Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстанның алдында тәуелсіз мемлекет ретінде кеңестік саяси жүйедегі республикадан демократиялық және құқықтық құндылықтарды ұстанған қоғам құру ұмтылысы тұрды. Тар жол, тайғақ кешу кезеңдерін бастан өткере отырып, қоғамның демократиялануында елеулі алға басуларға қол жеткіздік.
Бүгінгі күн биіктігінен қарасақ, дүниежүзілік қоғамдастық мойындаған еліміздің жетістіктерінің негізін қолданыстағы Ата Заң салды десек, артық болмайды. Бүкіл ел болып 1995 жылы референдумда қабылданған Конституция қазақстандықтардың азаматтық белсенділігінің арқасында жалпыхалықтық талқылаудан өтті. Назарға ұсынылған жоба бойынша 30 мыңға жуық толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар түсіп, олардың мыңнан астамы 55 бапты түбегейлі өзгертті. Сөйтіп, Қазақстан өзінің келешектегі даму жолын таңдады. Бұл құжат өзіндік қоғамдық келісім шартқа айналды, яғни, өкімет өзіне Қазақстанды Ата Заңымыздың 1-бабына сәйкес “...демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде...” бекіту жауапкершілігін алса, азаматтар Конституция мен мемлекет заңнамаларын ұстануға жауапкершілік алды. Осындай өзара міндеттемелер мемлекет пен қоғамның табысты дамуының берік негізін құрап, бізге болашаққа сенімді қарауға мүмкіндік берді. Соның арқасында республиканың тәуелсіздікті қалыптастыру кезеңіндегі алдында тұрған Қазақстан халқының тұтастығын сақтай отырып, әрбір адамның құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету мақсаты жүзеге асты. Қазақстан этносаралық және конфессияаралық үйлесімді сақтай отырып, қоғамдағы тұрақтылықты нығайта білді. Саяси саладағы бірізді және ұтымды жаңартулар арқасында елдің әрі қарайғы демократиялануына қолайлы жағдайлар жасалды. Сонымен қатар, этностық әр-түрлілік қауіп-қатер факторынан Қазақстан халқының ұлттық және мәдени толысу факторына айналды.
Конституция бүгінгі қоғам өмірінде ерекше орын алады. Ата Заң елдің басты саяси және құқықтық құжаты ретінде саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйенің маңызды жақтарын бекітіп, азаматтардың негізгі құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін анықтады. Сондықтан осындай саяси-құқықтық құжаттың қабылдануы мемлекетіміз үшін тарихи маңызды оқиғалардың бірі болып қала бермек.
Өткен жылдар Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасу тарихына, мемлекет пен қоғам өмірінің барлық бағыттары бойынша динамикалық жаңару үрдісін әкелген кезең ретінде кіреді. Елімізде үдемелі экономикалық және әлеуметтік алға басушылыққа, орта және шағын бизнестің дамуына назар аударылуда. Жыл сайын ауыл шаруашылығы саласын мемлекет тарапынан қолдау күшейіп, жерге жеке меншік құқығы енгізіліп, ел экономикасында аграрлық сектордың үлесі көбеюіне жағдай жасалуда.
Атқарушы билік пен сот жүйелерінің реформалары, азаматтардың құқықтық қорғалу бағдарламалары жүргізілуде. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында елеулі реформалар жүргізіліп, олар әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілуде. Сонымен қатар, республикамыз экономикалық тұрғыда көптеген шетел мемлекеттеріне ынтымақтастық қарым-қатынастар құру үшін өнеркәсіп пен өндірістің түрлі салаларында ірі халықаралық жобаларды жүзеге асыру жолында ұсыныстар жасап, оларды қарқынды түрде жүзеге асырып жатыр.
Қазақстанда әлеуметтік саясат белсенді жүргізіліп, зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылар мен еңбекақының дер кезінде төленуіне үнемі көңіл аударылады. Оған дәлел ретінде әлемдік экономикалық дағдарыс салдарына қарамай, биылғы жылы зейнетақы мөлшері 25 пайызға, бюджеттік саладағы қызметкерлердің еңбекақысы 1 сәуірден бастап 25 пайызға өскенін келтіруге болады. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстанда экономика саласында өрлеу қарқыны байқалып, тұрғындардың тұрмыс деңгейі көтерілуде.
Қазақстан 19 жыл ішінде аймақтық көшбасшыға, белсенді де сенімді әлемдік әріптеске айналды. Ал Қазақстанның Семей полигонын жабу мен ядролық қарудан бас тарту сияқты алғашқы қадамдары жаһандық саясаттағы әрекеттерінде көптеген мемлекет қол жеткізе алмаған жаңа “моральдық үлгі” болды.
Біздің ТМД, ЕурАзЭҚ, АӨСШК шеңберіндегі бірігу, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты сыртқы саясаттағы бастамаларымыз халықаралық деңгейде қолдау тауып отыр. Ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге бағытталған белсенді және салиқалы сыртқы саясат конституциялық заңдарымыздың жетістігі болып табылады. Сондай жетістіктердің бірі – Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі. Бүгінгі күні әлемдік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға үлкен үлес қосқан 1975 жылғы Хельсинки келісіміне 35 жыл толып отыр. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының Ыстамбұлдағы кездесуінен кейін, 1-2 желтоқсан күндері Астана қаласында өткізілетін Саммит әлемдік деңгейдегі ең елеулі оқиға болары сөзсіз. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатының үлкен жетістігі. Сонымен қатар, 2011 жылдың маусымында Астанада ШЫҰ саммитін өткізу жоспарланып отыр. Осының барлығы мемлекетіміздің жүргізіп жатқан салиқалы саясатының нәтижесі болып табылады.
