27 Тамыз, 2010

“Е-лицензиялау” іс үстінде

1716 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өр­леу – Қазақстанның жаңа мүмкін­діктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында бизнес ахуалды жақсарту негізгі міндет­тердің бірі ретінде анықталған болатын. Осыған орай 2010 жылдың 19 науры­зында Президент Жарлығымен 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Респуб­ликасындағы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаға сәйкес ағымдағы және кейінгі жылдары “болашақ экономика” секторлары ақпа­раттық технологиялар, электронды қыз­мет және “Электронды үкіметті” дамыту жоспарланып отыр. Бизнес және халық­тың қажеттіліктерін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың жұмысын же­ңіл­дету және оңтайландыру үшін “Электронды үкіметтің” архитектурасы құ­рылып, кеден одағы шеңберінде мәлі­меттермен алмасу үшін инфокоммуни­ка­циялық инфрақұрылым және де элек­тронды лицензияның, электронды нотариаттың және электронды сатып алудың ақпараттық жүйесі енгізілетін болады. Осыған орай ағымдағы жылдың 15 шілдесінде Мемлекет басшысы “Элек­тронды үкімет” жүйесінің рес­пуб­ликамызда қолданылып, болашақта одан әрі дамуына бағытталған “Электронды үкіметті” дамыту мәселелері заңнама­сы­ның актілеріне кейбір өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Заңның негіз­гі мақсаты “Электронды үкімет” жүйесін дамытуда ақ­па­раттық жүйені қолдана отырып құқықтық норма­лар­ды бекіту жолымен, элек­тронды формадағы мемлекет­тік қызметті көрсету және әкімшілік істерді оңтайлан­ды­ру, электронды қызмет көр­сетуде мемлекеттік бас­қа­ру­дың тиімділігі мен сапаны арттыру және олардың ашықтығын қамтамасыз ету. Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. 2010 жылдың 1 қаңтарында Ресей және Беларуссиямен бірігіп құрған Кеден одағы өз күшіне енді, бұл – қазақстандық барлық бастамалардың серпінді алға басуы. Үш елдің бірігуінің келесі бір маңызды кезеңі 2012 жылдың 12 қаңтарында Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру болмақ. Бұл капи­тал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз етілетін бірігудің анағұрлым жо­ғары деңгейі. ТМД-дағы өңірлік эко­номикалық бірігулерді қолдай отырып, Үкімет Қазақстанның экономикалық дамуының негізгі басымдықтарына жауап беретіндей жағдайда Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісін белсенді жүргізуі керек. Осыған байланысты, қазірден бастап біздің кәсіпкерлер пайда болған жаңа мүмкіндіктерді дұрыс бағалаулары қажет. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы аумағында лицензиялық қызметпен 22 орталық мемлекеттік орган, орталық мемлекеттік органдардың 288 облыстық бөлімшелері айналысады. Одан басқа да лицензиялау бағытындағы 27 сала бар (өнеркәсіптер, денсаулық сақтау, білім және т.б.). Экономикалық даму және сауда министрлігінің сауда коми­теті тарифтік квоталар және тауар биржасы саласында қызметпен айналы­суды қам­тамасыз ететін жекелеген им­порт тауар­ларына лицензиялар, рұқсат қағаздар беруді жүзеге асырады. Ағым­дағы жылдың бірінші жарты жылдығында комитет “Лицензиялау туралы”, “Ішкі сауда саласында лицензиялау ережесі туралы келісімнің бекітілуі туралы”, “Тауар биржасы туралы” заңдарға сәйкес 150-ден астам рұқсаттық құжаттар берді. Қазіргі уақытта сауда комитеті “Ұлт­тық ақпараттық технологиялар” АҚ-пен бірлесе отырып лицензиялау үдерісін ав­томаттандыру және мемлекеттік органдар – лицензиарлар мен бизнес қауым­дас­тықтар арасындағы тиімді, ашық меха­низм­ді қамтамасыз ету үшін “е-лицен­зиялау” мемлекеттік мәліметтер базасын сынақтық пайдаланылуға енгізді. “Е-лицензиялау” мәліметтер базасы – авоматтандырылған құрылым. Ол кәсіпкерлік қызмет түрлерін, сондай-ақ тауарларды импорттау-экспорттауды лицензиялау кезіндегі мәліметтерді жинау, қайта өңдеу, көкейкестілендіру, сақтау үшін қажетті ақпараттық жүйе. Жүйе Қазақстан Республикасындағы берілген, тоқтатылған және қайтарып алынған лицензиялардың бірыңғай есебін жүргізу қызметін атқарады. Сонымен қатар лицензия алуға өтініш беру, есеп жіберу, лицензиясы бар-жоғы туралы мәліметтер алу процесін автомат­тандыруға септігін тигізеді. Өмір сүру қарқынының өсуі және тұр­ғылықты халықтың жұмысбасты­лы­ғын есепке алғанда, мемлекеттік лицен­зияларды берудің электронды түрі ерекше маңызға ие болмақ. Интернет желісіне қосылу қызметіне бағаның төмендеуі халықтың ақпараттық сауаттылығының өсуіне жол ашып, web-технология базасында осындай жаңалық­тарды енгізуге және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Аталмыш қызметті автоматтандыру мемлекеттік лицензия алу үрдісін жеңілдетіп қана қоймай, парақорлықтың жолын кесуге де үлесін қосады. Сонымен