“Бәйтерек” монументінің жанында Конституцияның 15 жылдығына орай “Астана в объективе – Астананың айшықты көріністері” атты талантты жас фотосуретшілердің көрмесі өтті. “Алтын күн” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен бұл көрмеге жеті фотосуретшінің 62 жұмысы қойылды.
Шараның басты мақсаты – Елбасы Н.Назарбаевтың 2010 жылғы Жолдауына сәйкес шығармашыл жастардың еңбектерін көрсетіп, оларға қолдау білдіру. Конституцияның 15 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылып отырған аталмыш іс-шараның маңызы ерекше. Көрмеге қойылған талантты фотосуретшілердің басты тақырыбы – әсем Астананың зәулім ғимараттары, Есіл бойынан орын тапқан таңғажайып саябақтар, қала тұрғындары мен жалындаған арманшыл жастардың фотосуреттері.
“Аталмыш шараны ұйымдастыру үшін осыдан бір ай бұрын жас фотосуретшілерге арналған конкурс жариялаған болатынбыз. Конкурс нәтижесінде бізге 300-ден аса фотосурет келіп түсті. Осылардың ішінде ең сапалы әрі кәсіби тұрғыда бағаланған фотосуреттерді біз бүгін сіздердің алдарыңызға қойып отырмыз. Бұл орайда біздің ұстанған бағытымыз – талантты жастардың жұмысын кең аудиторияға паш ету”, –дейді “Алтын Күн” қоғамдық қорының президенті Еркебұлан Кенжеболатов.
Айта кетейік, “Алтын Күн” қоғамдық қорының бұл күнгі қолданыстағы жобалары шығармашыл жастар аудиториясына арналған. Елордамыздың шығармашыл жастарының бұл еңбектерін қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады. Көрме бір апта бойына жалғасып, апта соңында жас фотосуретшілерге ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар беріледі деп жоспарланып отыр.
Жұлдыз БАЙДІЛДА, Еуразия ұлттық университетінің студенті.