29 тамыз — Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні
Қазақстан Республикасының ұсынысы Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тауып, 29 тамыз — Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде тұңғыш рет бүкіләлем бойынша атап өтілмек. Ал бұл күн — Семей атом полигонында 1949 жылы алғашқы жарылыс жасалған және 1991 жылы Елбасы Жарлығымен Семей полигоны жабылған күн. * * * Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Орталық Азия аймағы аясында Қазақстан ядролық қауіпсіздікті нығайту, ядролық материалдардың таралуына жол бермеу және ядролық лаңкестікпен күрес жөнінде өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеуге бастамашы болды. Осы тәжірибені әлемнің басқа өңірлеріне де тарату орынды болар еді.(Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте сөйлеген сөзінен).
* * *АТОМ ИГІЛІККЕ ҚЫЗМЕТ ЕТСІН
Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері біздің еліміздің ядролық қаруды ауыздықтау жөніндегі тәжірибесіне таңдана отырып, оны зерттеп білуге ұмтылуда десек, еш артық айтқандық болмас. Иә, әлемдік қауымдастық ешқандай шарт қоймай-ақ, дүние жүзі бойынша бірінші болып атом қаруынан өз еріктерімен бас тартқан біздің еліміз бен Елбасымызға тәнті болып отырғаны да еш қоспасыз шындық. Осы орайда халықаралық “Невада – Семей” қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов айтқандай, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бұрынғы Кеңестер Одағы әскери-өндіріс кешенінің қатты қарсылығына қарамастан, азаматтық ерлік және саяси кемеңгерлік үлгісін таныта отырып, өзінің тарихи шешімімен Семей ядролық сынақ полигонының үнін өшірді. Солайша ең алдымен мұндағы сынақтарға тыйым салып, полигонды жабуға қол жеткізген Елбасымыз мұнымен де шектелмей, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан біржола бас тарту жөнінде батыл қадам жасап, тиянақты шешімге келді. Соның бәрінде бүкіл Қазақстан халқы секілді халықаралық “Невада – Семей” қозғалысының екі миллионнан астам мүшелері де еліміздің Тұңғыш Президенті сапынан табыла білді. Сондықтан да болар, өткен жылдың 18 маусымында Семейдегі Ертіс айрығындағы атом құрбандықтарына арналған “Ажалдан да күшті” монументі жанында өткен сан мыңдаған адам қатысқан митингіде Елбасымыз қозғалыс серкесі Олжас Сүлейменовтің атына жылы лебіз білдірді. Алғаш атом бомбасы жарылған 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы идея осы арада Елбасы аузынан айтылды. Іле бұл идея Біріккен Ұлттар Ұйымы сынды мәртебелі ұйым тарапынан зор қолдау тапты. Сөйтіп, бұл күн ендігі жерде үміт пен қуаныш күніне де айнала түсіп келеді. Иә, бүгінде атом қазақ жерінде адамзат игілігіне жұмыс істей бастады. Семей атом полигоны жабылған соң арада бір жыл өтпей жатып Президент Жарлығымен кешегі полигон астанасы Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық құрылды. Бұл орталықты қазірде ғылыми және іскерлік әлеміндегілер жақсы біледі. Қазіргі таңда Курчатов жасарып, жаңғыра түсуде. Мұндағы үйлер қалпына келтіріліп, жаңадан жұмыс орындары көптеп ашылуда. Соның бәрі ел егемендігінің, Елбасының қажыр-қайратының арқасы деп білеміз. Сұлтан КАРТОЕВ, халықаралық “Невада – Семей” қозғалысының вице-президенті. Семей. * * *ЖАН ЖАРАСЫ ЖАЗЫЛАР ЕМЕС
