21 Тамыз, 2010

Өңір қауіпсіздігінен – әлем тыныштығына

426 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Арменияның астанасы – Ереван қаласына келіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарты Ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Кешкісін қаладағы “Каскад” кешенінде ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі болды. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отунбаева, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің басшылары өңірлік қауіпсіздік проблемаларын шешуде өзара әре­кет етудің ең бір өзекті мәсе­ле­лерін, Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу жөнін­де ҰҚШҰ қолға алған және жос­пар­лап отырған шараларды, сон­дай-ақ ҰҚШҰ аясында дағда­рыс­тық әрекеттестік білдірудің тиімді жүйесін қалыптастыруды  тал­қы­лады. Президенттер Қырғыз­стан­дағы жағдайға байланысты ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжа­ның хабарламасын тыңдады. Ұйымға мүше мемлекеттер бас­шыларының  бейресми кездесуі­нен соң Ресей Президенті Дми­трий Медведев, Армения Прези­денті Серж Саргсян және ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Николай Бор­дю­жа БАҚ өкілдеріне бүгінгі кез­десу қорытындысы туралы айтып берді. Алғашқы сөзді алған Серж Саргсянның  айтуынша, бұл кез­де­су бейресми аталғанымен, та­быс­ты болды. Өзекті мәселелер тал­қыланды. Оның ішінде Қыр­ғыз­станды саяси жағынан тұрақ­тан­дыру секілді күрделі мәселе де бар. Ресей Президенті, ҰҚШҰ-ның қазіргі төрағасы Дмитрий Медве­дев бүгінгі кездесуге жоғары баға бе­ріп, онда талқыланған бірқатар мәселелерге тоқталды. Оның атап өтуінше, кездесу барысында Қыр­ғыз­станда болған оқиғаларға бай­ланысты ашық пікір алмасылды. Ұйымның құрылғанына онша көп уақыт өтпесе де, Ұйым бүгінде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, кейбір кикілжіңдерді бейбіт түрде реттеуге айтарлықтай ықпал етіп келеді. Дмитрий Медведев мәлімдегеніндей, ҰҚШҰ елдері Ұйым аясында да, сондай-ақ Қыр­ғызстанмен тікелей қарым-қаты­наста да бұл елдегі ахуалды қа­лып­қа түсіру үшін әрекет етуге әзір. Ресей басшысы сондай-ақ Ұйым­ның алдында тұрған жоспарларға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, ҰҚШҰ-ны болашақта қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ірі халықаралық ұйымдардың біріне айналдыруға болады. Бұл жөнінде Ұйымға мүше мем­лекеттердің бірқатар ұсыныс­та­ры бар. Ол осы жылдың жел­тоқ­санында Мәскеуде өтетін Ұйым­ның жоғары деңгейдегі саммитінде талқыланады. Онда Ұйымның қыз­­мет ету аясын кеңейтіп, өкілет­тігін нығайтуға байланысты бірқа­тар мәселелер күн тәртібіне шығарылмақ. Ресей Президенті сондай-ақ бүгінгі бейресми кездесуде Қыр­ғыз­станды саяси жағынан тұрақ­тандыру мәселесіне де баса назар аударыл­ға­нын атап өтті. Бұл жө­нінде Қыр­ғыз­стан Президенті Роза Отунбаеваның хабарламасы да тыңдалған. Ал осы жылдың желтоқ­са­нын­да Ресейдің ҰҚШҰ-ға төрағалық ету мерзімі аяқталады. Келесі жыл­дан бастап төрағалық міндет Бе­ла­русь Республикасына өтеді.  Дми­трий Медведевтің мәлім етуінше, бү­гінгі кездесуде Беларусь Прези­денті Александр Лукашенко төр­аға­лықты қабылдап алуға дайын екендіктерін білдірді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ  – Ереваннан. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.