Қазақстан халқы осыдан 15 жыл бұрын ортақ тарихи тағдыры бар ежелгі қазақ жерінде бостандық пен теңдікті, әділдік пен заңдылықты алға қояр ең басты құжат – Конституцияны қабылдады. Ата Заңында өзін “демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған, ең қымбат қазынасын – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, деп тайға таңба басқандай етіп көрсеткен Қазақстан осы қағидаларды қатаң басшылыққа ала отырып, дамып келеді. Соның арқасында қазіргі таңда әлемге танылып, өзіндік даму моделі бар мемлекетке айналып отыр.
Басты міндеті – азаматтар құқықтарын қорғау болып табылатын Конституция қазақстандық полиция реформасының іргетасын қалауға негіз болды. Қазіргі таңда бұл межелі міндет, полиция қызметкерлері басшылыққа алған “Қазақстан Республикасының ішкі істер органы туралы” Заңы арқылы жүзеге асып келеді. Бір айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы ішкі істер органы қызметінің өкілеттілігі мен ұйымдастырылуын, мәртебесі мен құрылысын анықтайтын бұл заң Конституциямен қатар бір жылда қабылданды. Бүгінде демократиялық, құқықтық жолмен дамып келе жатқан Қазақстанның құқық қорғаушылары қызметі заңдылық пен жариялылық ұстанымына сәйкеседі. Қылмысқа жол бермеу, адам мен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда ішкі істер органдары қызметкерлерінің арқалаған ауыр жауапкершілігінен аттап кете алмаймыз. Бұл тұста қызметке алғаш қадам жасағанда адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берген әр тәртіп сақшысының ел алдындағы бейнесі де анықталады.
Полиция – елдің қорғаны. Халықтың тәртіп сақшыларына деген сенімі қылмыстардың дер кезінде, ізі суымай ашылуымен беки түсетіні сөзсіз. Батысқазақстандық полиция қызметкерлері де бұл бағытта аянып қалған емес. Оған тәуелсіз еліміздің тарихында нағыз ерлік пен өрліктің шыңын көрсете білген әріптестеріміздің абыройлы еңбек жолы дәлел бола алады. Әрине, әр уақытта қызметтік міндеттерін атқару, азаматтардың мүдделерін қорғау кезінде қаза болған тәртіп сақшылары туралы да ұмыт қалдыруға болмайды. Себебі, олар – бейбіт өмірдің тыныштығы үшін өз өмірлерін қиған азаматтар. Өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облыстық ІІД-нің тарихында қызмет бабында қандықол қылмыскерлердің қолынан қаза болған асыл азаматтардың саны аз емес. Олардың ішінде қаныпезер қылмыскерлердің пышағынан көз жұмған Тасқала аудандық ІІБ кезекші-инспекторы, милиция капитаны Сайын Ахметқалиев, қылмыскерді құрықтау кезінде ауыр жарақаттанып, оқиға орнында жантәсілім еткен сақшылар – Зеленов аудандық ІІБ патрульдік-бекеттік қызметінің полицейі, милиция сержанты Олег Кучер, Орал қалалық ІІБ дәрігерлік айықтырғыштың полицейі, милиция сержанты Иват Мумбаев, Бөрлі аудандық ІІБ ведомостводан тыс күзет полицейі Байжан Қазиев, Шыңғырлау аудандық ІІБ учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Сәрсенбай Тәжмұхамбетов және қарақшы топтың қолынан қаза болған Бөрлі аудандық ІІБ аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Павел Шошин мен қаскөйдің оғынан тағдыры үзілген бөрлілік полицей, аға сержант Мәлік Рушановтың есімдері Батыс Қазақстан облыстық ІІД-нің “Естелік кітабына” мәңгілікке енгізілді.
Ішкі істер органдарының қызметі әр полицейдің болмыс-бітімінде адамгершілік, рухани-этикалық беріктіктің болуын талап етеді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы ІІО қызметкерлерінің Ар-ождан кодексі мен ішкі органдар қызметкерлерінің қызметтік әдеп ережесі тек Конституция заңдарын мүлтіксіз сақтаудың бастамасы ғана емес, ел алдында ант қабылдаған әр тәртіп сақшысы үшін айнымас кәсіби біліктіліктің айнасы болып саналады.
Ел Конституциясының 17-бабында атап көрсетілгеніндей, адамның қадір-қасиетіне ешкімнің қол сұғуына жол берілмейді. 2007 жылғы 25 қазанда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясында Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы 1984 жылдың 10 қазанында қабылданған Азаптауға және өзге де ауыр, адамгершіліксіз немесе адамның қадір-қасиетіне қол сұғатын жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға қосымша Факультативтік хаттамаға қол қойған болатын. Биылғы жылдың ақпан айында Қазақстанның құқық қорғау органдары өзара, сонымен қатар, азаптауды шектеу мәселесіне қатысты азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп әрекет жасасу жөнінде құжат қабылдады. ІІД арнайы мекемелерінің қызметкерлеріне арналған семинар-кеңес өткізіліп, бұл шара кезінде жалпыға міндетті оқу бойынша семинарға қатысушылар ІІБ арнайы мекемелерінің регламент жүргізу қызметі, сонымен қатар, Еуропа мемлекеттерінің әдебиеттерімен және басқа да азаптауға қарсы, азаматтардың қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге жаза қолдану туралы Қазақстан Республикасының қайта қабылданған нормативтік актілерімен танысты. Қандай кезде де полиция қызметкері конституциялық нормаларды жүзеге асыруы керек. Ол қылмыс жасағаны үшін ұсталған күдіктілерді азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге және басқа да адамдық қадір-қасиеттеріне қол сұғатын қарым-қатынасқа баруға немесе жазалауға жол бере алмайды.
Азаматтардың заңға жүгінуін, олардың құқығы мен бостандығының қорғалуын бақылауды ІІД және ҚАІІББ жанында құрылған қоғамдық кеңес жүзеге асырады. Құрамында облыстың белгілі қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері бар кеңесте полицияға түсірген өтініштері қанағаттандырылмаған немесе шара қолданылмаған жағдайда түрлі ұйым өкілдері мен қарапайым халық арыз-шағымдарын жеткізе алады.
Таяуда біздер бірінші жартыжылдық жұмыстың қорытындысын шығардық. Соңғы алты айда аймақта жалпы қылмыстардың ашылу деңгейі біршама жақсарғаны байқалады. Мәселен, ауыр қылмыстар саны – 30,2%-ға, қасақана кісі өлімі – 19,4%-ға, денсаулыққа қасақана зиян келтіру – 29,0%-ға, зорлау 9,7%-ға азайды. Ал, қарақшылық – 33,3%-ға, алаяқтық 6 пайызға кеміген, жалпы осы уақыт аралығында қоғамдық орындар мен халық көп шоғырланатын орындарда, көшелерде жасалатын қылмыстардың артып, керісінше топтасып жасалатын құқық бұзушылықтар санының біршама кемігенін байқауға болады.
Облыс аумағында жол-көлік апаты азайып, соңғы жарты жылда жол-көлік оқиғалары 13,4 пайызға азайған. Қылмыскерлерді іздестіру жұмыстары 83,8 пайызға жетіп отыр. Анықталған есірткі қылмысының жалпы саны 2,7 пайызды көрсетіп, заңсыз айналымнан 22,7 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.
ІІМ қолға алған шаралар нәтижесінде жергілікті билік өкілдерінің көмегімен ІІД-нің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қазіргі таңда полиция қызметкерлері тек соңғы үлгіде жабдықталған компьютер мен автокөлікті ғана емес, ақпаратты өңдеу және таратуда соңғы технологияларды қолданып келеді. Мәселен, бірінші жартыжылдықта Жедел басқару орталығының көмегімен 56 қылмыстық іс ашылды. Есептік кезеңнің ең маңызды жетістігі – құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізілген шаралардың жақсы нәтижесі. Бұл мәселеге билік органдарымен қатар, қоғамның шынайы қызығушылық танытатыны біз үшін аса маңызды. Негізгі күшін құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысты ашу жұмыстарына жұмылдырған батысқазақстандық полиция қызметкерлері әрқашан азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға дайын. Конституция мүмкіндік берген талап-міндеттерді бағдар етіп ала отырып, тәртіп сақшылары құқықтық тәртіпті сақтау мен еліміздің тыныштығы үшін өздерінің ауыр жұмыстарын жалғастырып келеді. Қазақстанның әр азаматы өз құқығын, бостандығы мен мүддесін қорғай алуы қажет. Конституцияның 34-бабында: “Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, өзге адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті”, – деп жазылған. Демек, жалпы халық пен мемлекет заң шығара отырып, өздері сол заңға еріксіз бағынады, себебі, әр адам және азамат заңға мойынсұнуы тиіс.
Бір қуантарлық жәйт, қылмыскерлерге қарсы күресте біз жалғыз емеспіз, өйткені, жергілікті халық полиция қызметкерлеріне көмек қолын созып, қылмысты ашу жұмысына белсене араласуға әр уақытта дайын. Осы жылдың сәуір айында Ақсай қаласында 10 жасар бүлдіршіннің жоғалып кетуі жөніндегі суыт хабар облыс жұртшылығын дүрліктірді. Полицияның іздестіру тобы қыздың жоғалуын ата-анасы мен ағасының осы аймақтағы белгілі кәсіпкерлігімен байланыстырып, баланың амандығы үшін қомақты ақша талап етуі мүмкіндігін жасырмаған еді. Сол кезде қызды іздестіру және куәгерлерді табу жұмысына мыңдаған полиция қызметкері, тәжірибелі сақшылардан құралған тоғыз жедел тергеу тобы, “Арлан” арнайы мақсаттағы бөлініс жауынгерлері жұмылдырылды. Қиын сәтте іздестіру жұмысына қолұшын беруге дайын екендіктерін білдірген жүздеген адам полиция қызметкерлеріне маңызды ақпарат берді. Осылайша ауызбіршілік пен полицияға деген халықтың шынайы сенімі арқасында куәгерлер табылып, қызды ұрлаған автокөлік маркасы және оны ұстап отырған пәтер туралы ақпаратқа қол жеткіздік. Арнайы операция жүргізу барысында бір тәуліктен кейін бүлдіршін мен Орал қаласындағы пәтерлердің бірін жалдап тұрып жатқан қылмыскерлер де табылды. Адамның рухани құндылықтарына қайшы келетін арсыз қылмыс жасаған қаскөйлердің қолына сол күні-ақ кісен салынды. Тергеу барысында бүлдіршіннің өмірін саудаламақ болған қаныпезерлердің жұмыссыз жүрген Орал қаласының бұрын сотталған 30 жастағы екі тұрғыны екені анықталды. Бұл істің осылайша сәтті аяқталуы полиция қызметкерлерінің көрсеткен кәсіби тәжірибесі, сонымен қатар, құқық қоғау органдарына деген тұрғындардың жоғары дәрежедегі сенімі үлкен ықпал етті деп айта аламын.
Батысқазақстандық полиция қызметкерлері өңірде орын алған барлық заң бұзушылықтар бойынша жан-жақты әрі кәсіби деңгейде қызмет жасауға дайын, бұл бағытта олар құқық бұзушылықтың алдын алып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жолында пәрменді шаралар қабылдай бермек.
Арман ЖАЛМҰХАНБЕТОВ, Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры.