24 Тамыз, 2010

Тамыз мәслихаты қарсаңында

645 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ауыл мұғалімінің жай-күйі ойландырады

Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа Жолдауында елдің таяу болашақтағы даму бағыттарын айқындайтын қадау-қадау міндеттерді белгілей отырып , білім саласына да қатысты келелі ойлар айтты. Жолдауда әрбір азаматтың дамуы – оның жеке табысы мен жалпы қоғамның алға өрлеуі екенін тағы да атап өтті. Сондықтан білім беруде заман талаптарына жауап беретін жаңаша жетістіктер қажеттілігі түсінікті. Елбасы еліміз мемлекеттігінің негізі қалана бастаған тұста білім беру маңыздылығына айрықша тоқталған еді.Жас ұрпақ тәрбиесі сабақтастықты қажет ететін үздіксіз процесс.Жолдауда айтылған өзекті мәселенің бірі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту. Бұл бағытта облысымызда мақсатты атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Облыс бойынша мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту бағытында жаңа ғимараттар салу, бұрынғы мектепке дейінгі және бейімделген ғимараттарды қайта­рып алу, бос тұрған ғимаратты жөн­деу арқылы және қайта жаңар­тудың есебінен қалпына келтіру, мектептердегі бос орындарды пай­далану арқылы аз шығынды мектепке дейінгі ұйымдарды ашу (“мектеп-балабақша” шағын орта­лығы), жеке балабақшалар ашу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облысымызда 414 мектепке дейінгі мекемелер жұмыс жасап, өткен жылға қарағанда олар­дың саны 178 бірлікке артып отыр, оның 131-і балабақша, 36-ы “мектеп – балабақша” кешені, 247-і шағын-орталықтар жұмыс жасап, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 73% болды.Жыл өткен сайын білім ұяларының материалдық-техникалық базаларының нығаюы, пән кабинеттері мен ақпараттық техникалық құралдармен жабдық­та­луы облыс мектептеріндегі оқыту мен тәрбиенің мазмұнын әрі са­па­сын көтеруге толық мүмкіндіктер беруде. Оған дәлел ретінде жылма-жыл мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғарғы білім сапасын көрсетуін айтуға болады. Мысалы, республика бойынша 49 түлек ең жоғарғы 125 балл алса, олардың 9-ы ақжайықтықтар екені біз үшін үлкен қуаныш. Қазіргі уақытта облыстың бар­лық мектептері жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын аяқтау қарсаңында. Ағымдағы жылы 39 білім беру нысанын күрделі жөндеуге 2 305,0 миллион теңге қаражат бөлініп, күр­делі жөндеу жұмыстары аяқта­лу­да. Күрделі жөндеуден өтетін 13 нысан – “Жол картасы” жобасын жүзеге асыру аясында жөнделіп жа­тыр. Бұл мақсатқа 748,2 миллион теңге бөлінді. 1 тамызға 6 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Олар – Ақжа­йық ауданының “Ақ шағала” сауықтыру лагері, Ақжайық ауданының 3 балалар бақшасы, Жаңақала ауданының Жаңақала ауылындағы балалар бақшасы, Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылындағы №18 кәсіптік лицей. “Жол картасы” жобасын жүзеге асыру аясында Орал газ, мұнай және салалық технологиялар және Бөрлі ауылшаруашылық колледж­де­­рі­ де күрделі жөнделуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 310 миллион теңге бөлінді. Облыс бойынша күзгі және қыс­қы мезгілдерде білім ошақтары­ның үздіксіз қызметін қамтамасыз ету үшін 15 190 тонна қатты отын мен 3632 тонна сұйық отын қажет. Бүгінгі таңда білім беру мекеме­ле­рі­не қатты және сұйық отынды та­сымалдау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл табиғи газ тар­тыл­ған Қаратөбе, Теректі және Шың­ғырлау аудандарының бірқа­тар білім беру нысандарын жылыту маусымының басталуына дейін газдандыру жұмыстары да белгі­лен­ген мерзімде аяқталмақшы. Жер­гі­лікті бюджет есебінен Теректі ауда­нының Жайық ауылында 96 орын­дық, Шыңғырлау ауданы Қуағаш ауылында 108 орындық мектептер салынып пайдалануға берілді. Алдағы күндері Қаратөбе ауы­лында 100 орындық интернат пен 300 орындық жаңадан салынған мектеп құрылысы аяқталып пайда­ла­нуға берілетін болса, осындай жобадағы мектеп құрылысы Тас­қа­ла ауылында жүргізілуде.