25 тамызда Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Р.Миннихановты Татарстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісуімен құттықтады және Қазақстанның Ресей Федерациясының Татарстан тәрізді ірі өңірімен достық пен сенімге негізделген дәстүрлі ынтымақтастығы қазіргі қарқынын жоғалтпастан, одан әрі табысты дами беретініне сенім білдірді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды. Әріптестіктің перспективалы бағыттары ретінде мәшине жасау, мұнай және мұнай-химия салалары, ауыл шаруашылығы, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық және өзге де салалар атап өтілді. Ынтымақтастықтың маңызды бағыты инновация саласы болып табылады. Тараптар жол құрылысы және мұнай-химия салаларындағы бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастырады.
Сонымен қатар, Татарстан басшылығы қазақстандық астықты сатып алу ниетін білдірді.
Қазақстанда “КамАЗ”, “Қазан тікұшақ зауыты” кәсіпорындарымен бірнеше бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылуда. 2008 жылы “КамАЗ-Инжиниринг” бірлескен кәсіпорны 10,5 миллиард теңгенің өнімін шығарып, Қазақстанның жүк көліктері рыногының 75 пайызын қамтамасыз етті.
Қазақстан Республикасымен “Татнефть” ААҚ, “Нижнекамскнефтехим” ААҚ, “Нижнекамскшина” ААҚ, “КАМА” сауда үйі” ААҚ, “Казаньоргсинтез” ААҚ, “Альметьев құбыр зауыты” ААҚ және Татарстанның өзге де кәсіпорындары ынтымақтастық жасап келеді.
Журналистерге арналған брифингте Татарстан Республикасының Президенті Астана құрылысының қарқынына таңданысын білдірді.
– Мұнда жасалғанның бәрі де жоғары әлемдік деңгейде атқарылған. Көптеген нысандардың әлемде баламасы жоқ. Біз мұнда келген сайын үйреніп қайтамыз, – деді Р.Минниханов.
Татарстан Президенті Қазақстан экономикасын дамытудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне жоғары баға берді.
Нұрсұлтан Назарбаев – біз үшін үлгі-өнеге. Бұл – посткеңестік кеңістіктегі Ұлт Лидерінің жарқын мысалы, соның арқасында республика гүлденіп, дағдарыстың барлық салдарларын табысты еңсере білді. Нұрсұлтан Әбішұлы – бұл тұлға, мемлекетті осындай лидердің басқарып отырғаны Қазақстан үшін бақыт, – деп атап көрсетті Р.Минниханов.
* * *
Елбасы Қабылдады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері: Ресей Федерациясынан – Рашид Нұрғалиевті, Беларусь Республикасынан – Анатолий Кулешовті, Қазақстан Республикасынан – Серік Баймағанбетовті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Министрлер Мемлекет басшысына Астанада өткен Кеден одағына қатысушы мемлекеттер Ішкі істер министрлері кеңесінің қорытындылары, атап айтқанда, Қазақстан, Беларусь және Ресей құқық қорғау органдарының ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесіне және заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі, бірыңғай кедендік кеңістікте ақпараттар алмасудағы ынтымақтастығын дамыту мәселесі туралы баяндады.
Журналистерге арналған брифингте Рашид Нұрғалиев пен Анатолий Кулешов Қазақстанда жүргізіліп жатқан құқық қорғау жүйесін реформалауға жоғары баға берді.
– Бізде, Ресейде де ішкі істер министрлігін жаңғырту ісі жүргізілуде. Онда да бірінші міндет – өзге құрылымдарға еш ауыртпалықсыз беру арқылы тән емес міндеттерден босатып, бар назарды қылмыспен күреске шоғырландыру. Мен Қазақстанның құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарын қолдаймын, – деді Ресей ішкі істер министрі.
Р.Нұрғалиев реформа Қазақстанның құқық қорғау құрылымдары жұмысының ашықтығы мен нақтылығына мүмкіндік туғызатынын атап өтті.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты – полиция жұмысын жақсарту. Бұл ішкі істер органдарының жұмысын ел халқына етене етуге жол ашады, – деп атап өтті А.Кулешов.