксшы қатысып, соның төртеуі жартылай финалда ұтылса, қалған алтауы финалда қолғап түйістірді. Мұнда Мирас Жақыпов (51 кг.), Данияр Төлегенов (54 кг.), Мәди Шолақов (57 кг.) және Нұрдәулет Жарманов (75 кг.) жартылай финалда сүрінсе, ақтық айқаста ең жеңіл, 48 кг. салмақта күш сынасқан Біржан Жақып екі дүркін Олимпиада чемпионы Цзоу Шиминнен 9:13 есебімен жеңіліп қалды. Сол секілді 60 кг. салмақтағы Самат Бәшенов ағылшын Том Сталкере 9:10 есе­­бімен есе жіберсе, Данияр Елеу­сінов (64 кг.) тағы бір алаң иесі Брэдли Сондерстен 3:6 есебімен жеңіліп қалды. Сонымен бірге Серік Сәпиев (75 кг.) британдық Галум Смиттен жеңілуге мәжбүр болды. Осы жекпе-жекке куә бол­ғандардың айтуынша, Серік қарсы­ласынан айқын басым­дық таны­тып айқасты. Дегенмен, төрешілер жеңісті алаң иесінің пайдасына бұрып жіберді. Осыдан кейін шаршы алаңға көтерілген Алмат Серімов ел намысын қорғап қалды. Ол британдық Галум Джон­сонды үшінші раундта нокаудқа жіберсе, аса ауыр салмақтағы Иван Дычко тағы бір алаң иесі Амин Исаны 7:2 есебімен жеңді. Сөйтіп, екі алтын, төрт күміс және төрт қола алған отандас­тарымыз жалпы командалық есепте Қытай мен Куба боксшыларынан озып, екінші орынды иеленіп қайтты. * Қазақстан Бокс федерация­сының қолдау көрсетуімен жаңадан құрылған “Астана арландары” кәсіпқой боксшылар клубына екі легионер қосылды. Енді кәсіпқой бокстан WSB тұжырымы бойынша Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында аса ауыр салмақтағы венгриялық Иштван Бернст пен серб Милутин Станкович өнер көрсететін болады. Алдағы уақытта олардың қатарына тағы да боксшылар қосылады. “Ас­тана арландары” клубының бас ди­ректоры Болат Манкеновтің айту­ынша, қос спортшымен жасалған ке­лісім-шартқа сәйкес, олар Қа­зақстанды өз үйіндей көріп, осында халықаралық жарыстардан тек жеңімпаз атанып келу үшін барлық жағдайды жасайтын болады. * Қазақстан Бокс федерация­сының ерлер, жастар және жасөс­пірімдер ұлттық құрамасының жұмысын үйлестіруші, мемлекеттік бапкер Болат Абдрахманов таяуда АІВА-ның Қазақстан атынан сайланған тұңғыш техникалық делегаты атанды. Халықаралық әуесқой бокс феде­рациясының штаб-пәтері орналасқан Лозанна қаласынан жі­бе­ріл­ген телеграммада аталмыш ұйымның атқарушы директоры Хо Ким бокс маманына жуық арада техникалық делегат атағын беру жөнінде серти­фикаты тапсырыла­ты­нын жеткізді. Дастан КЕНЖАЛИН.