25 Тамыз, 2010

Академик Сұлтан Сартаев: “Біз конституциялық кеңістікте өмір сүреміз”

1374 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Көрнекті қоғам және саяси қайраткер, тәуелсіз мемлекетіміздің “Парасат”, “Барыс”, “Құрмет” ордендерінің, Қырғызстанның “Даңқ” орденінің иегері, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартаев Қазақстан Республикасы дамуын құқықтық қамтамасыз етуде елеулі еңбек сіңірген тұлғаларымыздың бірі. Ол ҚР мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның, ҚР Президенті лауазымын тағайындау туралы Заңның, ҚР азаматтығы туралы, ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы, тіл туралы заңдарды жасауға және қабылдануына тікелей қатысқан ғалым. Республика жұртшылығы Сұлтан Сартайұлының тәуелсіз еліміздің Ата Заңдарын қабылдаудағы еңбегі мен табандылығын айрықша бағалайды. Біз академик ағамызды Қазақстан Конституциясының қалай қабылданғандығы және онда белгіленген міндеттердің салтанат құруы жайлы әңгімелеп беруге шақырған едік. – Сұлтан аға, сізбен сұхбаты­мыз тәуелсіздік күрескері Абылай хан бабамыз таққа отырған қа­сиет­ті Бурабай төріндегі “Оқжет­пес” шипажайында өтуінің өзіндік мәні бар сиқты. Мұнда соңғы ха­нымыз Кенесарының да ізі сайрап жатыр. Олар тәуелсіздігіміздің жар­шылары, ту көтерушілері бол­ды. Сол арманға бөлену бүгінгі біздерге бұйырған екен. Әйтсе де, оны аспаннан түсе қалғандай көретіндер бар. Тәуелсіздіктің ұзақ та қиын-қыстаулы жолынан дерек берсеңіз? – Тәуелсіздік халықтың намысын жанып, жүрегін сілкініске түсіретін түсінік. Сұрағыңа сұрақ қосқым келеді. Біз бодандықтан бостандыққа қалай жеттік? Өздеріңіз де біздің тар жол, тайғақ кешкен жолы­мыз­ға бір мезгіл ой жіберіп қараңыздаршы. Тым алысқа бармай-ақ, ХVІІІ-ХІХ ғасырларға бір ғана көздің қиығымен қарасақ, қалмақтардан, қоқандықтардан, орыс патшалығынан қазақ еліне, оның мекендеген жеріне ойран салған басқыншылық шабуылдарды көреміз. Біздің халық, тарихымыздың айтуына қарағанда, өздігінше бөтен халықтарға тиісіп, оның жеріне басқыншылық ниетпен шабуыл жасаған емес. Біздердің ата-бабаларымыз шамасы жеткенше тек қана өз елін қорғаумен, қазақ мемлекетін қалыптастыру әрекетімен болды. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тарихында Абылай ханның іс-әрекеті, саяси қызметі қазақ мемлекетін қалыптастыруға бағышталғанын көреміз, оны ұлттық батыр ретінде бағалаймыз. Бурабайдағы Абылай хан алаңы, онымен жапсарлас тарихи-танымдық кешендер батыр бабаға ғана емес, бодандық бұғауын бұзған халықтық ерлікке арналған тағзым ескерткіш деп білеміз. Өмірінің аяғына дейін, туралап айтсақ ХІХ ғасыр­дың 20-шы, 40-шы жылдары патшалық Россияның бөтен елдерді бодандау саясатына қарсы, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың ең соңғы ханы Кенесары Қасымұлы болды. Бұл қасіретті ғасыр еді. Бірақ, қазақтың қай ғасыры қасіретті болмады. ХV ғасырдың басында Жәнібек хан мен Керей хан құрған қазақ хандығынан бастап халқымыздың ғасырлар бойы төккен тері мен қаны сел болып ақса да бостандық бұлбұлы бағымызда сайрай қоймады. Оған көптеген әлеуметтік, экономикалық, саяси себептермен қатар, біздің ата-бабаларымыздың қолында тек қана найза, шоқпар, қамыс оқ, қайың оқ, қозыжауырын жебе, көбе бұзар жебе, білтелі мылтық сияқты қарулар ғана болғаны себеп. Олардың сауыт бұзар, қамал алар қуатты құралдары да жоқ еді. Осындай қантөгіс пен колониялық жағдайда 1917 жылғы Қазан төңкерісіне де жеттік. Оның