28 Тамыз, 2010

Дамуымызға негіз қалаушы басты құжат

589 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
1995 жылдың 30 тамызы еліміздің жаңа Конституциясының қабылданған күні ғана емес. Осы күні бүкіл халықтық дауыс беру арқылы қабылданған Конституция елі­мізде саяси, әкімшілік, экономикалық-әл­еу­меттік және құқықтық реформаларды одан әрі жүргізудің аса қуатты серпінін бас­тап берді. Жаңа Конституция норма­ла­рының арқасында ғана қысқа мерзімде жас мемлекеттің экономикасы мен сая­са­тында, ұлтаралық келісім мен тұрақты­лық­та аса нәтижелі табыстарға қол жеткізілді. 1995 жылғы Конституция елдегі жүр­гізілген реформаларға тың серпін қоса оты­рып, нарық экономикасының талап­тарына жауап бере алатын Парламент пен атқарушы биліктің заңнамалық шеңберде жұмыс істеулері үшін тиімді нормативті құқық базасын қамтамасыз етті. Эконо­миканың түпқазығы болып табылатын меншік қатынастарына, мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншікті де қорғауда тең жағдайда кепілдік берді. 1995 жылғы Конституцияның негізінде құқықтық реформалар жүргізіліп жаңа заңнама – жаңартылған конституциялық құқық жасалды. Азаматтық қоғамдағы жеке меншік қатынастарды, еркін кә­сіп­керлікті реттейтін азаматтық құқық одан әрі дамытылды. Әлемдік тәжірибеде қа­лыптасқан принциптерге сәйкес азаматтық іс жүргізушілік заңдарға елеулі өзгерістер енгізіліп, Азаматтық, Қылмыстық, Әкім­шілік құқық кодекстері қабылданды. Қазақстан халқы Конституцияға дауыс беру арқылы сол уақытта объективті тұр­ғыда орныққан президенттік басқару ны­санын бекемдеп берді. Қазақстан халқы­ның бұл таңдауы кездейсоқ емес еді. Ол алдыңғы тарихымыз бен бүгінгі болмы­сымыздан, қандайда бір әлеуметтік, эко­номикалық дағдарыстарға немесе биліктің әртүрлі тармақтары арасындағы алауыз­дыққа байланысты ауытқушылықтарға жол бермейтін қуатты топтасқан билік жүйе­сінің қажеттілігінен туындады. Конституцияда маңызды көрініс тапқан жағдай – Қазақстанның президенттік республика болып жариялануы болды. Өйт­кені, президенттік республика түріндегі мем­лекеттік құрылыс барынша икемді ны­сан болып табылады. Бұл нысан Прези­дент­тің, Парламент пен Үкіметтің өкілетті­ліктерін нақты үйлестіруді көздейді, іс жүзінде билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлетін класси­калық қағиданы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда бүкіл халық сайлаған Президент Конституцияны сақтаудың ке­пілі бола отырып, биліктің барлық тармақ­тарының және олардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді, ұй­ымдастырушысы және төрешісі бола алады. Мемлекет басшысы ел саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, билік пен оның рөлін және Конституцияны адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығын сақтаудың кепілді рөлін атқаруына, биліктің барлық тармақтарының және бүкіл мемлекеттік организмнің үйлесімді және жемісті міндет атқаруын қамтамасыз етуге көмектесетін органдар құрады. Сонымен бірге, Қазақстан Президенті­нің өкілеттілігі шексіз емес. Сол сияқты, өкімет билігін асыра пайдалануға мүмкіндік бермейтін шектеулер мен кедергілер жүйесі оған да қолданылатын еді. Конституция­ның 3-ші бабында көрсетілген мемлекеттік биліктің біртұтастығы және оның тармақ­тарға бөлінуі туралы принцип те ұзаққа созылған пікірталастың нысанына айнал­ды. Бұрынғы Конституцияда, кейбір батыс елдерінің тәжірибесіне орай, сол биліктің өзін бөлу туралы әңгіме көтерілген-ді. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, Қазақстан жағдайында бұл шешім әртүрлі мемлекеттік институттар арасындағы қақтығыстардың тууына, әрбір “билік” өздерін бір-бірінен тәуелсізбіз деп есептейтін қателерге ұрын­дыратын еді. Жаңа Конституцияда біртұтас мемле­кеттік биліктің үш тармаққа бөлінуінің тетіктері қарастырылған. Ал мұның өзі, бір жағынан, олардың тығыз ынтымақтасып қызмет жасау мүмкіндіктеріне, ал екінші жағынан, өзара бірін-бірі шектеп оты­руына, Конституцияда және заңдарда көр­сетілген құзыреттеріне араласпауына бағдарланды. Сонымен қатар, Конституцияның 4-ші бабында “қолданылатын құқық” деген ұғым берілді, ол бұрынғы Конституцияда болмаған еді. Мұнда ратификацияланған халықаралық шарттардың республика заңдарынан (бірақ Конституциядан емес) басымдығы болады деп көрсетілді. Бұл ереженің болуына халықаралық құқықтың басымдығын жақтайтын кейбіреулер риза болмады. Дегенмен, түптеп келгенде, баптың осындай редакциясы қабылданды. Бұл ереже кейіннен Конституция ереже­лерінің жоғары тұруына негізделген бі­р­ыңғай қолданбалы құқықтың тәжірибесін қалыптастыруға едәуір көмектесті. Конституцияның 5-ші бабында демо­кратияның басты белгісі – идеологиялық және саяси әралуандылық бірінші рет жарияланды. Бұл ереже, басқаларын былай қойғанда, саяси партиялар мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің еркін қызмет жасауын да қарастырған. Мұның өзі осы кезеңде идеологиялық мәселеде осыншама еркіндіктрдің болуы қажет пе, бұл оның тұрақтылығына зиянын тигізбей ме де­ген сұрақтар туғызды. Соған қарамай, жаңа Конституцияда демократияның пайдасына қарай осындай шешім қабылданды. Бұл жағдайда саяси саналуандықтың болуын бетімен кетушілікке айналдырмау ке­ректігі де атап көрсетілді. Осыған байла­нысты конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұ­зуға, мемлекеттік қауіпсіздікті бүлдіруге, әлеу­меттік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік жә­не рулық алауыздықтарды өршітуге ба­ғытталған қоғамдық ұйымдардың құры­луы­на да, олардың мұндай іс-әрекетіне де тыйым салынды. Бұл, әсіресе, Орталық Азияда халықаралық лаңкестіктің тара­луына және экстремистік топтардың құ­рылуына байланысты өзін-өзі ақтаған ше­шім болып шықты. Бұл норма Қазақстан­дағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге көмектесті. Мемлекеттің сыртқы саясатының прин­циптерін тұжырымдау барысында Конс­титуцияның 8-ші бабында әртүрлі ұсыныстар, соның ішінде бейтараптықты жариялау туралы да қарастырылды. Түптеп келгенде, өтпелі кезеңнің қиындықтарын жеңу үшін басқа мемлекеттермен белсенді интеграция саясатын жүргізудің орынды екендігі мойындалды. Бүгінгі күні ел Конституциясы адам игілігіне жұмыс істеумен қатар, оның шы­ғармашылық, жасампаздық қуатына серпін беріп және мүмкіндік жасап, кәсіпкерлік бастамашылығын ынталандыратын деңгей­ге жетті. Еліміздің Ата Заңында азаматтар­дың конституциялық құқықтары мен бос­тандықтары айқын тұжырымдалып, оларға нақтылы кепілдік берілген. Негізгі Заңда адамның қадір-қасиеті, оның құқықтары мен бостандығы туралы қағидалардың баянды етілуі мемлекеттің әрбір азаматты қорғауға деген ұмтылысын да білдіреді. Ата Заңда осы заманғы нарықтық эко­номиканың адамның өз еңбегінің нәти­жесіндегі нақты үлесіне, оның нәтижесіне қарай оның сан түрлі мүддесін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін алға тартатын