Редакцияға хат
Ақылбек ауыл клубын сатпақ
Біздің Тамабек ауылында кеңес өкіметі кезінде салынған жүз орындық клуб бар. Шағын болса да аталмыш мәдениет ошағы осы күнге дейін ауыл жастарының мереке сайын бас қосатын шаңырағына айналып келген. Бірақ, өкінішке қарай, осы аталған мәдениет ошаған жекешелендіру саясатын желеу еткен Ақылбек Дастанов деген айтуға ауыз жарымайтын теңгеге сатып алып қойыпты. Ол “сауда-саттық” туралы ауыл тұрғындарының бірде біреуі естімеген де, көрмеген де болып шықты. Ауыл тұрғындарының игілігіне айналып отырған осы жалғыз мәдениет ошағын әлгі адам бұзып, құрылыс материалдарын базарға шығарып сату үшін алып кетпек болып артынып-тартынып келгенде ауыл ақсақалдары мен жастары жиылып, райынан қайтарған еді. Ал енді ол клубты бұзып, әкетпек болған ойы жүзеге аспаған соң “олай болса сатып алыңдар” деп, шалқайып отыр. Сатып алайық десек, кезінде өзі 5 мың теңгеге алған кішкентай клубқа миллионның үстіндегі қыруар қаржыны сұрайды. Біз бұл әділдікке жатпайды деп санаймыз. Өйткені ол клубымызды сыртымыздан жекешелендіріп алғаны болмаса, оған бірде бір рет жөндеу жүргізген емес. Ал ауыл тұрғындары мен осы клубтың қалқайып тұруына көп еңбек сіңіріп жүрген Е.Сәрсембиев деген азамат өз қаражатымен мәдениет үйінің іші-сыртын ақтап, сырлап, айналасын қоршап, тал егіп, күтіп ұстап отыр. Өйткені ауыл жастарының ойын-сауықтары, концерттері күні бүгінге дейін осы шаңырақта өтіп келеді. Біз бұл туралы облыс әкімі Қанат Бозымбаевқа хат жаздық. Аудан әкімі Оңдасын Жиенқұлов та біледі. Яғни, облыс, аудан тұрғындарының рухани байлығына, мәдени өміріне жауапты шенеуніктер түгел хабардар. Оның үстіне Елбасының биылғы ақпан айындағы Жолдауында бұрынғы сатылып кеткен бала бақшалар мен мәдениет үйлері, клубтар кері қайтарылсын деген сөзі көңілімізге үлкен демеу болып, үміт отын жағып отыр. Ендеше осы хаттан кейін Ақылбек ініміз алдына бірнеше рет барған ақсақалдар мен ақжаулықты аналардың, жасөспірім бауырларының өтінішін қабыл алып, клуб үйін тегін қайтарып береді деп сенеміз. Шекер Айдарәлиев, Шайтұмақ Көпәділов, Балтабай Әбітаев, Екатерина Ярослава және хатқа бұлардан басқа да 13 адам қол қойған. Жамбыл облысы, Талас ауданы, Тамабек ауылы.* * *
Арбиген ауылы “Жол картасынан” көмек күтуде
Біздің облыс орталығындағы тілшілер қосынына күнделікті адамдар келіп жатады. Ел газеті деп арқаланып, арыз-шағымдарын айта жетеді. Көпшілігі ел ішінің тыныс-тіршілігін ойлайтын ауыл ақсақалдары болғандықтан, ол кісілердің айтқандарын біз де әркез құлақ қойып, тыңдаймыз. Осыдан екі жыл бұрын Шарбақты ауданына қарасты Арбиген ауылында болғанымыз бар еді. Шағын ауылдың бар мұңы Кеңес өкіметі кезінен жартылай құрылысы аяқталмай қалған мәдениет үйі – ауыл клубының жағдайы еді. Облыс орталығына Қорған Смайылхан ақсақал бастап келген ауыл қарттары ренішті, шалғайдағы ауыл болсақ та елдің бір бұрышын сақтап отырмыз қарағым, ауылда жас бала-шаға бар, өсіп келе жатқан немерелер бар дегендей, жастар жүр кешкілік қайда барарларын білмей, мына клуб үйін жөндеп, ауылға лайықтап жасап беретін адам таппай отырмыз, – дейді. Ақсақалдардың айтуынша, “Жол картасы” бағдарламасы ауылға келеді деп сарғая күтіп жүр екен. Әйтпесе, өз тұрмыс-тіршілік жағдайларымыз жақсы, Елбасына рахмет зейнетақыны уақытылы аламыз, мал-жан аман, дастарқан тоқ, қора-қопсы жайлы, ішер шайлық суымыз таза, көрші-қолаң тату. Ауылдың үлкен-кішісінің арманы – ауылдың ортасында үңірейіп тұрған құрылыстың аяқталуы. Бұл үйдің бір кірпішін де ұрлатпай, ешкімге бұздырмай Қорған ата бастаған ақсақалдар күні-түні күзетіп, міне, 20 жылға тарта уақыт сақтап келеді екен.