20 Тамыз, 2010

Альянс өңір өндірісінің локомотивіне айнала ала ма?

451 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Еліміздің қазба байлықтарын игеріп жатқан шетелдік компанияларда қазақстандық үлесті арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы арқылы республика экономикасы мен өндірісін өркендетуге өз үлестерін қосуы қажеттілігін шетелдік инвесторлармен кездесуі кезінде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы шегелеп тапсырып келеді. Осы міндеттерден тұратын тағы бір жәйт,  Қарашығанақ жобасында қазақстандық мазмұнды байыту мәселелері өткен шілде айында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Батыс Қазақстан облы­сына сапары кезінде де жан-жақты әңгіме болды. Шетелдік альянс жетекшілері де қатысқан осы кездесуде аталған мәселеге орай құнды ой-пікірлер мен ұтымды ұсыныстар айтылған еді. Осыған бай­ла­ныс­ты біз Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының төрайымы Зинатбану МУСИНАНЫ  әңгімеге тартқан едік. – Зинатбану Мұханқызы, Қа­ра­шығанақ жобасы Ақжайық өңірінің өрге басуына, оның әлеу­мет­тік-экономикалық тұрғыдан жаңа бір деңгейге көтерілуіне ай­тар­лықтай әсер етіп отырғаны анық. Бұл ақиқатты ешкім де жоқ­қа шығара алмайды. Алайда ме­даль­дің екі жағы бар дегендей, мә­се­ленің екінші бір жағынан қара­ғанда шетелдік альянс Орал өңі­рінде кәсіпкерлікті өрге сүйреудің қоз­ғаушы күшіне, оның локомо­ти­ві­не айнала алмағандай әсер би­лейді. Жасыратын несі бар, осыдан он екі жыл бұрын альянс алғаш құ­рылған кезде ол өңірде кәсіп­керліктің дамуына қуатты серпін береді деп күтілген еді. Бүгінгі күн биігінен қарастырғанда осы үміт пен сенім ақталды деп айта аласыз ба? – Айта алмайтын шығармын. Дәлелмен сөйлеуге ұмтылып көре­йін. Әлгінде өзіңіз айтқан кен ор­ны игеріле бастаған 1998 жылдан бері өңір өндірісіндегі мұнай-газ секторының үлес салмағы 2,2 есеге өскенімен, осы уақыт аралығында жергілікті өңдеуші өнеркәсіптің үлес салмағы 2,3 есеге кеміп кет­кен. Бұл фактор облыстағы мә­ши­не жасау, металл бұйымдары, жөн­деу зауыттары мен құрылыс ин­дустриясы кәсіпорындарының өн­дірістік қуаты кеміп кетуіне әкеліп соқтырды. Осынау отандық өн­діріс ошақтарының мүмкіндіктері еуропалық деңгейден кем түседі деуге аузым бармайды. Бұлардың бә­ріне халықаралық сапа серти­фи­каттары енгізілген. Қай-қайсысы да әлемнің түрлі елдеріндегі ал­дың­ғы қатарлы компаниялармен иық тірестіре қызмет атқарып келеді. – Өткен жылы КПО б.в ком­паниясы мен облыстағы жетекші іргелі кәсіпорындар арасында 750 миллион теңгенің келісім-шартына қол қойылғаны ұмытыла қойған жоқ. Соның нәтижесі не болды? Естілмейді әйтеуір. – Бұл бағытта да тілге тиек етер­­ліктей мардымды іс біткен жоқ. Келісім-шарттардың тек төрттен бірі ғана орындалды. Оған қол қойған оралдық он компанияның төр­теуіне тапсырыстар мүлдем түс­педі. Ал компания биыл жергілікті кәсіпорындардың бір де бірімен ке­лісім-шарт жасаспады. Бұл көрі­ніс­тің өзі қайткенде де бізге бә­се­кеге қабілеттілікті арттыру қажет­тілігін ұқтырады. Ең бір өкініштісі дейміз бе, әттегенайы дейміз бе, қалай десек те шетелдік компа­нияға сырт­тан жеткізіліп жүрген тауарлар мен өнімдерді жергілікті өндіріс орын­дары да еш қиын­дықсыз шығара алады. Альянсқа қызмет көрсету тұрғысынан да осын­дай тұжырым жасауға болады. Бұған қосарым кеден органдары­ның сараптамасы КПО б.