Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығының көкейкесті мәселелеріне арналған кеңесте биылғы егін орағын ұйымшылдықпен өткізуге нақты тапсырмалар берген болатын. Оны өздеріне көрсетілген жоғары сенім деп түсінген солтүстікқазақстандық диқандар жауапты науқанға сақадай-сай әзірлікпен келіп, егін орағын әдеттегіден ерте бастап кетті. Мемлекет басшысының Қызылжар өңіріне жұмыс сапары егін орағының нағыз қызған сәтімен тұспа-тұс келді. Бүгінде егіс танаптары қызу еңбек дүбіріне ұласып, 3,9 миллион гектар алқаптың егіні еңсеріліп тасталған болатын. Маңдай термен өсірілген ел ризығын шашау шығармай қамбалап алуға ел болып жұмылған шақ бұл.
Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты дамып келеді. Және де қарқынды сипатқа ие. Биылғы жарты жылдың даму қорытындылары барлық негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсімді көрсетеді. Облыс экономикасының негізгі саласы – агроөнеркәсіп кешені. Ауыл шаруашылығы саласына республикалық бюджеттен 6,8 миллиард теңге қаржылай көмек көрсетілді. Оның қайтарымы нәтижесіз емес. Барлық мал, құс басының және сала өнімдерін өндіру түрлерінің өсуі байқалады. Облыс өзін толықтай етпен, сүтпен қамтамасыз етеді. Жан басына шаққанда сүт өндіруден бірінші, ет және жұмыртқадан екінші орынды иеленеді. Жалпы өнім көлемі 5,3 пайыз артып, 25 миллиард теңгенің өнімдері шығарылды. Соңғы жылдары мал шаруашылығын индустрияландыру мақсатымен жоғары технологиялық кешендер салына бастады.
Елбасының сапары Петропавл қаласында салынып, пайдалануға берілгелі отырған жаңа үлгідегі емхананың жұмысымен танысудан басталды. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша бой көтерген үш қабатты нысан бір ауысымда бес жүздей науқасты қабылдай алады. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 1 миллиард 361 миллион теңге бөлінсе, 252 миллионы құрал-жабдықтар мен қондырғылар сатып алуға жұмсалды. Осы бағдарлама аясында былтыр 10 мың литр плазма өндіретін қан орталығы іске қосылса, жыл аяғына дейін шалғай аудандарда 2 туберкулезге қарсы диспансер қатарға қосылмақ. Денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражат жыл өткен сайын молайып келеді. Биыл оның мөлшері 12 миллиард теңгеге жетті. Нұрсұлтан Әбішұлын облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов тұсауы кесілген жаңа жобамен таныстырды. Әкімдіктің бастамасымен қолға алынған “Ұрпақ қоры” бағдарламасы кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға қаржылық қолдау жасауды мақсат тұтқан. Ол үшін әр балаға банктен депозит ашылып, алғашқы жарна ретінде 1500 доллар құйылады. Сосын қашан ержеткенше жыл сайын толығып тұратын болады. Елбасы Қазақстан халқын 2015 жылы 20 миллионға жеткізу міндеті тұрғанын, соған орай қаржылық көзі тиімді ойластырылған мұндай бастамаларды қолдау, басқаларға тарату керектігін айтты. Ең қымбат қазына – халық денсаулығы. Оған ештеңе жетпейді. Саламатты өмір салты мен адамның саулығын ойлау мемлекеттің басты мүддесі. Биылғы Жолдауымда адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидатын нығайтуын айрықша атап көрсеттім. Елімізде жүрек-қан тамырлары, онкология ауруларына шалдыққан жандар қатары әлі де көп. Сондықтан науқасты болдырмау, алдын алу, өмір сапасын арттыру, әлеуметтік қорғауды нығайту әркімнің қажетті міндетіне айналуы тиіс. 2020 жылға таман ана мен бала өлімін екі есе қысқарту, өмір сүрудің орташа ұзақтығын 72 жасқа дейін жеткізу мақсаты тұр. Ол үшін медицинаны қаржылық қолдауды, денсаулық сақтау нысандарын салуды, білікті дәрігерлермен қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Халық денсаулығын сақтаудың ұлттық бірыңғай жүйесіне көшуіміз, “Саламатты Қазақстан” бағдарламасының қабылдануы – мұның бәрі адам