27 Тамыз, 2010

Қостанайдағы көп іс көңілімнен шықты

696 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы жұмыс барысына осындай баға берді Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Қостанай облысына сапа­рында жылына отыз мың тонна өнім шығаратын жаңа ірі макарон фабрикасының ашылу сал­та­на­тына қатысып, жұмысшылармен кездескенін газет оқырмандарына бұдан бұрын хабарлаған едік. Келесі күні ертеңгісін Нұрсұлтан Әбішұлы Меңдіғара ауданына келді. Осы аудандағы “Раскөл” жауапкершілігі шектеулі серік­тес­ті­гінің астық алқабында аймақ бас­шыларымен және шаруашы­лық жетекшілерімен, кәсіпкер­лер­мен кездесіп, әңгімелесті. Биыл елімізде болған қуаң­шы­лық Қостанай диқандарына да сын болды. Өңірде ала жаздай көктен тамшы тамған жоқ. Бірақ аңқасы кеуіп жатса да, жер-ананың төсін­де алтын астық жайқалады. “Рас­көл” шаруашылығының жетекшісі Рафаил Файзуллин Елбасына өз шаруашылығы туралы баяндады. Дәнді дақылдар өсірудің заманауи технологиясын үйрену зор табыс әкелді. Мысалы, биылғыдай қуаң­шылық жылы құр қол қалмай, қам­баға астық құю озық техноло­гия­ның тамаша қайтарымы болып табылады. Көптеген шаруашы­лық­тар ылғалдың аз түсуіне қара­мас­тан, бидайды гектарына 13-14 цент­нерден жинауда. Ал облыс бой­­ынша орташа көрсеткіш гектарына 8 центнерден кем болмайды. – Биыл жыл өте ауыр болды. Қуаңшылық деген жылдардың өзінде жазда бір-екі рет жаңбыр жауып өтетін. Биыл күннің ысты­ғы 30 градустан түскен жоқ. Со­ның өзінде бүгінде гектарына он цент­нерден айналдырып жатыр­мыз. Бұл – ылғал жабу техноло­гия­сын сақтағанның арқасы. Егер жаңбыр болғанда гектар түсімі 27 центнерге дейін баратын еді,–деді осы кездесуге келген Сарыкөл ауданындағы “Ақкиік” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің ди­ректоры Амангелді Жалғасов. Егін алқабы жаңбырдан қалса да, қырманы астыққа толған шаруа­шы­лықтың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов бас­қаратын “Қарқын” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жаңа тех­ника мен озық технология жаң­бырдың аздығын білдірмей, қайта күннің ыстығы дәннің сапасын да көтеріп жіберді. – Техника паркін жаңарттық. Озық технология өзінің қайтары­мын берді. Соның арқасында гек­тарына 14 центнерден астық жи­нап жатырмыз. Дәннің қамырлы­лы­ғы – 31! Бұл – біздің шаруа­шы­лықта бұрын-соңды болмаған нәрсе. Мемлекеттің қамқорлығын диқандар жақсы сезініп отыр. Ас­тық пен майлы дақылдарға суб­си­дияны жыл сайын аламыз. Бұл – үлкен көмек. Сізге рахмет. Биыл гер­бицидке субсидия алдық, соны­мен қатар, арзан жанар-жағар май­ға да үйреніп алғандаймыз, – деді Сайран Бұқанов. Президентпен әңгімеге белгілі агроном ғалым, Ауыл шаруа­шы­лы­ғы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Валентин Двуре­ченс­кий, шаруа қожалығының же­текшісі Ыбыраш Естаев қатысты. – Биыл жаңбыр жаумаса да озық технологияның, заманауи техниканың арқасында астық жи­нап жатырмыз. Оның үстіне мына кәсіпкерлердің барлығы да жердің иесі емес пе? Өзімдікі дегенде өз­ге­ше қуат танытады. Ауыл шаруа­шы­лығының осылай түбегейлі өзгеруіне Сіздің ықпал, қолдауы­ңыз көп болды. Ал 1975 жылы дәл осындай қуаңшылықта мұндай табыс