в-ның сырттан алып жүрген импортының көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанын айғақтайды. – Әрине, себепсіз салдар жоқ. Ендеше жергілікті бизнес құрылым­дарының қазақстандық кенішті иге­ріп жатқан шетелдік компаниялар жобаларына қатысуының төмендігін немен түсіндірер едіңіз? Мұның түп-төркіні неде? – Менің ойымша оның табаны күректей бес түрлі себебі бар. Біріншіден, шетелдіктер тара­пынан қазақстандық бизнеске де­ген енжарлық – жобалау-сме­та­лық құжаттар әзірлеу кезінің өзін­де-ақ бас көтереді. Жоба жұмыс­тарын қазақстандық өндірістен түсінігі төмен және жергілікті компанияларды жұмысқа тартуға мүлдем құлқы мен ниеті жоқ батыстық жобалау компаниялары атқарады. Екіншіден, шетелдік альянстың даму жоспарлары мен тендерлерінің мерзімі, олардың шарттары туралы ақпараттар жариялы түрде жүргізіле бермейді. Бұған көп жағдайларда “жабық есік” үрдісі тән болып келеді. Бұл пікірге тағы бір қосарым отандық кәсіпорындар тендерге түсе қалған күннің өзінде түрлі кедергілерге тап болады. Сондықтан да олар көп жағдайларда косалқы мер­ді­герлікке келісім беруге мәжбүр. Оның өзінде де бірінші емес, қосалқы мердігерліктің екінші, үшінші сатылары. Айталық, орал­дық белгілі бір компанияның сегіз жыл ішіндегі он бес келісім- шар­тының тек екеуі ғана альянспен тікелей жасалған. Мұндай жағ­дайда жаңа технологияны енгізу туралы сөз қозғаудың өзі артық. Осындай қосалқы мердігерлікті атқару еш уақытта да отандық кә­сіпорындардың көсегесін көгерте алмайды. Ол тек күнделікті шы­ғындарды жабуға ғана жарамды. Үшіншіден, шетелдік компания­лардың тендерлік шарттары адам түсініп болмастай шым-шытырақ, күрделі болып келеді. Айқындық, нақтылық, мөлдірлік жетіспейді. Төртіншіден, шетелдік компа­ниялар атқарылған жұмыстары үшін ақы, төлемақы төлеуді тек актілерге қол қойылғаннан кейін ғана жүргізеді. Тіпті кей жағ­дай­ларда одан да кешіктіріп төлейді. Бұл отандық бизнестің дамуына үлкен кедергі келтіреді. Осы арада өз мемлекетіміз өткізіп жүрген тендерлерге аванстық жүйе тән екенін айта кетуге болады. Яғни істі бастамай тұрып-ақ Үкімет төлемақының бір бөлігін алдын-ала төлеп қояды. Сөз жоқ, бұл өте қолайлы тәсіл. Ал отандық өндірісші Қарашығанақ жобасына қатысты тапсырыс ала алған күн­нің өзінде банктен жоғары пайыз­бен несие алуға мәжбүр. Ол өз кезегінде тауардың өзіндік құны қымбаттап кетуіне әкеліп соқтырады. Бесіншіден, жергілікті жерде бизнеске қабілетті өндірісті өрге бастыратын кез келді. Жергілікті кә­сіпорындарда техникалық жағы­нан қамту деңгейі мінсіз, төрт ая­ғы­нан тең басып тұр деп айта ала­мыз ба? Айта алмасақ керек. Кадрлардың біліктілігі мен бесас­пап­тығы, кәсіби шеберлігі ше? Менеджмент пен маркетингті де бес саусақтай игеріп кете алмай жүргеніміз жасырын емес. Мәсе­ленің бұл жағы да ойландырады. Сондықтан осы олқылықтарды жолға қоймайынша шетелдіктерге қазақстандық өнімді ал деп талап қоя алмайтынымыз айтпаса да белгілі емес пе? – Сонда не істеу керек? Осы тұрғыдағы ой-пікірлеріңіз бен ұсыныс­тарыңызды ортаға сала кетсеңіз. – Таяуда Батыс Қазақстан об­лыстық әкімдігі, “ҚазМұнайГаз” Ұ.К”, КПО б.в және біздің қауым­дастық арасында төрт жақты мемо­рандумге қол қойылды. Оның басты мақсаты – Қарашығанақ жобасында­ғы қазақстандық үлесті көбейту. Осы тұрғыда аймақтық бағ­дарлама жасақтайтын жұмыс тобы құрылды. Сөйтіп Қара­шы­ғанақ жобасын қазақстандық мазмұнмен байытуға ниет қойып отырмыз. Мұның сыртында шет­елдік компанияларда жергілікті бизнестің үлесін үстеу жөнінде өз­ге де іс-шаралар бар. Бұл бағытта мұндай бағдарлама Әзірбайжан мен Нигерияда әрі одан басқа да елдерде ойдағыдай іске асқанын айта кетуге болады. Ол тәп-тәуір нәтижелерге жетуге жол ашқан. Яғни осындай байып­ты істің арқасында ондағы ірі мұ­най компанияларына қызмет көр­сететін жергілікті кәсіпорын­дар­дың қатары қырық пайызға дейін көтерілген. Біз ұсынған аймақтық бағдар­лама Қарашығанақ жобасына жаңа серпін береді деп санаймыз. Ол сонысымен де мәнді, сонысымен де маңызды болмақ. Біздің баста­мамызға еліміздің өзге де мұнайлы өңірлеріндегі әріптестеріміз мүд­делілік пен қызығушылық таны­тып жатса, оларға тәжірибелік тұр­ғыдан көмек беруге әзірміз. Қыс­қасы алдағы уақытта альянс өңір өндірісінің локомотивіне, оның қозғаушы күшіне айнала алатынына сеніміміз мол. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен  Темір ҚҰСАЙЫН, Орал. Ең үздік тауарлар бәсекесі Жақында Өскеменде “Қазақ­стан-2010. Ең үздік тауар” деген атпен Шығыс Қазақстан облыстық байқау-көрмесі болып өтті. Оған өңірдің 60-тан астам өнеркәсіп және азық-түлік тауарларын шығаратын іргелі кәсіпорындары қатысты. Көр­мені ашқан облыс әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев оған қатысушыларды құттықтай келіп, бұл оқиғаның Кеден ода­ғының өз жұмысын бастауымен тұспа-тұс келгеніне назар аударды. Бұдан былай көрші мем­лекеттерге сапалы да жұрт назарын аударатын тауарларды шығаруға жақсы мүмкіндік туғанын атап көрсетті. Индустрия және жаңа тех­но­логиялар министрлігі техни­калық реттеу  және метрология комитеті төрағасының орынба­сары Аманияз Ержанов Кенді Алтайда өнеркәсіп өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың бүкіл елге жақсы таныс екенін, бұл салада олардың үшінші орын алатынына тоқталды. Бұл бәсекеде үздік атанғандардың рес­публикалық бәйгеде жүлде­гер атануға мүмкіндіктері бар екенін атап көрсетті. Қазылар алқасы атшаптырым алаңдағы тауарларды асықпай қарап, ақыры нәтижесін шығарды. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев “Ең үздік тауар” деген конвертті ашқан кезде “Бұқтырма цемент ком­паниясы” АҚ деген атау шыға келді. Шынында да Бұқтыр­маның цементі аса сапалы, ол қазір еліміздің 25 пайыз қажет­тілігін өтеп отыр. Астана қа­ла­сының алып ғимараттарын салуда Бұқтырманың цементі көп қолданылуда. Биыл цемент өндірушілер 1300 мың тонна шығаруды көздеуде. Аталмыш номинация бойынша екінші орынға “Полиус” және “Өскемен Триплекс” ЖШС-лар ие болды. Бұл ұжымдар пластмасса қалдықтарын қайта өңдеуден өткізеді, ал екіншісі әлемдік рынокқа шыға бастады. “Семспецснаб және “Эгрей” ЖШС-лер үшінші орынды қанағат тұтты. “Тұрғындарға арналған ең үздік тауар” номинациясын анық­тау қызықты өтті. Қазақ­стандағы тұңғыш автокөлік шығаратын зауыт “Азия авто” бұл жолы да ешкімге дес бермеді. Аталмыш зауыт қазір көліктердің 20 түрін шығарып жатыр. Тіпті өткен жылғы көрмеден бері алып кәсіпорын жеңіл көліктердің жеті түрін шығаруды игерген. Олардың ішінде “КИА”, “Шевролет”, “Кадиллак” және “Хаммер” көліктерінің болуы ел өміріндегі ірі жаңалық. Көліктің соңғы екі түрі арнайы тапсырыс болғанда ғана құрастырылмақ. Серебрянкадағы органика­лық емес зауыт соңғы кезде ғана бес жүзге тарта адамға жұмыс орнын ашқан. Ресей, Өзбекстан, Украинамен сауда-саттықты ұйымдастырып, соның жемісін көруде. Аталмыш зауыт сапа менеджменті бойынша тауарлар шығаруды игеріп алған, енді соның нәтижесін көруде. Екінші орынды “Соло интерьер” серік­тестігі иеленсе, үшінші орынға, Попов Ип-сы мен “Востокгра­ция” серіктестігі табан тіреді. Бір қызығы В.