Семей ядролық полигоны бұрынғы КСРО жеріндегі ең ірі ядролық полигон еді. Ол Қазақстан Республикасының бұрынғы Семей облысының, Павлодар, Қарағанды облыстарының шекарасында, Семей қаласынан 130 шақырым қашықтықта, Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасқан болатын. Полигоннан жалпы барлығы 304 000 шаршы шақырым аумақ зардап шекті. 1989 жылы Олжас Сүлейменовтің бастамасымен Невада-Семей қозғалысы құрылып, осы қозғалыс әлем бойынша ядролық сынақтардың құрбандарын біріктірді. Сонымен, 1989 жылдан бастап ядролық сынақтар өткізілмейді. Қазақстан Республикасы Президентінің №409 Жарлығы бойынша ядролық полигон жабылды. 1992 жылы Қазақстан, тәуелсіз мемлекет ретінде Лиссабон хаттамасына ядролық қаруды таратпау бойынша қол қойды. 1993 жылы ТМД елдерінің ең біріншісі болып Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы құжатқа қол қойды. Биылғы жылы Семей ядролық полигонының жабылғанына 19 жыл толды. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты мен берік ұстанымының арқасында келген тыныштықтың мерзімі. Бүгінгі таңда Бесқарағай ауданы бойынша Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер үшін медициналық және әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Осы орайда “Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу жөніндегі кейбір мәселелер туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 ақпандағы №110 қаулысын жүзеге асыру негізінде 2006 жылдан бастап 1054 адам ниет білдірді, 18630,1 мың теңге сомада әлеуметтік көмек жүргізілді. 2010 жылдың 1 тамызына коммуналдық қызметтер үшін мүгедектігі Семей ядролық полигонымен байланысты 287 азаматқа 574 000 теңге төленді. Мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге экологиялық 12 күндік демалыс беріліп, үстемақы төленеді. Полигоннан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ауданда жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларын, сүт безі қатерлі ісігін, жатыр мойнының қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында алдын алу тексерулері және 18 жасқа дейінгілерді тексеру жүргізіледі. 2010 жылдың 7 айында 5632 бала және 1906 ересек адам жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын, 412 адам сүт безі қатерлі ісігін, 512 адам жатыр мойнының қатерлі ісігін анықтау үшін тексерілді. Емдеуге жатқызу бюросы арқылы республикалық емханаларда 4 науқас емделіп шықты. Ауданның орталық ауруханасында 1124 науқас емделіп шықты. Зардап шеккендерге тәжірибелік көмек көрсету үшін 2010 жылдың 9-13 тамыз аралығында Семей қаласының радиациялық медицина мамандарының бригадасы қомақты жұмыс істеді. Төлеужан ЖЕКСЕНБАЕВ, Бесқарағай ауданының әкімі. Шығыс Қазақстан облысы. * * *ӘЛЕМ АСТАНАҒА КӨЗ ТІГЕДІ
Өткен ғасырдағы алапат зұлмат – қазақ даласының ядролық сынақ алаңына айналуы еді. Бұл енді біз де, біздің ұрпақтарымыз да ешқашан ұмыта алмайтын қасірет. Сонау 1949 жылдың 29 тамызында таңғы сағат 6.30-да Семей полигонында жергілікті халыққа ескертілместен, жер үстінде қуаттылығы 30 килотонна болатын атом жарылысы орын алды. 1951 жылдың 18 қазанында уран бомбасы, 1953 жылдың 12 тамызында сутегі бомбасы және сыналды. Тек 1961-62 жылдардың өзінде әуеде және жер үстінде 50 ядролық бомба сыналса, 1963 жылдан 1989 жылға