Елімізде жүз отыздан астам этностар бейбітшілік және келісімде өмір сүріп жатыр. Демократия мен азаматтық қоғамның негізгі институттары құрылды. 500-ге жуық этно-мәдени орталықтар кіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді жұмыс істеуде, 20 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдардың қызметі дамуда. Халқымыздың толеранттылығы – Қазақстанның экономикалық дамуының, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуінің кепілі. Оған дәлел ретінде өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрларының белсенді жұмыс істеп жатқанын келтіруге болады. Сонымен қатар, 15 тілде газеттер мен журналдар, 8 тілде радиохабарлар, 11 тілдегі телебағдарламалар таратылады.
Тәуелсіздік жылдарында діни институттар едәуір сандық және сапалық жағынан ұлғайды. Қазақстандағы діни қауымдардың саны алты есе көбейді, діни бірлестіктер саны 671-ден 4462-ге дейін өсті. Түрлі конфессиялардың 3200-ден аса мешіттері мен шіркеулері, храмдары мен мінәжат үйлері жұмыс істейді. Еліміздегі сенушілердің басым көпшілігін мұсылмандар мен православтық христиандар құрайды. Сол себептен Құрбан айт және Рождество мейрамдары ресми мемлекеттік мейрамдар болып табылады. Елбасының сөзінде айтылғандай: “Православие исламмен бірлесіп Қазақстанда руханилықтың негізін құрайтын 2 бағана болып табылады. Бұл өз кезегінде егемендікті нығайту ісінде қазақстандық қоғамды біріктіру үшін жағдайлар жасайды”. Сонымен қатар, діннің қоғамдағы рөлі артуда. Себебі, діни бірлестіктер белсенді түрде әрдайым әлеуметтік іс-шаралармен айналысады, оның ішінде, қайырымдылық, рухани-адамгершілік тәрбие беру; қылмыс пен нашақорлықтың алдын алу жұмыстары бар.
Бұлардың барлығы Конституциямызда көрсетілген өзара татулық пен саяси тұрақтылық сияқты Қазақстанның түбегейлі принциптерінің тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде де жүзеге асырылып жатқандығының дәлелі. Ол өз тарапынан республикамызды нарықтық экономика құрушы мемлекет ретінде ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі этносаралық негіздегі қандай да бір шиеленістердің алдын ала білген мемлекеттердің бірі ретінде әлемге танытты.
Елбасының бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ съезінде Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының құрылуы туралы шешім қабылданды. Орталықтың басты мақсаты – халықаралық деңгейде конфессияаралық келісім мен Қазақстан халқының бірлігін нығайту бойынша Қазақстанның тәжірибесін насихаттау болып табылады. Біздің орталықтың қызметіне алыс және таяу шет елдермен халықаралық байланысты дамыту, басқа елдердің тәжірибесін зерттеу мен қолдану және ел тұрғындарының мәдени және рухани деңгейінің көтерілуіне үлес қосу жатады. Аз ғана уақыт ішінде орталықтың күшімен мүдделі жақтастардың қолдауымен дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар, кездесулер, лекциялар ұйымдастырылды. “Келісім әлемі” журналында тұрақты түрде дүниеде болып жатқан оқиғаларға баға беріліп, жаңа үрдіске назар аударылады.
Орталық Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының жұмысына белсене араласуда. Хатшылық жұмысына түрлі конфессиялар мен әлемнің рухани ұйымдарының өкілдері қатысып, алдағы өткізілетін съездердің күн тәртібіндегі барлық тармақтар бойынша пікірлер алмасылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы дамыған нарықтық экономикасы бар демократиялық, тәуелсіз және құқықтық мемлекеттің қалыптасуына сенімді алғышарттар жасады деп нақты айтуға болады. Ата Заң еліміздің әрі қарайғы және тиімді дамуына, қоғам мен саяси институттардың демократиялануына, мемлекеттің либералды жаңаруын тереңдетуге ықпал жасай алатын үлкен стратегиялық мүмкіндік болып табылады. Бұл жұмыстар Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында ерекше айқындалды. Атқарылып жатқан жұмыстың басты мақсатын Мемлекет басшысы: “... еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”, – деп нақтылап айтты.
Стратегиялық мақсаттарға жетудегі бірізділік, мирасқорлық және алға басушылық – еліміздің жетістігі мен даму тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстан, өңірлік көшбасшы ретінде жаңа бастамаларды алға тарта отырып, дүниежүзілік қауымдастықта кіммен болса да терезесі тең мемлекет болып танылды. Еліміз 2011 жылы тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Осындайда өзіміздің отансүйгіштігіміз бен азаматтығымызды көрсету – Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтады деген сенімдеміз.
Гүлнар ЖАҚЫПОВА, ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы әлеуметтік зерттеулер бөлімінің бастығы.