01 Қыркүйек, 2010

Уақыт талабынан туған қадам

541 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Тамыз айында Елбасы “Қазақ­стан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиім­ділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Бұл құжатты еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылу, зайырлы мемле­кет құру жолындағы жаңа, табысты қадамдардың бірі деп бағалаймыз. Аталған Жарлықты жүзеге асыру мақсатында республика аумағында қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы жағдайларға байланысты, сот жүйесінің қоғам­дағы орны, болашағы туралы ой-пікірлерімізді көпшіліктің назарына ұсынсақ дейміз. Бүгін біз, Қазақстан Республи­касында Қазақстан халқының Конс­титуцияда көрсетілген құқық­тары мен бостандықтарын мүлтіксіз қорғауды қамтамасыз ететін, ха­лықаралық стандарттар мен демо­кратиялық принциптерге негіздел­ген, мемлекеттік биліктің қасиетіне нұқсан келтірмейтін тәуелсіз сот жүйесінің құрылғанын мақтаныш­пен айта аламыз. Десек те, уақыт бір орнында тұрмайды. Заман өз­гереді, ұрпақ ауысады. Заманмен бір­ге заң да өзгереді. Сол себепті елі­міздің сот жүйесіндегі заңдылық­тар мен ұс­та­нымдардың өзгеріп отыруы ор­ынды құбылыс. Сот төрелігінің әділдігі мен аш­ық­тығын қамтамасыз ететін бірден- бір жауапты тұлға – судья. Судья дегенде көз алдымызға кешегі бір ауыз сөзбен бүкіл бір елдің мәсе­лесін шешіп, жесірін жылатпаған, жетімін құлатпаған, дарқан даланың данагөй ақылмандары, от ауызды, орақ тілді, қазақтың даңқты билері – Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке би көз алдымызға келеді. Қалың қазақты дуалы ауыз шешендігімен, көреген көсемдігімен айрандай ұй­ы­т­қан осынау үш абзал би зама­нын­да үстіне мантия киіп, кең зал­дар­да отырмаса да, қара бастың қа­мын ойламай, байтақ қазаққа бас бо­лып, телісі мен тентегін тыя біліп, әділ­дігімен, турашылдығымен ел ықы­ласына бөленіп еді. Судья, ең алдымен, әділдік пен турашылдықтың жаршысы болу керек. “Тура биде туған жоқ, ту­ғанды биде иман жоқ” деп бекер айтпаған халқымыз. Осынау ұла­ғатты сөздің астарына ұлттық таным - түсінікпен тереңдей үңілсек, судья туғанды емес, ең алдымен, иманды болуы керек деп білеміз. Судья қай уақытта да өз қыз­метінде Ата Заңымызбен қатар Қазақстан Республикасы аумағында қолданыстағы барлық заңнамалық актілерді, жалпыға бірдей адамгер­шілік нормаларды және мінез-құлық ережелерін басшылыққа алуы тиіс. Мұның бәрі айналып келгенде, судья әдебі деген ұғыммен тоғы­са­ды. Судья заң талаптарына сүйене оты­рып, әділ шешім қабылдаушы тұлға ғана емес, судья, ең алдымен үлкен мәдениет пен парасат иесі болуы керек. Егер біздің арамыздан бір адам өзінің жеке басының мүддесін мемлекет, заң, ар мен ож­дан мүддесінен жоғары қойып, заң бұзушылыққа жол берсе, бүкіл сот жүйесіне, судьялар мәртебесіне зор нұқсан келетінін жақсы түсінеміз және осындай қолайсыз жағдай­лар­дың алдын алу барысында көптеген кешенді шаралар атқарылуда. Мен қызмет жасайтын Қостанай облыстық соты қаралатын істердің саны жағынан республикадағы ал­дыңғы қатардағы ұжымдардың