27 Тамыз, 2010

Еңбек ерінің ісі де ерен

655 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Жаз бойы көктен тамшы тамбап еді, міне, қостанайлық диқандар егінге орақ салғанда күннің қабағы ашылмай, жаң­быр жиілей бастады. Алайда, Меңдіғара ауданындағы  “Қарқын” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі комбайншылар ауа райының бұлай құбылғанына аса қобалжи қоймайды. Осыдан бір-екі жыл бұрын шаруашылықтың  техника паркі  түгелдей жаңартылды. Еуропадан әкелін­ген комбайндардың ішінде  тойға ба­ратындай ақ көйлек, джинсы шалбармен отыратын комбаиншылар теңіздей тол­қыған алқаптың бидайын ұстара жүріп өткендей бір сәтте орып шығады. Көк­темде де егінді ылғал сақтайтын  техно­логиямен сеуіп алған. Шаруашылық басшысы Сайран Бұқанов техника жаңарту ісін ең басты мәселе деп білген. Несие алды, шаруашылықтың табысын салды, әйтеуір аз жылда мақсатына жетіп тынды. Биыл да жыл тәулігі толмайтын уақытта  жаңа техника алуға 150 мил­лион теңге жұмсады. Міне, биыл қуаң­шылықтан облыс аудандарының барлы­ғында дерлік астық шығымы  төмендеп, диқандардың көңілі алаңдап тұрғанда Сәкең бастаған шаруашылық алғашқы күннен-ақ гектарына 12-14 центнерден айналдырып жатыр. Алтын дәннің қамырлылығы – 31. Жер-ананы баптап, күтсең  оның жомарттығында шек бар ма? Еңбек ет, айналаңнан да соны талап ет. Бұл  биыл 27-ші орағын бастап отыр­ған диқан, агроном, басшы Сайран Бұқа­новтың ұстанған ұстанымы. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де Сәкең тындырып отырған істің ауқымы кең.  Өткен жылы еліміз Прези­ден­тінің қолы­нан Қазақ­стан­ның Еңбек Ері атағын алды. Ал Сай­ран Балкенұлы өзінің 60 жасқа толып отыр­ған туған күні  биылғы жыл­дың орағын бастады. Үлкен­нің алдын кесіп өтпейтін, кі­шіге ағалық мейірімінен тан­байтын Сә­кең­нің мұндай қарапайымды­ғына қалай қайран қалмассың! 90-шы жылдардың қылбұрау кезінде Сайран Бұқанов “Харьков”  шаруа­шы­лығын талан-тараждан аман сақтап қал­ды. Ауылдағы жағдай өте қиын болды. Жұмыс жоқ, ақша тіпті көрмейді. Адам­дар қалаға қарап алаңдап, көшуге ыңғай­ланды. Ол ауылдастарына “Көшпең­дер!” деді. Ал оның бекер сөйлемейтінін, табанды мінезін білетін ауыл ақсақал­дары да Сәкеңе “біз көшпейік, ал сен ауылдан кетіп қалма” деген тілек айтты. Уәде берік болды. Міне, қазір Харьков ауылы ештеңеден мұқтаж емес. Жұмыс бар, дастархан мол, ауылдағы әлеуметтік  нысандардың барлығы  іске қосылған. Ауылдастарының да, Сәкеңнің да  ойлағаны осы болатын. Бүгін де ол барға тоқмейілсіп отырған жоқ. Ауылды да, ауыл шаруашылығын да жаңа сатыға көтеруді мақсат тұтқан. “Қарқын” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқаптарында диқандар­мен қатар ғалымдар еңбек етеді. Мойны озық шетелдік  фирмалармен, компания­лармен байланыс жасайды, өйткені үйренетін тұстар көп. Мамандардың білік­тілігін  көтеру үшін  оқудан да қар­жы аямайды. Ал “Харьковте” бір ауыл­дасының баласы  мектепке барса, бір ауылдасы келін түсіріп, қыз ұзатса оған құтты болсын айтып шығуға,  бір ауыл­дасының үйінде қиыншылық болса оны жұбатуға сол жерден алдымен ауыл ағасы Сайран Бәлкенұлы табылады. Бастан асатын жұмысының көптігіне қарамай Сәкең мұндайға уақыт табады. Бұл–оның адамгершілік  қасиеті. Биыл Қостанай даласында қуаңшы­лық болды. Бұл Тобыл өңірінде көп жылдан кейін қайталанып отырған таби­ғат құбылысы. Облыс бойынша барлығы 4 миллион 283 мың гектарға дән сіңі­рілген болатын. Оңтүстік өңірдегі Жан­гелдин, Амангелді, Әулиекөл, Науырзым, Арқалық аудандарында жаңбырдың аздығы озық технологияны да елей бермеді – егін бәрібір нашар шықты. Ал облыстың солтүстігіндегі аудандар қанша қуаңшылық болса да гектар айналымын орташа 8 центнерден келтіреміз деп отыр. Ал Меңдіғара ауданындағы “Қар­қын” жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігіндегі сияқты гектар айналымының 14 центнерден асып жатқаны сирек. Бұл Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Сай­ран Бұқанов­тың 60 жылдық ме­рейжасына на­ғыз тарту болғалы тұр. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы. * * *

СЕРПІНДІ ЖОБАЛАРДЫҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Құрылыс экономиканың локомотиві десек, елімізді индустрияландыру карта­сында аса маңызды нысандар қатары аталған. Олардың ішінде өңірдегі жүзеге асатын Мойнақ су электр, Балқаш жылу-энергетикалық стансалары, “Жетіген – Қорғас” темір жол желісі және болаша­ғы­нан көп үміт күттіретін жобаларды айт­қан жөн. Жалпы, елімізде орындалған негізгі бағдарламалар құрылыспен тіке­лей байланысты. Мәселен, мемлекеттік тұрғын үй, “100 мектеп, 100 ауру­хана”, “Балапан” бағдарламалары осылардың қатарында. Ха­лық үшін аса қажетті әрі маңызды 2008-2010 жылдарғы тұрғын үй құры­лысын ­дамыту мемлекеттік бағдарламасы күні бүгінге дейін жалғасып, қаншама адам баспаналы болды. Ал Талдықорған ша­һарының бас жоспарына сәйкес “Қаратал” шағын ауданында достық үйі, тіл сарайы сияқты айрықша құрылыстар бой көтеріп, жаңа көше­лер пайда бол­ға­ны осының айғағы. Аталған шағын ауданда теннис кортын салуға қатысты жобаға конкурс жарияланғаны да жақ­сылықтың жалғасы. Тұңғыш Президент­тің 900 орынды зияткерлік мектебі, 240 орынды балабақша, 1500 орынды спорт сарайы жақында есігін айқара ашқанын ескерсек, шаһарда 320 орынды тағы бір балабақша құрылысы басталды. Тұрғын үй салу жалғасып, қаланың орталық бө­лігіндегі 422 гектар аймақтағы құрылыс жүргізу және оңтүстік-батыста тұрғынжай ауданын салу жоспарының жобалары жа­салған. Өңірде 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағ­дар­ламасы табысты тәмамдалып, бағдарлама аясында бір миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға беріліпті. Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламамен 1592,1 мың шаршы метр тұр­ғын үй салып, пайда­лануға беру жос­парланса, екі жыл ішінде оның 70 пайызға жуығы орындалды. Нәтижесінде 1087,7 мың шаршы метр баспана мұқтаж жандарға беріліп, қоныс тойлары өтті. Биыл қаржыландырудың барлық көзі есебінен 610 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып, саладағы жұмыс жанданған. Жетісулықтар ғана емес, қазақстан­дық­тар асыға күткен Алматыға серіктес “G4 Cіty” төрт қала салу жобасының жү­зеге асар сәтін күткендер қатары қан­шама. Оңтүстік аймақта қала құрылысын дамытудың кешенді жүйесі жасалып, онда басқалармен бірге тұрғын саны 304 мың адам болатын “G4 Cіty” – серіктес төрт қала ескерілген. Серпінді жоба 2030 жылға дейін жүзеге асырылады деп күтілуде. Осылайша шетелдік және жеке мен­шік инвестиция тарту арқылы 9 миллион шаршы метр тұрғын үй, әкім­шілік ғимараттар, мектеп, балабақша, ден­саулық сақтау, сауда және тағы басқа да әлеуметтік нысандар тұрғызылмақшы. Жоспарланған тұрғын үйлердің бағасы халықтың барлық санаты үшін қол­жетімділігі ескерілген. Алматы қаласына серіктес қалаларды дамыту жөніндегі атал­ған жұмыстарға 13,5 млрд. теңге қарастырылса, үстіміздегі жылы оның 7,8 млрд. теңгесін игеру міндеттеліпті. Бүгін еліміздің Үкіметі мен облыстық