дем берушілері халықтар өз бостандығын, ел тағдырын өздері шешеді деп бүкіл дүние жүзіне жариялады. Бірақ, жарияланған бостандықтар, халықтар теңдігі социалистік құрылыстың барысында халықтың көксеген көңілін, бостандыққа талпынған ойын тауып, демократиялық мемлекет құрудың орнына өте қатыгез репрессиялық әрекеті күшті, халықты бұғауда ұстайтын тоталитарлық жүйені қалыптастырды. Мемлекет басшылығында өз диктатурасын бірде ашық, бірде жасырын жариялған коммунистік партия отырды. Оның жаңсақ саясаты көп ұлтты КСРО-ны тоқырау заманына алып келді. Бұл барлық тоталитар­лық жүйеге тән заңдылық еді. 1991 жылы желтоқсан айының 8-інде Белоруссия­да болған тарихи оқиғаның негізінде 70 жылдан астам халықтың көз жасына боялған жүйе күйреп, шын мәнінде колониялық құрсаудағы одақтас республика­лар егеменді, тәуелсіз мемлекеттерді қалыптастыруға мүмкіндік алды. Қазақстанда 1986 жылғы желтоқсан­дағы бұрқ еткен халықтық қозғалыс бұрынғы КСРО шеңберінде осы мүмкіншілікті тудырған негізгі әрі шешуші себептердің бірі болды. Қазақ жастарының бас көтеруі халық қозғалса, ол өз мақсатына жететінін көрсетіп, төрткүл дүниеге біздің бодандық ұйқыдан оянғанымызды жария етті. – Қазақстанның бастамашылдығы туралы айтқа­ныңыз қуантады. Бабаларымыздың “Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас” дегені тегін емес. Әйткенмен, тәуелсіздік заңмен бекітілгенде ғана нәр­леніп, қуаттанады. Осынау тағдыршешті Конститу­циялық Заңның қалай қабылданғаны туралы әңгімелесеңіз. Өйткені, оны жүрегінің сиясына малып жазғандардың бірі сізсіз. – Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның жобасын мен, Еркеш Нұрпейісов, Талғат Данақов үшеуміз өз бастамамызбен жасап, 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы­на тапсырдық. Бірақ, бұл құжат көпке дейін қараусыз жата берді. Кейбіреулердің “онсыз да тәуелсізбіз ғой, осы заңның қажеті қанша” деген сөздері де құлағымызға жетіп жатты. Ақырында, осы жылдың 9 желтоқсаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының мәжілісін­де депутат Манаш Қозыбаев және мен тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдау қажет екен­дігі туралы мәселе көтердік. Бұл жағдай депутаттарды да мазалап жүрген болуы керек. Өйткені, ұсынысты Президиум мүшелері бірауыздан қолдап, мен баяндамашы болып бекітілдім. Араға жеті күн салып мен Жоғарғы Кеңестің мінбесіне кеудемді кернеген үлкен ұлттық-пат­риоттық сезіммен шығып, Қазақстан Республика­сы­ның тәуелсіздігі, Конституциялық заңның жобасы туралы баяндама жасауға кірістім. Байқаймын, залда отырған депутаттардың басым бөлігі тоталитарлық жүйенің атына айтқан зілді ойларымды қолдағаны­мен, әр жерде күбір-күбір сөйлеп, айыптау сөздерімді артық санайтындардың бар екендігі сезіліп тұрды. Мен депутаттардың көңілі мен назарын әлемге айбы­нын шашқан күшті де мызғымас, қатал орталықтан­дырылған империялық Кеңес Одағының күйрей бастағанына, бірнеше республиканың оның құрамы­нан шығып, тәуелсіз мемлекеттер ретінде өркендей­тінін, қиын да болса болашағы зор, қуанышты бостандық жолына түскендігін шамамның жеткенін­ше дәлелдеп бақтым. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі бірнеше сағатқа созылған талқылаудан кейін, Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды 1991 жылғы 16 желтоқсанда, кешкі сағат алтыдан он төрт минөт өткенде басым көпшілік дауыспен қабылдады. Бұл келешек егемен елдің өз Конституциясына кірпіш болып қаланған заңы еді. Заң қабылданғаннан соң тура 30 минөтте Түркия Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Әлемдік дипломатияның тарихында бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған. Сонымен, ғасырларға созылған мемлекеттік арманымыз орындалды. Республика Президентінің Жарлығымен 16 желтоқсан ресми Тәуелсіздік күні және жалпы халықтық салтанатты мейрам болып жарияланды. Қазақстан Республикасы бүгінде тәуелсіз демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасты. Оның қазіргі кездегі аумағы біртұтас және оған ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастықпен өзара қарым-қатынасы, мемлекеттік тәуелсіздікті қорғау және республиканың елдік нышандары тәуелсіздіктің мызғымас арқауы болып табылады. – Тәуелсіздік – қымбат қазынамыз. Бірақ, заң түрінде қорғалмаған тәуелсіздіктің болуы да мүмкін емес қой. Мемлекеттің мәні мен мазмұнын анықтай­тын, мемлекеттік, қоғамдық құрылыстың кезек күттір­мей­тін мәселелерін шешетін, адамның негізгі құқық­та­рын, міндеттері мен бостандықтарын баянды ететін, тір­шілігімізге тірек болатын түпқазықтар қажет емес пе? – Ел тәуелсіздігінің заңдық базасы Консти­ту­цияны, біздің 1990 жылдан бастап қабылдаған аса ауқымды құқықтық құжаттарды тірек ететінін айрық­ша атап өткім келеді. Егемен Қазақстанның жаңа конституциялық заңдылығы осы сәттен басталды. Жаңа Конституцияның жобасын жасамастан бұрын біз елімізді басқару формасын анықтап алуымыз керек болды. Сөйтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы мәжілістерінің бірінде мен Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы ұсыныс жасадым. Ол кезде бұл көптеген факторларға бай­ланысты еді. Қоғам көп ұлтты елде конфедерацияның тиімсіздігін сезіне де, түсіне де білді. Ұсыныс депу­тат­тар тарапынан қолдау тауып, 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақстанда Президент қызметін тағайындау туралы заң қабылданып, біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Осы заңның негізінде республиканың мемлекеттік және қоғамдық құрылысына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Өйткені, Президент қызметін тағайындау Жоғарғы Кеңестің монополиялық билігін жоюға жетелеп, мемлекеттік құрылыс практикасында билікті бөлісу принципінің алғашқы қадамдарын бекітуге бастады. Қазақстанның егемендігін баянды ету процесінің келесі логикалық жалғасы “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы” Декларация болды. Оның жобасын мен жасап, бірнеше депутаттың қо­лымен “Социалистік Қазақстан” және “Казах­станс­кая правда” газеттерінде жарияладық. Ұзаққа созыл­ған пікірталастан соң, жаңартылған одақтық шарт жа­сасу мүмкіндігі пайда болған аса күрделі саяси жағ­дайда, 1990 жылдың 25 қазанында Декларация қабылданды. 25 қазан – Республика күні болып аталды. – Жинақталған тәжірибе президенттік институты биліктің барлық тармақтарының үйлесімділігін қам­тамасыз ететін Конституцияның кепілі болуға тиіс еке­нін көрсетіп отыр. Ендеше, конституциялық кеңістікте өмір сүріп, құқықтық қоғам құрып жатқан біз үшін бұл институттың қандай артықшылықтары бар? – Еліміздің өткен даму жолы қазір Қазақстанда қолданылып отырған конституциялық оңтайлы үлгіні дұрыс таңдай білгенімізді айғақтайды. Оның бір тармағы қуатты мемлекеттік биліктің кепілі ретіндегі президенттік басқару дер едім. Осыған қатысты бір ғана мысал келтірейін. Құқықтық мемлекет құры­лы­сын үздіксіз жалғастыра беретін елімізде консти­туциялық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету басты ұстаным саналады. 1993 жылы өзін-өзі тарат­қан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жаңа Парламенттің жұмысы басталғанға дейін Президентке заңдар шығару өкілеттігін беру туралы заң қабылдады. Аталған кезең аралығында мемлекет өмірінің барлық негізгі бағыттары бойынша заң күші бар, жалпы саны 136 президенттік жарлық шығарылды. Нақ осы заңдар елімізде реформалар қарқынын жедел­детуге және даму бағытын нақты айқындауға көмектесті. Конституциялық заңдармен бір мезгілде экономикалық және әлеуметтік реформалар, қаржы, банк және басқа да шаруашылық қызметі мәселе­леріне арналған идеологиясы жағынан нарықтық заңдардың үлкен тобы жұмыс істей бастады. Елге ірі шетелдік капитал тартуға жағдай жасалды. Қазақ­стандық тартымдылық өндірісті күрт өрістетумен қатар, миллиондаған азаматтарға жұмыс беріп, бюд­жет қаражатын молайтты. Ең бастысы, президенттік инс­титут қос палаталы кәсіби Парламенттің білік­тілігі мен белсенділігін нығайтты деп тұжырымдай аламыз. — Сұлтан аға, енді конституциялық тарихымыздың қалыптасуынан сөз қозғасаңыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл тұрғыда ағылшын философы Бентам Иеремияның “Ең үздік Конституция халықтың бойы үйренген Конс­титуция” деген пікірін келтіргені есімізде. Демек, Конс­титуцияны қабылдай салу мен оны қалыптастырудың аралығында күрделі белестер жатқаны ғой. – Қазан төңкерісінен осы күнге дейінгі тарихы­мызда біз бес конституция қабылдадық. Оның ішінде үш конституция – 1924 жылғы Қазақ Автономиялы Кеңестік республикасының, 1937 және 1978 жыл­дарғы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының конституциялары тоталитарлық одақ жүйесі кезінде қабылданған болатын. Бұларда тәуелсіздік ұғымы ауызға алынбағандығы белгілі. Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында өз еркімізбен, өз қалауымызбен көптеген талқылаудан, пікір алы­су­дан соң барып 1993 жылғы және 1995 жылғы ха­лық­аралық аренада өз жолымен өркендеуге бағыт ұс­тан­ған мемлекетіміздің Конституцияларын қабылдадық. 1993 жылғы Конституцияның жобасын жасайтын комиссияның құрамына белгілі қайраткерлер, оқы­мыс­тылар мен депутаттар кірді. Өйткені, Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біздің барлығымыз, қарапайым еңбекшіден бастап жоғары билікке ие адамдарға дейін Конституция талаптары бойынша өмір сүріп, жұмыс істейтін өзіміздің тәуелсіз егеменді мемлекетімізді құратын боламыз. Жауапкершіліктің биіктігі шығар, осы үлкен құқықтық құжатты талқы­лауға 3 миллионнан астам адам қатысып, 18 мыңның үстінде ұсыныс, ескертпелер түсірді. Ал республика баспасөзінде 500-ден астам үлкенді-кішілі мақалалар жарияланып, теледидар, радио бағдарламаларында тал­қыланды. Себебі, республика халқы бұл Консти­туцияның мемлекет басқару формасын, оның мем­лекет­тік органдарын, тәуелсіз мемлекеттің негізгі атри­буттарын белгілеудегі, азаматтардың демокра­тиялық құқықтары мен бостандықтарын бекітудегі рөлін жақсы түсінді. Сондықтан, алғашқы Негізгі Заңымыз өз дәуіріндегі өрелі істердің қуатты қозғаушы күші ретінде тарихымызға енді. – Әйткенмен, көп дайындықпен жасалған алғашқы Конституциямыздың екі жылдың ішінде сыр бере бастағаны қалай? 