01 Қыркүйек, 2010

Ауылға интернет келді

667 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
“Аулына қарап азаматын таны” де­ген емес пе. 90-шы жылдары Меңдіғара ауданындағы Харьков аулынан көшіп кеткендер туыстарына, достарына қайта қыдырып келгенде кәдімгідей таңда­нысын жасыра алмайды. Атақты механизатор Кәмшат Дөненбаева еңбек етіп жүргенде Одаққа дүрілдеп, даңқы шығып жататын ауылдан береке кеткен кезде адамдар туған жерді қалай қиып тастап кетерін білмей торыққан. Не жұмыс жоқ, не байланыс жоқ. Ауыл­дас­тардың бар үміті іскер азамат, “Харь­ков” шаруашы­лы­ғының басшысы Сай­ран Бұқановта бол­ған. “Кетпеңдер, көш­пеңдер , ауылдас­та­рым, бізде бола­шақта бәрі де болады, бәрі де қалпына келеді. Тек еңбек етейік, шыдайық!” де­ген ол. Дуалы ауыз екен, Сәкеңнің айтқаны келді. Қазір шаруашы­лықтағы техниканың барлығы жаңарған, диқандар жаңа технологияны меңгерген. Ал ауылдың көркін айтсаңыз! Мек­теп, балабақша, кітапхана, клуб, емхана–бар­лығы да жұмыс істеп тұр. 90-шы жылдары ауылдағы нарық қиындықтары кезінде телефонның өзіне жұрт зар болып қалып еді. “Қазақ­телеком” акционерлік қоға­мы­ның арқасында қазір телефон байла­нысынан ешқандай қиындық жоқ. Енді әлгі мекемелердің барлығында да іс-қағаз­дары компьютер арқылы атқары­лады. Оның үстіне тұрмысы жақсарған ауыл­дастардың әр үйінен компьютер көру қиын емес. Бүгінде қалалықтар тел­е­фонмен емес, интернет арқылы дөңге­лен­ген дүниедегі бар хабарды біліп оты­рады. Қостанай қаласына туыстарына келгендер олардың үйлеріндегі интер­нет­ке немесе арнайы интернет клуб­тарға барып, ғалам­торға шығатын, одан керекті материал­да­рын тартып алатын. Осы ауылда тұрған неміс ағайындардың көпшілігі Герма­­ния­ға қоныс аударған. Қазақтармен ағай­ындай болып қалған олар телефонмен хабар­ласқанда “интернетке шықсаңдар­шы, емін-еркін хат жазысайық та” деп жатады. Бірақ үйлерге интернет желісін қосу телефон арқылы ғана мүмкін бо­латын. Оны өткізу қазекемнің асық­пайтын мінезімен кейінгі қала беретін. Енді міне, “Қазақтелеком” акционерлік қоғамы EV-DO технологиясы негізінде сымсыз қатынас желісін іске қосты. Енді Харьков аулынан жазылған хат электронды пошта арқылы санаулы минөтте әлемнің қай түкпіріне де жетіп тұр. Мектеп оқушы­лары интернетте шарлайды, қызықты материалдарды табады. Қалалықтардан еш айырма­шылығы жоқ, заманауи техноло­гияның рахатын бірдей көріп отыр. Мұндай қуанышқа тек Меңдіғара ауданындағылар ғана емес, көрші Са­рыкөл, Қостанай ауданы жұртшылығы да ие болды. Жақында Қостанай облы­сы­на Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың арнайы жұмыс сапары аясында ау­ылдық жерлерде құрылған сымсыз қатынас желісінің қанатқақты жобасы­ның тұ­сау­кесері де болды. Онда “Қазақ­теле­ком” ак­ционерлік қоғамының бас­қарма төра­ғасы Қуанышбек Есекеев Ел­басыға EV-DO технологиясын пайда­ла­ну не­гізінде мүмкін болған кең жолақты қа­ты­нас қызметтері туралы айтып берген еді. Ауылдық жерлерде интернет желісіне кең жолақты қатынауды ұйымдастыру CDMA-450 стандарты негізіндегі сым­сыз байланыс желілерін жайып тармақ­тау жобасының екінші кезеңі болып та­былады. Бұл жобаның еліміз экономи­ка­сы мен әлеуметтік дамуы үшін де маңызы орасан зор. Сондықтан ол “30 корпора­тив­тік көшбасшы” мемлекеттік бағдар­ламасы аясында іске асырылып жатқан серпінді жобалар қатарынан көрінеді. Ең бастысы, бұл сымсыз қаты­нас желісі ауыл мен қала тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздік мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Ауылдың әлеуметтік тұрмысының көтерілгендігін де көрсетеді. Ауылдық желіге сымсыз байланысты енгізудің бірінші кезеңінде Қазақстан­ның барлық ауылдық елді мекендері теле­фонмен қамтылды. Ол үшін 392 ба­залық станса орнатылды, 232 мың ау­ылдық абонент телефон байланысына қо­сылды. Ал еліміз аумағының 60 пай­ызы CDMA-450 желісімен қамтылды. Қазір ауылдағы “Қазақтелеком” АҚ абоненттерінің жалпы саны бір мил­ли­он­нан асты. Ал еліміз аумағының 60 пайызы желімен қамтылды. Интернетке шығу жылдамдығын ұлғайту үшін EV-DO (Evolutіon-Data Optіmіzed) стандарты әзірленді. Ол ұялы желілердің үшінші буыны – CDMA-2000 негізінде іске асырылуда. Мұның мә­нісі, ол абоненттерді жерүсті телеком­му­никациялары арналарына телімей-ақ, оларға кең жолақты қатынау қызмет­те­рін ұсынуға мүмкіндік беретін қол­да­ныстағы CDMA желілеріне үстемелеп салынған қон­дырғы. Жаңа технология жоғары жыл­дамдықпен ақпараттар беру мүмкіндігі есебінен интернетке қосылу­дың ең жоға­ры жылдамдығы –3 Мб/с дейін қол жет­кізді. Ауылдық желіде EV-DO техноло­гия­сымен ақпараттар бе­рудегі жоғары жыл­дам­дыққа сандық деректерді ықшамдау­дың тың алгори­тм­дерін қолдану есебінен қол жеткізілді және CDMA-450 желісі қамтитын аумақтың кез келген жерінде интернет қатынасының жоғары жылдам­дығын қамтамасыз етеді. Міне, Қостанай облысындағы бір­шама ауылдар өркениеттің осындай же­тістігін пайдалана бастады. “Қазақте­ле­ком” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айту­ын­ша, енді 2-3 жылда EV-DO техноло­гиясын пайдаланатын сымсыз қатынас желісімен еліміздің барлық ауылдық өңірі қамтылатын болады. Ауылдағы мекемелер қызметкерлері құжаттар, айлық, тоқсандық есеп беру үшін алыстан Қостанай қаласына ат арытып, арнайы келеді. – Мен мектепте фельдшер болып қызмет істеймін. Аудандық, облыстық медицина мекемелеріне жиі баруыма тура келеді. Енді интернетті еркін пайдалан­сам, қалаға жүгіруім де азаяр деп ойлай­мын. Ал ауылдық жерде көбіне үйде бол­ғанда шаруаң бітеді,–дейді Ләззат Қыпшақбайқызы. Енді Ләззат секілді өзінің басшы­ла­рымен жоғары жылдамдығы қамтамасыз етілген интернет арқылы хабарласуына әбден болатынын білгенде ауылдағы ағайынның қайсысы болса да көңілді бір демдеді. Өйткені бұл жұмысты өнікті, тұрмысты көрікті етеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.