мәслихат серіктес төрт қаланың бас жос­пар­ын бекіткенін қуанышпен айта ала­мыз. “G4 Cіty” қаласының жоспары то­лық жасалған. Ал “Growіng” және “Green Cіty” серіктес қалаларының то­лық және құрылыс салу жобалары бой­ынша мемлекеттік емес сараптаулардың құптағандығы жайлы қо­ры­тынды шы­ғарылыпты. Құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық іс­тері агенттігі “Gate Cіty” – бірінші серіктес қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі техникалық-эконо­микалық негіздемесін бекітсе, инженер­лік-коммуникациялық инфра­құрылым құры­лысына жобалық-сметалық құжат­тар жасалған. Бірінші серік­тес қаланың “Қоянқұс” тұр­ғынжай ауданы үшін алғаш­қы кезекте газбен қамтама­сыз ету мен уақыт­ша авто­жол­дар құрылысы жалғас­пақ­шы. “Golden Cіty” – екінші серіктес қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жө­ніндегі техникалық-эко­но­микалық негіздеме мемлекет­тік емес сараптаудан өтіп, жоғарыда аталған агенттікке берілген. Үшінші және төртінші серіктес қалалар – “Growіng” және “Green Cіty” қаласының техникалық-экономикалық негіздемесі соңғы сараптамалардан өткізілуде. Өңірде Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасымен он мектептің құрылысы толық аяқталып, білім ошақ­тары шәкірттер игілігіне берілген. Осы­лайша 7050 оқушы жан-жақты жабдық­талған жаңа мектептерде бәсекеге қабі­летті білім алуда. Оқушылардың сала­матты өмір салтын қалыптастыруы үшін спорт залдары заманауи құрал-жабдық­тармен қамтылған. Ал бағдарлама бойынша алты аурухана­ның жалпы құны 14 млрд. теңгелік төр­теуінің құрылысы жалғасуда. Мердігер ұйымдар белгіленген құрылыс-құрастыру жұмыстарын толық көлемде орындаса, биыл республикалық бюджеттен 6,9 млрд. теңге бөлініпті. Қазіргі кезде Іле ауданы Өтеген батыр кентінде 200 тө­сек­тік Алматы өңірлік балалар ауруханасы мен 450 адамды қабылдауға арналған емхана, Талғар қаласында 150 төсектік аудандық орталық аурухана, Еңбекші­қа­зақ ауданы Есік қаласында 250 төсектік аудандық орталық аурухана және Алакөл ауданы Достық кентінде 50 төсектік ауылдық аурухана құрылыстары белгі­лен­ген жұмыс кестесіне сай жүргізілуде. Серпінді жобалар қатарындағы Же­тіген – Қорғас темір жол желісі эконо­ми­калық тұрғыда ғана емес, саяси мән­ді­лігімен ерекшеленеді. Қытаймен екі арадағы шекарада екінші темір жол өткелін ашу жобасы еліміз арқылы өтетін жүк тасымалының көлемін арттырумен қатар уақытты қысқартады. Осылайша Қазақстанның Ақтау аймағы мен көрші мемлекет арасын мейлінше жақындатуға мүмкіндік туады. Жоба құны 147,4 млрд. теңге болса, 2010 жылға 63 млрд. теңгесі бөлінген. Облыс аумағы арқылы өтетін желі бойында шойын жолдың табанын төсеу жұмыстары қолға алынып, құры­лыс жұмыстарына 800 техника, 5000 адам тартылған. Күмісжан БАЙЖАН ”. Алматы облысы. * * *

Екібастұз нан-тоқашқа да бай

Аяқ басқан жері көмірге, пайдалы қазбаларға толы өндірісті өңір өркендеп өсіп келеді. Қалада 137 мыңнан аса халық тұрады. Бұған қала­ның әкімшілік-аумақтық құ­ры­лымына енетін 30-ға жуық ауылдармен онда тұратын 9 мыңдай халықты қосыңыз. Сон­дықтан да, көмірлі өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, қала мен ауылдардың бір­лесіп атқаратын жауапты міндетіне айналды. Алып өн­діріс орындары шоғырланған өңірде қысы-жазы азық-түлік белдеуінің тұрақтылығын қам­тамасыз ету мәселесі Үкі­мет басшысының Екібастұзға жасаған сапары кезінде де айтылған болатын. Қала басшылығы бұл міндетті Екібастұзда жаңадан нан-тоқаш комбинатын салу арқылы