өмірінен қымбат ештеңе жоқтығын көрсетеді. Мемлекет өз азаматтарына денсаулық сақтау құқығын, сапалы медициналық көмек көрсетілуін одан әрі қамтамасыз ете беретін болады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ерік Байжүнісов жоғары білімді жас мамандарды тұрақтандыру жайын баяндап берді. Медициналық жоғары оқу орындарын аяқтаған 85 дипломды жас Қызылжар өңірінде еңбек етуді қалапты. Жыл аяғына дейін тағы осынша маман келмек. Олар баспанамен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі. Жуырда 80 пәтерлі жатақхана пайдалануға берілді. Бұдан тысқары 120 пәтерлі 2 ипотекалық үй салынуда. Жергілікті қазына есебінен бір реттік өтемақы мөлшерін ұлғайту көзделген. Медициналық колледжді тәмамдаған түлектердің бір тобына облыс әкімінің гранттары тағайындалды. Олар сөйтіп медициналық жоғары оқу орындарының студенттері атанып отыр.
Президент емхананың корпустарын аралап шыққаннан кейін бір топ жас маманмен әңгімелесті. Солардың бірі – Камал Гасанов еңбек жолын солтүстік өңірден бастауды ұйғарыпты. Алдымен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап алсам деймін, деді ол. Мемлекет басшысы оның бұл талабын қостады. Ұжымға 4 жеңіл көліктің кілтін тапсырып, еңбекте табыс тіледі. Емхананың бас дәрігері Әлия Ташетова Елбасына көрсеткен қамқорлығы үшін ұжым атынан алғыс білдірді.
Н.Назарбаевтың одан кейін ат басын тіреген жері “Қызылжар оранжереясы” МКҚК болды. Елімізде тропикалық, субтропикалық өсімдіктер мен жеміс ағаштарын өсірумен айналысатын екі ғана мекеме болса, солардың бірі – осы оранжерея. 1923 жылы Петропавл ет-консерві комбинаты жанынан ботаникалық бақ ретінде шаңырақ көтерген оның гүлденуіне бағбан В. Осипов көп еңбек сіңірген. Соңғы 30 жыл бойы Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, биология профессоры Равил Рязапов басшылық етіп келеді. Қазір мұнда мәңгі жасыл өсімдіктердің бір мыңнан астам түрі жайқала өсіп тұр. Олардың арасында екі ғасырдан бері жасап келе жатқан құрма пальмасы көзге ерекше шалынады. Мұнда халықаралық “Қызыл кітапқа” енген манстера, динго, Вашингтон пальмасын да кездестіруге болады. Оранжерея жанында шағын дендрарий, экзотикалық құстардың торлы орны, тропикалық балық түрлерінің акваәлемі, экологиялық орталық, тропикалық саябақ жұмыс істейді. Енді, міне, “Жол картасына” енгізілудің арқасында ширек ғасырға жуық жөндеу көрмеген оранжерея адам танымастай болып өзгеріп шыға келді. Күрделі жөндеуге 295,2 миллион теңге бөлініп, “қысқы бақтың” әйнекті ғимараты биіктетіліп, жаңадан тұрғызылды. Аулаға субұрқақ орнатылды. Құнарлылықтың, көктем мен қыр жемістерінің және жануарлар әлемінің құдай аналары – Церераның, Флораның, Диананың гипсті мүсіндері қойылды. Оранжереяның кіре берісі өрнектастармен әшекейленді. 1,5 гектар аумақ абаттандырылып, ерекше кейіпке енді. Елбасы атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, әлеуметтік салаларды ұдайы назарды ұстауды тапсырды. Бақ ауласына орналастырылған стенділер арқылы Қызылжар өңіріндегі және Петропавл қаласындағы “Жол картасы” бағдарламасының орындалу жайымен танысты. Ол жөнінде облыс әкімі Серік Біләлов пен қала әкімі Нұржан Әшімбетов әңгімеледі. Облыста тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесі бойынша 32 жоба іске асырылып, оған бөлінген 2 миллиард теңгенің 70 пайызы игерілген. 1465 жаңа жұмыс орындары ашылған. Әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы жобасы аясында 2319 адам жұмысқа тартылған. Президенттің 720 оқушыға арналған 80 орынды жатын корпусы бар химия-биология бағытындағы зияткерлік мектебінің жобасы жайлы бас сәулеткер Валерий Затай айтып берді. Нұрсұлтан Әбішұлы бақ ішіне Біріккен Араб Әмірліктерінен арнайы әкелінген жас құрма көшетін екті.
Елбасының еліміздің тұрғындарын көбейту талабы Солтүстік Қазақстан облысы үшін де айрықша маңызды. Соңғы жылдары атажұртқа оралып жатқан ағайындарымызды қоныстандыруға деген ынта-ықыластың арта түскенін байқауға болады. Ұлы көш басталған 1991 жылдан бері Қызылжар өңіріне 5437 отбасы квота бойынша көшіп келген. Өз еркімен келіп жатқандары қаншама! Олардың деншілігі Петропавл қаласына және экономикалық инфрақұрылымы қарқынды елді мекендерге қоныстанған. Бұрындары елді мекендерге шашырай қоныстанса, енді топталып тұру мәселесін шешу жолға қойылған. Мәселен, Өзбекстаннан оралған бір топ қандасымыз Новокамен ауылына жайғасып, қосалқы шаруашылықпен айналысуға мүмкіндік жасалды. Сол сияқты Покров ауылында да қандастарымыз мол шоғырланған. Олардың әрқайсысына бір гектардан жер, шағын несие берілді. Араларында шаруаларын ұршықша үйіріп, табыстың тайқазанын тасытып жүргендері баршылық. Мәселен, “Тамды” шаруа қожалығын басқаратын Жаңабай Пірмановтің отбасы төрт түлік өсіріп, шұбат дайындаумен айналысады. Былтыр Элитное ауылында Бәйтерек шағын ауданының іргетасы қаланды. Жергілікті қазынаның қаржысына 23 үй салынды. Биыл “Нұрлы көш” бағдарламасының ұшқыр жобасы бойынша 140 үй салынып, алды пайдалануға беріле бастады. Ол үшін республикалық бюджеттен 831 миллион, облыстан 140 миллион теңге бөлінді. 50 үйдің ауласына “Тобыл” ӘКК әрқайсысы 300 шаршы метр жылыжай салып берді. Су, жылу жүйелері тартылып, тамшылатып суару әдісімен жұмыс істейтін шетелдік қондырғылар орнатылды. Сөйтіп, көкөніс өсірумен жыл бойы айналысуға жағдай туғызылды. Бұл жерде Мемлекет басшысын ата-баба қонысын аңсай жеткен ағайындарымыз құшақ жая қарсы алып, Елбасына ақ алғыстарын жаудырып жатты.
