01 Қыркүйек, 2010

Семей футболына қолдау керек

674 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Өткен жылдың соңында Семей жұртшылығын елең еткізген бір оқиға болды. Оның халықтың назарын аударатындай ерекшелігі – қазақтың әлемге әйгілі жазушысы Мұхтар Әуезовтың өміріне тікелей қатысты болуынан еді. 1913 жылы жас Мұхтар ойнаған еліміздегі алғашқы футбол командасы “Ярыштың” эмблемасы атамекенге оралды. Бұл тарихи белгіге байланысты өрбіген жағдаяттарды біз кезінде “Егемен Қазақстанда” (23.11.2006 ж.) жарияланған “Жоғалған жәдігер” деген мақаламызда баяндаған едік. Онда “Ярыш” командасының сол замандағы арнайы жасалған эмблемасы команда капитаны болған Ю.Нығма­­туллиндердің әулетінде сақталып, бертінде фут­болшы Юнустың қарындасы Нәйла әженің қызы Рамисаның қолында болғанын, алайда оның 2001 жылы отбасылық жағдайына байланысты Гер­манияға қоныс аударып, эмблеманың да шетел асып кеткенін айтқанбыз. Содан кейінгі жерде қазақ футболы үшін құнды тарихи белгіні қалайда болса елге қайтару мақсатымен Германияға телефон да шалдық, ара-ағайындыққа 90-нан асқан Нәйла әжені сала отырып, жоғарыдағы мақаланы Рамисаға поштамен жіберген де едік. Алайда бұрынғы отандасымыз нақтылы жауабын айтпай, әрі-сәрі күйде жүргенбіз. Енді, міне араға үш жыл салып Рәмиса Айдхофф ханым Семейге ұшып келді. Өз айтуына қарағанда көп ойланып-толғанған Рәмиса көзінің қарашығындай 40 жылдан артық сақтаған эмблеманы қазақ футболының Отаны – Семейге, нақтылап айтсақ, қаладағы татар қоғамдық- мәдени орталығының мұражайына тапсырды. Қалай болғанда да бір ғасырлық тарихы бар, құн­ды жәдігердің елге оралуы мәдени өміріміздегі ай­тулы оқиға болып, спорт жанкүйерлерінің көз­айымына айналды. Осылайша қазақ футболының кешегісі мен бүгінін жалғап тұрған, тарихы мен сырын ішіне бүккен көне эмблеманың бүгінгі ұрпаққа аманат болып, ел футболының өсіп-өркендеуіне серпіліс беретіндей құбылыс болар деген сенім біздің көңілге үміт отын ұялатады. Әлемде спорт түрлері көп болғанымен, соның ішінде өте кең тарап, бұқаралық сипат алып, қызықты ойынға айналғанының бірі әрі бірегейі – футбол. Оның бүгінгі қоғамда қандай орын алып отырғанын, футбол қауымдастығын бірік­тіретін дүниежүзілік ұйымның (ФИФА) қызметінен-ақ көруге болады. Құрамына 205 мемлекет мүше болып кіретін бұл алып федерацияның бір жылдық бюджеті 4 миллиард доллардан асып жығылады. Бүгінде футбол индустриясына байланысты қызмет түрлерінің тауар айналымы 50 миллиард долларға бағаланады. Тағы бір маңызды жағы футбол өнері әлемдегі 200 миллион адамға жұмыс береді екен. Жоғарыдағы деректерді тәптіштеп айтып жатқанымыз сол, атам қазақтың “асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар...” деген мақалымен келіспейтін заман туды. Бір жағынан бұған себеп болған жағдай республикамыздың нарықтық қатынастарға негізделген экономикаға бет бұрысы дер едік. Осыған орай үлкен спорт та кеңес заманындағы әуесқойлық түрден енді көп жағдайда кәсіби сипат алды. Соның ішінде футбол да көптеген адамдардың күнкөріс тіршілігі, табыс көзіне айнала бастады. Дегенмен, осы саланың бүгінде түйіні шешіл­меген мәселелері де шаш-етектен. Спорт жанкүй­ері болғандықтан оны біз өзімізге етене жақындау Семей футболының мысалынан қарастыруды жөн көрдік. Бір жағынан бұл тақырыпқа қалам тербеуге себеп болған басты бір жағдай Қазақстан футболының тақап қалған 100 жылдық мерей­тойы. Дәлірек айтсақ, айтулы бұл мереке 2013 жылы, яғни үш жылдан кейін тойлануы тиіс. Бұл көп уақыт емес. Сондықтан көпшілік көзайымына айналған қазақ футболының 100 жылдығына жан-жақты дайындалып, оны