01 Қыркүйек, 2010

Академиялық ұтқырлық ұтымдылығы

1617 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Ұлттық мектептің ұлы мұраты Болон процесі аясындағы сту­денттердің академиялық ұтқырлы­ғына үлкен мән беріледі. Болон декларациясы студенттердің басқа оқу орындарына ауысуына және сәйкесті қызметтер алуына ерекше көңіл бөле отырып, бұл ауысудың еркіндігін тиімді жүзеге асыруда кедергілерді ескеру арқылы ұтқыр­лығына жағдай жасау мақсатын жариялайды. Болон процесінің мін­деттері: жұмысқа тұру мүмкін­дігімен азаматтардың ұтқырлығын дамыту бағытының негізгі кілті ретінде жоғары білімнің еуропалық аймағын құру; Еуропаның интел­лек­туальды, мәдениетті, әлеуметтік және ғылыми-техникалық әлеуетін қалыптастыру мен нығайту; дүние жүзінде жоғары мектептің беделін көтеру; басқа білім жүйелерімен еу­ропалық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету; жоғары білімнің ұлттық жүйелерінің үлкен үйлесімділігі мен салыстырмалылығына қол жеткізу; білім сапасын арттыру; мәдени құндылықтарды дамытуда өздерін жаңа гуманистік сана түсінікті қолдаушы, таратушы ретінде санай­тын университеттердің орталық рөлін көтеру. Болон Декларациясына қосыл­ған мемлекеттер өздеріне белгілі бір нақты міндеттер алады, атап айт­қанда, Болон процесінің негізгі талаптарына сай ұлттық білім жүйелерін реформалау міндеті. Болон процесінің міндетті параметрлері жоғары білімнің үш деңгейлік жүйесі, – ЕСТS акаде­мия­лық кредиттерінің жүйесі,  жоо студенттерінің, оқытушылары­ның және әкімшілік қызметкер­ле­рінің академиялық ұтқырлықтары, дип­ломға еуропалық қосымша, жоғары білімнің сапасына бақылау, бірың­ғай еуропалық зерттеу кеңістігін құру болып табылады. Болон процесінің факультативті параметрлері: дайындау бағыты бой­ынша білім мазмұнын үйлес­ті­ру; таңдау курстары, студенттерді оқы­тудың сызықтық емес траек­то­риясы, модульдік жүйе, қашықтан оқыту, электронды курстар; оқыту­шылар мен студенттердің акаде­миялық рейтингілері. Болон жүйесін Қазақстанда енгізудің мақсаттары деп төмендегі жайлар айтылады: білім, оқу са­па­сын қамтамасыз ету; Қазақ­станның жоғары білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және оның еуропалық жоғары білім ке­ңістігіне интеграциялау; студент­­тер­дің академиялық ұтқырланула­рына алғышарт жасау; халықаралық үлгілерге сәйкес келетін жоғары оқу орындары дипломдарының мойындалуы мен баламалылығы; ұлттық және халықаралық деңгей­дегі еңбек рыногында отандық университеттер дипломдарының мойындалуын қамтамасыз ету; құзыреттілікті қалыптастыру; өздігінен білім алу деңгейін өсіру мен үзіліссіз оқуды қамтамасыз ету. Сонымен, академиялық ұтқыр­лық Болон процесінің негізгі бір құраушысы болып табылады. Ака­демиялық ұтқырлықтың маңызды ерекшелігі – студенттерге оқу үр­дісі аяқталғаннан кейін басқа жоо-да, базалық жоо-да оқыған пәндері есептеледі немесе олар бір мезгілде білімі туралы екі құжат алуына мүмкіндік беріледі. Болон процесінде академиялық ұтқырлықтың екі түрі ажыраты­лады: тігінен және көлденеңінен. Тік ұтқырлықты студенттің шетел­дік жоо-да толық білім алуы, көл­денеңді сонда тек белгілі бір шек­телген уақытта оқуы (семестр, жыл, бөлінген сағат) деп түсіну керек. Теориялық тұрғыда студент оқығысы келетін жоо-ны өзі таңдай алады. Тәжірибеде студенттің ұт­қыр­лығы олардың дербестігімен жү­зеге аспайды, өйткені барлық жоо-лар оқуға