24 Тамыз, 2010

Қауіпсіздік – жалпыға ортақ мәселе

458 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бұған дейін жазғанымыздай, 20 тамызда Ереван қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтті. Кездесуге Қазақстан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Серж Саргсян, Александр Лукашенко, Дмитрий Медведев, Роза Отунбаева, Эмомали Рахмон қатысты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қаты­су­шы мемлекеттер басшыларының бұл кездесуі бейресми аталғаны­мен, талқыланған мәселелері жа­ғынан аса өткірлігімен және ауқымдылығымен ерекшеленді. Мысалы, ұйымға мүше елдердің аумағында қауіпсіздікті қамтама­сыз етуде бірлесе іс-қимыл жа­сау, есірткі саудасына қарсы күрес мәселелері ұйымның күн тәртібінен түспек емес. Сонымен қатар, кездесуде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселе­сіне де ерекше назар аударылды. Өйткені, ҰҚШҰ-ға қатысушы мем­лекеттердің барлығы Қыр­ғыз­станды өздерінің әріптестері санайды. Оның үстіне ұйымға мүше мемлекеттердің бірқатары Қырғызстанмен көршілес жатыр. Көршіңнің жайлы, тыныш бол­ғаны қашанда жақсы. Сондықтан да, ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Қыр­ғызстан проблемасына ерекше мән берді. Оларға саяси және эко­номикалық тұрғыдан қолдау-көмек көрсетудің тетіктері қа­растырылды. Баспасөз мәслиха­тын­да белгілі болғанындай, кез­десуде Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі президенті Роза Отун­бае­ва өз еліндегі жағдайды бүк­пе­сіз жайып салған, саяси-эко­номикалық көмек көрсету қа­жет­тігін де ашық айтқан. Сондай-ақ, ол қазан айында Қырғызстанда өтетін парламент сайлауына арнайы тоқталып өткен. Ресей президенті Дмитрий Медведев баспасөз мәслихатында нақ осы мәселеге тоқтала келіп, ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекет­тер­дің басшылары Қырғызстанға жан-жақты көмек көрсету жө­нінде бірауыздан тоқтамға кел­генін атап өтті. Осы тұста айта кетейік, бұдан екі-үш апта бұрын АҚШ Қырғызстан аумағына тағы бір әскери базасын орнатады екен деген ақпарат тараған еді. Бұл бос сөз, қауесет болып шықты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрылғанына сегіз жылдан асты. Ұйым қауіп­сіздікті қамтамасыз етумен қатар, көптарапты әскери-саяси ынты­мақ­тастықты дамыту қызметін атқарады. Бүгінде ҰҚШҰ осы бағытта өзінің қабілет-күшін ха­лықаралық қоғамдастықта дәлел­деп, беделді ұйымға айналғанын көрсетіп келеді. Еревандағы бей­ресми кездесуде ҰҚШҰ-ның өкі­леттік ауқымын кеңейте отырып, оның іс-әрекет ету аясын ны­ғайту жайы да сөз болды. Бұл мә­селе жөнінде ұйымға қаты­су­шы мемлекеттер тарапынан ұсы­ныстар да бар. Ол үстіміздегі жыл­дың желтоқсанында Мәскеу­де өтетін ҰҚШҰ-ға мүше мем­ле­кеттер басшыларының саммитін­де талқыланатын болады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бүгінде беделді ха­лықаралық ұйымдармен сындар­лы қатынастар орнатуға құлшы­ныс танытып отыр. Оның мыса­лын ҰҚШҰ мен ЕҚЫҰ арасын­дағы үйлесімді және іскерлік ынтымақтастықтан көруге бо­ла­ды. Мысалы, соңғы жылдары аталған екі ұйым бірлесе отырып, лаңкестікке және есірткіге қарсы күрес акцияларын жүзеге асыру­да. Бұл мәселеде ауғандық ба­ғыт­қа баса назар аудару қажет деп санайды. ҰҚШҰ есірткі мен прекур­сор­ларды астыртын тасымалдауға қарсы күресте де бірқатар ке­шенді шараларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі жыл сайын өткізілетін “Канал” жедел-про­фи­лактикалық операциялары болып табылады. Бұл операция­ларға ұйымға қатысушы елдер­мен қатар, өзге де мемлекет­тер­дің құқық қорғау органдары да тұрақты қатысып жүр. Тек өткен жылы өткізілген операцияның нәтижесінде 115 тоннадан астам есірткі құралдары мен психо­троп­тық заттар заңсыз айна­лымнан алынды. *  *  * Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мем­ле­кеттер басшыларының Ереван­да­ғы бейресми кездесуі қарсаңында қазақстандықтар үшін қуанарлық бір рәсім болғанын атап өтсек дейміз. Ол қуаныш – Ереван мемлекеттік университетінде қа­зақ тілі мен тарихын және мәде­ниетін насихаттайтын арнайы орталықтың ашылуы. Орталықты ашудағы мақсат – қазақ пен армян халықтары арасындағы ғылым-білім және мәдени ын­тымақтастықтың тереңдей түсуіне ықпал ету. Орталықтың ашылу рәсіміне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Бақытжан Әбдірайым бастаған қазақстандық ғалымдар арнайы келіпті. Қарт Кавказдың төрінде қазақ тілінің салтанат құ­руына мүмкіндік беретін орта­лық­тың ашылуына бастамашы болған Қазақстан Республика­сы­ның Армениядағы елшілігі екен. (Орталық туралы газеттің келесі нөмірінде толығырақ айтылатын болады). Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.