Еңселі Еңбекшілдер ауданы — берекелі Біржан сал елі тағы да бір айтулы оқиғаны атап өтуде. Халқымыздың өсу даңғылында өзіндік орны бар Құдықағаш ауылының 80 жылдығы, рухы биік жауынгер композитор, осы ауылдың тумасы Рамазан Елебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтой есте қалар тәлімді өрнегімен ерекшеленді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы шеңберіндегі мереке аудан орталығындағы мәдениет үйінен бастау алды. Мұнда Рамазан Елебаевтың шығармашылық жолына арналған ғылыми конференция өткізілді. Оны Еңбекшілдер ауданы әкімінің орынбасары Қабиболла Шаяхметов құттықтау сөзбен ашты. Жиналған қауым Ж. Мусин атындағы Қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ахат Нұртастың, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, саясаттану ғылымдарының кандидаты Ғалым Шойкиннің баяндамаларын ықылас қоя тыңдады.
Өнерге деген құштарлық қарапайым ауыл баласын Мәскеудегі А. Луначарский атындағы театр өнері институтының композиторлық бөліміне алып келген еді. Оны ойдағыдай бітіргенімен, кенеттен басталған соғыс жалынды жасты майдан жорықтарына жетеледі. Атақты Панфилов дивизиясының құрамында халқымыздың қаһарман перзенттері Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаровпен қарулас жолдас болған әнші, сазгер ерлігі үшін екі мәрте “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталған. Сонымен бірге жауынгерлерді өзінің отты жыр, жалынды әндерімен рухтандыра білді. Рамазан Елебаевтың “Жолдастар”, “Ана сыры”, “Қуаныш”, “Аманкелді туралы ән”, “Жаз жыры”, “Құттықтау”, “28 батырдың әні”, “Панфиловшылар маршы”, “23-ші полк маршы”, “Талғар полкінің маршы”, “Аэроплан” сияқты әндері жауға оқ болып борады. Ал, әйгілі “Жас қазақ” әні (бастапқы аты “Жас қабірдің басында) Р. Елебаев шығармашылығының классикалық үлгісі еді. Ән құдіреті жөнінде Мәлік Ғабдуллин, Сәуірбек Бақбергенов, Александр Лившиц соғыс жылдарының өзінде тамсана жазса, осы әннің негізінде Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің “Жас қазақ” операсы, Сыдық Мұхамеджановтың “Ғасырлар үні” ораториясы, Мұқан Төлебаевтың “Біржан – Сара” операсы туды. Бұлар халқымыздың өшпес мұрасы ретінде ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Салтанат сәтінде Рамазан Елебаевтың 82 жастағы қарындасы Қанипа әжей мен оның қызы Қарлығаштың естелік әңгімелері әсерлі шықты. Алматыдан келген қонақтарға еңбек ардагері, “Нұр Отан” партиясының белсендісі Мейрамбек Қиықов өзі редакциясын басқарған “Рамазан Елебаевтың елі” кітабын сыйға тартты. Сондай-ақ, қазына қарттар жазушы Жамаш Нұралиннің, ауданның құрметті азаматы Тасболат Алпысовтың, басқа да азаматтардың тартымды әңгімелері көпшілік көңілін тербеп өтті.
Той салтанаты композитордың туған ауылы Құдықағашта жалғасты. Тау жетегіндегі қарағайлы орманның құшағындағы ауылдың кіре берісінде 17 метрлік стелла жарқырайды. Мұны құдықағаштықтар Жеңістің 65 жылдығы құрметіне өз қаражаттарына орнатқан. Ауыл тойының қаза болған жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, 1 минөттік үнсіздікпен басталуының тағылым толғанысы мол еді. Осы елден 140 азамат қан майданға аттанып, 90 азамат оралмай қалған. Солардың бірі – небәрі 33 жасында көз жұмған Рамазан Елебаев.
Аталар рухына адал жұрт той қарсаңында батыр жерленген Псков облысындағы Новосокольники бауырластар зиратынан топырақ алдырған болатын. Капсула Рамазанның әкесі Ержан жерленген қорымға көміліп, “Мәңгілік алау” оты жағылды. Бұл ел үшін күрескен барша жауынгерлердің рухын аспандатқаны анық.
Берекелі Құдықағаштың іргесінде көлемі одан бір де кем емес киіз үй қалашығы орналасқан. Тойдың мәдени, спорттық, танымдық бай бағдарламасы тәнті қалдырады. Ат жарыс, балуан күрес, ақындар айтысының қызығы бір төбе. Киіз үйлердің дархан дастарқаны, көл-көсір көңіл ауаны еңбеккер елдің ырыздық молшылығын әйгілейді.
Иә, Құдықағаш еңбек зейнетіне бөленген, екпінді ата-әжелерінің үлгісін жарасты жалғастырған ел. Бүгін Жезқазғандағы шоқтықты “Жәйрем” кенішін алғаш ашушылардың бірі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мағауия Биғалиевтің, 1940 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысқан, Ахатша Нұртазиннің, 1950 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған мал дәрігері Ахон Әбілғазиннің, мемлекеттік қауіпсіздік генерал-майоры Сәттібек Байтеміровтің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының көмекшісі болған Сағынтай Шәріповтің (әйелі Гүлбаршын қазір Конституциялық Кеңестің бас маманы), қазіргі Бурабай ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарған Мұрат Досановтың және басқалардың есімі құрметпен атап өтілді. Ауылдың қазіргі тіршілігін ЖШС, шаруа қожалықтарының мүшелері, әлеуметтік сала қызметкерлері гүлдентіп отыр. Жеке кәсіпкерлердің көмек-қолдауына жұртшылық дән риза. Ал, ағайынды Мұқажан, Сейілхан Шәріповтер өз қаражатына еңселі мешіт үйін салып жатыр екен.
Беделің өсіп, мәртебең көтеріле берсін қасиетті Құдықағаш!
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.
Суреттерде: 1. Рахметовтар әулетінің киіз үйі. 2. М. Қиықов Р. Елебаевтың қарындасы Қанипа әжейге “Рамазан Елебаевтың елі” кітабын тапсыруда.