Үстіміздегі жылы Орал қаласында 600 орын­дық Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің мектебі мен “Самал” шағын ауданында 320 орындық және Казталов ауылында 280 орындық балалар бақшалары­ның құрылыстары басталды. Орал қаласының Желаев кен­тін­де 140 орындық балалар бақша­сын салуға қажетті қаражат мәселе­сі шешілді. Соңғы жылдары тез қарқынмен тұрғын үй құрылысы са­лынып жатқан облыс орталығы­ның шағын аудандарына 320 орын­дық балалар бақшасы мен 1200 орын­дық мектептің жобалау-сметалық құжаттары даярлануда. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы жобасында қазақ­стан­дықтардың жаңа ұрпағын қа­лып­тастыру үшін білім берудің тиім­ді жүйесін жасақтау қажеттілігі атап көрсетілген. Осыған орай өтетін дәстүрлі тамыз кеңестерінде батысқазақстандықтар да өткен оқу жылына жан-жақты талдау жасай отырып, жаңа оқу жылында атқа­ры­латын келелі міндеттерді айқын­дамақшы. Осы ретте айта кететін өзекті мәселе, мемлекеттік бағдарлама жо­басында тәрбие мәселелері мүл­дем қарастырылмай қалған. Жеке тұлғаны қалыптастыруда оның мәні мен маңызы жоғары. Сондықтан да мектептегі тәрбиенің “көлеңкелік” сипатта қалып қойғаны оқу-тәр­бие үрдісін кешенді жүргізуге оның біртұтастығын қамтамасыз етуге сақынын тигізбек. Алдағы тамыз мәслихатында айтылар ұсыныстың бірі де осы жәйттерден туындамақ. Соңғы жылдары қоғамымызда мұғалім мамандығы мәртебесінің төмендеп кеткені кім-кімге де жа­сы­рын емес. Негізінде, бұған – пе­дагогтарға қойылатын талаптардың бір жақты күшейіп, ал олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары төмен күйінде қалып қойғаны се­бепші деп білеміз. Мұндай көрініс олардың шығармашылықпен жұ­мыс жасауларына үлкен қол бай­лау. Сондай-ақ, педагогтар еңбек­ақы­сының аздығы мен материал­дық-моральдық ынталандырудың жеткіліксіздігі де мұғалім мәрт­е­бесін биіктете алмайды. Бағдарлама жобасында педагог кәсібінің беделін арттыру бойынша біркелкі жағдайлар оңтайлы қарас­тырылғанымен, ауыл мұғалімінің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына жете назар аударылмай қалған. Себебі, педагог кәсіби қызметімен қатар өзінің жеке шаруашылық жұмысын бірге жүргізуге мәжбүр. Ол өз кезегінде мұғалімнің кәсіби өсуіне тежеу салады. Сонымен бір­ге оның мәдени, рухани дамуына да кедергі келтіреді. Сондықтан тамыз мәслихаттарында педагогты заңды тұрғыда мемлекет тарапынан әлеуметтік қажетті ресурстармен қолдауды жетілдіру мәселелері кеңінен сөз болғанын қалар едік. Қорыта айтқанда, батысқазақ­стан­дық педагогтар мен тәрбие­шілер жаңа оқу жылы қарсаңында жас ұрпаққа бүгінгі заман талабына сай білім беруге айрықша назар аударып отыр.Олар сонымен бірге тәлімді тәрбие мәселелеріне де ден қоюда. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін қазақстандық мектептерде көптілді және көпмәдениетті орта­ны қалыптастыру маңызды мәнге ие. Бұл тұрғыда да батысқазақ­стан­дық ағарту қызметкерлері іргелі ізденістердің бел ортасында келеді. Марат ТОҚЖАНОВ, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының бастығы. ОРАЛ.

