Алматыда “Алматы облысында ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартылған жұмысшылардың еңбек жағдайлары” атты дөңгелек үстел болып өтті. Халықаралық еңбек ұйымдарының (ХЕҰ), Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктерінің, Қазақстандағы Қырғыз Республикасы бас консулдығы өкілдерінің қатысуымен өткізілген жиында бүгінгі таңдағы еңбек көші-қонына қатысты бірқатар мәселелер күн тәртібіне қойылды. Жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан Қазақстан Тауар өндірушілері мен экспортаушылар одағының президенті Николай Радостовец еңбек ресурстарын басқару және еңбек көші-қонын бақылау саласымен қатар, балалар еңбегін пайдалануды болдырмау бағытындағы іс-шараларды одан әрі жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Шын мәнісінде де күн тәртібіне қойылып, көпшілік талқысына салынып отырған бұл жағдай күрделі әрі ауқымды екендігі жасырын емес. Жиында сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау және бақылау жөніндегі комитеті төрағасы Серікқали Бисақаев ауыл шаруашылығында бала еңбегін пайдалануға жол бермеу қажеттігін атап айтты.
– Балалық шақ – адам өміріндегі ерекше кезеңі, сәбидің талап деңгейінде дамып, өсіп-қалыптасуының маңызы зор. Өкінішке орай, бала еңбегін пайдалану ТМД елдері ішінде Қазақстанда да кездесуде. Бір құптарлығы, соңғы жылдарда Қазақстанда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсаруына байланысты балалар еңбегін пайдалану айтарлықтай төмендеді, – дейді Серікқали Ғұмарұлы.
Бүгінде Қазақстан миграциялық басқару үрдістері саясатын экономикалық қажеттіліктерге, ішкі рыноктың мүддесіне орай жүргізуде. Үкімет көші-қон мәселелерін айтарлықтай деңгейде реттеуге мүдделілік танытуда. Мәселен, 2008 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Алматы облысы үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 10914 бірлік квота белгілеген еді. Биылғы 2010 жылдың 1 шілдесіндегі дерек бойынша Қазақстан аумағында барлығы 29,2 мың шетелдік жұмысшылар еңбекпен қамтылған. Олардың арасында 437 адам Қырғызстан мемлекетінің азаматы.
Республикада 2007 жылдан бастап Халықаралық еңбек одағымен бірлесіп балалар еңбегін қорғау жөнінде кең көлемдегі акциялар өткізу іс-шараларының жоспары бекітілген болатын. Соған орай, Тараз қаласында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттерінің әлеуметтік әріптестерінің қатысуымен балалар құқын қорғау тақырыбына арналған халықаралық семинар ұйымдастырылды. Бала еңбегін қорғауға арналған кең көлемдегі акция аясында республика ұйымдарындағы кешенді тексерістер бірқатар олқылықтарды да айқындады.
Елімізде ана мен бала жағдайын жақсарту бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда, бұл орайда қоғамдық қорлардың да айтарлықтай үлес қосуы көп нәрседен хабар берсе керек. “Алматы облысындағы “Бота” қоры өткен жылдан бастап балаларға арналған әлеуметтік орталықтың жұмысын одан әрі жетілдіру үшін 3 миллион теңге қаражат бөлді. Келешекте 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді арнайы кәсіпке бағыттауға арналған қысқа мерзімді тегін курстар ашу жоспарлануда”, дейді Алматы облысы Балалар құқын қорғау департаментінің директоры Гүлнар Ермекбаева.
Қорыта айтқанда, балалардың келешекте қоғамның лайықты азаматы болып өсуі бүгіннен басталатындығы ешқашан естен шықпауы тиіс.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
АЛМАТЫ.