тұрмақ, кеусен болмаған,–деді Валентин Иванович. Облыс әкімі Сергей Кулагин биылғы қуаңшылықтың әрі ұзақ, әрі тым ыстық болғанын, табиғат­тың 1975 жылғы осындай құбылы­сы­нан да асып түскенін айтты. Жаң­бырсыз жазда шөп те күйіп кетті. Сондықтан қазір оның тап­шылығы да, қымбатшылығы да қат­ты сезіледі. Осы жайды сұраға­нымызда Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев биыл шөптің өзіндік құнының қымбаттап кетуіне байланысты асыл тұқымды және жалпы мал ұстап отырған шаруашылықтарға субсидия мәселесінің Қаржы ми­нистрлігінде шешіліп жатқанды­ғын айтты. Әр малдың басына 16-17 мың теңгеден көмек беріледі. Биылғы ауыл шаруашылығындағы міндеттің бірі де осы, мал басын пышақтан аман сақтап қалу. Табиғаттың биылғы қаталды­ғы­на қарамай, Қостанай облы­сын­да орта деңгейде астық шығымы Президентті риза етті. Облыста дән сіңірілген 4,3 миллион гектар жердің 80 пайызы нөлдік техно­ло­гиямен өңделген. Нұрсұлтан Әбішұлы мұны зор табыс деп ба­ғалады. Президент еліміз бойынша астық өндіруді дамыту үшін жасалған үш жұмысты бөле-жара айтты. Алдымен техниканы жаңар­туға көңіл бөлінді. Қазіргідей қуатты тракторлар мен комбайн­дар Қазақстанның тарихында болған емес. Екіншіден, озық тех­но­логия батыл енгізілді. Үшінші­ден, мемлекет шаруашылықтарды қаржылай қолдап отыр. Кездесуде Президент шаруа­шы­лық жетекшілеріне жерді күтіп ұстауды, өңдеуді айырықша тап­сырды. Фосфор, азот, газ өзімізден шығып жатқанда, болашақта тың­айт­қышты да өндіруге болатынды­ғын еске салды.Қазақстанда астық алқаптарының гектарынан 20 центнерден өнім алатындай мүм­кін­дік жасау керек. Бұл үшін жер­мен айналысқандар оның күтімін ұмытпағанда ғана табысқа жетеді, ал бұл – қаржыны талап ететін жұмыс. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне тапқан табысты қалтаға сала бермей, үш қабатты зәңкиген үйлер жарысына жібермей, жерге жұмсау керектігін айтты. Игілікті іске жұмсалған қаржының қайтарымы болмай қалмайды. – Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз техника жөнінде айттыңыз. Біздің облыс 80 миллиард теңгеге 9 мың дана ауыл шаруашылығы техни­ка­ларын алды. 645 кешенді техника­лар, 2400 өнімділігі жоғары ком­байн алғанбыз. Біз күніне 200 мың гектар алқаптың астығын жинай аламыз. Бар-жоғы 10-15 күннің ішінде науқанды бітіреміз,–деді облыс әкімі Сергей Кулагин. Нұрсұлтан Әбішұлына облыста жүзеге асырылған инвестициялық бағдарламалар таныстырылды. Жыл­дың бірінші жартысында Қос­танайда алты ірі жоба өндіріске жол тартты. Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігінде металл про­каты зауыты ашылды, ал қалған бес жоба да ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Қостанай ауданында ірі ет өңдеу кешені, осы ауданның Садчиков ауылы мен Федоров ауданындағы Таза Шаңдақ ауылында тауарлы сүт фермаларының тұсауы кесілді. Қостанай ауданының Жданов ауылында ашылған қоңды тауық фабрикасы базар молшылығын жасайтын болады. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы зығыр майын сығатын цех пен диірмен кешені де ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатудағы жетістіктің бірі. Енді жылдың екінші жарты­сын­да тағы да бес инвестжоба жү­зеге аспақ. Осы сапарында өзі тұ­сауын кескен макарон фабрикасы осы инвестжобаның бірі болатын. Ал оның қуаты мен өнімінің сапасы жөнінен Орталық Азияда әзірге теңдесі жоқ. Ал 2015 жылға дейін облыста 475 миллиард тең­геге бағаланатын ірі 17 инвести­циялық жоба тағы жоспарланып отыр. Осы жұмыстардың барлығы алақандағыдай кішкентай макетке сыйғызылып, Елбасына танысты­рыл­ды. Нұрсұлтан Назарбаев аудан әкімдері және кәсіпкер­лер­мен кездесуінде ауылды әлеуметтік жағынан дамытуды міндеттеді. Президенттің облысқа сапары аясында “Қазақтелекомның” EV-DO технологиясы негізінде сым­сыз қатынас желісін құру жөнін­дегі қанатқақты жобасын іске қо­суы осы міндет үдесінен шығудың жарқын көрінісі еді. “Қазақтеле­ком” АҚ басқарма төрағасы Қуа­ныш­бек Есекеев EV-DO техно­ло­гия­сын пайдалана отырып, кеңжо­лақ­ты қатынас қызметтерін Нұр­сұл­тан Әбішұлына таныстырды. Осы жобаның арқасында Қостанай облысында бірден үш ауданда Мең­діғарада, Сарыкөлде, Қоста­най­да ауылдық жерлердегі бай­ла­ныс қызметтеріне деген сұраныс то­лық қанағаттандырылатын болады. – Сымсыз интернет жүйесін республикамыздағы қала тұрғын­дары әлдеқашан пайдаланып отыр. Енді байланыстың осы түрін дәл сондай сапада ауылға да алып кел­ді. Оны орнатуды Қостанай облы­сының үш ауданында бастадық. Алдағы үш жылдың көлемінде бүкіл елімізді қамтимыз,– деді Қуанышбек Есекеев. Облыс әкімі Сергей Кула­гин­нің айтуынша, “Жол картасы” бағ­дарламасы облыста биыл да жақсы жалғасын тапты. Ол үстіміздегі жылы республикалық және жергі­лікті бюджеттен бөлінген 7,6 мил­лиард теңге қаржымен толықты­рылды. Кездесу соңына қарай Нұрсұл­тан Назарбаев журналистерге сұхбат берді. Онда Елбасы ауыл шаруашылығына жасалып отырған мемлекеттік көмек және жүзеге асырылған жұмыстар туралы айтып берді. Бұл салаға мемлекет 225 миллиард теңге қаржы бөліп отыр. Соның арқасында егін және мал шаруашылығының дамуы үшін субсидиялар бөлінуде. Ұқсату кәсіпорындары ашылуда. – Мен Қостанай облысында атқарылып жатқан істерге риза­мын. Биылғыдай күрделі жылдың өзінде мұнда 4 миллион тоннадай астық жиналатын болады. Айна­ла­мыздағы көптеген елдерде қуаң­шы­лыққа байланысты күрделі жағ­дай қалыптасып отыр. Ал Қазақ­стан­ның қамбасы астыққа толады, ол сыртқа сатуымызға да, ішкі қа­жеттілікке пайдалануымызға да, қорға, тұқымға қалдыруымызға да же­теді. Ең бастысы – халық тоқ бо­лады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Журналистер сұрағына берген жауабында Елбасы бидайдың бағасын нарық реттейтінін айтты. – Биыл ішкі рыноктың өзінде бидайдың тоннасы 180 АҚШ дол­ларына тең. Ол сыртқы рынокта 230 доллардан кем болмайды. Баға былтырғыдан екі есеге дейін жо­ғары болғандықтан, ауыл шаруа­шылығы қызметкерлерінің табысы да кемімейді, маңдай терді ақтайды, – деді Президент. Кездесу соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай халқын алда келе жатқан Консти­ту­ция күнімен құттықтады. Қазақ­станның табысы халқымыздың бір­лігінде, татулығы мен досты­ғын­да екенін тағы да еске сала отырып, денсаулық, береке, дәулет тіледі. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. ---------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.