Құрметті конференцияға қатысушылар!
Қадірлі қонақтар!
Қазақстан халқы осыдан 15 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын, жүрер жолын айқындады. Еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжатын – төл Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымыс мемлекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Конституция – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Осы мерейлі межеге биыл 15 жыл толып отыр. Бүгінгі конференцияның осы айрықша мереке қарсаңында өткізілуі оның маңызын арттыра түседі деп есептеймін. Құрметті конференцияға қатысушылар! Қымбатты шетелдік қонақтар! Ең алдымен мен сіздерді, конференцияның барлық қатысушыларын, әсіресе Конституцияның 15 жылдық мерейтойын мерекелеуге келген біздің шетелдік қонақтарды құттықтағым келеді. Бұл оқиғаның біздің халқымыз үшін зор маңызы бар. Негізгі Заңды қабылдау жөніндегі бүкілхалықтық референдум жаңа елдің негізгі қағидаттары мен құндылықтарын бекіткен Қазақстан халқы бірлігінің бірегей тарихи актісіне айналды. Әрине, біздің Конституцияға әлемдегі бағзы конституциялар секілді ғасырлық мерейтойларға әлі алыс, бірақ та орындалған міндеттердің ауқымы жағынан біздің Негізгі Заңды олармен салыстыруға әбден болады. Біздің Отанымыздың 15 жылдағы барлық жетістіктері – бұл Конституцияның және соның негізінде қабылданған заңнаманың іс-әрекетінің нақты нәтижесі. Негізгі Заңда барша қазақстандықтарға түсінікті де етене ортақ құндылықтар нақты заң тілімен баяндалған. Бұл 140 этнос пен 46 діни қауымдастық келісім мен достықта өмір сүріп отырған Қазақстан жерінің киелілігі, қол сұғылмастығы және біртұтастығы. Бұл – жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діні мен басқа белгілері бойынша азаматтарды кемсітушілікке қатаң тыйым. Осы негізде басты конституциялық қағидаттар – бейбітшілік пен тұрақтылық, бүкіл халық игілігі жолындағы экономикалық даму қамтамасыз етіледі. Француз ойшылы Шарль Монтень “ең жақсы мемлекеттік құрылым бұл халықты тұтас бірлік ретінде сақтай алған құрылым” екенін атап өткен. Халықтың бірлігі – бұл ең алдымен мемлекеттік институттардың бірлігі. Бұл мақсатқа Конституцияның арқасында қол жеткізілді. Қазақстанда халықтың барынша басым қолдауы жағдайында күшті президенттік билік орнықты. Мемлекеттің қалыптасуы, әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғырту жағдайында жоғары биліктің әлсіз болуға құқығы жоқ. Мұны посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдердің сәтсіз мемлекеттік құрылыс тәжірибесі көрсетіп берді. Қазақстанда конституциялық дамудың 15 жылында бірде-бір саяси дағдарыс болған емес. Барлық мәселелер біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара ықпалдастығы туралы қатаң конституциялық қағидаттар негізінде шешілді. Конституциялық заңдылықты қамтамасыз етуде Конституциялық Кеңес маңызды рөл атқарады. Оның қызметі – қазақстандық заңнаманың Негізгі Заңның рухы мен қарпіне сәйкестігінің сенімді кепілі. Конституция қоғамның демократиялық әлеуеті өсуінің сенімді негізі болды. Қазақстанда екі мың алты жүзден астам бұқаралық ақпарат құралдары, 18 мыңнан аса үкіметтік емес ұйымдар ойдағыдай дамып отыр. Біздің газеттер мен журналдар ағылшын, әзірбайжан, неміс, корей, украин, ұйғыр, өзбек, дүнген, татар тілдерін қоса алғанда 11 тілде шығады, ал театрларда алты тілде өнер көрсетеді. Олардың бәрін толықтай мемлекет қаржыландырады. Мұндай