дейін жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Бұл тек сан ғана емес, оның ар жағында Семей өңіріндегі, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары тұрғындарының жылдар бойы шеккен қасірет-қайғысы, алапат сынақтардың зардабы, азаматтардың тағдыры тұр. Полигон орналасқан Абыралы ауданы таратылып, жұрт атамекенін тастап, күшпен көшірілді. Қаншама адам сәулелену, қатерлі ісік, қан қысымы, іштен кемтар болып туу, көз, психикалық ауруларына шалдықты. Қаншама ауыр болса да қайсар халқымыз сол қиындықтардың бәріне жан-тәнімен қарсы тұрды, ақыры адамзат тарихындағы алапат зұлматты да жеңіп шықты. Бұл, әрине, еліміздің Тәуелсіздік алғандығының арқасы. 1991 жылы, дәл 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Келер жылы ол тарихи күнге де 20 жыл толады. Мен сол сынақ аймағына жақын Абыралы, Абай өңірінде туып-өстім. Бала кезімізде мектепте жүргенде, “занятие болады” дегенді еститінбіз. Мұғалімдеріміз сабақты дереу тоқтатып, барлық оқушыларды мектеп сыртына шығарады. Сосын жер сілкінісі болатын. Кейде үйде отырған кезімізде, ата-анамыз жер сілкінеді деп далаға алып шығатын. Соның бәрі ядролық қару сынағы екенін біз білмейтінбіз. Өсе келе, газеттердегі: “Семей полигонында қуаттылығы әлденеше килотонна, әйтпесе мегатонна сынақ өткізілді” деген ТАСС хабарын көзіміз шалып жүрді. Ол біздің бастан кешірген сілкініс екенін білетінбіз. Бірақ бар шарасыздықтан соған үнсіз мойынсұнып көнуші едік. Барлығы 18,5 мың шаршы шақырым жазықтықты алып жатқан сынақ аймағы – бұл бұрынғы Абыралы ауданының, сондай-ақ онымен шектес Абай, Бесқарағай, Жаңасемей, Шұбартау, Май, Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарының жері. Бұл – қазақ руханиятының талай майталмандары туған киелі топырақ. Үлкендер аңыз етіп айтатын қарағайлы таулар, сылдырап аққан бұлақтардың бұл күнде жұрнағы да жоқ. Жер бетіндегі сынақтар салдарынан “Атылған көлдер”, былайша айтқанда, қолдан зорлықпен жасалған “Атом көлдері” пайда болған. Дегенмен, тағдырдан теперіш көрген ел-жұрт құдіретке тәубе айтады. Ең бастысы – зіркілдеген сынақтар біржолата тоқтады. Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық бейбіт мақсатта жұмыс істеуде. Жақында елге бардым. Сондағы ауылдағы ақсақалдардың көкейіндегі арманына құлақ түрдім. Бір кезде кеңестік тоталитарлық режімнің салдарынан күшпен таратылған Абыралы ауданы қайта құрылса, көп жұмыс орны ашылып, еліміздің экономикасын дамытуға бұдан да көп үлес қосуымызға жол ашылар еді, дейді азаматтар. Өйткені, Абыралының орталығы Қайнар ауылы Семей қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан, Семей қаласы әкімдігіне қарайды. Оның үстіне республикалық маңызы бар Семей-Қайнар тас жолы кеңестік кезеңде салынғалы жөндеу көрмеген. Бұл Семей-Қарағанды тас жолының құрамдас бөлігі. Өткен жылы “Ақшың” корпорациясының президенті, кәсіпкер азамат Марат Құрманбаевтың басшылығымен “Абыралы – Дегелең” қоғамдық қоры құрылды. Қайнар ауылында полигон құрбандарын мәңгі есте қалдыру мақсатында биік мұнаралы монумент тұрғызылды. Жергілікті халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау жүргізілуде. Бұл да жеткіліксіз. Семей полигонының зардаптарын жою үшін Үкімет тарапынан кешенді Мемлекеттік бағдарлама жасалып, ядролық сынақ құрбандарын сауықтыру және жан-жақты жеңілдіктер беру мақсатында Ұлттық қор құрылса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрі ядролық қарудан алғашқы болып бас тартқан елімізге шет мемлекеттер де жәрдем қолын созар ма еді?! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылғы жасаған ұсынысы бүкіл әлем тарапынан қолдау тауып, БҰҰ Ассамблеясында арнайы бекітіліп, “29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні” болып белгіленді. Бұл әлем назарын Қазақ елінің бейбіт саясатына аудартқан Елбасымыздың асқан көрегендігінің тағы бір жарқын белгісі. Бауыржан ЖАҚЫП, “Қазақ энциклопедиясының” бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. * * *ҮЗДІКСІЗ ҮРДІС
Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл таныту бір немесе бірнеше елдің еншісіндегі іс емес. Мұндай іс-қимыл жалпыадамзаттық мәселе. Ол тұтас жаһандық сипат алып, халықаралық деңгейге көтерілген кезде ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізері кәміл. Осы тұрғыда алдымыздағы жексенбі, 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып белгіленуі әлем жұртшылығының ортақ ізгі мақсат-мұраттарын таныта алады. Мұндай іс-қимыл үздіксіз әрі ұдайы жүргізіле беруге тиіс. Осы тұрғыда бүгінгідей атаулы дата күні республиканың батысында Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында ұзақ жылдар бойы атомдық, ядролық және ракеталық сынақтардың ошақтарына айналып келген полигондар жөнінде аз-кем ой-пікір қозғағым келеді. Мұның біріншісі – Азғыр атом полигоны. Мұнда Кеңес одағы кезінде атом қарулары сыналған. Ол алпысыншы жылдардың аяғында жабылғанымен, оның тұрғындарға тигізген зардабы әлі толық жойылып біткен жоқ. Екіншісі – Капустин Яр ракеталық сынақ полигоны. Осынау аса ірі сынақ алаңында ракеталық сынақтармен бірге ішінара ядролық қару-жарақтар да сынақтан өткізілгені жөнінде біздің қолымызда нақты деректер бар. Міне, алпыс бес жылға таяп қалды, Капустин Ярдегі дүркін-дүркін зіркілдер әлі күнге дейін тоқтамай, толастамай келеді. Осы уақыттың аралығында мұнда 180-нен астам жаңа қару-жарақ түрлері сыналған екен. Осыншама көлемде сынақ жүргізілген аса ірі полигонды әлемнің өзге бірде-бір мемлекетінен кездестіре алмайсыз. Азғыр атом полигоны мен Капустин Яр ракеталық полигондарында жасалған жарылыстардың салдарынан аталған аумақта шұңқырлар пайда болды. Тіпті осы аумақтың бір жерінде жер опырылып түсіп, оның орнында радиоактивті көл орнаған. Ол зәрлі, заһарлы суға толып тұр. Республика көлемінде қызмет жасайтын ядролық орталық оған толыққанды зерттеулер жүргізгенін қалар едік. Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл таныту – жалпыхалықтық іс. Біздің “Нарын қозғалысы” қоғамдық бірлестігі де полигон аумағында орналасқан тұрғындардың еркі мен мүдделерін білдіруді мақсат етеді. Осы орайда бүгінгі күні Нарын жұртшылығы атынан Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа олардың ризашылығын жеткізуді бірлестіктің төрағасы ретіндегі парызымның бірі деп санаймын. Айтайын дегенім, бұдан тұп-тура екі жыл бұрын, 2008 жылдың 22-23 қыркүйек күндері Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысында болған сапары кезінде өңір жұршылығымен кездесті. “Нұр Отан” ХДП филиалының 800 орындық мәжіліс