1995 жылғы Ата Заңды қабылдауға нендей жағдаяттар түрткі болды? – Уақыт үстемдігіне әмір жүрмейді. Қоғамда қисап­сыз зор өзгерістер жүріп жатты. Олқы тұс мемлекеттік билікті заң шығармашылық, атқарушы және сот тармақтарына бөлудегі айқындықтың бол­мауынан, Президенттің өкілеттіктері мен құқықтарын жете белгілемеуден көрініс берді. Сондай-ақ, елімізде болып жатқан демократиялық процестерді айшықтай түсу қажеттігі туындады. Яғни, саяси және эконо­микалық реформалар нәтижесінде мемлекет пен жеке тұлға арасындағы қатынастарды нақтылау күн тәрті­біне шыға бастады. Жаңа Конституцияны қабылдау­дың саяси қажеттілігі республиканың егемендігін ең жоғары құқықтық деңгейде баянды етуден алға тартылды. Біздің республикамызда бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне көшу эволюциялық жолмен жүзеге асты, бірақ бұл процесс өз орнынан айырылғалы тұрған консервативтік күштердің қарсылығынсыз өткен жоқ. Конституцияны қабылдау кезінде көшелерге танкілер шыққан Ресейдегідей ашық сипат алмағанымен, әртүрлі бағыттағы блоктардың қасарысуы көзге ұрып тұрды. Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың тұжырым­дауынша Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы ымырашылдық (компромистік) Конституция болды. Сол тұстағы қазақстандық қоғам “демократиялық масайрау”, “бостандық пен тәуел­сіздіктен масайрау” көңіл-күйін кешуде еді. Осыдан ке­ліп тіл, қос азаматтық мәселелері, этностық мүд­де­лерді саудаға салу, тағы басқа келеңсіздіктер қоғам дамуының ырғағына сызат түсіре бастағаны мәлім. 1995 жылғы Конституцияны қабылдаудың тағы бір себебі – экономикалық қажеттілік еді. 1993 жылғы Конституция бойынша жерге жеке меншікке жол берілмейтін. Алайда, тәжірибе көрсеткеніндей, жер­ді жеке меншікке бермейінше, толыққанды нарық­тық қатынастарды дамыту мүмкін емес. Шын мәніне келгенде, өздерінің меншігіне кепілдік берілмейінше отандық өндірісшілеріміз де, шетелдік инвесторлар да капиталдық тәуекелдікке бара алмайды. Жағдаятты басқа арнаға бұру ұмтылыстары байқалды. Қоғамда өріс ала бастаған жіктену тұрақтылыққа, баянды­лыққа қауіп төндірді. Сондай-ақ, Қазақстанның жаңа Конституция­сы­ның қабылдануына себептер қатарына аса қажетті бол­ған сот реформаларын жатқызар едім. 1993 жыл­дың Конституциясы бұрынғы сот жүйесін консер­вациялап тастады, одан шын мәніндегі тәуелсіз соттың негізі орын таппады. Судьяларды тағайындау тәртібі олардың тәуелсіздігіне кепілдік бере алмады. ҚР Конституциялық сотының қызметі мен құқықтық негіздері де қайтадан қарауды талап етті. Осы ор­ган­ның 1995 жылдың 6 наурызында 13-ші шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесін заңсыз (легитимсіз) деп тапқан шешімі саяси дағдарыстың себеп-салдарына айналды. Жалпы алғанда сол кездегі ғалымдар мен практиктер Конституциялық сотты шамадан тыс саясиландырып жіберді. Осыдан барып Конституциялық сотты Конституциялық кеңес етіп қайта құрудың қажеттілігі саяси дағдарыстың алдын алу мақсатында жасалған оң шара дер едік. 1993 жылғы Конституция шеше алма­ған тағдырлы, ең басты мәселелердің бірі – жоғары мемлекеттік билік органдарын ұйымдастыру проблемасы болғаны белгілі. Анығырақ айтсақ, билікті бөлісу принципін жүзеге асыру моделінің өтпе­лі кезең жағдайларына сай келмеуі, билік тар­мақ­тарының конституциялық-құқықтық мәртебе­лерін анықтаудағы қарама-қайшылықтар, мемлекет­тік билік органдары арасындағы тартыстарды ше­шудің тетігін жете анықтамау қызмет үйлесімін тежей бастады. Оның үстіне, жергілікті билік органдарының конституциялық негіздерінде де айтарлықтай кемшіліктер мен қарама-қайшылықтар орын алды. – Осылардың жиынтығы қарышты дами