17 Тамыз, 2010

“Саламатты Қазақстан” бағдарламасы Үкімет қолдауына ие болды

598 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздегі денсаулық сақтау ісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасы қаралды. Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің айтуынша сала бойынша осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама өзінің аяқталу саты­сын­да тұр. Ол бойынша елімізде бір­қатар жұмыстар жүзеге асты. Дәрі-дәрмектерді жеткізудің бірыңғай дистрибьютерлік жүйесі құрылды. Медициналық-санитарлық алғаш­қы көмекті беру ісі басымдықпен дамытылды. Елімізде 59 меди­циналық білім нысаны салынды. Енді қабылданып отырған жаңа бағдарламада денсаулық сақтау ісін тиімді ұйымдастыру мәселелеріне, соның ішінде аурулардың алдын алу мен саламатты өмір салтын қа­лыптастыру жөніндегі іс-шараларға айрықша назар аударылған. Бағ­дар­лама алты бағытты қамтып отыр. Бірінші бағыт бойынша сек­тораралық және ведомствоаралық іс-қимылдың тиімділігін арттыру көзделеді. Яғни денсаулық сақтау ісіне қатысы бар салалардың бар­лығы өз жұмыстарын бірлесіп жүргізуге мән беретін болады. Екінші бағыт бойынша негізгі әлеуметтік аурулар (инфаркт, ин­сульт, қант диабеті, туберкулез және басқалар) бойынша алдын алу шаралары барынша күшейтіледі. Үшінші бағыт санитарлық-эпи­демиологиялық қызметті жетіл­ді­ру­ге, атап айтқанда суық тию аурула­ры мен өкпе қабынуын туындата­тын инфекциялардан балаларды сақтау үшін алдын ала  егу жұ­мыс­тарын жүргізу, отандық медицина­лық иммундық-биологиялық дәрі-дәр­мектерді өндіру мақсатын көздейді. Төртінші бағыт бойынша бір­ың­ғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық көмекті ұйымдастыруды басқаруды және қаржыландыруды одан әрі же­тіл­діру мәселелері қамтылып отыр. Осы үшін медициналық қызмет­кер­лердің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, жас мамандарға түрлі же­ңілдіктер беруге, көлік меди­цинасын, соның ішінде авиа­ция­лық медицинаны дамыту ісіне мән берілмек. Бесінші бағыт медициналық, фар­мацевтикалық білім беруді же­тілдіру жөніндегі шараларды, меди­цинадағы инновациялық техноло­гия­ларды дамыту мен енгізуді, медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтиды. Ал алтыншы бағыт бойынша халық үшін дәрі-дәрмектердің қол­жетімді әрі сапалы болуы көзделеді. Бағдарламаның елеулі жетістігі ретінде ұлттық медициналық хол­дингтің құрылуын айтуға болады. Сонымен қатар ендігі кезекте халыққа дәрігерді, емханаларды өз еркімен таңдау құқығын бере отырып, медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестіктің артуы­на көп көңіл бөлінуде. Бағдарламаның жалпы құны 445 миллиард теңгеден астам соманы құрайды. Бұл бағдарламаны әзірлеу барысында жергілікті жерлерде бір­қатар жиындар ұйымдастырылып, денсаулық сақтау қызметкер­лері­нің, қоғам өкілдерінің пікірлері, ұсыныстары ескерілген. Газеттерде көптеген мақалалар жарияланған. Сондай-ақ Үкімет отырысында шығып сөйлеген Павлодар қала­сын­дағы екінші қалалық аурухана­ның бас дәрігері Ораз Мұқашев, Алматы облысы, Панфилов аудан­дық ауруханасының бас дәрігері Төлеу Сарпеков, Денсаулық сақтау қызметкерлері ассоциациясының басшысы Айжан Сыдықова және басқалар жаңа бағдарламаның тиім­ді жақтары көп екендігін ай­тып, оған мысалдар келтіре оты­рып, қолдап сөйледі. Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Жақсылық Досқа­лиев­тің өз баяндамасын мемлекет­тік тілде және жүйелі жасағанды­ғына ризашылығын білдіре келе, өңірлерден келген медицина мекемелерінің басшыларының көпшілігі осы тілде бір ауыз сөз айта алмағандығын сынға алды. Бағдарламаға қолдау білдірді. Талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бұл бағдарлама Үкімет мүшелерінің дауыс беру жағдайында қолдауға ие болғандығын айта келе, енді оның Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатындығын жеткізді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.