футболдағы жоғары жетістіктер, тындырымды істермен қарсы алу – спорт саласындағы жауапты мекемелер мен ұйымдардың басты міндеті деп білеміз. Бұл шараның Шығыс Қазақстан өңіріне, оның ішінде Семей қаласына тікелей қатысы бар. Өйткені, жоғарыда атап кеткендей Семей – Қазақстан футболының Отаны. Кәнігі жанкүйер мен көзі қарақты оқырман қазақ жеріндегі тұңғыш футбол командалары 1913 жылы Семейде құрыл­ғанын жақсы біледі. Олар “Ласточка”, “Орлята”, “ССК”, “Ярыш” (“Жарыс”) сияқты командалар болатын. Міне, осы соңғы команда, өз атынан аңғарылып тұрғанындай, түгелдей мұсылман жас­тарынан жасақталды. Негізінен татар жастарынан құрылған бұл құрама сапында сол кезде бес клас­тық училищеде оқып жүрген Мұхтар Әуезов те ойнаған. Жас Мұхтардың бірден алғашқы ұйым­дасқан футбол командасына алынуы ол кісінің бұған дейін де доп теуіп, өзіндік шеберлігімен көзге түсе білгендігі болса керек. Оның сол кезде қазақ даласына таңсық ойын түрін қалай үйреніп, қандай футболшы болғаны жөнінде бауыры Ахмет Әуезов “Бала Мұхтар” деген кітабында жазды. Міне, кейін көркем сөздің айтулы шеберіне айналып, “Абай жолы” эпопеясы арқылы атағы әлемге тарап, қазақ деген халықты шартарапқа танытқан заңғар тұлғаның Семейдегі доп қуған бүгінгі ізбасарларының жағдайы қалай деуіңіз әбден мүмкін, қадірлі оқырман. “Ат аунаған жерде түк қалар” дегендей, өткен ғасырда Семей өңірінде футбол өнері біршама қанат жайып, өркендеді. Семейдің командасы республика біріншілігінде 1963 жылдан бастап ойнай бастады. Сол жылдары Қазақстан чемпио­натында екінші орынға көтерілген “Цементник” командасы бүкілодақтық жарыстарға, “Б” тобына жолдаманы жеңіп алды. Алайда, бұл дебют аса табысты болмай ол он сегіз команданың ара­сы­нан он алтыншы орынға табан тіреді. Бүкіл­одақтық аренадағы алғашқы жетістік 1967 жылы келді. Чемпионаттың “Б” тобында төртінші орын алған семейліктер осы топтың күшті коман­да­ла­рының финалдық жарыстарына қатысуға мүмкін­дік алып, онда үшінші орынға ие болады. Осы жы­лы финалда Находканың “Океан” командасын же­ңіп, Ресейдің алтыншы аймағындағы кубоктық жа­рыстарды ұтып алады. 1968 жылдан бастап “Це­ментник” “Б” тобының жаңа қазақстандық ай­ма­ғына қосылады. Бұны Қазақстан біріншілігі де­ген жөн болар. Осы жолы төртінші орынмен қана­ғат­танған семейліктер 1969 жылы павлодарлық “Трак­тордан” ғана ұтылып, екінші орынға ие бо­лады. 1970 жыл “Цемент­никке” көптен күткен бірін­ші орынды және “А” тобына жолдаманы әкелді. 1971 жылдан бастап семейліктер “Спартак” туы астында ойнай бастады. Екінші лигадағы дебют командаға кезекті табысты әкелді. Олар алтыншы аймақтың жеңімпаздары атанды. Біраз жылдар салып, 1977 жылы олар қайтадан аймақтық жарыстарды ұтады. Семей футболы үшін жаңа кезең бұрынғы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін басталды. 1992 жылдан егемен еліміздің дербес футбол біріншілігі өте бастады. Алғашқы екі жылда кереметтей ойын өрнегін көрсете алмаған семейліктер 1994 жылы өз атын “Елім-ай” деп ауыстырады және шын мәніндегі халықтық командаға айналып, бірден Қазақстан чемпионатының чемпионы жүлдесін жеңіп алды. Ал 1995 жылы “Елімай” чемпион атанып қоймай, сонымен қатар ел кубогы мен суперкубогының иегері атанды. 1996 жылы қола медальмен қанағаттанған семейліктер 1998 жылы қайтадан серпіліп, Қазақстан командалары арасында алғашқы болып еліміздің үш дүркін чемпионы атағына ие болды. Әлемдік аренаға шығып, Азияның күшті командаларымен де осы жылдары ойнады. Сөйтіп, қазақ футболын шет елдерге танытуға біршама үлес қосты. Алайда, бұдан кейін қайтадан “Спартак” аталған команда тарихында сәтсіздіктер кезеңі басталды. Ұзаққа созылған бұл тоқырау себебінің байыбына бару үшін біз команда тағдырына жауапты адамдарға жолыққан едік. Алғашқы әңгімеге тартқан адамымыз “Спартак” командасының бас жаттықтырушысы М.