– Қараңыздаршы, баспаналарыңыз сыңғырлап тұр, жер телімдеріңіз бар. Жылыжайға дейін салып берген. Бұдан артық не керек? Атажұртты аңсап келген армандарыңа жеттіңдер. Енді тер төгіп, еңбек ету ғана қалды. Әр нәрсенің қайтарымы болу керек. Елімізді, жерімізді бірлесіп гүлдендірейік. Біз Отан деп оралған туысқандарымызға мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықты үзбейміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Түмен облысынан келіп осында тұрып жатқан Қайролла Сүлейменов ақсақал жұмысқа орналастыру, кәсіби дайындықтардан өткізу, жеңілдік несиелер алу мәселелерінің ойдағыдай шешіліп жатқанына ризашылық білдіре келіп, Элитное ауылы да бұдан былай Бәйтерек деп аталатынын қуана хабарлады. Елбасы Моңғолиядан биыл көшіп келген Сәулегүл Хардыбайдан хал-жағдайын, қалай орналасқанын сұрады. Ол өзім де, жұбайым да жұмыс істейміз. Үш бөлмелі үй алдық. Ризамыз. Сізге деген құрметіміз шексіз, деп жауап берді. Нұрсұлтан Әбішұлы құрылысшы болып еңбек ететін Мұхамед Қазбековтің шаңырағында болып, түрлі-түсті теледидар тарту етті. Қоштасар кезде ауыл тұрғындарына қоныстарыңыз құтты болсын деген игі тілегін жолдады.
Жаздың аптап ыстығы Солтүстік Қазақстан облысы егіншілерін онша састыра қойған жоқ. Қуаңшылыққа қарсы көп жылғы іс-тәжірибелері мен қажыр-қайратын қарсы қоя білді. Парлы алқаптар тиімді пайдаланылды. Ылғал сақтау технологиялары кеңінен енгізілді. Гербицидтер мен минералдық тыңайтқыштар тиімді сіңірілді. Нәтижесі сол, егін бітік шықты. Ендігі мақсат – шашпай-төкпей жинап алу.
Елбасы Қызылжар ауданының егін алқаптарын аралап, “Базис-Қызылжар” ЖШС өсірген астықтың шығымдылығына көңілі толғанын жасыра алмады.
– Биылғыдай күрделі ауа райында Қызылжар өңірі диқандарының бітік астық өсірулері атап өтуге тұрарлық, – деп бастады ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен танап басындағы әңгімені Елбасы. – Көктемгі-күзгі дала жұмыстарына бөлінетін мемлекеттік субсидия артып келеді. Осы заманғы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуда лизингтік жеңілдіктер қолданылады. 2003 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласына тұрақты қолдау көрсетіледі. Биыл бөлінгені – 225 миллиард теңге. Оның 95 миллиарды несие беруге, 50 миллиарды лизингпен техникалар алуға бағытталды. Астықтың сапасы да көңіл қуантады. Биыл Отан қамбасына 4 миллион тонна астық құюды межелеп отыр екенсіздер. Қазіргі егін ору қарқынына қарағанда, уәдеде тұратындарыңызға сенімдімін. Басқа өңірлерде де астық шығымы жаман емес. Былтырдан қалған 7 миллион тонна астығымыз бар. Биылғыны қоссақ 21 миллион болып қалады. 8 миллионын сатамыз. Қалғаны азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, басқа да қажетімізге жетіп артылады. Болашақта ауа райының қандай күрделі жағдайына қарамастан гектар берекелілігін 10-15 центнерден айналдыруды қалыпты үрдіске айналдыруымыз керек. Ол үшін озық технологиялармен қоса топырақ құнарлылығын кемітпеуге, парлы алқаптарға, қар тоқтатуға үлкен мән беруіміз қажет. Бүгінде ТМД елдерінің алдында келеміз. Бұған тоқмейілсімей, экономикалық көрсеткіштерді еселей түсуге, халықтың тұрмысын жақсартуға тиіспіз. Бәріңізді алда келе жатқан Қазақстан Конституциясының 15 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Еңбектеріңіз еселі, денсаулықтарыңыз мықты болсын. Келесі жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын кеңінен атап өтеміз. Оған жан-жақты әзірлікті осы бастан пысықтаған дұрыс.
Елбасы республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыс әкімі Серік Біләловтің атқарған жұмыстарын оң бағалады.
Мемлекет басшысы Қызылжар өңіріндегі жұмыс сапарынан кейін Қостанай облысына аттанып кетті.
Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.