18 Тамыз, 2010

Конституция – өркениет пен мәдениеттің тоғысы

811 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Конституциясы­ның он бес жылдық қызметін ой елегінен өт­кіз­генде біз еліміз үшін нағыз сын сағаты бол­ған сол бір күрделі кезеңді, қоғамымыздың сая­си, экономикалық, әлеуметтік және мәдени да­муының басты бағыттарын айқындайтын Ата Заңның жобасын талқылау кезіндегі қызу пі­кір­таластарды еріксіз еске түсіреміз және тарих безбенімен өлшегенде қысқа ғана уақыт ішінде Қазақстан жүріп өткен жолды ойша таразы­лай­мыз. Соны соқпақтан сара жолға айналған бұл бағыт Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүмкіндіктерін барынша пай­дала­на, дамыта білген демократиялық мемлекет ре­тінде әлемдік қауымдастық қатарынан лайықты орын алып, өркендеу мен өрістеуге нық қадам басқанын көрсетеді. Аталмыш табыстың тамырлары сан-салалы, олардың ең тереңі әрі әлі де зерттеуді қажет ететін толымдысы – Қазақстан Республикасының Конституциясы. Күллі кезеңдер мен қилы елдердің мүдде­сіне бірдей жарамды әмбебап конституцияның үлгісі болмайтыны белгілі жәйт. Әр елдің сая­си-әлеуметтік және экономикалық ерекшелік­тері, әдет-ғұрпы мен рухани мәдениеті конс­ти­­туцияға өз бедерін салары хақ. Қоғамдағы әртүрлі саяси және әлеуметтік күштердің өзара күресінің сипаты, олардың мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау қажеттігі, ұлттық келісім мен аза­маттық бейбітшілік өлшемдері көп жағдайда Негізгі заңның мәні мен мазмұнын ай­қындайды. Қоғамның басым бөлігі саяси жүйенің жа­ңаруын, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани өмірдегі жаңа үрдістердің заң­на­мада айқын көрініс табуын күткен кезеңде мұндай нақты, шынайы қатынастар Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституция­сында бекітілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әрі бастама­сы­мен әзірленген және қабылданған Қазақстан Рес­публикасының жаңа Конституциясы өз күшіне енгеннен кейін кеңестік сипаттағы демократия мен биліктің белең алуына жол бермей, Қазақстанның батыс қоғамдарында бағаланатын либералдық құндылықтар мен сая­си-әлеуметтік және экономикалық дамуларды қабылдауына жол ашты. Солай бола тұра, туыс­тық пен теңдік сезімдері, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ жерінде құрылған жаңа мемлекет – Қазақстанның өзіндік ұлттық даму ерекшеліктерін де ескерді. Қазақстандықтар ең әуелі Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президентінің елімізде саяси және экономикалық жаңарулар жүргізуді көздеген жалпы бағытын, Конституцияның негізін қалаған басты ұстанымдар мен құнды­лық­тарды қолдады. Бұл ұстанымдар – жеке адам­ның құқықтары мен бостандығының басымдығы, азаматтық қоғам құруға бетбұрыс, шынайы демократия, қазақстандық мемлекетті­лік­ті дамыту мен бекіту, меншік түрлері мен нысандарының әртүрлілігі, экономикалық даму бостандығы, нарықтық экономика және т.б. Конституцияны құқықтық ресімдеу – Ке­ңестік Социалистік Республикалар Одағының ыдырауынан кейін қалған машақаты мол мұраға қарамастан, өтпелі кезеңдегі қазақстан­дық қоғамның күрделі де серпінді, біртұтас күш ретінде етек-жеңін жиып, жедел экономикалық өсуге, мәдени және рухани өрлеуге, демо­кра­тиялық реформаларды тереңдетуге ұмтылуын қамтамасыз етті. Алайда, Конституцияның мәні – тек нақты қатынастарды бекіту, тіршілікті күллі күрделі болмысында көрсету ғана емес, оның басты мұраты – қоғамның саяси, экономикалық, әлеу­меттік және мәдени дамуына қажетті алғы­шарт­тарды қалыптастыратын бағдарламалық құжат болуы. Қазақстан Республикасының Конституция­сы қоғамдық қатынастарды бүкіл әлемдік үр­діс­терге сәйкес қорғау мен дамыту мақсатында қажетті арналарға бағыттайтын қалыптасты­ру­шылық қызмет атқарады. Атап айтқанда, Конс­титуцияның 1-бабы Қазақстан Республика­сы­ның өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялайтынын бекітеді. Алайда, демократиялық құқықтық мем­лекет – дамудың басты мұраты және қоры­тынды нәтижесі емес, ол алыс-жақын түбегейлі мақсаттарға жетуді көздеген қозғалыс, ұмты­лыс. Қазақстан Республикасы демократияның аясын кеңейте отырып, бір мезгілде мем­ле­кеттік билікті бекітуі, күшейтуі керек, өйткені тарихи тағылым далалық демократияның же­тегінде кеткен мемлекеттік биліктің әлсіреуінен біртұтас қазақ хандығының бірнеше ұсақ хан­дықтарға бөлініп, ақыры егемендігінен айы­ры­лып, патша бодандығының құрсауына түскенін көрсетті. Конституцияда көрсетілген саяси, әлеумет­тік, экономикалық және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар Прези­денттің “Қазақстан-2030: барлық қазақстан­дық­тар­дың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы” туралы Қазақстан халқына Жолдауында мәлімделген кең тынысты бағдар­ламасын орындау арқылы жүзеге асырылмақ. Конституцияның айрықша мәні – өрке­ниет дамуының талаптарын нақтылап, жүзеге асырып қана қою емес, Қазақстан Республи­касының Конституциясы – мәдениеттің көрі­нісі. Өйткені, ол біздің қазіргі заманғы өмірі­мізді, болмыс-бітімімізді жан-жақты қырынан, қоғамда жеке адамның құқықтары мен бостан­дықтарының басымдығы ұстанымдарын бекі­туге байланысты ерекше қырынан көрсетеді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Конституциясы адамның құқықтары мен бос­тан­дықтарының басымдығын бекітіп, заңдар­дың мәні мен мазмұны, заң шығарушы, ат­қару­шы және сот билігінің бүкіл қызметі адам­ның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын нақтылы айқындап берді. Біздің елімізде әр адам өз құқықтары мен бостан­дық­тарын сот арқылы қорғауға құқылы. Демек, осы конституциялық ережелерді негізге ала отырып, кез келген мүдделі тұлға өздерінің құ­қықтары мен бостандықтарының, заңмен қор­ға­латын мүдделерінің сот арқылы тиімді қорға­луына қол жеткізе алады. Азаматтардан соттарға толассыз түсіп жат­қан өтініштер санының артуы халықтың сот жүйесіне деген сенімін, олардың өз мүдделерін қорғау үшін сотқа арқа сүйейтінін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев судьялардың 5-съезінде атап көр­сеткендей, азаматтардың өз құқықтары бұ­зыл­ған кезде қорғаныш іздеп жүгіне алатын се­німді органы – соттар болып отыр. Конститу­циялық реформа жүргізудің нәтижесінде қа­зақстандық сот төрелігі жүйесі адам құқықта­рын тиімді қорғайтын қуатты жаңа тетіктерге ие болды. Сонымен қатар жеке және заңды тұлға­лар­дың өтінішпен сотқа тікелей жүгінуі арта түскен сайын соттардың қызметіне де қосымша салмақ түсіп отырғанын айтпай кетуге болмай­ды. Сондықтан сот ісін жүргізуді жеңілдету мәселесі бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі­не айналып отыр. Осыған байланысты даулар­ды азаматтық процесте жария етпей тыңдау арқылы шешу рәсімін дамыту қажет деп есептеймін. Яғни соттар даулардың жекелеген санаттары бойынша сот ісін жүргізуді жеңілдете отырып, тараптарды қатыстырып, қысқа мер­зімнің ішінде мәні бойынша шешім қабыл­дайды. Бұл сот рәсімін басы артық шектеуден, жұртшылықты әуре-сарсаңға салудан құт­қа­рады және сот жұмысының тиімділігін арт­тырады. Сот тәртібімен және соттан тыс тәртіпте де тараптар арасындағы жеке құқықтық шиеле­ніс­терді шешудің әр түрлі тәсілдері мен жолдарын (бітімгерлік, келісімге келу және т.