Сыздықов болды. Бастапқыда ол кісіден команданың жаңа маусымға дайындығының қалай жүріп жатқанын сұраған едік. Сонда ол былай деген еді: – Биыл да біз үшін бірінші орында тұрған басты сұрақ – қаржы мәселесі. Өйткені, команданың қажетіне 2010 жылға облыстық бюджеттен бір теңге де қарастырылмаған. Ал чемпионатқа қатысу үшін 75 миллион теңге қажет (міне осындай қаржы ғана футбол федерациясына кепіл бола алады). Сонымен бірге 2009 жылғы жалақы бойынша берешек тағы бар. Біздің Қазақстан футбол федерациясына ғана қары­зымыз 7 миллион теңге. Абырой болғанда онда­ғылар біздің қазіргі жағдайымызға түсіністікпен қарауда. Әйтпесе, жарыс жолына шыға алмай қалғандай едік. Осыған орай, футболшыларымыз да сенім үдесінен табылуда. Соның айғағындай барлығы 18 команда ішінен бірінші айналымды үшінші орынмен аяқтадық. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт сол, командадағы 25 ойын­шының 21-і жергілікті жастар. Яғни, орын алып отырған қиыншылықтарға қарамастан біздің ойыншылар арасында тұрақтылық та, болашаққа деген сенім де жеткілікті. Әңгімеге тартқан келесі адам “Семей” спорт клубы” КМҚК директоры Тілеуғазы Сыдықов мырза болатын. Ол өзін әбден толғандырып жүрген жайларды бізге жайып салды. Ендігі сөзді сол кісіге берейік. – 2002 жылдан бастап Семей футболы үшін сәтсіз кезең басталды. Қаржының жетіспеуші­лігінен “Спартак” 2004 жылғы чемпионатта соңғы орында қалып, келесі жылдан бірінші лигада ойнайтын болды. Содан бері қаhарлы клуб нашар қаржыландыру салдарынан күштілер тобы премь­ер-лигада ойнау мүмкіндігіне ие бола алмай келеді. Семейде өсіп, шеберліктері шыңдалған Са­мат Смақов (Қазақстанның алты дүркін чем­пионы, “Гол” апталығының мәліметі бойынша төрт рет республикамыздың үздік футболшысы деп танылған), Андрей Богомолов (Қазақстанның жеті дүркін чемпионы), Сергей Бойченко, Андрей Кар­пович сияқты семейлік футбол өрендері өз бақыт­тарын басқа командаларда іздеулеріне тура келді. Егер де жеткілікті әрі тұрақты қаржылан­ды­ру көзі болған жағдайда, олар алысқа кетпей, өз ойын­дарымен семейлік жанкүйерлерді қуантар еді. “Спартак” командасын қаржыландыру бүгінгі күнде ең қиын мәселе болып отыр. 2009 жылы команданы ұстауға облыстық бюджеттен 40000,0 мың теңге бөлінді. Ол бюджеттік кодекс бойынша команданың іс-сапарға шығып, басқа қалалардағы кездесулері барысындағы шығындарға (жол ақысы, тамағы, жатар орны) ғана жұмсалады. Сонымен қатар демеушілерден абономенттік кітапшалар мен билеттерді сатып таратудан 1414,0 мың теңге түсті, бұл сома Қазақстан футбол федерациясының регламентіне сәйкес біздің стадионда өткен футбол ойындарында қызмет көрсеткен төрешілер мен инспекторларға төленді. Мәжіліс депутаты Ержан Рахметовтің көмегі арқасында бізге Ғабиден Рахметовтің қорынан 1000,0 мың теңге бөлінді. Бұған қоса қала кәсіпкерлерінен түскен 2000,0 мың теңгені футболшылардың жалақысына төледік. Алайда, бұл сомадан басқа футболшылардың жалақы мәселесін шешуге жететін қаржы табылмай келеді. 