ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАР ЖЕТКІЗБЕЙ БАРАДЫ
Сейсенбі күні Қазақстан спортшылары ат спорты, ескек есу, көркем гимнастика және каноэ есуден (каноэ-слалом) жарысқа шықты. Ат спортында ел намысын Тимур Патаров қорғады. Бала кезінен ат құлағында ойнап өскен жасөспірім жарыстың осы түрінен ең мықты деген елдердің өкілдерімен бір топта бақ сынасты. Бірінші күні Тимур барлық кедергілерді қиналмай өтсе, соңғы күні екі кедергіден аса алмады. Ал бұл 8 балл айып беріледі деген сөз. Сөйтіп, ол 9-орынды қанағат тұтты. Дегенмен, оның жарысын бізден де басқа елдердің өкілдері жақсы бағалауда. Расымен де егер осы сынға 32 мемлекеттің өкілдері қатысса, Тимурдың Қазақстанға әкелген 9-орны жаман көрсеткіш емес. Бізден кейінгі орындарда ат спорты жақсы дамыған Бразилия, АҚШ, Қытай, Бельгия, Сингапур мен басқа да елдер қалды. Каноэ-слаломда Тимофей Емельянов 12-орынды місе тұтты. Бұл сынға кәсіпқой төрт слаломист қана қатысты. Соның өзінде де оның жолы болмады. Көркем гимнастикада керекулік Юлия Кизима бақ сынады. Бапкері Оксана Бронскаяның айтуынша, егер ол 10-15 үздік гимнасшының қатарына қосылса, осының өзі біз үшін үлкен жетістік болмақ. Гандболдан қыздар құрамасы 3-ші орын үшін Бразилиямен болатын матчқа дайындалуда. Осы ойында қыздарымыз жеңсе, бұл Қазақстан құрамасының Олимпиададағы үшінші қола жүлдесі болады. Біздің тағы бір спортшымыз Қайрат Ағыбаев дзюдодан біріккен “Эссен” командасы сапында өнер көрсетті. Кеше бет қатталып жатқанда, Қайрат командасымен бірге Олимпиаданың бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл медаль еліміздің жүлделер қатарына кірмесе де Ағыбаевтың Отанымыз үшін және өзі үшін жеңіп алған чемпиондық атақ болып саналады. Қазір Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үш алтын (екеуі есепте), екі күміс және екі қола жүлдемен 205 елдің ішінде 24-ші орында тұр. Ардақ ТОҒЫМОВ, журналист, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Сингапурден. * * *АЙДЫНДАҒЫ КЕЗЕКТІ АЙҚАС
Осы күндері хоккейден ерлер арасында ел кубогы жолындағы кезекті бәсекелер өтуде. Кеше кешкісін жарыстың жартылай финалдық кездесулері ойналды. Онда Өскеменнің “Казцинк-Торпедо” командасы мен Қарағандының “Сарыарқа” клубы, Атыраудың “Бейбарыс” және Рудныйдың “Горняк” командалары кездесті. Ал осының алдында екі топқа бөлінген сегіз команданың ойындары мәресіне жеткен болатын. “А” тобында бірінші орынды “Сарыарқа”, одан кейінгі орындарды “Горняк”, “Арлан”, “Барыс-2” клубтары алса, “В” тобында “Бейбарыс”, “Казцинк-Торпедо”, “Қазақмыс”, “Ертіс-Павлодар” командалары осы орналасқан жайы бойынша орындарға ие болды. 19 тамыз күні басталған жарыста әр команда үш кездесуден өткізді. Тек “Бейбарыс” қана ешбір ойында жеңілмеді. Ол “Ертіс-Павлодарды” 3:0 есебінен жеңіп, қалған екеуінде тең ойнады. Ал “А” тобында бірінші орынға жайғасқан “Сарыарқа” болса, екі ойында жеңіп, біреуінде (астаналық “Барыс-2” командасынан) жеңілді. Дегенмен, қарағандылық хоккейшілер турнир кестесінде ең көп шайба салған команда болып отыр. Олар қарсыластар қақпасына 19 шайба соқса, өздеріне 13 шайба жіберіп алды. Әзірше биылғы жарыста 8 ұпай жинаған “Сарыарқа” командасының шабуылшысы Андрей Трощинский берген пастары мен соққан шайбаларына қарай бірінші орында келеді. Ал оның әріптесі Антон Дубинин астаналықтар өткізген соңғы ойында екі рет нысананы дәл көздеп, салған шайбалары бойынша мергендер тізімінің көш басында тұр. Дастан КЕНЖАЛИН.