Үмітсіз шайтан деген. Бірде болмаса бірде ауылға келген үлкенді-кішілі әкімдер назар аударып, жөндеп, пайдалануға берер деген ойда. Бұл мәселе жайында ақсақалдар Мәдениет министрлігіне дейін жазыпты, ол жақтың айтуынша бұл мәселені жергілікті әкімдер, Қанат Кәрімов басқаратын облыста отырған мәдениет басқармасының басшылары қолға алулары керек көрінеді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы, Шарбақты ауданы.* * *
Есептен жаңылысқан полицейлер, көлік жүргізген нашақорлар
Қызылжар өңірінің кей полицейлері шындықтың өңін айналдыруға келгенде өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылатын тазша баланың өзін жолда қалдырып кетері анық. Бірақ қылмыстарды қалай бүркемелеп жасырса да, қолмен істегенді мойынмен көтерулеріне тура келді. Желбуаз мәліметтерді шүлен таратқандай үлестірген көзбояушыларды құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Солтүстік Қазақстан облыстық басқармасы әшкереледі. “Московское” ЖШС-нің жетекшісі шаруашылық қоймасын суық қолды сұғанақтардың тонап кеткені жайлы дабыл қағып, Есіл аудандық ішкі істер бөліміне қайрылады. Із кесушілер ұрыларды тырп еткізбей ұстаудың орнына қылмысты жасырып қалған. Уәлиханов ауданының тұрғыны Қ.Айтмұқанов көлігін ұрлатып алғаннан кейін салып ұрып ішкі істер бөліміне келеді. Мұндағылар өзгенің мүлкін иеленіп кеткен қылмыскерлердің көзіне көк шыбын үймелетпек түгіл шағым хатты тіркеуді басы артық іс санаған. Азаматтардың арыз-шағымдарын қасақана есепке алмаудың, заңды талаптарын аяқасты етудің мысалдары мұнымен шектелмейді. “Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?” дегендей, қоғамдық тәртіпке, заңдылықтың сақталуына жауап береді деген полицейлердің іс-әрекеті жоғарыдай болса, өзгелерден не үміт, не қайыр?!. “Бір қызым бір қызымнан сорақының” керін наркологиялық орталық және психоневрологиялық диспансердің басшылары мен дәрігерлері келтіріп, ым-жымдары бұдан да асып түскен. Олар есірткіге тәуелді 93 адамның жүргізушілік куәлік алуы үшін медициналық анықтаманы оңды-солды үлестіріп келген. Оның ақыры 1 адамның есірткі затын тұтынуына, 20 адамның есірткіге елітіп көлік жүргізуіне, 2 адамның жол жүру ережелерін бұзуына соқтырған. К. деген азамат “апиынды нашақорлық” диагнозымен 2001 жылдан бері есепте тұрса да, жолаушылар тасымалдаумен айналысқаны таңданыс тудырмай қоймайды. Кезекті рейс барысында есірткіден басы айналып, жол жүру ережесін шатастырып алғанын МАИ қызметкерлері дер кезінде құрықтамағанда оқиғаның немен тынарын болжау қиын еді. Айта берсе, мұндай мысалдар жыртылып айрылады. Облыстық прокуратура жария еткен деректерден кейін наркологиялық диспансердің бас дәрігері қызметінен шеттетілді. Басқа кінәлілер де жазаларын алды. Тек шелек жалаған тұтылып, айран ішкен құтылып жүрмесе жарады. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.