тәжірибе әлемде еш жерде жоқ. Бұл мемлекеттің ізгі ниеті. Бұл – көпұлтты халыққа, оның тілдері, діндері мен мәдени қажеттіліктері туралы қамқорлық. Қазақстан халқы Ассамблеясы – маңызды конституциялық орган, ол Парламентке 9 депутат сайлайды. Биылғы жылы ол да 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оның табысты тәжірибесін әлемде кеңінен зерттеуде. Бұл тәжірибе – тілдерді, мәдениеттерді өркендету, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, ұлтаралық келісімді нығайту жөніндегі үлкен де сан қырлы жұмыс. Бұл – екі жүзден астам этностық мектептер, 195 жексенбілік тіл орталықтары. Конституцияда бекітілген мемлекеттің зайырлы сипаты – қоғамда толеранттылықты нығайтудың маңызды шарты. Біздің бастамамыз бойынша Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш съезі ойдағыдай өтті. Негізгі Заң – елдің экономикалық өмірін реттейтін бүкіл заңнамалық базаның өзекті конструкциясы. Қазақстан ТМД-да бірінші болып салық, зейнетақы реформасын жүргізді, олардың посткеңестік кеңістікте баламалары жоқ. “Цифрлар әлемді басқармайды, бірақ та ол қалай басқарылатынын көрсетеді” дейтін сөз бар. Сондықтан да қызыл сөз емес, фактілер мен цифрлар барынша объективті. Ұлттық экономикаға жүз миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Жаңа ХХІ ғасырдың алғашқы жеті жылында ғана ІЖӨ көлемі екі еселеніп, өнеркәсіп өнімдерін шығару екі есеге және ауылшаруашылық өнімдерін шығару бір жарым есеге ұлғайды. Бұл ретте жан басына келетін ІЖӨ 15 жылда жеті жүз доллардан сегіз мың долларға дейін, яғни 11 есе ұлғайды. Тіпті көптеген елдерде даму қарқынын тежеген әлемдік дағдарыс жағдайында қазақстандық экономиканың оң серпінділігі жоғалған жоқ. Қазір бізде қуатты экономикалық өсу жалғасуда. Бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша біз ІЖӨ көлемін 8 пайызға ұлғайттық, басқа макроэкономикалық көрсеткіштер де өсуде. Біздің мемлекеттің әлеуметтік сипаты туралы конституциялық қағидат жаһандық дағдарыс салдарына қарсы күрестің қиын уақытында барынша толығынан көрінді. Ең бастысы, адамдарға көмек көрсетілді. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында өткен жылы ғана 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Дағдарыстың ең шырқау кезінде біз жұмыссыздықты азайттық. Осы жылдың аяғына дейін тағы да 200 мың жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бүкіл еліміз бойынша жүздеген жаңа кәсіпорындар, мектептер, жоо-лар, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандар ашылды, жолдар жөнделді. Тұтастай алғанда, 1996 жылмен салыстырғанда халықтың табыс деңгейі 14 есе артты. Бала туу 4 есе ұлғайып, орташа өмір ұзақтығы өсті. Негізгі Заңды қатаң басшылыққа алу біздің елімізге жаңа перспективалар ашып береді. Биылғы жылы қазақстандықтар 2020 жылға дейінгі жаңа онжылдықтың стратегиялық жоспарын орындауға кірісті. Жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оны іске асыру аясында биылғы жылы ғана 140-тан астам бәсекеге қабілетті жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылады. Біз құқықтық жүйені жетілдірудеміз. Менің Жарлығыма сәйкес құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі міндеттер анықталды. Реформаның басты мақсаты – қылмыстық саясатты ізгілендіру, криминалсыздандыру. Негізгі Заң Қазақстанның сыртқы саясатының басты қағидаттарын – теңдестірушілікті, салиқалылықты, көпвекторлықты орнықтырды. Біздің еліміз әлемде