* * *

БАСТАМА НӘТИЖЕСІМЕН ҚҰНДЫ

Өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп. Мектеп қабырғасындағы оқушылардың білім сапасын көтеру үшін білім бөлімі тарапынан бірқатар істер атқарылуда. Биылғы жылы жоспарға сәйкес білім бөлімі тарапынан 40 мектепке жаппай тексерулер жүргізіліп, 10 мектеп аттестациядан өткізілді. Тексеру барысында бірінші кезекте оқушылардың білім сапасы, мемлекеттік білім беру стандарты талаптарының орындалу барысы қадағаланды. Сонымен қатар, аудан бойынша 15 мектепте  әртүрлі пәндерден тереңдетіліп оқытылатын сыныптар жұмыс істесе, 23 мектепке факультативтік сағаттар, 24 мектепке әртүрлі үйірмелер берілді. 2007 жылғы көрсеткішке қарағанда, 2009 жылы пәндерді тереңдетіп оқыту 9- дан 15-ке өсті. Аудандық білім беру бөлімінде облыстық “Дарын” орталығымен өткізілетін іс-шаралар үнемі басты назарға алынып, бірлескен түрде түбегейлі жұмыс істеп келеді. “Дарын” орталығы тарапынан өт­кізілген облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарға аудан мектептерінің дарынды оқушылары қатысып, өз білімдерін дәлелдеп оты­рады. Оған облыста өткен “Асыл тас”, “Айналайын”, “Тұл­пар”, “Малахит”, “Ақбота”, тағы бас­қа, интеллектуалдық олимпиа­да­ларға аудан мектептерінің бұ­рынғы жылдарға қарағанда көп қатысып, жақсы орындар алуы дәлел бола алады. Бұндай байқау­ларға Горький, Алтынсарин, Қа­ра­бұлақ, Крупская, Қарабұта, Най­манбай орта мектептерінің оқушы­лары қатысып, жоғары білім деңгейлерін көрсетті. Мұғалімдердің әдістемелік, кәсіптік білімдер мен дағдыларын, икемділіктерін шыңдау мақсатында осы оқу жылында облыстық білім жетілдіру институтының ұйымдас­ты­руы­мен Үржар ауданында дене тәрбиесі, бастауыш, өзін-өзі тану курсы, технология пәні мұғалім­де­рінің облыстық курсы болып өтті. Сонымен қатар, Өскемен қаласын­да 200-дей мұғалім әртүрлі пән­дерден өз білімдерін көтеріп қайтты. Осы еңбектердің жемісін МАБ, ҰБТ қорытындысының нәтиже­сінен көргендейміз. Биылғы жылы Үржар ауданы бойынша тест тапсыру науқаны бел­гіленген тәртіп шеңберінде, та­лапқа сай өз дәрежесінде өтті. Мек­теп оқушыларына барлық жағдай­лар жасалды. Аудан бойынша 45 орта білім беру мекемелерінен 1002 түлек бітіріп шықты. Олардың 984-і (98%) ҰБТ-ға қатысты, 18-і дәс­түрлі емтихан тапсырды, ал 5 оқу­шы денсаулық жағдайына байла­нысты ҰБТ-дан босатылды. ҰБТ екі лекпен өтілді. 1-лекке 428, 2-лекке 556 бала қамтылды. ҰБТ-ның қорытындысы бойын­ша облыс бойынша Үржар ауданы екінші орынға ие болды, респуб­ликада 5 қатарға енді. Аудан бой­ын­ша 13 оқушы 120-дан жоғары балл алды. Ең жоғарғы 124 балды Крупская мен Горький орта мектептерінің оқушылары алып, өз білімдерін дәлелдеп шықты. Бұл жерде мектеп мұғалім­дерінің сіңірген еңбектері де зор екендіктерін айта кету керек. Білім беру саласын заман талабына сай өркендету — еліміздің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі. Осы міндеттерді орындау үшін мектеп мұғалімінің алдына қойылатын жауапкершілік те үлкен. Бүгінгі күннің мұғалімі шығармашылықпен жұмыс істей алатын, педагогикалық қызметтің барлық келеңді-келеңсіз жақтарын зерттеп, меңгеруге ынталы, өз пәнін жетік білетін, кез келген педагогикалық жағдайды өзінің білімділігімен, мәдениетімен және