01 Қыркүйек, 2010

“Қазақстан” спорт сарайы — үздік мұз айдыны

896 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мәскеу қаласында өткен “Мұз айдындарының күндері” атты Ха­лық­аралық конгресте Астана қаласының “Қазақстан” спорт сарайы “спорттық іс-шараларды өткізуге арналған үздік мұз айдыны” атанды. Бұл конгресс 29 шілде мен 1 тамыз аралығында Мәскеуде өткен “Ресей – спорттық держава” атты халықаралық спорт форумының шеңберінде өткізілген болатын. Форум 1980 жылғы XXІІ Олимпия ойындарының өткізілуіне 30 жыл толуына орайластырылып, 42 елден келген 3500 өкілдерді қарсы алды. Олардың ішінде халықаралық спорт федерациялары мен ұйымдардың, сонымен қатар, дене тәрбиесі мен спорт саласындағы мекемелердің басшылары мен өкілдері болды. Қатысушы елдер санының ау­қымдылығы халықаралық жолдас­тық қатынастардың дамуына жол ашқандығы сөзсіз. Форум қоғам өміріндегі спорттың мәні мен орны жайындағы көкейтесті сұхбат алаңы ретінде ғана емес, сонымен қатар, спорттық инфрақұрылымды дамыту саласындағы тәжірибе алмасу, ғы­лы­ми-техникалық, ақпараттық ре­сурстарды көрсетуге мүмкіндік берді. Жоғарыда айтылғандай, атал­мыш форумның шеңберінде “Мұз айдындардың күндері” атты бірінші Халықаралық конгрес өткен бо­ла­тын. Бұл жиынға мұз құрылғыла­рының белгілі өндірушілері мен өнім берушілер, мұз сарайлар, ай­дындар, спорт кешендері, сондай-ақ, спорттық федерациялар мен клуб­тар, БАҚ өкілдері мен басқа­ру­шы органдар қатысты. Қатысушы­лар­дың ішінде Астана қаласындағы “Қазақстан” спорт сарайының өкілдері де болды. Конгрестің жұмысы төрт күн жүргізіліп, ұйымдастырушылар қатысушылардың назарына мұз нысандарына арналған спорттық-технологиялық құрылғыларын жоспарлау және салу ерекшеліктері жайында толық ақпараттар ұсынды, сондай-ақ, оларды пайдаланудың экономикалық аспектілеріне тоқ­талып, соңында Мәскеудегі ірі мұз айдындарын көрсеткен болатын. Іс-шараның салтанатты бөлімі конгрестің алғашқы күні өткен-ді. “Мұз айдынының үздік инфра­құрылымы үшін”, “Жылдам мұз айдыны”, “Үздік көп функциялы мұз сарайы” және сол сияқты т.б. 16 номинация бойынша конгрестің алғашқы сыйлықтары берілген болатын. Көптеген басқа номи­нант­тардың ішінде өткізілген іріктеу сайысы бойынша Астана қала­сының “Қазақстан” спорт сарайы “Спорттық іс-шараларды өткізуге арналған үздік мұз айдыны” номи­нациясындағы сыйлыққа ие болды. Конгресте мұз айдынының аты­нан шыққан “Қазақстан” СС ди­ректорының орынбасары Ержан Сәдуақасов “бұл жүлде біз үшін өте маңызды, және оны спорттық ке­ше­німіздегі барлық қызметкерлер ат­қ­арған жұмысының жемісі деп санау керек. “Қазақстан” спорт сарайы белгіленген көрсеткіштерді одан әрі жетілдіруге тырысады”, – дейді. “Қазақстан” спорт сарайы Елба­сының тапсырмасы бойынша 2001 жылы салынды. Кешеннің құра­мына: республикалық дәрежедегі іс-шараларды өткізуге бейімделген олимпиада стандарттарына сай бас­сейн (50 м.), арнайы дене шынық­ты­ру залдары, сонымен қатар, көп­те­ген спорттық секциялар, Олим­пия ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев атындағы дзюдо залы, жаңадан ашылған шығыс жекпе-жек күрес залы, шағын фут­болдан сайыстар өткізетін футбол алаңы және 5332 көрерменге арналған мұз айдыны мен оған қосымша салынатын мұз айдыны­ның жаңа ғимараты кіреді. Дастан КЕНЖАЛИН.
Соңғы жаңалықтар