Сәрсенбі күні Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымы Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Тибор Тотты қабылдады.
Кездесу кезінде Қанат Саудабаев өз сөзінде 29 тамыз күнінің терең астары бар екенін, себебі, 1949 жылдың дәл осы күні Семей полигонында алғаш рет ядролық қару сынағының басталғандығын, ал 1991 жылы дәл осы күні Елбасының шешімімен полигонның мүлдем жабылғандығын айрықша атап өте келе, бұл ретте Астанада Халықаралық Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күніне орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияның маңызына тоқталды.
Қ.Саудабаев сонымен қатар, әңгімелесуші тараптың назарын 2009 жылы наурыз айында күшіне енген Орталық Азияда Ядролық қарудан азат аймақ жасау жөніндегі келісімге аударды. Оның сөзіне қарағанда, бұл Келісім аймақтағы елдердің ядролық қаруды таратпау тәртібін нығайтуға және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шартта белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыруға қосылған айрықша үлес болып саналады. Бұл ретте ол ядролық қаруды таратпау тәртібі және ядролық қарусыздану саласындағы тиімді құралдардың бірі ретінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шартқа шынайы қолдауын білдірді.
Өз кезегінде сөз алған Атқарушы хатшы Тибор Тот Қазақстан мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымы арасында орнаған қарым-қатынас деңгейіне жоғара баға беріп өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау жөніндегі жаһандық үдеріске қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді. “Қазіргі таңда Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымының белсенді мүшелерінің бірі”, – деді бұл жөнінде Тибор Тот.
Бұл күнгі кездесу аясында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде ядролық мониторинг пен инспекциялық қызмет мәліметтерін сараптау жөніндегі Аймақтық оқыту орталығын құру, мониторинг мәліметтерін кешенді түрде сараптай отырып, анықтау, зерттеу жұмыстарының жобаларын дайындау мен жүзеге асыруға Қазақстанның қатысу мәселелерін талқыға салды.
“Мен Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау жөніндегі батыл бастамаларын жоғары бағалаймын. Бұл тек Семей ядролық полигонын жабу үдерісіне ғана емес, сонымен қатар, оның ядролық арсеналдан бас тарту жөніндегі бастамасына қатысты. Сол себепті, мен Қазақстанның бұл қадамдарына өз ризашылығымды білдіріп, қолдайтындығымды жеткізгім келеді”, – өз сөзінде Т. Тот. Оның сөзіне қарағанда, ядролық қарудан бас тарту жеке бір елдің ғана емес, әлемнің әр қиырында жатқан мемлекеттердің болашағы үшін маңызды. “Ол үшін осы үдеріске мүдделі кез келген ел белгілі бір мақсат жолында күш біріктіріп, дұрыс қадамдарға баруы қажет. Әрине, бұл оңай емес. Бірақ оны іс жүзіне асыруға болады. Бүгінде Қазақстан өзінің бастамалары мен қадамдары арқылы мұндай сенімсіздіктерді сейілтуге күш салып келеді. Бұл ретте біздің Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымының да атқарып отырған жұмыстары орасан дер едім. Болашақта бір бағытты көздейтін іс-шараларды одан әрі ширата түсуіміз қажет”, – деді Тибор Тот. Оның сөзіне қарағанда, 13 жыл ішінде аталған ұйым ядролық қарусыздану бағытында оң қадамдарға барған. “Бүгінде 15З мемлекет қолдау-көмек танытуда. Бұл жылдар ішінде біз ядролық сынақтарға байланысты халықаралық мониторинг жүргізу жүйесін енгіздік. Қазіргі таңда бұл жүйе нәтижелі түрде жұмыс істеп келеді”, деді Тибор Тот өз сөзінде. Сондай-ақ, оның айтуынша, бүгінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі Келісімге қосылмаған елдер де бар екен. “Біз үшін Солтүстік Корея, Индия және Пәкстан мемлекеттерінің шартқа қол қоюлары аса маңызды. Сондай-ақ, оны Қытай, Египет, Иран, Израиль, Индонезия мемлекеттері ратификациялауы қажет. Бұл шартты ратификацияламаған елдердің арасында АҚШ та бар. Бірақ та, біз жақын болашақта әлем елдерінің ұжымдық қауіпсіздік саласында бір-біріне өзара қолдау танытатынына сенім білдіргіміз келеді. Қазақстан бұл орайда көпке үлгі бола білді. Қандай нақтылы қадамдарға бару қажеттігін көрсетіп берді”, деп атап өтті ол.
Кездесу соңында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарт ұйымы Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Тибор Тот журналистермен кездесіп, олардың қойған сауалдарына жауап берді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