бірі. Тек қана ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс сотта­рында 16 905 азаматтық іс, 2439 адам­ға қатысты қылмыстық іс, 9892 ад­ам жөнінде әкімшілік істер өн­ді­рісімен аяқталды. Аталған аза­мат­тық істердің 5-еуі, қылмыстық іс­тер­дің 16-сы, әкімшілік істердің 1 700-і бойынша ғана арыздар мен наразылықтар түскен. Азаматтық істердің – 0,4, қылмыстық істердің – 0,3, әкімшілік істердің – 0,1 пайызы облыстық сотта қайта қа­ралғанда өзгеріске ұшырады. Атал­ған көрсеткіштер сапа ахуалының тұрақты екеніне дәлел бола алады. Дегенмен, соттардың жұмысында кем­шіліктер мен олқылықтар бар еке­нін жоққа шығаруға болмайды. Ата­лған кемшіліктер тек судья­лар­дың біліктілігіне, адалдығына ғана емес, қолданыстағы кейбір заңдар­ды қайта қарау мәселесіне де бай­ла­нысты болып отыр. Республика Жоғарғы Сотының құрамында азаматтық және әкім­шілік, сонымен қатар қылмыстық істер қарайтын қадағалау сот алқа­лары құрылғаны белгілі. Ал об­лыстық және оған теңестірілген сот­тар апелляциялық және касса­ция­лық алқалардан тұрады. Облыстық соттардың құрамында арнайы ма­мандандырылған алқалардың бол­мауы жалпы реформалау бағытына сәйкес келмейді және бірінші саты­дағы соттармен жұмыс ұйымдасты­руда тиімді болмай отыр. Сондық­тан облыстық соттардағы апелля­ция­­лық алқаны азаматтық және әк­імшілік, қылмыстық істер жөніндегі алқаларға қайта бөліп, ал касса­ция­лық алқа төрағасының міндетін об­лыстық соттардың төрағаларына жүк­теген дұрыс болар еді. Сонымен қатар, облыстық соттарда кассация­лық тәртіпте қаралатын қылмыстық істердің соттылығы принципін қай­та­лап зерделеген жөн деп есептейміз. Қылмыстық істер бойынша ізгі­лендіру бағытын ұстану міндеті судья­лардың V съезінде басты мін­деттердің бірі ретінде аталды. Біздің облыс бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 564 адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, яғни бұл көрсеткіш 42,2 пай­ызды құрайды. Осы мән-жай­лар­ды талқылайтын болсақ, 335 адам ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталса, 229 адам орта және жеңіл қылмысы үшін жа­засын өтейді, оларға тек қылмысты қайтадан жасағаны үшін осындай ауыр жаза тағайындалған. Бас бос­тандығынан айырылған адамдардың санын объективті түрде азайту үшін Қылмыстық кодекстің 58, 59, 60-баптарының талаптарын қайта қа­рап, әсіресе қылмысты қайталап жа­саған кезде жаза тағайындау тәр­тібін өзгерткен тиімді болар еді. Со­нымен қатар, қылмыстық жауап­кер­­шіліктің кейбір түрлерін, мы­салы, жеке айыптаудан туындайтын және басқа құрамдарды әкімшілік жауапкершілікке ауыстыру мәсе­ле­сін шешкен дұрыс. Тағы бір мәселе, сот органда­рын­да азаматтық істер бойынша өн­дірісті негізсіз қозғағаны үшін, та­туласу, бітімгерлікке келу рәсім­д­е­рінен бас тартқан тараптардың жау­ап­кершілігі туралы институтты заң­дастыратын уақыт жеткен сияқты. Мысалы, ағылшындардың сот тә­жі­рибесінде, сот процесін жүргізуге кет­кен шығындардың барлығы, дау­ласушы тараптардың қайсысының пайдасына шешілгеніне қарамастан, татуласу рәсімдерінен бас тартқан тараптан өндіріледі екен. Соңғы