қатар, web-порталда лицензия алу кезінде басшылыққа алы­натын нормативтік-құқықтық құжаттар жүйесін жариялау арқылы азаматтарға лицензия алу тәртібін түсіндіруге және то­лық емес немесе дұрыс ресімделмеген арыздар санын азайтуға және әкімшілік кедергілердің төмендеуіне мүмкіндік береді. “Е-лицензиялау” жобасының ая­сын­да республикалық деңгейде ақпараттық жүйе құрылатын болады. Осы жүйе ар­қылы бизнес-үрдістерді автоматтан­ды­руға немесе бар ақпараттық жүйені, өкілетті министрліктер, ведомстволар (аумақтық бөлімшелерді қоса алғанда), жергілікті атқарушы органдардың белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығына мемлекеттік лицензияларды беру, сондай-ақ лицензиялау саласындағы бақылауды жүзеге асыру қызметін біріктіруге мүмкіндік туады. “Е-лицензиялауды” енгізу бойынша халықаралық тәжірибені алып қарайтын болсақ, “Электронды үкіметтің” көмегі­мен Ұлыбританияда үш жыл ішінде 400 млн. фунт үнемдеу көзделуде. Ағылшын­дардың көпшілігі мемлекеттік қызмет алу кезінде үкімет сайтына жүгінуде. Өт­кен жылдың қаңтарымен салыстырғанда олардың саны үстіміздегі жылдың қаң­тарында 11 миллионнан 27 миллионға дейін өсті. Электронды үкіметтің кең тарағаны тек оның ыңғайлылығында ғана емес, сондай-ақ уақыт үнемдеу және пошта маркаларына және көлік құрал­дарына кететін шығынды азайтумен де байланысты. Осы себептердің арасында түрлі ауруларды, мысалы, “шошқа тұ­мауы” жұқтыру қаупін азайтатынын да жоққа шығаруға болмайды. Жеке қарым-қатынасты, көлікпен қатынауды қыс­қарту үшін ағылшындар он-лайн бай­ланысына көбірек көңіл бөлуде. Осы мәселемен ертеден айналысып жүрген британдық сарапшылардың де­ректері бойынша, электронды үкімет бұл елде тек үшінші талпыныстан соң ғана танымалдылыққа ие бола бастаған. Оны құру 1998 жылдың басында басталды. Бірақ тек соңғы бес жыл ішінде ғана бұл бағдарлама айтарлықтай дами бастаған. Қазіргі уақытта Англияда жергілікті және федералдық тұрғыда көрсетілетін элек­тронды мемлекеттік қызмет саны – 171. Оларға салық инспекциясымен байла­ныс, оның ішінде салық декларациясын толтыру, әртүрлі лицензияларды алу, түрлі баж салықтарын төлеу жатады. Сонымен бірге азаматтарға және заңды тұлғаларға ыңғайлы болу үшін қызметтер екі порталда ұсынылады. Тұрғындардың мүддесін ескеретін де департаменттер бар. Олар бір-бірімен DіrectGov арқылы хабарласады. Бизнес мүддесін ойлау­шылардың BusіnessLіnk арқылы қарым-қатынас жасауларына болады. Қолданушыға өз ісін ұйымдастыру қажет болса, DіrectGov қызметі үшін бөлек пароль болуы керек, оны олар жеке тұлға ретінде қолданады және BusіnessLіnk қызметі үшін де жеке пароль керек, оны кәсіпкерлер қолданады. Бірақ барлығы ақпараттың өтуін бақылайтын бірыңғай шлюз арқылы өтеді. Мұндай шешімді “Майкрософт” компаниясы ұсынған және Англияда ол барынша оң­тайлы болып саналады. Статистика мә­ліметтеріне жүгінсек, азаматтар мен үкі­мет арасындағы электронды байланыс, тіпті бұл жобаның жарнамасына кеткен барлық шығынды қоса алғанда да тиімді. Сарапшылар алдағы уақытта бұл үнем өсе түседі, өйткені интернет арқылы бай­ланыс көбірек болады, шенеуніктердің аппараты азаяды, пошта шығындары қысқарады, қағаз шығыны азаяды деп санайды. Қазіргі таңда сауда комитеті қағаз және электронды нұсқада бірдей өтініш­терді қабылдайды. Тауардың айрықша түрінің импортына лицензия алғысы келетін мекемелерге, сондай-ақ тауар бир­жасы саласындағы қызметпен айна­лысу үшін комитетке лицензия алуға қа­жетті құжаттардың толық пакетін (нота­риалдық куәландырылған жарғылық құжаттар біліктілік талаптарына сәйкес­ті­гін растайтын құжаттар) ұсыну қажет. Өтінішті сканерленген құжаттармен “Е-лицензиялау” веб-порталы арқылы да беруге болады. Өз кезегінде, дайын лицензияларды беру де осылайша “қосарланатын” болады. Лицензиат қағаз бланкте және комитет төрағасының электронды-сан­дық қолтаңбасымен куәландырылған және оған бар-код түсірілген электронды лицензияны алады. Жаңа қызметтің ыңғайлылығы лицен­зиат “Е-лицензиялау” веб-порталы арқылы кез-келген уақытта өз өтінішінің қарастырылуы қандай сатыда екенін біле алады, яғни, өтініштің кеңсеге келіп түсуі, комитет төрағасының үстелінде жатуы, лицензиялау бөлімі сарапшы­ларының қарауында болуы немесе лицензияны беру (беруден бас тарту) туралы шешімнің қабылдануы туралы мәлімет алады. Өтінішті электронды түрде беру үр­дісімен неғұрлым толығырақ “Е-лицензиялау” веб-порталында https://elіcense.kz адресі бойынша, сондай-ақ “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ Call-орталығының 8-8000-80-7777 (қоңырау шалу ақысыз) телефонына хабарласып танысуға болады. Айдар ҚАЗЫБАЕВ, Экономикалық даму және сауда министрлігі сауда комитетінің төрағасы.