Поповтың жеке меншік кәсіпорны бірнеше жылдан бері биогумус өндіріп жатыр. Ал биогумус саяжай үшін таптырмас тыңайтқыш. Қа­зір оның қарамағында отыз адам еңбек етуде, жалақылары да тамаша. Міне, “жоқтан бар жа­сау” деген осы емес пе. Шы­нында да, осындай “қалауын тауып, қар жаудырып жатқан” адамдардан айналып кетсек, артық емес шығар. “Ең үздік азық-түлік тауар­лары” номинациясын анықтау оңай болмады. Себебі өңірде нан пісіру, сүт өндіру, басқа да игілікті істер атқарылып жатыр. Ақыры Өскемен құс фабрикасы жеңімпаз атанды. Олар жылына 12 мың тонна тауық етін шы­ғарады. Келер жылы ол 25 мың тоннаға жетпек. Ал екінші орынды Кенді Алтайдағы іскер азамат, “Құрмет” орденді, бел­гілі кәсіпкер Сейілжан Сай­лау­баевтың “Шығыс-Сүт” ЖШС иеленді. Нарыққа алғашқы­лар­дың бірі болып көшкен С.Сай­лаубаев жабылып қалған бес-алты зауытты сақтап қалды, қа­зір онда екі мыңнан астам адам еңбек етуде. Ұлан, Үлкен На­рын, Үржар, Зырян және Өске­мендегі сүт зауыттары халықтың сұранысын өтеуде. Ал екі үшін­ші орынды “Зайсан сулары” және “Фархат” серіктестіктері ие­ленді. Қуат Әбжановтың “Зай­сан сулары” өнімдерін қазір көрші мемлекеттер де тұтынып жатыр. Алда – жауапты кезең. “Алтын сапа” байқауына он ұжым қатысуға тілек білдірді. Байқау-көрмеде бірқатар ұжымдардың үздік жұмыстары атап өтілді. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы. Жәрмеңкеге жергілікті өнімдер шыға бастады Ақтөбе қаласындағы “Табыс” коммуналдық базарында ауыл шаруа­шы­лығы тауар өндірушілерінің биыл­ғы жаздың алғашқы жәрмеңкесі та­быс­ты өтті. Бұған дейін қала базар­ларында оңтүстік облыстардан жет­кі­зілген көкөніс, картоп, қарбыз-қауын сатылып келген болатын. Бұл жолы облыс өңірінде өндірілген өнімдер де тұтынушыларға жол тартты. Жәр­мең­кеге Ақтөбе қаласынан және Мәртөк, Хромтау аудандарынан   жиырма бес ауыл шаруашылығы тауар өндіру­ші­лері, жеке кәсіпкерлер қатысты. Олар қалалықтарға 6,5 тонна көкөніс, 1,5 тонна картоп, 0,9 тонна ет, 0,8 тонна сүт өнімдерін сатты. Жалпы, осы жәр­меңкеде 1,5 млн. теңгенің өнім­дері өткізілді. Ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілері ұсынған азық-түліктің бағасы өзге коммерциялық базарларға қарағанда 10-25 пайызға төмен болды. Мысалы, қаймақтың бір литрі – 700, ірі қара еті – 600-750, кар­топ – 60, қияр – 30, қарбыз 30 теңгеден сатылды. Солардың ішінде Әйтеке би ауданының  “Жаннұр” ша­руа қожалығы ұсынған көкөніс, Мәр­төк ауданының “Жазит” шаруа қожа­лығы әкелген май мен қаймақтың баға­сы арзан, сапасы жақсы болды. Олар­дың өнімдері де тез өтіп кетті. Жәр­меңкеге келушілер Хромтау ауда­ны­ның көркемөнерпаздарының өнерін тамашалады. Бұл жәрмеңкенің ерек­ше­лігі – жергілікті жерде өндірілген өнім­дердің көптеп сатылуы болды. Мұ­ның өзі базардағы бағаның арзан­дау­ына да ықпал етті. Қалалықтар арзан ауыл шаруашылығы өнімдерін көріп, қуаңшылық жағдайында да бағаны тұрақты ұстауға бағытталған жергілікті биліктің іс-әрекетіне риза болды. Алда болатын жәрмеңкеде жергілікті өнім­дер бұдан гөрі көбейе түседі. Себебі, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өсіріп отырған көкөніс, картоп және бау-бақша өнімдері енді-енді пісіп-жетіліп келеді. Ол базардағы бағаның бұдан гөрі де арзандауына алғышарт жасайтын болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.

Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары

Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі      www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі           www.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz Мәдениет министрлігі      www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі            www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz Экономикалық даму және              www.mіnplan.kz сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі          www.memr.gov.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі             www.mіt.kz Статистика агенттігі                                   www.stat.kz