жылдары соттар тәжіри­бесінде арнаулы заңгерлік білімі жоқ, кей жағдайда тіпті жоғары бі­лімі де жоқ салық және басқа мем­лекеттік органдарында есепте тұр­майтын, әрекеттері ешқандай ор­ган­мен қадағаланбайтын, өздеріне “өкіл” деп айдар тағып, азаматтар­дың сеніміне кіріп, оларға пайда кел­тіруден гөрі жеке бастарының мүд­десін жоғары қойған шала са­уат­ты заңгерлер көбейіп кетті. Осы мә­селені біз әртүрлі деңгейде көтеріп жүрміз. Алайда, Азаматтық іс жүр­гі­зу кодексінің 57-бабының 7-тар­ма­ғына (тапсырма бойынша өкіл­дік) өзгерістер енгізбей, аталған келеңсіздікті жою мүмкін емес. Кадрларды даярлау және іріктеу мәселесі де өткір тұр. Бұл жұмысты ортақ бір жүйеге келтірсе дұрыс болар еді. Қазіргі таңда Жоғары Сот Кеңесінің бұл мәселеге байланысты атқарып жатқан шаралары толығы­мен құптарлық. Дегенмен, сот жүйе­сіне тек базалық заңгерлік бі­лі­мі бар, сот саласында қызмет іс­те­ген немесе арнаулы оқу орнын бі­тірген канди­даттар тартылуы тиіс деп санаймыз. Жоғарғы Соттың жа­нынан құрылған Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің жұмысынан сот жүйесіне тиісінше көмек көр­се­тіл­мей, кейбір тұстарда олардың ша­расыздығынан бірқатар жұмыс­тарды сот төрағаларының атқаруына тура келді. Соттардың жұмысын ұйымдастыру мен сот төрелігін жү­зеге асыру бір кеңседе жүргізілетін біртұтас процесс. Соңғы уақытта Сот әкімшілігі мен соттар жүйесінің арасы алшақ­т­ап, олар соттардың жұмысын ұй­ым­дастырудың орнына басқа қо­сым­ша мәселелерге көп көңіл бөліп кетті. Аталған мәселе Елбасының Жар­лы­ғына байланысты түпкілікті ше­шіліп, Жоғарғы Сот жанынан сот­тардың жұмысын қамтамасыз ете­тін депар­таменттің құрылуы заң­ды шешім деп есептейміз. Аталған Жар­лық сот жүйесіндегі қорда­ла­нып қал­ған бірқатар мәселелердің мем­лекеттік тұрғыдан шешілуіне негіз болды. Президенттің сот жүйесіне деген қамқорлығын әр уақытта сезінеміз және соттардың материалдық-тех­никалық базаларының нығаюына, судьялардың мәртебесі мен әлеу­мет­­тік жағдайларының өсуіне қол­дау өз жалғасын табады деген ой­да­мыз. Сот жүйесінің жұмысын жан-жақ­ты, объективті түрде халық арасына таратуда бұқаралық ақпарат құрал­дарының маңызы зор екенін жақсы білеміз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда сот жұмысын баспасөз бетінде жариялау мен насихаттау мақсатын­да тиімді тетік болмай отырғаны да жасырын емес. Кейбір жағдайларда баспасөз өкілдері сот­тарда қарала­тын даулардың пайда болу себебі мен негізін анықтаудың орнына, судьялардың әрекетіне баға беруге көбірек көңіл бөледі. Сондықтан сот жұмысының аш­ықтығы мен шынайылығын на­си­хат­тау үшін “Сот журналистикасы” деген институт құрып, осы бағытта арнайы мамандар жұмыс істеп, жұрт­шылыққа сот процесі жайлы шы­найы ақпараттар жеткізгенін жөн деп санаймыз. Нарықтық қаты­нас­тардың ел өміріне тереңдеп енуі­не, ел экономикасының өсуіне, жа­ңа қоғамдық қатынастардың пайда болуына байланысты реформалық шаралар жалғаса бермек. Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ, Қостанай облыстық сотының төрағасы. Қостанай.
Соңғы жаңалықтар