қабылдауды ұлттық заңнамаға сәйкес жүргізеді. Сірә, алғашқы кезде ұтқырлықты жоо дең­гейінде қамтамасыз қажет бо­лар. Себебі жоо екі университетте де оқылатын пәндердің өзара мой­ындалуы мен баламалылығы және алынған академиялық нәтижелер туралы келісім-шарт жасауға, бі­ріккен оқу бағдарламаларын жа­сау­ға құқылы. Студенттердің шетел­дерде оқуына және шетелдік жоо-ның білім туралы диплом алуына заңды негізі болып жоо-лар ара­сын­дағы келісім-шарт саналады. Со­нымен академиялық ұтқырлық­тың маңызды шарты жоо-лар­дың халықаралық ынтымақтастығы болып табылады. Оқу бағдарлама­ла­­рының, пәндердің өзара саналуы тәртібінің келісімі білім траекто­рияларын сақтауға, мамандықтар шеңберінде мамандандыруды қа­лыптастыру, рынок пен жұмыс берушілердің талаптарын ескеруге шақырады. Шетелдегі жоо-да оқытылатын пәндер ынтымақтасты жақтардың мемлекеттік білім стандарттарының ғылыми-теориялық деңгейлеріне сәйкес келуі керек. Бұл жерде мін­детті пәндермен бірге осы үрдісте жоо-ның белсенді рөлін пайым­дай­тын эллективті құрауыштарға да байланысты. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-де шетелдегі жоо-лардың жоғары бі­лік­ті оқытушыларын тарту арқылы білім бағдарламаларын бірігіп жү­зеге асыру тәжірибесі кең көлемде қолданылып келеді. Білім бағдарламаларын бірлесіп жүзеге асыру БҚМУ-ға серіктес жоо-лар оқытушыларын шақыру­мен де, сонымен қатар серіктес жоо-ға БҚМУ-дың студенттерін жіберу арқылы да орындалады. Біздің университеттің студент­тері жекелеген мамандықтардың бірқатар пәндерін оқып үйреніп, ма­мандану үшін Германияға, Поль­шаға, Ре­сейдің Мәскеу, Ульянов, Саратов, Волгоград қалаларына барады. Магистранттардың сынақ ісіне де үлкен мән беріледі, атап айт­қанда, 2008 жылы Ресейдің мем­ле­кеттік туризм және сервис универ­си­теті БҚМУ-дың 22 магистрантын ғылыми сынақ ісінен өтуге қабыл­дады. 2009 жылы біздің универси­теттің 38 магистранты Мәскеу қаласындағы Ресейдің Халықтар достығы университетінде ғылыми сынақ ісінен өтті. М.Өтемісов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік универси­теті Түркия үкіметімен халықара­лық алмасу бағдарламасын жүзеге асырып келеді. 2005 жылдан бастап БҚМУ-дан Түркия оқу орында­рына магистратураға оқуға 8 біті­руші түлек, аспирантураға – 1, ал PhD докторантураға 1 адам жі­бе­рілді. Ал Түркиядан университетке оқуға 6 студент алынды. Гази университетімен (Ыстам­бұл, Түркия) келісім-шарт бойын­ша “Туризм”, “Шет тілі: екі шет тілі” мамандығында оқитын БҚМУ студенттері Түркияда туристік ке­шендер мекемелерінде тәжірибеден өтуге жіберіледі. М.Өтемісов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік универси­тетінде бакалавриат және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдар­ламаларын жүзеге асыруға қатысу үшін жақын және алыс шетел­дер­ден оқытушы-ғалымдар шақыры­ла­ды. Олар доктор Карл Кайнер (Майнц қаласы, ГФР); доктор Гер­хард Бикес (Майнц қаласы, ГФР); тарих ғылымдарының докторы, профессор, РАЕН корреспондент-мүшесі Д.А.Кисилева (Мәскеу қаласы, Ресей); саясаттану ғылым­дарының докторы, профессор А.К.Ма­гомедов (Ульянов қаласы, Ресей); физика-математика ғылым­да­рының докторы, профессор А.А.Чи­­билев (Орынбор қаласы, Ресей); тарих ғылымдарының кан­дидаты, доцент Г.Б.Голуб (Самара қаласы, Ресей) және тағы басқалар. Академиялық ұтқырлықты жү­зе­ге асыру мақсатында М.