бастаған Қазақстанның жаңа Ата Заңының өмірге келуіне себепкер болды дейсіз ғой. Екінші Конституциямыздың жалпыхалықтық референдумда қабылдануының да маңызы зор. Сонда оның салмағы қай қырынан айқындалады? – Барлық қырынан. Алдымен 1995 жылғы Конс­титуцияның 18 жоба үлгісі дайындалғанын айтайын. Бұл өте күрделі кезең еді. 13-шақырылған Жоғарғы Кеңестің лигитимді еместігі, Үкіметтің отставкаға кетуі, саяси дағдарысты сейілтудің тамаша қадамы ретінде 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, ақырында, сол жылғы 29 сәуірде Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесі бойынша бүкілхалықтық ре­ферендумның өткізілуі алдағы Консти­ту­циямыздың салмағы мен жүктелер міндеттердің орасандығын айғақтайды. 1995 жылдың шілде айында дайын болған Конституцияның жобасы бүкілхалықтық талқыға ұсынылды. Оған республикалық 53 ұйым мен қоғамдық бірлестіктер қатысып, 678 ұсыныс пен ескертпелер келіп түсті. Жалпы алғанда, елімізде 34459 талқылау ұйымдастырылып, 123717 адам сөз алды. Конституциялық комиссия 31886 ұсыныс пен ескертпені мұқият екшеді. Жаңа Конституция тек идеялды құқықтық модель, шындыққа сай келмейтін декларациялық құжат емес, заңды түрде шешімін тапқан нақтылы механизмдер мен институттар ретінде танылды. Қоғамда осы Конституцияның негізінде нақтылы өзгерістер жүзеге асырылып, жемісін төгуде. – Сұлтан аға, сіз арғы-бергі конституция­ларымыздың туындау үдерістеріне және қабылда­нуына тікелей қатысқан адам ретінде толассыз тол­ғанатыныңыз анық. Әйткенмен, одан да күшті тол­ға­ныс бар. Жаңа “Конституцияның негізінде нақ­ты­лы өзгерістер орнығып, жемісін төгуде” дедіңіз. Сонда Ата Заңымыз ел үмітін ақтап отырғаны ғой. – Әрине. Айналаға қарасақ, ондағы сегіз бөлімнің жарасты, мен айтар едім, қуатты сабақ­тастығының салтанатын көрер едік. Конститу­циялық міндеттер мен идеялар, азаматтар жауапкершілігі, одан туындайтын қолданыстағы заңнамалар, стратегиялық және мемлекеттік бағдарламалар, Президент жолдаулары, әлемдік өркендеу үрдістері арқылы игілігімізге айналып отыр. Біз, тағы да қайталап айтамын, Консти­туциялық кеңістікте өмір сүрудеміз. Тәуелсіз Қазақстан тарихи қысқа мерзімде таң­ғаларлық табыстарға жетті. Еуразиядағы көш­басшылар санатындағы еліміз әлемнің ең беделді ұйымдарының мүшесі ғана емес, олардың көп қырлы жұмысын үйлестірер басшыға айналды. Астана Әлем діндарларының дәстүрлі басқосуы­ның, жоғары деңгейлі экономикалық форумдар­дардың алаңы, саяси, әлеуметтік ой қорыту мін­бері, мәдени, спорттық шаралар сахнасы, достық пен бірлік бәйтерегі ретінде әйгілі. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағалығын абыроймен атқарып отырған Қазақстанда алдағы желтоқсанда мем­лекет басшыларының ресми саммиті өткізілмек. Осындай бел-белестеріміздің әлі де биіктей беретіні Конституция салтанатын паш етеді. – Жалпыдан жалқыға көшсек. Ата Заңы­мыздың бүгінгі әлеуетін нақты қандай өзгерістерден көріп отырсыз? – Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Бірақ, көппартиялықтың Конститу­ция­лық шеңбердегі белсенділігін ұштай түсу керек. Мені Ата Заңның “Адам және азамат” атала­тын бөлімінің қатаң қадағаланып, барынша жауап­кершілікпен орындалып отырғандығы қуантады. Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі өсіп, әлеуметтік, рухани сұраныстары қанағаттан­ды­рылуда. Бұл жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқарудан бастап, барлық 98 баптың адам үшін, оның игілігі үшін қызмет жасайтындығын көрсетеді. Ол неден байқалуда? Нақтырақ айтайын. Қазақстанның экономи­касы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстан кейінгі серпінді даму баспалдағына қадам басты. Оған биылғы бірінші жартыжылдықтағы ішкі жалпы өнімнің деңгейі 8 пайызға өскендігі толық дәлел бола алады. Бұл Мемлекет басшысының баламасыз бастамасының нәтижесінде Үкімет қабылдаған кешенді шаралардың нәтижесі. Мұнда “Жол картасы” бағдарламасының шеңберінде 2515 шағын және орта бизнес нысандарына 145 миллиард теңге көлемінде оңтайлы несие бөлінді. Осының нәтижесінде, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық саласында ғана 39 мың адам жұмыс­пен қамтылды. “Бизнестің жол картасы-2020” ата­латын жаңа жүйе де үміт отын жандырар серпін та­нытуда. Кешегі маусым айының соңындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Күшті Қазақстанды бірігіп құрамыз!” атты жалпы­ұлттық телекөпір маңдайымызды жарқы­рат­қан мақтаныш оқиғасы болды. Шара үстінде жалпы құны 381 миллиард теңгенің 72 инвес­тициялық жобасының тұсаукесері өтсе, 68 заманалық жаңа нысан жұмысын бастады. Соның ішінде, ақмолалықтар қатал қыс жағдайында озық жылыжай технологиясымен раушан гүлдерін, қияр мен қызанақ өсірудің мүмкіндіктерін көрсетіп таңқалдырды. Осы өңір жыл ішінде 83 миллиард теңгенің сегіз жобасын іске асыруды жоспарласа, соның бесеуін тыңғылықты орын­дағанына тәнті болдық. Дамуымыз мұнымен де шектеліп қалмайтынын Елбасы “2020 жылға қарай экономика 150 пайызға артады. Өнер­кә­сіптегі еңбек өнімділігі 1,8 есе ұлғаяды, ал ауыл шаруашылығында екі есеге дейін артады” деген сөздерімен білдірді. – Сіздің “Бүгін біз қоғамымыздың рухани саламаттылығын (денсаулығын) сақтауға баса назар аударуымыз керек” деген сөзіңіз есімізде. Мұның астарында не жатыр? – Мен мұны осыдан бес жыл бұрын айтқа­н­мын. Одан бері Конституцияның өзіне де өзге­рістер мен толықтырулар енгізілді. Сондықтан, ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ. Өтпелі кезең­нің ауанында оны айту қажет еді. Экономикалық реформа мәселесімен тікелей айналысып кеткен жағдайда мемлекетіміздің идеологиялық, насихат­тық және тәрбиелік жұмыстары әлсірейтіні белгілі. Оны көзіміз көрді. Ал, қазір жағдай оң арнаға түсті. Халықтың бөлініп-жарылуына, жіктелуіне жол бермейтін, қоғамның ауызбірлігін қамтамасыз ететін, оны жаңа жетістіктерге бас­тай­тын, бұқарадан, адамдар тобынан жеке тұлға­лар, азаматтар жасауды мұрат санайтын ұлттық-мемлекеттік идеология нығайып келеді. Дәл қазіргі сәтте жалпыхалықтық талқылау жүріп жат­қан мемлекеттік тілді дамыту, білім мәселесін өркендету бағдарламалары өркенімізді өсіре түсетініне сенімдімін. – Сұлтан аға, сіз соңғы 35 жылда әлемнің 47 елінде ресми іс-сапарларда болдыңыз. Салыстыр­малы түрде айтсақ, Бурабайдың орнын қалай бағалар едіңіз? – Бәрінен биік тұр. Бұл арғы тарихымызда да, тәуелсіздік жылдарындағы шежіремізде де айрық­ша орын алатын құт қойнау. “Оқжетпесте” демалған кезімде күн сайын республикалық, ха­лық­аралық деңгейдегі мәжілістер өтіп жатқаны­ның куәсі болдым. Бұл абыройлы мінбер деген сөз. Туристік кластерге негізделген индустриялық қадамдар көңілден шығады. Мұнда арнайы экономикалық аймақтың құрылуы, мемлекеттік-ұлттық табиғи бақтың жұмыс істеп жатқандығы, Бурабай көлдерінің қалыпқа келтіріле бастағаны жылылық ұялатады. Бурабай халқымыздың тәлім тірегі болуы тиіс. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК.