Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында бизнес ахуалды жақсарту негізгі міндеттердің бірі ретінде анықталған болатын. Осыған орай 2010 жылдың 19 наурызында Президент Жарлығымен 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаға сәйкес ағымдағы және кейінгі жылдары “болашақ экономика” секторлары ақпараттық технологиялар, электронды қызмет және “Электронды үкіметті” дамыту жоспарланып отыр. Бизнес және халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдету және оңтайландыру үшін “Электронды үкіметтің” архитектурасы құрылып, кеден одағы шеңберінде мәліметтермен алмасу үшін инфокоммуникациялық инфрақұрылым және де электронды лицензияның, электронды нотариаттың және электронды сатып алудың ақпараттық жүйесі енгізілетін болады.
Осыған орай ағымдағы жылдың 15 шілдесінде Мемлекет басшысы “Электронды үкімет” жүйесінің республикамызда қолданылып, болашақта одан әрі дамуына бағытталған “Электронды үкіметті” дамыту мәселелері заңнамасының актілеріне кейбір өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Заңның негізгі мақсаты “Электронды үкімет” жүйесін дамытуда ақпараттық жүйені қолдана отырып құқықтық нормаларды бекіту жолымен, электронды формадағы мемлекеттік қызметті көрсету және әкімшілік істерді оңтайландыру, электронды қызмет көрсетуде мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен сапаны арттыру және олардың ашықтығын қамтамасыз ету.
Қазақстан ТМД-дағы интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. 2010 жылдың 1 қаңтарында Ресей және Беларуссиямен бірігіп құрған Кеден одағы өз күшіне енді, бұл – қазақстандық барлық бастамалардың серпінді алға басуы. Үш елдің бірігуінің келесі бір маңызды кезеңі 2012 жылдың 12 қаңтарында Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру болмақ. Бұл капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз етілетін бірігудің анағұрлым жоғары деңгейі. ТМД-дағы өңірлік экономикалық бірігулерді қолдай отырып, Үкімет Қазақстанның экономикалық дамуының негізгі басымдықтарына жауап беретіндей жағдайда Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісін белсенді жүргізуі керек.
Осыған байланысты, қазірден бастап біздің кәсіпкерлер пайда болған жаңа мүмкіндіктерді дұрыс бағалаулары қажет. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы аумағында лицензиялық қызметпен 22 орталық мемлекеттік орган, орталық мемлекеттік органдардың 288 облыстық бөлімшелері айналысады. Одан басқа да лицензиялау бағытындағы 27 сала бар (өнеркәсіптер, денсаулық сақтау, білім және т.б.). Экономикалық даму және сауда министрлігінің сауда комитеті тарифтік квоталар және тауар биржасы саласында қызметпен айналысуды қамтамасыз ететін жекелеген импорт тауарларына лицензиялар, рұқсат қағаздар беруді жүзеге асырады. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында комитет “Лицензиялау туралы”, “Ішкі сауда саласында лицензиялау ережесі туралы келісімнің бекітілуі туралы”, “Тауар биржасы туралы” заңдарға сәйкес 150-ден астам рұқсаттық құжаттар берді.
Қазіргі уақытта сауда комитеті “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-пен бірлесе отырып лицензиялау үдерісін автоматтандыру және мемлекеттік органдар – лицензиарлар мен бизнес қауымдастықтар арасындағы тиімді, ашық механизмді қамтамасыз ету үшін “е-лицензиялау” мемлекеттік мәліметтер базасын сынақтық пайдаланылуға енгізді.
“Е-лицензиялау” мәліметтер базасы – авоматтандырылған құрылым. Ол кәсіпкерлік қызмет түрлерін, сондай-ақ тауарларды импорттау-экспорттауды лицензиялау кезіндегі мәліметтерді жинау, қайта өңдеу, көкейкестілендіру, сақтау үшін қажетті ақпараттық жүйе. Жүйе Қазақстан Республикасындағы берілген, тоқтатылған және қайтарып алынған лицензиялардың бірыңғай есебін жүргізу қызметін атқарады. Сонымен қатар лицензия алуға өтініш беру, есеп жіберу, лицензиясы бар-жоғы туралы мәліметтер алу процесін автоматтандыруға септігін тигізеді.
Өмір сүру қарқынының өсуі және тұрғылықты халықтың жұмысбастылығын есепке алғанда, мемлекеттік лицензияларды берудің электронды түрі ерекше маңызға ие болмақ.
Интернет желісіне қосылу қызметіне бағаның төмендеуі халықтың ақпараттық сауаттылығының өсуіне жол ашып, web-технология базасында осындай жаңалықтарды енгізуге және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Аталмыш қызметті автоматтандыру мемлекеттік лицензия алу үрдісін жеңілдетіп қана қоймай, парақорлықтың жолын кесуге де үлесін қосады. Сонымен қатар, web-порталда лицензия алу кезінде басшылыққа алынатын нормативтік-құқықтық құжаттар жүйесін жариялау арқылы азаматтарға лицензия алу тәртібін түсіндіруге және толық емес немесе дұрыс ресімделмеген арыздар санын азайтуға және әкімшілік кедергілердің төмендеуіне мүмкіндік береді.
“Е-лицензиялау” жобасының аясында республикалық деңгейде ақпараттық жүйе құрылатын болады. Осы жүйе арқылы бизнес-үрдістерді автоматтандыруға немесе бар ақпараттық жүйені, өкілетті министрліктер, ведомстволар (аумақтық бөлімшелерді қоса алғанда), жергілікті атқарушы органдардың белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығына мемлекеттік лицензияларды беру, сондай-ақ лицензиялау саласындағы бақылауды жүзеге асыру қызметін біріктіруге мүмкіндік туады.
“Е-лицензиялауды” енгізу бойынша халықаралық тәжірибені алып қарайтын болсақ, “Электронды үкіметтің” көмегімен Ұлыбританияда үш жыл ішінде 400 млн. фунт үнемдеу көзделуде. Ағылшындардың көпшілігі мемлекеттік қызмет алу кезінде үкімет сайтына жүгінуде. Өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда олардың саны үстіміздегі жылдың қаңтарында 11 миллионнан 27 миллионға дейін өсті. Электронды үкіметтің кең тарағаны тек оның ыңғайлылығында ғана емес, сондай-ақ уақыт үнемдеу және пошта маркаларына және көлік құралдарына кететін шығынды азайтумен де байланысты. Осы себептердің арасында түрлі ауруларды, мысалы, “шошқа тұмауы” жұқтыру қаупін азайтатынын да жоққа шығаруға болмайды. Жеке қарым-қатынасты, көлікпен қатынауды қысқарту үшін ағылшындар он-лайн байланысына көбірек көңіл бөлуде.
Осы мәселемен ертеден айналысып жүрген британдық сарапшылардың деректері бойынша, электронды үкімет бұл елде тек үшінші талпыныстан соң ғана танымалдылыққа ие бола бастаған. Оны құру 1998 жылдың басында басталды. Бірақ тек соңғы бес жыл ішінде ғана бұл бағдарлама айтарлықтай дами бастаған. Қазіргі уақытта Англияда жергілікті және федералдық тұрғыда көрсетілетін электронды мемлекеттік қызмет саны – 171. Оларға салық инспекциясымен байланыс, оның ішінде салық декларациясын толтыру, әртүрлі лицензияларды алу, түрлі баж салықтарын төлеу жатады. Сонымен бірге азаматтарға және заңды тұлғаларға ыңғайлы болу үшін қызметтер екі порталда ұсынылады. Тұрғындардың мүддесін ескеретін де департаменттер бар. Олар бір-бірімен DіrectGov арқылы хабарласады. Бизнес мүддесін ойлаушылардың BusіnessLіnk арқылы қарым-қатынас жасауларына болады.
Қолданушыға өз ісін ұйымдастыру қажет болса, DіrectGov қызметі үшін бөлек пароль болуы керек, оны олар жеке тұлға ретінде қолданады және BusіnessLіnk қызметі үшін де жеке пароль керек, оны кәсіпкерлер қолданады. Бірақ барлығы ақпараттың өтуін бақылайтын бірыңғай шлюз арқылы өтеді. Мұндай шешімді “Майкрософт” компаниясы ұсынған және Англияда ол барынша оңтайлы болып саналады. Статистика мәліметтеріне жүгінсек, азаматтар мен үкімет арасындағы электронды байланыс, тіпті бұл жобаның жарнамасына кеткен барлық шығынды қоса алғанда да тиімді. Сарапшылар алдағы уақытта бұл үнем өсе түседі, өйткені интернет арқылы байланыс көбірек болады, шенеуніктердің аппараты азаяды, пошта шығындары қысқарады, қағаз шығыны азаяды деп санайды.
Қазіргі таңда сауда комитеті қағаз және электронды нұсқада бірдей өтініштерді қабылдайды. Тауардың айрықша түрінің импортына лицензия алғысы келетін мекемелерге, сондай-ақ тауар биржасы саласындағы қызметпен айналысу үшін комитетке лицензия алуға қажетті құжаттардың толық пакетін (нотариалдық куәландырылған жарғылық құжаттар біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар) ұсыну қажет. Өтінішті сканерленген құжаттармен “Е-лицензиялау” веб-порталы арқылы да беруге болады.
Өз кезегінде, дайын лицензияларды беру де осылайша “қосарланатын” болады. Лицензиат қағаз бланкте және комитет төрағасының электронды-сандық қолтаңбасымен куәландырылған және оған бар-код түсірілген электронды лицензияны алады.
Жаңа қызметтің ыңғайлылығы лицензиат “Е-лицензиялау” веб-порталы арқылы кез-келген уақытта өз өтінішінің қарастырылуы қандай сатыда екенін біле алады, яғни, өтініштің кеңсеге келіп түсуі, комитет төрағасының үстелінде жатуы, лицензиялау бөлімі сарапшыларының қарауында болуы немесе лицензияны беру (беруден бас тарту) туралы шешімнің қабылдануы туралы мәлімет алады.
Өтінішті электронды түрде беру үрдісімен неғұрлым толығырақ “Е-лицензиялау” веб-порталында https://elіcense.kz адресі бойынша, сондай-ақ “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ Call-орталығының 8-8000-80-7777 (қоңырау шалу ақысыз) телефонына хабарласып танысуға болады.
Айдар ҚАЗЫБАЕВ, Экономикалық даму және сауда министрлігі сауда комитетінің төрағасы.