Өтемісов атындағы БҚМУ серіктес жоо-мен келісім-шартқа қол жеткізу нег­і­зін­де қос дипломды білім бағдарла­ма­ларын белсенді түрде жетілдіріп келеді, бұл бірлескен қос дипломды білім бағдарламасын жасауды және жүзеге асыруды, алынған академия­лық нәтижелерді және екі универ­ситетте оқылатын мамандықтардың баламалылықтарын, сәйкестігін мойындау жақтарын қарастырады. Қос дипломды білім беру тө­мендегідей жолдар арқылы жүзеге асырылады. Білім беру бағдарла­маларына сәйкес және серіктес жоғары оқу орнына студенттерді қабылдау мүмкіншілігі, сонымен қоса оқытудың әртүрлі формала­рын пайдалана отырып екі жоғары оқу орнында білім алу. Мысалы, Н.Г.Чер­нышевский атындағы Са­ратов мемлекеттік университетімен қол қойылған келісім-шартқа сәй­кес бакалавриат бойынша 3 курсты бітірген және толық емес жоғары білімі бар М.Өтемісов атын­дағы БҚМУ студенттері келісім-шарт не­гізінде Н.Г.Чернышевский атын­дағы Саратов мемлекеттік универ­си­тетіне сырттай оқу түрі бойынша оқуға қабылданып, екі универ­си­тет­те бір уақытта оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мамандық­тар­дың ұқсастығы негізінде М.Өте­мі­сов атындағы БҚМУ-дың “Био­ло­гия”, “География”, “Тарих”, “Ха­лық­аралық қатынастар”, “Мате­ма­тика”, “Әлеуметтану”, “Физика”, “Аймақ­тану”, “Химия”, “Заңтану” ма­ман­дықтарындағы бакалавр-тү­лек­терді Н.Г.Чернышевский атын­да­ғы Сара­тов мемлекеттік универ­си­тетіне ке­лісім-шарт бойынша ма­гистратураға қабылдау қарасты­рылған. М.Өтемісов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік универси­теті қос дипломды білім беруде бір­лескен бағдарламаларды келесідей модельдер бойынша жүзеге асырып келеді: екі серіктес жоғары оқу ор­нын­да бір мамандық бойынша бі­лім алып екі жоғары оқу орнының тең дәрежелі дипломын алу; серік­тес жоғары оқу орындарында бір-біріне жақын мамандық бойынша білім алып екі жоғары оқу орны­ның тең дәрежелі дипломын алу; БҚМУ-да бір мамандық бойынша білім ала отырып серіктес жоғары оқу орнында қосымша біліктілігін артыру негізінде БҚМУ-дың негізгі дипломы мен серіктес жоғары оқу орнының қосымша біліктілігінің дипломын алу. “Менеджмент” мамандығы бой­ынша магистрлерді бірлесе дайын­дау мақсатында РХДУ-мен (Ресей Халықтар достастығы универси­теті) келісім-шартқа қол қойылды. Және де оқу жоспарындағы 24 пән­нің іш­ін­де 7-еуі БҚМУ-дағы бағдарла­ма­ға қатысушылар оқитын магис­тра­­­тураның “Экономика” маман­ды­ғы­ның оқу жоспарымен өзара сәйкес келеді деп есептеліп отыр. Оқу­­ды аяқтағаннан кейін бағдар­ла­маға қатысушылар “Эко­номика” маман­ды­ғының БҚМУ магистрі және “Ме­неджмент” мамандығы бойын­ша РХДУ магис­трі деген академия­лық дәрежесі бар дипломға ие болады. Экономикалық мамандықтар бойынша бакалавриатта білім алу­шыларға арналған РХДУ-мен “Мұнай-газ бизнесінің менеджері” қосымша біліктілігін алу үшін бірлескен білім бағдарламасы құ­рас­тырылды. Оқуды аяқтағаннан кей­ін түлектер БҚМУ бакалав­ры­ның дипломын және РХДУ-ның қосымша біліктілік дипломына ие болады. Оқу РХДУ-дың профес­сор-оқытушылар құрамының кө­мегімен М.