прин­циптеріне сәйкес азаматтардың конститу­ция­лық құқықтарының, бостандығы мен міндеттерінің мәнісі мен мазмұны да пай­ым­далған. Бұл ретте мемлекет тегін әлеу­меттік қамтудың ең қажетті төменгі деңгейіне кепілдік береді. Елімізде қазіргі қолданылып жүрген Негізгі Заңның қабылдануымен бірге аза­маттардың өз мүмкіндіктерін іске асыруы үшін сапалық жаңа құқықтық кеңістік қа­лыптасып, қоғамды одан әрі демократия­ландыру үшін кең өріс ашылды. Эконо­микалық бостандық, идеологиялық және саяси саналуандық, баршаның заң ал­дын­дағы теңдігі – Қазақстанның құқықтық дамуының негізгі басымдықтары бола ал­ды. Осыған орай Қазақстан Нью-Йоркте 1966 жылы 16 желтоқсанда жасалған Эко­но­микалық, әлеуметтік және мәдени құ­қық­тар туралы пактіге және Нью-Йоркте осы жылы және осы күні жасалған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қосылды. Бұның өзі де Қазақстан азамат­та­рының өздерінің саяси, әлеуметтік, эко­но­микалық және мәдени құқықтарын халық­аралық деңгейде қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Конституция демок­ра­тиялық институттарды асыра пайдалануға жол берілмейтінін де ескертеді. Атап айт­қанда, мақсаты немесе іс-әрекеті Қазақстан Республикасының конституциялық құ­ры­лысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан кел­тіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоз­дыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады. Рес­­публикада басқа мемлекеттердің саяси пар­тиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі партиялардың қызметіне, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым­дардың қаржыландыруына жол берілмейді. Бұл еліміздің Ата Заңының қоғамда конституциялық заңдылықты, тұрақтылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған қорғаушылық құзыретінің бар екендігін де көрсетеді. Мемлекет құру ісі – үздіксіз үдеріс, ол мемлекет қанша өмір сүрсе, сонша уақыт жүргізіле береді. Оның елдің Негізгі За­ңына да қатысы бар. Елдің даму бағытын ай­қын­дауда өмірдің өзі оған өзгерістер енгізуді, соның ішінде конституциялық өзгерістер енгізуді талап етуі де әбден ықтимал. Бірақ бір мәселені ашық айта аламыз. Ол қазіргі Ата Заңымыздың мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы тарихи рөл атқарғанын мойындауымыз. Бүкілхалықтық референдумда қабыл­дан­ған Конституциямыздың өмір сүргеніне 15 жыл толды. Аталған мерзім ішінде Ата Заңымыздың өміршеңдігі, орнықтылығы, нарықтық және демократиялық қасиеті барынша көрінді. Біздің еліміздің болмыс-бітімін бейнелейтін саяси тұрақтылық, ұлтаралық және азаматтық келісім Конс­титуция рухының шындыққа айналғанын көрсете алды. Шынайы заң үстемдігіне жету – бүгінгі дамуымыздың басты шарты. Бұл шарт Ата Заңымыздың қадір-қасиетін түсінуден, оны құрметтеуден, оқып-үйренуден және саналы түрде орындаудан басталады. Әрқайсымыз­дың өз Конституциямызға, ол басты мұрат тұтқан қоғамдық жарасым мен әлеуметтік әділетке адалдығымыз алға қойған биік мақсаттарымыздың жүзеге асуын жақындата түседі. Еліміздің Ата Заңы біз үшін алдағы уақытта да өзіміздің биік мақсатымыз – мем­лекеттердің әл­ем­дік қоғамдастығына ен­ген, азаматтарының дәулетті лайықты өмір сүруіне барлық жағ­дай жасалған, тәуелсіз экономикалық өр­кенді мемлекет құру жо­лын­дағы ілгері да­муымызды реттейтін негіз қалаушы басты құжат болып қала береді. Мұрат МҰХАМЕДОВ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор. ҚЫЗЫЛОРДА.