шешуге болатынын түсінді. Жоба еліміздің үде­ме­ні индустриялық-иннова­ция­лық бағдарламасына жатқы­зы­лып, өңірлік индустриялан­дыру картасына енгізілді. Сөй­тіп, жобаға 1 млрд. 842 мың теңге тұратын инвес­ти­ция тартылды. Бұл жобаның 600 миллион теңгесін “Қаз­агроқаржы” акционерлік қоғамы несие түрінде бөлді. Бұрынғы ескі нан ком­бинаты немістердің және авс­триялық жаңа құрал-жабдық­тар­мен жаңартылып жаңа за­ман үлгісінде қайта жаңғыр­тыл­ды. Жұмыс қызу жүр­гізілді. Осындай жоба жүйесін жылдам қолға алға “Энергия-Капитал” жақында екібас­тұз­дықтарға жақсы сыйлық жа­сады. Жаңа кешен пайдалану­ға берілді. Енді қала мен ауыл халқы нан-тоқаштардың түр-түрін өздерінің сұраныстары­на орай тұтына алатын болды. Комбинат тәулігіне 30 тонна нан өнімдерін пісіріп шы­ға­ды. Жаңа кешеннің өндірістік технологиясы түгелдей ком­пьютер жүйесіне қосылған, бар­лық жұмыстар оператор­лар­дың бақылауымен іске асуда. Кешенге қабылданатын ұнның құрамы, нан мен то­қаштар жасалатын қамырдың сапасы түгелдей зерттеліп, ар­найы тексеру зертхана­лары­нан өткізіледі. Жаңа жобаның өмірге келуі осы жерде ашыл­ған 40 жұмыс орны деген сөз. Алдағы уақытта өндіріс орны толық қуатымен жұмысқа көш­кен кезде жұмыс орын­дарының саны да арта түседі. – Біздің шығарған өнім­де­ріміздің сапасын арттырып, өз орнымызды алу үшін Ас­тана, Қарағанды жақтарға өнім­дерімізді жеткізу ойы­мызда бар, – дейді комбинат директоры Асхат Дүржібаев. Айтса айтқандай, бұл күн­дері “Екібастұз” деп аталатын нанды сауда орындарынан көруге болады. Екібастұздық нан-тоқаш өнімдерінің басқа атаулары “Жұлдыз”, “Сары­арқа” деп аталады. Қала бас­шы­лығының шешімі бойын­ша зейнеткерлерге нан өнім­де­рі арзан бағамен беріледі. Жаңа жобаның өңір эконо­ми­касының өркендеуіне қо­сар үлесі мол. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы. * * *

Қарқын қаражатқа сай болса

Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда өнеркәсіп саласының алатын орны ерекше. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжыл­дығын­да­ғы көрсеткіштерге көз жіберсек, облыстың өнеркәсібі 51,9 млрд. теңгенің өнімін өнді­ріпті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға артық. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі, әсіресе, кен өндіру мен кен орнын пайдалануда (37,6%), содан кейін өңдеу өнеркәсібінде (22,4%) көбейе түскен. Электр қуатымен қамтамасыз етуде, сондай-ақ газ бен буды өндіруде едәуір ілгерілеушілік бар. Еліміздің 2010-2014 жылдарға арнал­ған үдемелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы шеңберінде облыста бүгінгі күнге дейін жалпы құны 1,6 млрд. теңгегеге бағаланған 2 жобаны  – “АльБасар” ЖШС мен “Жасұлан және К” ЖШС  іске асырған, ол серік­тес­тіктерде қазір қосымша 335 жұмыс орны ашылып отыр. Сондай-ақ, жарты жылдың белесінде бензин өндіру  44,4%-ға, былғары  21,3 есеге, аяқ-киім 12,5 есеге, құрылыстық құрама металл қон­дыр­ғылары  2,3 есеге, бетоннан жасалған құрылыстық құрама қондырғылар  4,8%-ға, арақ бұйымдары  1,8 есеге артқан. Бұл жақсы, ал жақсыны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, өкінішке қарай, Менделеев кестесіндегі байлықтың бәрі болмаса да, біразы баршылық деп есептелетін об­лыс­та натрий триполифосфатын, ортофос­фор қышқылын, табиғи газды, газ конденсатын, құ­ра­мында алтыны бар концентрат­тар, алтын мен күміс, ферросили­ко­марганец, гипс, электр қуатын және табиғи суды өндіру төмендей түскен. Қаратау қаласындағы “Сарытас” зауыты іске қосылады, сөйтіп жергілікті тұр­ғындарды жұмыспен, ал облыс эконо­ми­касын қыруар табыспен қарық қыла­ды екен деген Ресейдің  фосфор өнді­ретін аса ірі компаниясы да түрлі тұсаулардан әлі іске кірісе алмай отыр. Бүгінде кез келген өңірдің экономи­ка­лық тұрғыдан дамуы оның инвестиция тарта білуімен ерекшеленеді. Бұл ретте облыстың инвестициялық ахуалын төмен деп айта алмаймыз. Негізгі капиталға са­лынған жалпы инвестициялардың көлемі үстіміздегі жылдың қаңтар-маусымында 37363,6 млн. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29%-ға артық. Инвестициялық қызметтің өсу қарқыны аудандар арасында, әсіресе, Сарысу (2,5 есе), Талас (113,2%) аудан­дарында, ал қалалардан Таразда (2,3 есе) бай­қалады. Өкінішке қарай, бұл шоқ­тықты шоғырдың ішінен Жаңатас, Шу қалалары көрінбейді. Сондай-ақ, облыс аумағында Қытайға транзитті магистрал­дық газ құбырының құрылысы бойынша жұмыстардың кысқаруы салдарынан капи­талдық салымдар Байзақ (13,1%), Жамбыл (15,9%), Жуалы (12,3%), Кордай (13,8%), Меркі (15%), Т.Рысқұлов (19,3%) және Шу (17%) аудандарында азая түскен. Сондықтан “алма піс, аузы­ма түс” дегендей, құдай айдап келіп қалған транзиттік жобаларға сенім арта бермей, әр аудан, әр қала әкімдері сол аумақ халқының әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін тұрақты инвести­ция­лық жобалар көлемін ұлғайту мақсатын­да ізденіп, жұмыс істегені абзал сияқты. Жарты жыл ішінде білім беру нысан­дары құрылысында 972,9 млн. теңге немесе бөлінген қаражаттың 88,7%-ы игеріліпті. Денсаулық сақтау нысандары құ­рылысында, оның ішінде “100 ауру­хана” жобасы шеңберінде іске асырылып жатқан 4 нысанда да қаражат игерілуі көңіл көншіткендей. Елді мекен­дерді  сумен жабдықтау жүйесін дамы­туға, “Жол картасының” нысандарын есеп­ке алмағанда, 1016,5 млн. теңге (83%), оның ішінде республикалық бюд­жет қаражаты есебінен  979,3 млн. теңге иге­ріліпті. Дегенмен жаңа оқу жылы бас­талар кезеңде құрылыс жұмыстары қолға алынған нысандар мен оларды мер­зімінде сапалы бітіруді мойындарына алған мердігер компаниялардың салдыр-салақтығы төңірегінде пыш-пыш әңгіме­нің шығуы жақсылық емес. Неге десеңіз, қаржы бар, ал қырқын мардымсыз. Соңғы жылдары облыста  тұрғын үй құ­рылысының қарқын ала бастауы қуан­тады. Жарты жыл ішінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 74,1 мың шаршы метрді құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда  22,1%-ға көп. Мұның ішінде жеке құры­лысшылар өз қаражаты есебінен 72,6 мың шаршы метр тұрғын үй салған. “Бәй­терек” шағын ауданында өткен жылы құрылысы аяқталмай қалған 70 пәтерлі тұрғын үй де пайдалануға беру алдында тұр. Жалпы, тұрғын үй құры­лысының көлемі 8 ауданда және Тараз қаласында өскені байқалады, ал Байзақ пен Талас аудандарында 19,3% және 5,4%-ға аз  салынған. Шалғайда жатқан Талас ауданының экономи­ка­лық және демографиялық жағдайының мақтанар­лық­тай емес екені белгілі, ал облыс ор­талығының іргесіндегі, ішкі және сыртқы миграция­ның нысанасына айналған Байзақ ауданында, басқа-бас­қа, тұрғын үй құрылысының өркен жая түспеуі түсініксіз. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде коммуналдық (жалға берілетін) және ипотекалық тұрғын үй құрылысына жылдың басынан республикалық бюджеттен жалпы сомасы 502,8 млн. теңге мақсатты трансферттер мен пайызсыз несие бөлінген,  оның нақты игерілгені 24,7 млн. теңге (4,9%). Бөлінген қаражат негізінен жобалау-іздеу жұмыстарына жұмсалған. Ал “Бәйтерек” шағын ауданында 70 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысына үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін конкурстық рәсімдер өткізілмеген, осыған сәйкес мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражаттың игерілуі басталмаған. Осы ретте, инженерлік-коммуникациялық ин­фрақұрылым нысандарына республи­ка­лық бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілуі 34,9%-ды (282,1 млн. теңге), оның ішінде Байзақ – 34,1%, Жамбыл – 4,9%, Жуалы – 0,3%, Кордай – 54,5%, Меркі – 98,8%, Шу аудан­дарында – 0,7%  және Тараз қаласында 36,5% құрағанын да айта кету керек. Бүгінде облыста жем-шөп дайындау және масақты дәнді дақылдарды жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мал шаруашылығында өнім өндіру көлемі мен мал басы өсімі сақталып отыр. Со­ны­мен бірге, ет өнімін өндірудің төмен­дегені Шу (5%), қой мен ешкі басының қысқаруы Байзақ (1,2%), түйенің – Жамбыл (22,9%), құстың – Мойынқұм (10,2%), Байзақ (3,2%) және шошқаның – Байзақ (27,3%), Т.Рысқұлов (19%), Мерке (5,8%) аудандарының шаруашы­лықтарында байқалған. Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға республикалық бюджеттен 1673,6 млн. теңге субсидия бөлінді, 1 шілдеге оның 440,4 млн. теңгесі игеріліпті. Бұдан бас­қа, облыстық бюджеттен асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға 16 млн. тең­ге субсидия бөлініп, оның 7,5 млн. теңгесі игерілген. Жеміс-жидек пен жү­зім­нің көпжылдық көшеттерін отырғызу және өсіруді қамтамасыз етуге 0,5 млн. теңге бөлініп, ол  100 % игерілген. Көріп отырғанымыздай, елде, оның ішінде өңірде қаражат жоқ емес бар, гәп со­ны оң мен солға шашпай, ел игілігіне, яғни облыс экономикасын көтеруге жұмсай білуде ме дейміз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. * * * Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz Ішкі істер министрлігі                                       www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі                                         www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі                       www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі                                  www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі                       www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі     www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі                                                                www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі                                                www.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі                                                                www.mіnplan.kz Әділет министрлігі                                                www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі                    www.emer.kz Мәдениет министрлігі                                          www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі            www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі                 www.mіnagrі.kz Экономикалық даму және                                   www.mіnplan.kz сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі                     www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі                             www.memr.gov.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі                            www.mіt.kz Статистика агенттігі                                            www.stat.kz