25 Тамыз, 2010

Дербестік құжаты немесе Ата Заңды дәріптеу дәстүрі жалғасуда

791 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ата Заңымызды ардақтау, оны өскелең буынға насихаттау шаралары Конституция қабылдануының 15 жыл­дығы қарсаңында  қай кездегіден де белсендірек қолға алынуда. Соның бірі – Алматыда 24 тамызда өткен “Конс­титуция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі” атты қалалық ғылы­ми-тәжірибелік конференция. Конституция күнінің қоғамдық маңызын арттыруды және Ата Заңды дәріптеу дәстүрін нығайтуды көздеген конференцияны Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ашса, өскелең ұпақты конституциялық құрылымды құрметтеу рухында тәрбиелеуді, жұрт­шылықтың назарын Негізгі Заңға мем­лекеттің жоғары заңдық күшке ие қол­да­ныстағы құқықтық қайнар көзі ретін­де аударуды мақсат тұтқан жиынға қала­дағы ірі мекемелердің жетекшілері, ЖОО ректорлары, әлеуметтік сала қыз­меткерлері, бизнес-құрылымдардың, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Қала әкімі өз сөзінде тәуелсіздіктің өн бойындағы Қазақстан таңдаған  татулық пен ауызбіршілік жолы, саяси ұстанымы, стратегиялық дамудың ба­сым бағыттарын айқын ұғыну үрдісі – барлық ілкімді істерге, толайым табыстарға жетектегенін тиек етті. Ахметжан Есімов Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгертулерде де бірталай жа­ңалықтар болғанын атап өтті.  Қоғамдық-саяси өмірдің тамы­ры­на қан жүгірткен жаңа толықтырулар Парламенттің беделін көтеріп, саяси пар­тиялар мен азаматтық қоғам инсти­туттарының рөлін арттырғанын атады. Ата Заңды жасауға атсалысқан­дар­дың бірі, ҰҒА академигі Сұлтан Сар­таев мемлекеттің басты құжаты эконо­ми­каның ең қиын кезеңдерінде  қабыл­данғанын еске салды. Ғалым еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұстан бері біздің бүгінгі өмір талаптарына сай келетін заңнамалар жасалынып, ол заңдар қоғам өмірінің барлық тетіктерін тиімді үйлестіріп келе жатқанына ерекше тоқталды. Академик Салық Зиманов мемлекет дамуындағы құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің атқаратын рөліне назар аударып, құқық қорғау жүйесін реформалаудың фактор­лары туралы әңгімеледі және  сот жүйе­сі құқық қорғау саласының өзегі мен діңгегі деген дәйектерін  тарқатып өтті. Тамырын тарихтан, Жеті Жарғыдан алатын Ата Заңның, мемлекеттің тұғыр­лы құжатының халық өмірінде келісім тауып жатқаны  басқа да тиісті тұлғалар тарапынан сөз болды. Міне, осының арқасында Қазақ­станды бүгінде әлемдік қоғамдастық ұлтаралық және дінаралық келісім орныққан, тұрақты дамып келе жатқан, болашағы айқын мемлекет ретінде танып отыр. Айнаш ЕСАЛИ.

* * *

Негізгі заңның маңызына мән берілді

Кеше “Атамекен” Қазақстан кар­та­сы” этнокешенінде “Конституция – еге­мен Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі” тақырыбында on-lіne жүйесінде конференция өткізілді. Конференцияға еліміз заңнамасының көкейкесті тұстары мен жетістіктеріне кәсіби тұрғыдан талдау жасау, Қазақ­стан Конституциясының мүмкіндігін әрі қарай пайдаланудың жолдарын тал­қылау, қазақстандық қоғам мен мем­ле­кеттің саяси кезеңдерін сүзгіден өткізу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық са­наны ояту, рухани құндылықтарды на­си­хаттау сынды мәселелер өзек болды. Астана қаласы мәдениет басқарма­сы­ның тікелей қолдауымен ұйымдас­ты­рылған оn-lіne жүйесіндегі бұл конференцияға еліміз Конституциялық Кеңесінің мүшелері, Астана қаласының әкімдігі, елшіліктер, Астана қаласының ішкі саясат басқармасы мен білім басқармасы, этномәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері, қала мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Жиын барысында сөз алған Конс­титуциялық Кеңестің мүшесі Анар Жайылғанова жиналғандарға жеке Конс­титуция түсінігі, оның мақсаты мен міндеттері, тұлғаның құқығы мен еркіндігінің қамтамасыз етілуі, Қазақ­стан Республикасы Конституция заң­на­маларының мән-мағынасы жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді. Ал “Еуро­палық құқық және адам құқықтары” институтының директоры Марат Бәші­мов Конституцияның азаматтық қоғам дамуындағы орны мен адам құқықта­ры­ның қорғалуы жөніндегі өз ой-пайымымен бөлісті. Сондай-ақ ол Ата Заңда азаматтық қоғам дамуының не­гіз­гі нормаларының сақталғандығын атап өтті. “Азаматтық қоғам дамуының негізі адам құқықтарының қорғалуынан бастау алады. Бұл ретте Конститу­ция­ның маңызы айрықша”, деді М.Бәшімов. Конференция кезінде өз ойын тарқатқан Мемлекеттік тарих инсти­ту­тының директоры Бүркіт Аяған Ата Заңның тарихына шолу жасап, Конституцияға кезінде аздаған өз­гер­тулердің енгізілгендігіне, алайда оның негізгі өзегінің сақталған­дығына айрықша мән берді. Шараға қатысушылар сон­дай-ақ әлемдік конститу­циялық даму кеңістігін­дегі Қазақстан Ата Заңының бейнесі мен орны жө­нін­де өз ойла­рын ортаға салды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.