2009 жылдың наурыз- қазан айларына клубтың жаттықтырушылары мен футболшылары алдындағы қарыз сомасы 16,5 млн. теңгені құрайды, оның ішінде 6,5 млн. теңге 12 ұтыс ойындары үшін сыйлық ақша. Осындай жағдай 2008 жылы да болған, онда футболшылар мен жаттықтырушылардың алдындағы қарыз сомасы 19358,5 мың теңгені құрады. Алайда, демеушілік көмек болмағандықтан клуб басшы­лығы мен футболшылары жалақыларын сот шешімі арқылы қалалық бюджеттен алды. Егер де биылғы жылы жалақы бойынша берешектер өтелмесе, сот орындаушылары “Спартак” стадионының мүлкіне тыйым салып, одан әрі сатуға ұсыну мүмкіншілігі бізді мазалап жүрген жағдай. Сондықтан да “Спартак” командасының мұнан арғы тағдырына барынша алаңдап, нақты шешім қабылданбаса, Семей футболының болашағы бұлдыр. Бұл тығырықтан шығу үшін біз “ШҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы” ММ бастығы А.Можановқа, ШҚО әкімі Б.Сапарбаевқа хат жаздық. Онда біз жоға­рыда айтылғандар негізінде “Спартак” футбол командасын “ШҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы” ММ арқылы (“Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі” ММ тыс) қаржыландыруға немесе “ШҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы” ММ базасында “Спартак” футбол командасы” КМҚК ашуға көмек көрсетуін сұрадық. Егер талабымыз орындалып, облыстық бюджеттен қаржыланды­ратын мемлекеттік мекеме құрылса, балалар мен жасөспірімдердің алаңсыз жаттығып, кейін еш­қайда кетпей команданың намысын қорғап, өнер көрсете берер еді. Өйткені, мұндай қадам Шығыс Қазақстан облысының жастарынан құрылған “Спартак” командасын сақтап қалудың ең дұрыс жолы деп білеміз. Мұндай қамқорлық үш жылдан кейін келетін Қазақстан футболының 100 жылдығын тойлағанда “Спартак” командасының да үздіктер қатарында ойнауына кепіл болар еді. Ал жоғарыда айтып кеткеніміздей Қазақстан футболының тарихы Семей футболынан бастау алады. Сондықтан ғасырлық мерейтой заманында жас Мұхтар негізін қаласқан Семей футболынсыз атап өтілсе, бұл елдігімізге сын емес пе? Рас, жуырда өткен облыстық мәслихаттың ке­зекті сессиясында “Спартак” командасын ұстауға деп 25 миллион бөлінгені туралы жақсы бір ха­барды естіп отырмыз. Қалған қажетті қаржы күзде бөлінетін секілді. Бірақ, мұнымен де мәселе толық шешілді деуге келмейді. Өйткені, биылғы жылы команда мүшелеріне берілуге тиіс жалақы мөлшері 36 миллион теңге. Ал қазірде түсіп тұрғаны небәрі 7,5 миллион теңге. Оның өзі қала әкімі Мейрамхат Айнабековтың, облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі мецанат-кәсіпкер Ғаббас Ибраевтың қам­қорлығы нәтижесінде жиналды. Яғни, футбол­шылардың жалақы мәселесі де толық шешілер емес. Ал облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы команданың жол шығындарын өтеуден аспайды. Семейлік жанкүйерлер осы орайда облыстағы екі командаға көзқарас екі түрлі болып келе жатқандарына ренжулі. Айталық, Өскеменнің “Востогы” мен Семейдің “Спартагына” жасалып жатқан қамқорлық жер мен көктей екенін мұндағылар білмей отырған жоқ. Сондай қамқорлық нәтижесінде Өскеменнің “Востогы” бірінші айналымды бірінші орынмен аяқтап отыр. Солай дегенде оған мұндағы жанкұйерлер қуан­баса, ренжімейді. Айтты айтпады, бір облыстан қос команданың футболдан ел біріншілігінде іркес-тіркес келе жатқаны кімге жаман? Тек ала қойды бөле қырықпайық дейді ғой мұндағы жан­күйелер. Тағы бір мысал. Семейдегі “Спартак” стадионына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне, міне қырық жылдан асып барады. Ол үшін 400 миллион теңге және керек. Ертең бұлар премьер лигаға өте қалса қосалқы алаң да қажет. Бір сөзбен айтқанда, Семейдегі жағдай қарын аштырады. Міне, футбол маңында жүрген мамандар мен басшылар, жергілікті футбол жанашырлары солай дейді. Ал енді осы салаға жетекшілік етіп отырған лауазым иелері не дер екен? Соны білгіміз келеді. Өмірзақ СҰЛТАНОВ,  Шәкәрім атындағы университеттің оқытушысы, доцент. Дәулет Сейсенұлы, Семей. Суретте: “Спартак” командасы.
Соңғы жаңалықтар