Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы өкілі, Орталық Азия мемлекеттеріне арналған превентивтік дипломатияның өңірлік орталығының басшысы Мирослав Енчаны қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Кездесуде әлем қауымдастығы ерекше атап өтіп отырған, кеше Астанада болған Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған халықаралық конференция жөнінде айтылды. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып белгіленгені және бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары қабылданғаны мәлім. Осы орайда кездесуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның үстіміздегі жылы елімізге келген сапары, бұрынғы полигон аймағында болып, әлем қауымдастығын толық ядролық қарусыздану жолында айтқан пікірлерінің маңыздылығы туралы ой қозғалды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезінде бейбітшілікті нығайту, қауіпсіздікті сақтау, даулы мәселелердің шешілуіне ықпал ету жөніндегі ойлар ортаға салынды. Қазақстан осы мәселелердің оң шешімін табу үшін басқа да халықаралық беделді ұйымдармен бірлесіп қызмет атқаратыны анық.
Қырғызстанның саяси-экономикалық жағдайын тұрақтандыру үшін олардың өздері елдің даму жолын айқындап алуы қажет екені айтылды. Күрделі жағдайдан шығып кету үшін қырғыз еліне гуманитарлық көмек көрсетудің мән-жайы сөз болды.