Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған конференция жұмысына қатысу үшін Қазақстанға келген Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісім ұйымы Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Тибор Тотты қабылдады. Кездесу барысында халықаралық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қ.Тоқаев мейманға Қазақстанға сапары және Президент Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша белгіленген Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күніне арналған конференцияға қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Қазақстанның осы халықаралық құрылыммен өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өте келіп, Қ.Тоқаев қаруды таратпау тәртібінің негізгі бөлігі және ядролық қарусыздану саласындағы тиімді құрал ретінде ЯСЖТСҰ рөлін атап өтті. Қ.Тоқаев ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайту және халықаралық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған ЯСЖТСҰ қызметін оң бағалады. “Қазақстан оның қызметін толық қолдайды және келісімнің тезірек күшіне енуін жақтайды”, – деді Төраға.
Атқарушы хатшы Т.Тот өз тарапынан ЯСЖТСҰ-ның Қазақстанмен қалыптасқан қатынастар деңгейін жоғары бағалады және ядролық қарусыздану мен оны таратпаудың жаһандық үдерістеріндегі біздің еліміздің үлесін жоғары бағалады.
Т.Тоттың пікірінше, ядролық қарудан бас тарту туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешіміне негізделген, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және ядролық қарусыздану мәселелеріндегі Қазақстанның көшбасшылығы еліміздің ядролық терроризммен күрес жөніндегі жаһандық бастамаға белсенді қатысуымен нақтыланып отыр.