іскерлігі арқасында шеше алатын, педагогикалық үрдістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын парасатты жан болуы керек. Сонда ғана біздің ісіміз нәтижелі болмақ. Бүгінгі таңда Үржар ауданында осындай ұстаздарымыздың қатары көптеп саналады. Мысалы, атап айтатын болсақ, Науалы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Әсия Умирова, Крупская атындағы орта мек­тебінің математика пәнінің мұғалімі Жанар Омарова, Тұрлы­ханов атындағы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлбану Кубе­ге­нова, Горький атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әде­биет пәнінің мұғалімі Райхангүл Тұрсынғо­жанова, М.Әуезов атын­дағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Жанаргүл Нұғыманова, Найманбай атындағы орта мектебі­нің тарих пәнінің мұғалімі Жұлдыз Оспа­нова. Бұл ұстаздар өз мек­тебінің мақтанышы. Сонымен қа­тар өз тәжірибелерін таратып, үне­мі ізденіс үстінде жүретін мұға­лімдеріміздің де қатары мол. Биылғы жылы облыста өткен “Үздік пән мұғалімі” байқауына Кішкенетау орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Тұрсын­бек Шакенов қатысып, 1-орын алып, облыс әкімінің қабылдауында болып қайт­ты. Облыс көлемінде интерак­тивті тақтаны пайдалану арқылы Крупская орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ирина Куракова  10 сыныптар арасында, Горький орта мектебінің орыс тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі  Роза Данабекова 5 сыныптар арасында ашық сабақ өткізіп, іс-тәжірибелері облыс көлеміне таратылды. Бұдан басқа облыста өткен “Ең үздік бас­тауыш пәндер бірлестігі” бай­қауына Абай орта мектебінің бас­тауыш сыныптар бірлестігі қаты­сып 2-орын, Ақтанберді орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндер бірлестігі қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Желтоқсан айында Алматы қаласында өткен “Жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері” атты халықара­лық конференцияға Горький орта мек­тебінің мұғалімі Гүлсім Нұрғалиева, Сейфуллин орта мектебі қазақ тілі пәні мұғалімі Роза Омарғазина, Абай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Мұсина қатысып, оқыған баян­дамалары арнайы жинаққа шығып, іс-тәжірибелері республика көлеміне таратылды. Жеке тұлғаға рухани адамгершілік тәрбие беру” атты еңбегі “Отансүйгіштік және азамат­тық тәрбие беру, жағдайы, мәсе­лелері” атты тақырыпта Алма­ты қаласында өткен халықаралық ғылыми практикалық конферен­ция­ға Ақтанберді орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Жылқайда­рова Айнаш қатысып, жұмысы ар­найы басылымға шығып, іс-тәжірибесі республика көлеміне таратылды. Бұдан басқа аудандық білім бөлімінде “Жаңашыл ұстаз” “Ең үздік әдіс­темелік бірлестік”, “Жыл мұғалімі”, “Жыл сынып жетекшісі-2010”, “Үздік директор”, “Үздік кітапханашы” бай­қаулары өткізіліп отырады. Тәуелсіз ел атанып, атымызды әлемге танытып жатқан кезде, осын­дай ұстаздар қатарының кө­беюі шарт. Өйткені, мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Сонда ғана, жан-жақты жетілген, білімді, саналы, еліне, жұртына адал қызмет ете алатын өрелі ұрпақ тәрбиелей алмақпыз. Зухра ТУРАПОВА, Үржар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы. Шығыс Қазақстан облысы.