Еліміздің негізгі құжаты – Конституцияға 15 жыл толып отыр. Тәжірибелі саясаткер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өтпелі кезеңнің қайшылықты мәселелерін дәлме-дәл нұсқай отырып, Қазақстан халқына дағдарысты жағдайдан өту жолдарын айқындап берді. Қазақстандық көсемнің конституциялық реформаларға қатысты бастамалары мемлекеттік билік пен басқарудың барлық жүйесін нығайтуға, экономиканы түбегейлі қайта құруға, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғаны бәрімізге айқын.
Тәуелсіздікті жария еткен Конституциялық заңға қол қойылған күннің ертеңінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: “Еңселі ел болудың жолына шыңдап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін”, деген еді. Бүгін, арада 15 жыл өткен соң, осы сөздердің расталғанын, өз тәуелсіздігіне қол жеткізген мемлекеттің көл-көсір табыстарын зор сеніммен айта аламыз. Алыс-жақын шетелдермен достық байланысымыз нығая түсуде, қоғамды демократияландыруға, экономиканы реформалауға, ұлттық мәдениетті жаңғыртуға батыл қадамдар жасалуда.
Ұлтаралық бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтау мемлекетіміздің талассыз табысы, ал ол өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық реформадағы нәтижелерімізді нығайтуға негіз қалап отыр.
Қазақстанымыз биылғы жылы бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан, бүкіл түркі тілдес елдер арасынан, бүкіл мұсылман әлемі арасынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға төрағалық етіп отыр. Осының бәрі еліміздің еңсесі биіктеп, тұғырынан тік тұрып келе жатқандығын көрсетеді дер едім.
Ал Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерге тоқталатын болсақ, бұл өзгерістер жергілікті өзін-өзі басқару мен мемлекеттік басқаруды жетілдіре түсуді көздеді. Ал жергілікті өзін-өзі басқару дегеніміз – ол мәслихаттар. Жергілікті өкілетті органдар рөлінің артуы туралы айтатын болсақ, мәслихаттарға жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін шешу жөніндегі маңызды міндеттер жүктелетіні көңілден шығады. Әсіресе, ауылды жерлердегі әкімдер мемлекеттік функцияларды орындаумен бірге, жергілікті өзін-өзі басқарудың міндеттерін заңды түрде шешуге мүмкіндік алады.
Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес депутаттардың өкілеттігі бес жылға ұзартылып отыр, бұл депутаттардың өз міндеттерін атқарудағы жауапкершілігін күшейтіп, жергілікті жерлердегі билік тұрақтылығының сақталуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астана мен Алматының әкімдері сәйкес мәслихаттардың келісімімен тағайындалады. Және мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны қызметінен босату жөнінде мәселе қоюға қақылы. Бүгінде, мәслихаттар жергілікті өкілетті органның мәртебесін сақтай отырып, атқарушы органдармен бірлесіп, барлық экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес мәслихат сессияларында облыс әкімдерінің есебі тыңдалады және соңғы кезде мұндай есеп берулерге саяси партия мен қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылады, бұл халықтың басым көпшілігінің әкіммен байланысын нығайтып, өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік береді. Бірінші рет депутаттар үшжылдық бюджетті қалыптастырды және бекітті. Осы маңызды құжатты дайындарда депутаттар облыс әкімімен бірқатар кездесулер өткізіп, үлкен жұмыс атқарды, 3-4 ай бұрын өздерінің 160-тан аса ұсыныстарын енгізіп, депутаттар ұсынысының 60 пайыздайы 2010 жылдың бюджетінен орын алды. Депутаттар мен атқарушы органдардың мұндай сындарлы жұмысы бюджетті тиянақты және жан-жақты қарастырып-құруға мүмкіндік берді.
Ақмола облыстық мәслихаты және биліктің барлық өкілетті органдары “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыс жасайды және өз өкілеттіктерін сессияларда жүзеге асырады. Мәселен, 2009 жылы облыстық мәслихаттың 8 сессиясы өтіп, онда 90 мәселе қаралса, биылғы жартыжылдықта 7 сессия шақырылып, онда 41 мәселе қаралды. Олардың қатарында облыстық бюджетті құрастыру мен орындауға байланысты, туберкулез ауруының жағдайы, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, аймақтық бағдарламалардың орындалуы сияқты маңызды мәселелер бар.
Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың депутаттары өз округтерінде де қыруар жұмыс атқаруда. Олар сайлаушылармен жүйелі түрде кездесулер ұйымдастырып отырады. Ал сайлаушылардың өтініштері негізінен тұрмыстық жағдайға байланысты болып келеді. Олар: ауыз су, жылумен қамтамасыз ету, көше және жолдар мәселесімен қатар, көптеген елді мекендерде бүгінгі заманға сай клуб, медициналық қызмет көрсететін нысандардың жоқтығы, кадрлар мәселесі. Сайлаушылардың өтініш-талаптарын орындау үшін атқарушы орган басшыларына депутаттық сауал жолданып, мәселенің тиісті бағдарламаға енгізілуі, бюджетті қалыптастыру кезінде қажетті қаржы бөлінуі үшін жұмыс жасалады. Сонымен, өткен жыл ішінде ғана сайлаушылармен 200-ден аса кездесулер мен есеп беру жүргізілді, құзырлы органдарға 200-ден аса депутаттық сауалдар мен хаттар жолданды. Мәселен, депутат Судибордың депутаттық сауалы бойынша “Алтынды-Новобратское” тас жолын күрделі жөндеу мәселесі шешілді. Депутат Тюркиннің тікелей қатысуымен Есіл ауданында 25 миллион теңгеге автожол жөнделді.
Депутат Қабжановтың қатысуымен Гастелло, Тассуат, Далабай, Зерноград және Пятигор ауылдық округтерінде сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Депутат Чепурнойдың сауалы бойынша 197 миллион теңгеге “Қима-Жақсы” автожолын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жергілікті жерлердегі депутаттар соғыс ардагерлері мен аз қамтылған тұрғындарды өз қамқорлығына алып, жеке-жеке көмек беруде. Мәселен, депутат Б.Оспанов және М. Қамзебаев әрқайсысы 1,8 миллион теңгеден, ал А.Клименко мен В. Осиненко 1,5 миллион теңгеден материалдық көмек көрсетті. Айта берсек, облыстық депутаттық корпустың беделін көтеріп жүрген мұндай азаматтар көп-ақ. Сонымен қатар, облыста ғана емес, еліміздің оңтүстігі мен шығысындағы су тасқынына байланысты да көрсеткен көмектерін айта кетсем деймін. Облыстық мәслихаттың депутаттары апатты аймақтарға жарты миллион теңгеден астам қаражат жіберді және депутаттар басқаратын бірқатар кәсіпорындар 4,5 миллион теңгеден аса қаражат аударды.
Бүгінде мәслихаттың тұрақты комиссиялары бюджет пен жеке бағдарламалардың орындалуымен бірге аймақтағы ең көкейкесті мәселелерді қарастыруды қолға алып, жұмысқа жаңа екпін беруде. Мәселен, экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссия “Жол картасы” бағдарламасын, онда белгіленген мәселелердің орындалу барысын үнемі назарда ұстайды. Осы тұрақты комиссиялардың жұмысын жандандыруда комиссия төрағалары Қ.Әдиетов, Ж.Ерғалиев, И.Жанғоразовтың, сарапшылар кеңесінің төрағасы С.Авдеюктің еңбектері зор екендігін атап өткім келеді. Сонымен қатар, депутаттар сессия алдындағы өткізетін депутат сағаттарында өзекті деген мәселелерді алға тартып, олардың оң шешілу жақтарын қарастыруды тәжірибеге айналдырып отыр. Айталық, шілде айында өткен соңғы депутат сағатында Бурабай және Есіл аудандары әкімдерінің алдағы қыс айларында жылумен қамтамасыз етуге дайындығы жөніндегі ақпараттары тыңдалды. Атқарушы органдармен осындай тығыз байланыста бірлесе жұмыс жасау аймақтағы ең күрделі мәселелерді шешуде оң септігін тигізеді деп ойлаймын.
Жергілікті мәслихат депутаттары өздерінің депутаттық міндеттерін негізгі жұмысынан босатылмаған қоғамдық негізде атқарады және қазіргі “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” заң бойынша әр деңгейдегі мәслихаттар арасындағы өзара қарым-қатынастық айқын белгіленбесе де, облыста құрамына барлық деңгейдегі мәслихаттардың хатшылары енетін үйлестіру кеңесін құрдық. Аталған кеңестің қоғамдық назарды өлкедегі күрделі мәселелерді бірлесе шешуге жұмылдырудағы ықпалы орасан болып отыр.
Жалпы, облыстық мәслихат сессияларының күн тәртібінде қаралатын басты мәселелер депутаттар мен атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады. Ал бүгінде облыстық мәслихатта аймақ тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытындағы және сайлаушылардың талап-тілектерін орындау мақсатында уақыт күттірмейтін күрделі және өзекті мәселелер қаралып және олар шешімдерін тауып жатыр.
Бүгінгі таңда біздің елімізде қаншама ұлт, қаншама діни бірлестіктер бейбіт өмір сүруде. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуы жеделдеп, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып отыр. Басқа елдер мойындаған Ата Заңымыздың әлеуеті халқымыздың бірлігі мен достығын нығайтып, ел дамуын жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Ал Конституциямыздың әлеуетінің зор екендігін қазіргі қол жеткізген табыстарымыздан көріп, біліп, сезіне отырып, келешекке де зор үмітпен қараймыз дегім келеді.
Өмірсерік МҰСАБАЕВ, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы.