Ауа райының қуаңшылығы көптеген елдерді тығырыққа тіреп, әлемдік рыноктағы астық бағасын шарықтатып жіберді. Баға сәт сайын құбылып, өсіп барады. Канада, Ресей, Украина секілді астықты елдерде бір тонна бидайдың құны 250 АҚШ долларын құрап отыр. Әлі де көтеріле түсетін түрі бар. Солтүстікқазақстандық диқандар да алаңдаулы. Қырмандарға астық түсе бастады. Соны “Азық-түлік келісім-шарт” корпорациясының жергілікті филиалына өткізіп, жұмысшы-қызметкерлердің жалақысын, басқа да төлемдерді өтейін десе, әлі күнге дейін астықтың бағасы да, квота мөлшері де белгіленбеген. Осы мәселемен тікелей айналысатын ведомостволар кесімді сөздерін айтудың орнына әліптің артын бағып отырған сыңайлы. Облысқа “Азық-түлік келісім-шарт” корпорациясы АҚ президенті Руслан Азимовтың, басқарушы директорлары Марк Ельперин мен Дәулет Уашевтың жұмыс сапарымен келуі агрофирма жетекшілерін елең еткізіп, жауапты науқанның қызған шағына қарамастан облыстық әкімдікте өткен жиынға қатысуға асықты. Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко бастаған ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер олармен ауызба-ауыз тілдесіп, мәселенің қалай шешіліп жатқанын білмекке ынтықты.
Жедел кеңесті облыс әкімі Серік Біләлов кіріспе сөзбен ашып, күздік бидайдың түсімділігі 9,9 центнерден айналғанын, ендігі бар күш-жігердің орташа шыққан дәнді дақылдарды жинап алуға бағытталғанын, техника да, жанар-жағармай да жеткілікті екенін жеткізді. Руслан Жұмабайұлы мінбеге көтерілгенде зал ішінде шыбын ызыңы ғана естілетіндей тыныштық орнады. Жиналғандар одан астық бағасына, өткізуге байланысты нақты жауап күтті. Алайда, оның астық нарықтағы жағдайға сайма-сай бағаланады деген жалпылама сөзіне ешкім қанағаттанбады.
– “Азық-түлік келісім-шарт” корпорациясына мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, астықты сатып алу квотасын белгілеу, баға саясатын анықтау құқықтарын беріп отырғандықтан, өзімізді толғантқан мәселелер төңірегінде нақты жауап алғымыз келіп еді. Алайда, қалыптасқан күрделі жағдайға орай қабылдануға тиісті ұтымды шешімнің сағыздай созылып кеткені таңдандырмай қоймайды. Сатып алынатын астық көлемінің де, бағасының да белгіленбеуін қалай түсінеміз? Бір тонна бидайдың бағасы 230-250 доллардан кем болмауы тиіс. Қызылжар өңірінің диқандарының айтар уәжі осы. Өйтпеген жағдайда ірі агроқұрылымдардың өздері жалақыға, техника сатып алуға жұмсаған шығындарын өтей алмай банкротқа ұшырап қалары анық, — деді Геннадий Иванович көпшіліктің көкейіндегі қыжылды тап басып. Оның сөзін “Сельхозхимия” ЖШС директоры Василий Шкодин, “Ақселеу” агрофирмасының жетекшісі Серік Малаев, “Мәмбетов және К” командиттік серіктестігінің директоры Константин Мишенев қостап, талайлардың корпорацияның жергілікті өкілдігінің табалдырығын тоздырып жүргенін айтты. Банктерден алынған кредиттік төлемдерді өтеуге де уақыт жағынан жеңілдік берілуін сұраймыз, десті олар. Аймақ басшысы С.Біләлов Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығын өркендетуге қомақты қаржы бөлініп жатқанын, биыл оның 16 миллиард теңгені құрағанын айта келіп, шаруашылықтардың банктермен, ұжым мүшелерімен дер кезінде есеп айырысуы үшін корпорация тарапынан шұғыл төлемдерді жеделдетуді өтінді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев биыл Қазақстанда қанша астық алынатыны, ішкі қажеттілікке қанша жұмсалатыны, сыртқа қанша мөлшерде сатылатыны жөнінде нақпа-нақ мәлімдеп еді. Олай болса, министрлікке қарасты ведомостволардың әлі күнге дейін үн-түнсіз отырғаны түсініксіз.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.