Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев НАТО Бас хатшысының Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша арнайы өкілі Роберт Симмонсты қабылдады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстан мен НАТО арасындағы Әріптестіктің дербес іс-қимылдар жоспары шеңберіндегі қызметтестікті дамыту мәселелерін, “Дала қыраны-2010” халықаралық бітімгерлік оқу-жаттығулар нәтижелерін, Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайды қоса алғандағы өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Осы күні Қанат Саудабаев Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күніне арналған халықаралық конференция шеңберінде осы форумға қатысушылармен бірқатар кездесулер өткізді.
БҰҰ ДБ-ның Шығыс Еуропа, Балтық және ТМД елдері бойынша өңірлік директоры Кори Удовичкимен кездесуде Семей өңірін дамытудың бірлескен жоспарын жүзеге асырудағы Қазақстан мен БҰҰ қызметтестігіне зор маңыз берілді.
БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Мирослав Енча Қазақстан жағына форумға қатысуға шақырғаны үшін ризалығын білдірді. Ол БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күніне орай Қазақстан Президенті Н.Назарбаев атына жолдаған құттықтауын жеткізді.
МАГАТЭ-нің Бас директорының орынбасары Вернер Буркартпен кездесу барысында агенттіктің біздің елімізде жүзеге асырып жатқан бірқатар бірлескен жобалары туралы сөз болды.