залында өткізілген осы кездесуде мен Елбасына Капустин Яр сынақ полигонының тұрғындар денсаулығына тигізіп отырған әсері жөнінде баяндап бердім. Ол кісі сөзімді бөлмей, мұқият тыңдады. Осы кездесуден кейін көп кешікпей Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасына сәйкес полигон маңындағы аймақтарға тиісті зерттеулер жүргізіле бастады. Сонымен бірге полигондағы жарылыстардан зардап шеккен тұрғындарға арналған ауданаралық сауықтыру кешенінің жобасы әзірленді. Бұл кешен өткен жылы іске қосылды. Сондай-ақ жергілікті бюджеттің есебінен полигон аумағында тұратын адамдарға әлеуметтік көмектер берілді. Осы кездесуде мен “Нарын қозғалысы” қоғамдық бірлестігінің атынан Капустин Яр полигонының әсерінен туындайтын зардаптарды төмендету, тұтас мемлекеттік деңгейде одан зардап шеккендерге әлеуметтік пакеттер шоғырын әзірлеу жөнінде ой-пікір айтқан едім. Аталған ұсыныс республикалық салааралық бағдарлама жобасын жасаудың қажеттілігі тұрғысында көрініс тапты. Бұл ұсыныс Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы республиканың Қоршаған ортаны қорғау, Денсаулық сақтау, Экономика және бюджеттік жоспарлау, сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бұл мәселені жан-жақты талдап, тиісті ұсыныстар әзірлеу қажеттілігін айтқан еді. Соған сәйкес жоба төңірегінде қолға алынған кешенді мәселелер бар да шығар. Оған біздің ешқандай күмәніміз жоқ. Жоғарыда айтылғандай, ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл таныту – үздіксіз үрдіс. Бұл бағытта аталған министрліктер Елбасының тапсырмасына сәйкес тиісті ұсыныстар әзірлеп жатса, ол ешуақытта кештік етпейді деген ойдамын. Кәкен КӨБЕЙСІНОВ, “Нарын қозғалысы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халықаралық экология академиясының корреспондент-мүшесі. Батыс Қазақстан облысы. * * *ПОЛИГОНМЕН ҚҰРДАС ЕДІК
“Мен атоммен құрдаспын, Мекендеген жерімді. Ащы үнін тыңдаппын, Ашқан күннен көзімді”, деп абайлық ақын Төлеген Жанғалиев айтпақшы, ұлы мәртебелі тағдыр біздің пешенемізге полигонмен құрдас болуды жазған екен. Яғни, 1949 жылдың ақпандатқан боранында өмірге келсек, ал сол жылдың тамыз айының соңында қазақ сахарасында, қасиетті Дегелең өңірінде алғашқы атом бомбасы сынақтан өткізілген болатын. Ашық аспан астындағы мұндай жарылыс аз-кемі жоқ, бақандай 14 жылға созылды. Одан кейінгі жерде сынақ ширек ғасыр бойы жер астында жүргізілді. Солайша кейінде заманымыздың заңғар ақындарының бірі Олжас Сүлейменов айтқандай, бейбіт заманда 40 жыл бойы үн-түнсіз қатыгез соғыс жүріп жатыпты ғой. 1953 жылы алғаш рет сутегі бомбасы сынақтан өткізілгенде төрт жастағы ойын баласы екенбіз. Сонда туған жерден елдің еріксіз ауа көшіп, әбігерге түсіп, жылап-сықтағаны есте қалып қойыпты. Абырой болғанда біздің Саржал ауылының тұрғындары сынақ аяқталған соң елге қайтып оралса, өкінішке қарай, көршілес Абыралы ауданы таратылып тынды. Сол шақта ауылда қалып қойған бірен-саран малшылар зауал күні аспанда алып саңырауқұлақ пайда болып, оның көзді қарықтырғанын айтып, елді тағы бір дүрліктірсе, жұртта қалған қайсыбір ит пен мысықтың ұсқыны тіпті адам шошығандай еді. Өйткені, олардың үстіндегі қылшықтан түк қалмай түсіп қалыпты. Осыдан кейін-ақ аспандағы алып саңырауқұлақты, оның көз қарықтырар “кереметін” өзіміз де көріп өстік. Сынақ болатын күні әр ауыл түгіл, әр қыстаққа атқа мінген бір-бір офицерден келіп, өздерінше бұйрықтарын бере бастайды. Яғни, ең бастысы, жарылыс болып жатқан шақта ешкім де аспанға қарамауы керек. Боранды күні бала мен ит құтырады демекші, оны елеп жатқан біз жоқпыз, жарылысқа жанарымызды аудармай ішкен асымыз бойымызға сіңбейді. Сонда атамыз: атқа міне алмайтын әумесерлер атомды қайтіп меңгермек, деп мысқылдап күліп отыратын. Әрине, сол қасіреттің бәрін біз, полигон құрдастары бірден түсіндік десек артық болар. Бірақ мұнан кейінгі жерде біріне бірі жалғасқан қорқынышты жағдайлар санамызда бейне бір фотосуреттей таңбаланып, өшпестей болып ізін қалдыра берген. Үлкендердің әлденені түсіне алмай, өзара күңкілдесіп жататыны да есімізде. Сөйтсек, олар өз тұрғыластарының белгісіз жай-күйіне алаңдайды екен ғой. Айталық, Рымқұл деген ақсақалдың бүкіл денесі өз-өзінен шұрқ-шұрқ тесіле бастапты. Дәрігерлер болса оның себебін білмегендіктен, диагноз қоя алмай, өз бастарымен әлек. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басындағы осы бір оқиғаны жергілікті халықтың ақырзаман көрінісіндей қабылдағаны да өтірік емес. Одан кейін... Иә, одан кейін біріне бірі жалғасқан өкінішті оқиғалар біздің әулетке де келіп жеткен. Яғни, жасы алпыстан енді ғана асқан үлкен әкеміз тосыннан келген қылтамақ ауруынан көз жұмған. Тосыннан дейтінім сол, бұған дейін қаққан қазықтай тік жүретін, өзі де тік мінезді атамыз полигонға жақын маңдағы ескілікті бір қора-жайды жөндеп келген соң қалпақтай ұшып, тез арада-ақ жүдеп-жадап сала берген. Ер арыса тулақ дегендей, содан қайтып оңалмаған. Содан сәл беріректе әжеміз де қылтамақ ауруынан көз жұмды. Бес биенің сабасындай дейтіндей іші-сырты бірдей кеңінен жаратылған әжеміздің ақыр соңында бір шөкім болып қалғаны жанымызға қалай батты десеңізші. Сонау сұрапыл соғыс жылдары еңбек армиясына алынып, Сібір жағына аттанып кете барған атамыздың туған інісі Оразбайдың соңында қалған бір тұяқ – Болат ағамыз да жасы елуге келмей жатып о дүниелік болып кетсе, ол да ядролық сынақ зардаптарының салдары. Жалпы, полигон аймағында оның зауалы тимеген отбасы, әй жоқ-ау, сірә! Сынақ зардаптары бірте-бірте жас таңдаудан қалған. Сөйтіп, жай оғы мектеп бітіргелі жатқан шақта біздің сапымызға да келіп түскен. Қатарлас сыныпта оқитын Мұрат есімді бозбаланың қолымызға мектеп бітіргендігіміз жөніндегі аттестатты алған күні қыршынынан қиылғанын, сол күні ақ таңды қарсы ала отырып, ұйықтамаған қалпы бірге өскен құрбымызды ақтық сапарға шығарып салғанымызды қайтіп ұмытармыз. Соңынан марқұмның қанында ақ түйіршіктер шамадан тыс көбейіп кетіпті деп естідік. Мұндай ауру түрін бұрын-соңды естіп білмеген ел тағы шошынған. Одан кейінгі жерде жергілікті халық арасында анемия, аллергия, жүйке, қан тамырлары, тері аурулары “сәнге” айналған. Ана бір жылдары осы ауылда 30 шақты жылқы тұяқ серпуге жарамай арам өлді. Мұның сыртында ұсақ малдың айналма ауруымен шығынға ұшырап жатуы қалыпты құбылысқа айналды десе де болады. Бар өзен-су ластанып, кеңес заманында әрқайсысы 8-12 мың сомға түскен құдықтар тартылып қалып жатса, малға ғана емес, жанға да қатер. Соған қарамастан, бұрынғы Семей атом полигонының бастығы генерал Ильенконың кезінде біздің де, міне, Курчатов қаласында тұрып келе жатқанымызға пәлен жыл болды, егер ондай қауіпті сезсем қызымды тездетіп басқа жаққа жібермес пе едім, яғни жергілікті басшылар әлеуметтік мәселелерді өз күштерімен шеше алмаған соң бәрін полигонға жапқысы келеді деп сайрағанын ұмытқан жоқпыз. Оны айтасыз, бұрынғы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы депутаты Петрушенко деген полковнигіңіздің Саржалдың маңындағы атом көлінің (сол заманда картада жоқ қалалар, осындай жасанды көлдер пайда болған) адам денсаулығына зиянсыздығын дәлелдеймін деп суға қойып кетіп, ақырында мерт болғанын да білеміз. Тегінде Саржал мен Дегелеңнің арасы 30 шақырымдай ғана жер. Одан әрідегі Абыралы, Егіндібұлақ, Қарқаралы өңірі де, бергідегі Бесқарағай, Май аудандары да полигон ошағынан соншалықты алыс емес. Сонда деймін-ау, Сталин, Берия сынды қанқұйлы жендеттер атом ордасына қазақ сахарасын әдейілеп таңдағанына дау бар ма! Қазірде кейбір алдыңғы толқын өкілдерімен бірге, өкінішке қарай, қайсыбір біздің тұстастарымыздың өзі Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчильдің “Сталин соқа ұстаған халықтың қолына атом қаруын ұстатып кетті” деген сөзін алға тартады. Ал біз болсақ бұл кешегі ашаршылық пен 37-ші жылдың лаңынан кейін енді ес жинай бастаған қазақ халқына арнаған “ұлттар көсемінің” соңғы “сыйы” деп білеміз. Енді бір сәт мына сәйкестікке көңіл аударыңызшы. Ана бір заманда қалың қолын Шыңғыстауда жасақтаған Шыңғыс хан қалаларымызды жермен жексен етсе, енді келіп жиырмасыншы ғасырдың диктаторы Сталиннің ажал аждаһасын Шыңғыстауда, Абай елінде, жалпы қазақ сахарасында орнықтырғанын көрмейсіз бе. Сол заманда шетке шыққан семейліктерге Семейден, Шыңғыстау, Абай еліненбіз деп айтпаңдар деген жазылмаған заң болғанын да жақсы білеміз. Өздерінше құпиялықты сақтаймыз деп ұлт намысын аяқ асты еткен мұндай озбырлықты кім көрген? Еліміз егемендікке енді қол соза бастаған тұста жоғарыда айтқан Төлеген бауырымыздың: “Жер қуарды, су азайды, гүл өлді, Қарауылға қап-қара бұлт түнерді. Тілімізді тістей-тістей қанаттық, Үнімізді шығарамыз біз енді!” дейтіні сондықтан. Әйтеуір, абырой болғанда еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев егемендікке қол жеткізген беттен ел тілегіне құлақ түре білді. Сөйтіп, Елбасының алғашқы Жарлықтарының бірімен атом аждаһасы атанған Семей полигоны бір күнде жабылып тынды. Бірақ сол шақта қай-қайсымыз алдағы жиырма жылға жетер-жетпес уақыт ішінде Қазақ елі басшысының әлемдегі қауіпсіздік жөніндегі тамаша бастамалары алпауыт мемлекет серкелері, Біріккен Ұлттар Ұйымы сынды мәртебелі ұйым тарапынан қолдау тауып, 1949 жылдың 29 тамызында алғаш сынақ жасалған күн ендігі жерде Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланатындығын болжап білген жоқ едік. Оның сыртында полигон аймағына БҰҰ-ның Бас хатшысы арнайы келіп, ат басын тірейтіндігін кім біліпті. Соның бәрі Елбасымыздың, еліміздің абыройы. Сондай күнге жеткенімізге тәубе дейік, ағайын! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * Пан Ги Мун: Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдауымды білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын.(Қазақстан Республикасына сапары кезінде сөйлеген сөздерінен).