Мини-футбол. Сербияда өткен әлемнің студенттер арасындағы XІІ чемпионатында негізін Қарағандының “Тұлпар” командасы құрайтын Қазақстан құрамасы 6-орынға табан тіреді. Қазақстандық студенттері өз тобында Қытай, Бразилия және Словакия командаларын тиісінше 7:1, 3:2, 7:0 есептерімен ұтып шықты. Ал ширек финалда алаң иелері – сербтерден 4:5 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Содан кейін поляктармен 5-6 орындар үшін болған шайқасты әуелі 2:2 есебімен тең аяқтап, екінші рет өткізілген кездесуде 2:3 болып жеңіліп қалды. Ал қорытынды нәтижеде ресейліктермен болған финалдық айқаста 3:2 есебімен алда болған Бразилия құрамасы бірінші орынға шықты. Үшінші орын – Сербия, төртінші орын Украина құрамаларына бұйырды.
Хоккей. Өскеменде өткен Қазақстан кубогы үшін жарыста Рудныйдың “Горняк” командасының бағы жанды. Кенді қаланың хоккейшілері финалда Қарағандының “Сарыарқасынан” 3:0 есебімен басым түсті. Үшінші орынға Атыраудың “Бейбарыс” командасын 5:2 есебімен ұтқан Өскеменнің “Казцинк-Торпедосы” орналасты.
Волейбол. Алматыда әйелдер командалары арасында еліміздің Кубогы үшін сайыс өтіп жатыр. Осы кезге дейін үш турдың ойындары ойналды. Оның қорытындысы бойынша “Қарағанды”, “ШығысСвинецСтрой”, “Металлург”, “Астана-2”, “Грация KZ”, “ЦСКА-Алматы” командалары ширек финалға шығып, жартылай финалдың 4 жолдамасы үшін күресетін болды.
Жеңіл атлетика. Қазақстандық Ольга Рыпакова Бельгияның Брюссель қаласында өтіп жатқан жеңілатлетикалық “Бриллиант лиганың” соңғы кезеңінде үш секірістің жалпы қорытындысы бойынша екінші орынды жеңіп алды. Лига чемпионы атағына кубалық Ярхелис Савинье қол жеткізді. Оның кезеңдерде жинаған ұпайы біздің Ольгамен бірдей шықты (22). Алайда, кезеңдердегі бас жүлдесінің саны (4) жағынан басымдық танытып, бірінші орынға лайықты деп табылды.
Олимпиада. Сингапурде мәреге жеткен жасөспірімдер арасындағы бірінші Олимпиялық ойындардың қорытындысында Қазақстан жас түлектері командалық 24-ші орынға ие болды. Бірінші орын 24 алтын медаль алған Қытай командасының еншісінде кетсе, 18 бірінші орны бар Ресей құрамасы екінші болды. Үшінші орынға 11 бас жүлдемен Оңтүстік Корея спортшылары орналасты.
“Егемен-ақпарат”.