бірінші болып және бір өзі атом қаруынан бас тартты, әлемдегі аса ірі Семей полигонын жауып, жаһандық ядролық үнқатысудың белсенді қатысушысына айналды. Қазақстан бүгінде БҰҰ-ға арнаулы Ядролық қарусыз әлем туралы Декларация қабылдауды ұсынып отыр. Екі күннен кейін, 29 тамызда, әлем алғаш рет біздің бастамамыз бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін кеңінен атап өтеді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңесті шақыру туралы біздің бастамамыз халықаралық қатынастардың тиімді институтына айналды. Биылғы жылы ЕҚЫҰ-ға басшылық етіп отырған Қазақстан Еуразиялық қауіпсіздіктің континенталдық тұғырнамасы туралы идеяны ұсынды. Өздеріңіз білесіздер, 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ мемлекеттері басшыларының Саммиті болады. Оны өткізу туралы бірауызды шешім – ЕҚЫҰ-ға қазақстандық төрағалық табыстылығының дәлелі. Құрметті конференцияға қатысушылар! Қазақстан Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құрметтелетін тәуелсіз ел туралы армандарының осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнеледі. Нақ сондықтан да біз міне енді екінші жыл қатарынан Конституция күнінде салтанатты парад және бүкіл еліміз бойынша бұқаралық патриоттық акциялар өткіземіз. Жиырма шақты мемлекеттің өкілдерін жинаған бұл Халықаралық конференция Қазақстандағы конституциялық құрылыстың табысты тәжірибесіне деген басқа елдердің жіті назарын танытады. Біздің елімізге деген қызығушылықтарыңыз үшін, конференцияның жұмысына қатысқандарыңыз үшін сіздерге ризашылық білдіреміз. Осы залда Конституция жобасын жасау жөніндегі күрделі жұмыста маған көмектескен ғалымдар отыр. Мен қазақстандық конституционализмнің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан сіздерге терең ризашылығымды білдіремін. Құрметті қазақстандықтар! Құрметті достар! Біз жыл сайын Конституция күнін елдің Негізгі Заңына деген құрмет үшін ғана емес, ең алдымен, өзімізге деген құрмет үшін атап өтеміз. Біз, Қазақстан халқы, өз басымыздан өткеріп, өзіміз анықтаған өмір ережелері мен нормалары үшін атап өтеміз. Конституция бойынша, заң бойынша өмір сүру – жай ғана қажеттілік пен азаматтық міндеттілік емес. Бұл – азат адамдардың артықшылығы. Өз құқықтарының бағасын біліп, басқалардың да осындай құқықтарын мойындайтын адамдардың артықшылығы. Осындай жағдайда ғана біз – жеке азаматтар емес, Қазақстан халқымыз, тұрғындар емес, қоғамбыз, азаматтық қоғамбыз. Географиялық кеңістік емес, бізді біріктіретін елміз. Конституция күнінде біз Атажұрт алдындағы жауапкершілігіміздің қандайлық зор екенін айрықша ұғынамыз. Және, ең алдымен, мемлекеттің қызметінде тұратындардың жауапкершілігін ұғынамыз. Елдің мемлекеттік мәшинесін жұмыс жағдайында ұстап тұруға, оның босаңсуына, тығылуына немесе бос айналымдарда жұмыс істеуіне жол бермеуге және, ақыр аяғында, осынау күрделі де қымбат тұратын мәшиненің шұғыл саяси бұрылыстарда ауып қалмауына кепілдік беруге тиістілердің жауапкершілігін ұғынамыз. Ал біздің әрқайсымыз не үшін қызмет етіп жүргенімізді айқын сезінеміз. Біздің азаматтардың азаттығы мен қадір-қасиеті шын мәнінде елдің ұлттық қауіпсіздігінің мәселесі екендігін сезінеміз. Бұл тамаша датаның мәні осында жатыр. Мен сіздерді алдағы мерекемен – Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығымен құттықтаймын. Конференцияның барлық қатысушыларына табысты да жемісті жұмыс тілеймін! Назарларыңызға рахмет.