Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған шараны ұйымдастыруға Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты ұйытқы болды. “Ата Заң – ел дамуының берік іргетасы” атты дөңгелек үстел басындағы әңгімеге облыстық әкімдіктің, құқық қорғау органдарының, “Нұр Отан”ХДП облыстық филиалының, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдері және қаладағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, студенттері шақырылды.
Дөңгелек үстелді қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашқан осы институттың ректоры, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Нұрышев еліміздің Ата Заңының қоғамдық дамудағы орны мен маңызына тоқталды. Белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері жәйлі тарата әңгімеледі.Ол Ата Заңымыздың еліміздегі адам құқығы мен бас бостандығына кепілдік беретін, тұрақтылық пен достастыққа, экономикалық дамуға алғышарт жасайтын басты құжат болып табылатынын жеткізді.Қазақстан Республикасының Конституциясы жәйлі келісті әңгімені “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев, педагогика ғылымдарының кандидаты Ниетжан Беріков, осы институттың тілдерді дамыту басқармасының бастығы Гүлшат Сапарқызы және басқалары өз ой-пікірлерімен толықтырып, кеңейте түсті. “Қос шынар” қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербестің әр адамның Ата Заңымызбен қатар, мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, қастер тұтуы керектігі жәйлі ойы да жиналғандар көңілінен шықты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздің қолданыстағы Ата Заңының ерекшеліктеріне тоқталып, басқа мемлекеттердің Конституцияларына ұқсамайтын артықшылықтарына байланысты дәйекті ойларын ортаға салды. Ата Заңымыздың өзге елдердің Конституцияларының көшірмесі емес екендігіне, халықаралық стандарттарға сай келетініне дәлел-дәйектер келтіреді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.