Батыс Қазақстан облысындағы аса ірі Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнында құрамалық оқытудың жұмыстары сәтті аяқталды деуге болады. Аталмыш оқыту жүйесінің басты міндеті “Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг” компаниясындағы апаттық-құтқару қызметінің өңірлік дайындығы мен өзара қарым-қатынас нәтижесінен туындаған ақпараттық және хабарландыру байланысының тиімділігін арттыру болып табылатындығын былайғы жұрт онымен танысып та үлгерген шығар.
Еліміз бойынша қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде қадағалататын мінсіз жобаның бірі осы Қарашығанақ екендігін ескерсек, қоршаған ортаны қорғау мәселесі жағынан да Қарашығанақ табиғатты қорғау инфрақұрылымына ерекше назар аударып келгені асыра сілтеуді қажет етпейтін ақиқат. Сол себепті де Қарашығанақ және оған қарасты компанияның құзыретті бөлімшелерінде төтенше жағдайларды болдырмауға арналған, сонымен қатар кез келген жағдайдағы дайындық шараларын практикалық тұрғыдан қамтамасыз ететін оқыту жұмыстары тұрақты өткізіліп отырады. Қолға алынған мұндай жұмыстар мемлекеттік құрылымдар арасындағы қарым-қатынасты ілгерілетуге өз сепігін тигізбей қоймайды.
Төтенше жағдайларды болдырмау бағытына арналған бірлескен басқару мен бақылау іс-шараларын тәжірибелік тұрғыдан жүргізу, ҚПО-дағы апаттық-құтқару қызметінің дайындығын тексеру, ақпараттық және хабарландыру байланысының тиімділігін арттыру сынды нәтижелі жұмыстар бүгінгі күнге дейін өзгелерге үлгі болып отыр.
Апаттық-құтқару қызметі белгілі бір тәртіппен өз міндеттерін жедел түрде атқарып келеді. ҚПО компаниясының жедел-құтқару басқармасының жетекшісі Александр Охрименко бірінші кезеңдегі нәтижеге сүйеніп: “Оқыту нәтижесі көрсеткендей, ҚПО компаниясы және оның апаттық-құтқару қызметінің орындаған жұмыстары өте орынды. ҚПО-ның апаттық-құтқару қызметі кез келген төтенше жағдайға дайын”, – деп бағасын берген болатын.
Төтенше жағдайларды болдырмауға арналған операцияның жетістігі ҚПО компаниясының құтқару және апаттық қызметінің қимыл бірлігіне тәуелді еді. 2010 жылғы құрама оқыту нәтижесі көрсеткендей Қарашығанақ кен орнын пайдаланудағы қауіпсіздік іс-шараларын жүзеге асыратын мол тәжірибесі мен мүмкіндігі жоғары екендігін көрсетеді. Оқу жұмыстарына қатысушылардың арасында Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері де кездесті. Олар аталмыш компанияның қызметкерлер құрамы мен техникалық құрылғылары, төтенше жағдайлар бөлімшесі мен Батыс Қазақсан облысының ІІД және басқа да мамандандырылған ұйымдар бұл аймақтағы табиғи ресурстарды нақты қадағалауға жан-жақты кірісуге толық мүмкіндіктерінің бар екендігіне көздері жетті. Батысқазақстандық әріптестерінің ұтқырлығы мен бейімділігін ресейлік құтқарушылар жоғары бағалады. “Құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің шеберліктері және барлық техникалық жабдықтарыңыз бізге жақсы әсер етті. Апаттық-құтқару бригадасы тікелей тағайындалған тапсырмаларды орындауға қабілетті екендіктерін көрсетті”, – деген жылы пікірін Ресейдің Орынбор облысындағы төтенше жағдай-жедел құтқару бас басқармасының бастығы Максим Рдюков білдірді.
Мұндай алты кезеңнен тұратын құрама оқыту жұмыстары әр үш жыл сайын болып тұратындығы белгілі. Сонымен қатар, мұндай оқыту жұмыстарының аясында әрбір қызмет орны айына бірнеше рет жаттығу өткізіп тұрады. “Оқытудың нәтижесі бойынша нақты сараптама жүргіземіз. Мұның басты себебі, кен орнының қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейі қандай дәрежеде екендігін анықтайды”, – дейді Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қадыр Бисембаев.
“Өрт сөндіруші” деп аталатын мамандандырылған орталықта 2 мыңға жуық арнайы кәсіби құтқарушы дайындалады. Мұндай оқу-жаттығу жұмыстары барлық оқыту орталықтары мен бөлімшелерінде жауапты емтихан түрінде өткізіледі. Талаптанған мамандар өз алдарына да маңызды міндеттер қоя біледі. Астанадағы азаматтық қорғаныс жөніндегі мамандандырылған оқу орталығының бас директоры Манарбек Байжұмановтың: “Бұдан былай дайындығымызды әлдеқайда жоғарғы сапалық деңгейге көтеруіміз керек. Бұл дегеніміз оқу орталықтарының оқыту бағдарламаларын бұрынғысынан да жақсартуға, нығайта түсуге жол ашады”, – деп айтқан пікірінен де бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижелерін жоғары деңгейге көтере алатынына сенімдіміз. Еліміздің басқа да өңірлеріне көмек қолын ұсынып, дер кезінде жәрдемдесе алатындықтары да жүрекке жылулық ұялатады. Өйткені көмек қолын ұсыну – үлкен адамдық пен адамгершіліктің асқар шыңы.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.