Өтемісов атындағы Ба­тыс Қазақстан мемлекеттік унив­ер­ситетінің негізінде жүргізіледі. БҚМУ-дың білім беру бағдар­ла­маларына сәйкес университет сту­денттерді серіктес жоғары оқу ор­нының дипломын және қосымша біліктілік алу мақсатында сол оқу орндарға да оқуға жіберіп отырады. Халықаралық туризм және мәде­ниет институтында (Быдгощ қала­сы, Польша) БҚМУ-дың бір топ студенттері “Туризм” маман­ды­ғы бойынша білім алуда. Сту­дент өз еркімен 1 курс қана оқып, “Турин­форматор” қосымша білік­ті­лік дип­ломын ала алады немесе барлық курсты аяқтап, жоғары білімі бар “Туризмді ұйымдастыру маманы” дипломына ие бола алады. Сонымен қоса, студенттердің академиялық белсенділіктерінің осы уақытқа дейін кең ауқымды дамымағанын атап өткен жөн. Бұған төмендегідей факторлардың әсерін атап кетүге болады. Біріншіден, академиялық бел­сен­діліктің қазіргі таңда көбіне сту­денттердің басым бөлігі негізінен Қазақстаннан шетелдерге шығу ар­қылы жүзеге асуда. Ал, керісінше, шетелдерден Қазақстанға келіп жат­қан студенттердің саны әзірге аз. Екіншіден, бакалавриатқа қара­ғанда магистратураға қызығушы­лықтың көп екендігін атап өткен жөн. Үшіншіден, қазақстандық сту­денттердің шетелдердің тілдерін мең­геруінің әлі де нашар болуы бір­ден-бір үлкен кедергі болып та­бы­лады. Алайда студенттердің қа­зақ-орыс тілдерін жетік меңгеруі Ресей оқу орындарымен тығыз ын­ты­мақ­тас­тықта болуға зор септігін тигізуде. Төртіншіден, студенттердің ака­демиялық белсенділіктері халық­ара­лық деңгейде тегін жүзеге ас­пайтындығы да анық. Шетелде бі­лім алып жатқан студентке өзінің та­мақтануына, жол шығынына, тұр­ғылықты орнына көлемді қара­жат қажет екені анық. Бұл өз кезе­гінде қаржылық мәселенің ту­ын­дауына әкеліп соқтырады. Демек, академиялық белсен­ді­лік тұжырымдамасын нақты анық­тау қажет. Соның ішінде, норма­тивтік құқықтық база құрастырып, Болондық жүйенің қатысушы елде­рімен және Қазақстанның білім беру саласында қарым-қатынас жасайтын елдерімен келісе отырып, талқылау керек. Осыған орай уни­верситетте ұтқырлық үрдісін жүзеге асыратын ұйымдастырушыларды дайындау және олардың қызметін республика деңгейінде қарастыру, қабылдау шарттарымен, академия­лық күнтізбе құрумен айналысатын топтарды құру, шетелдердің жоғары оқу орындарынан алынған білік­тілікті мойындау және шетелдік жоо дипломдарын нострифика­циялау жүйесін әрі қарай жетілдіру; студенттердің тілдік дайындық­та­рын түбегейлі жақсарту; жазғы уни­верситеттер ашу, қашықтан оқыту жүйесін дамыту, қазақстандық жо­ғары оқу орындарының базасында шетел жоғары оқу орындарының дипломын алу мүмкіндігін кеңейту, шетел жоғары оқу орындарының оқытушыларын шақырту арқылы академиялық ұтқырлықты жүзеге асыруды түрлендіру қажет. Академиялық ұтқырлықтың жүзеге асу қағидасының түр-сипаты әртүрлі болуы мүмкін, бұл өз кезе­гінде аталған үрдіске кедергі тудырмайды, керісінше оның оң жақтары да бар. Қазіргі таңда әр елдің білім беру жүйесінде маңыз­ды өзгешеліктердің болуына бай­ланысты студенттердің академия­лық белсенділігін жүзеге асыру көбіне жоғары оқу орындары ар­қылы жүргізуге болады. Негізгі мәселе, жоғарыда аталып өткендей, мобильді бағдарламалар базасының жоқтығы, әр елдерде білім беру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасының алуандылығы және қар­жылық мүмкіншіліктің шектеулілігі болып табылады. Алайда, бұл үрдіс кеңейтіліп, әрі қарай дамуы қажет, өйткені отандық білім беру жүйесі бүгінгі таңда халықаралық талап­тар­ға сай сапалы жетілуге бағыт­тал­ған. Ең бастысы, бұл көлемді үрдіс, бірінші кезекте, білім алушылар мен жұмыс берушілердің мүделе­ріне бағытталған. Тұяқбай РЫСБЕКОВ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Орал.