б.) орнық­тыру арқылы да осындай нәтижелерге қол жет­кізуге болады. Осыған орай Қазақстан Респуб­ликасының 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Жоғарғы Сот бітімгерлік рәсімдер институтын (медиация) енгізуді қарастыратын заң жобасын әзірледі. Бітімгерлік пен билер сотының арасында біршама ұқсастықтар болғандықтан, Қазақстанда бітімгерлікке жүгінудің тарихи алғышарттары бар екенін де айта кеткен жөн. Осы мақсатта “Аза­маттық іс жүргізу кодексіне толық­ты­рулар мен өзгерістер енгізу туралы” заң жобасы шеңберінде азаматтық істер бой­ынша сот референті институтын енгізу ұсынылып отыр. Сот референті институтын енгізудің қажеттілігі Қазақстан Республи­ка­сы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Қазақстан Республи­касында адам құқықтары саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарында көрсетілген ұсыныстарға негізделген. Тұтастай алғанда, сот билігі азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды басты мақсат етіп қоятынын, судья сот төрелігін іске асыру кезін­де тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана ба­ғынатынын белгілеген конституциялық нор­ма­ларды іске асыру туралы айтатын болсақ, Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан сот-құқықтық рефор­маның негізгі жетістіктерін атап өткеніміз жөн болады. Бүгінгі таңда соттылықтың ара-жігін ашу үдерісі аяқталып, үш буынды сот жүйесі ен­гізілді. Алқабилер институты табыспен жұмыс істеуде. Барлық өңірлерде маман­дан­ды­рылған ауданаралық экономикалық соттар ғана емес, сонымен қатар мамандандырылған әкімшілік және қылмыстық соттар жұмыс істеуде. Екі өңірде ювеналдық соттар құрылды. Қамауға алу үшін соттың санкция беруі енгізілді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының жанынан Сот төрелігі институты құрылды. Барлық сот­тарға дыбыс, бейнеқұжаттау жүйесі енгізілді. Нақтылап айтқанда, аз ғана мерзім ішінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Осының бәрі соттардың айыптаушы органнан немесе қарапайым азаматтың мүддесіне нұқсан кел­ті­ріп, тек мемлекеттің мүддесін басым қорғайтын органнан заңдарды басшылыққа алып, барлық сот істерін дербес шешетін мемлекеттік тәуелсіз органға айналуына мүмкіндік берді. Алқабилер сотын құру, қамауға алу үшін соттың санкция беруін енгізу, заңнама мен сот практикасын ізгілендіру Қазақстанның сот жүйесін әлемдік сот төрелігінің стандарттарына анағұрлым жа­қындатты. Сот реформасы қоғамды құқықтық әрі демократиялық мемлекеттің қалпына жақындата түсті. Қандай да бір құбылысты немесе нысанды жетілдіру мәселелері туралы пайымдай келе “...жетілдіру дегеніміз – нәтижеге үздіксіз жақындай түсу” деп Г.Гегель айтқандай, алда әлі де көптеген міндеттер тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот рефор­масының табыстарын, сот жүйесіндегі жетіс­тік­терді айта келіп, “Біз осы уақыт ішінде талай іс тындырдық, мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ алдағы уақытта бұдан да артық жұмыс істеуіміз керек”, деген болатын. Осыған байланысты сот құрылысын ұйым­дастыру, сот ісін жүргізу тәртібін жетілдіру, заң­намадағы қайшылықтарды жою және сот­тар­дың қызметін әкімшіліктендіруді оңтайлан­дыру тұрғысынан алғанда алдағы уақытта кешенді реформалар жүргізу қажеттігі туып отыр. Судьялар корпусы қатарының сапасын, біліктілігін арттыру мақсатында “Қазақстан Республикасындағы сот оқуы стратегиясын” біртіндеп іске асыру қажет. Осы стратегия сот жүйе­сін дамыту мен жетілдіру жөніндегі сұра­ныстарға сай келетін үздіксіз сот оқуы жүйе­сі­нің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиіс. Тұжырымдап айтқанда, Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының нормативтік ере­же­лері тұтас бір әлемді құрайды. Бұл әлем ауқы­мы кең, күрделі адами қарым-қатынастарды – өмірдің басты әрі сан-салалы қырларынан (қоғамды экономикалық жағынан ұйым­дас­тыру, саяси биліктің тиімді құрылымын жасау және т.б.) бастап, күнделікті тұрмыс, отбасы тіршілігіне дейінгі өмірді қамтиды. Конс­титуцияның өркениет пен мәдениеттің тоғысы ретіндегі ерекшелігі осында. Біздің міндетіміз – жасымызға, ұлтымызға, саяси, діни және идеологиялық танымымызға, атқаратын қызметімізге қарамастан, оның қағидаларынан ауытқымай, нормаларын бұлжытпай орындау. Бұл – Қазақстанның гүлденуі мен игілігін еселеу жолындағы табысымыздың кепілі. Мұсабек ӘЛІМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы.