Еліміздің құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелеріне арналған кеңесте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы жаңа реформаның мән-маңызына айрықша назар аударды. “Қазақстанда құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Бүгінде жер-жерлерде өтіп жатқан басқосуларда, кездесулерде реформа жаңа құқық қорғау жүйесін орнықтыратын маңызды қадам ретінде бағалануда. Облыстық әкімдіктің үлкен залында құқықтық реформа міндеттерін талқылауға арналған жиын өтті.
Кеңесті өңір басшысы Серік Біләлов ашып, жүргізіп отырды. Ол күн тәртібінде талқыланып отырған мәселенің айрықша өзектілігін атап көрсетті. Президент құқық қорғау органдарымен қатар жергілікті атқарушы орындарға да құқық бұзушылықтың алдын алу және құқық тәртібін қамтамасыз ету жөнінде жоғары жауапкершілік жүктеді, деді ол. Облыс прокуроры Асқар Досекенов өз сөзінде Жарлық құқық қорғау органдарын ескі жұмыс әдістерінен арылтып, күнделікті іс-әрекетін жаңаша әрі сапалы сипатта үйлестіруге бағыттайтынын айта келіп прокуратура органдарының құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестіру функциясын күшейту, прокурорға қылмыстық қудалаудың заңдылығын, оның ішінде қылмыстық істің қозғалуын қадағалау жөнінде қосымша міндеттер, оның сотқа дейінгі іс жүргізудегі рөлі мен жауапкершілігін арттыру талаптары жүктелгенін тілге тиек етті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бастығы Нұрлан Қыдырбаев Жарлық талаптарынан туындайтын маңызды мәселенің бірі бұдан былай қызметтердің қайталануына жол берілмейтіні, деді. Трансұлттық есірткі қылмысынан басқа есірткі қылмыстарын тергеу Ішкі істер министрлігіне беріліп, өкілеттіктер айқындалды.
Облыстық соттың төрағасы Нұрғазы Әбдіханов жиналғандар назарын сот жүйесіндегі ауқымды құрылымдық, ұйымдық өзгерістерге аударды. Жоғарғы Сот жанынан Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің құрылуы соттардың қызметін ұйымдастыруды және материалдық-техникалық жағынан одан әрі жақсартуды көздейді. Мемлекетке зиян келген жағдайда, тараптардың бітімге келуіне байланысты адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен босату тәртібін реттеуге әрі онша ауыр емес және ауырлығы орташа экономикалық қылмыс жасаған адамдарды қамауға алу шараларын қолдануда шектеулердің белгіленуі, келтірілген зиянды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды, оның ішінде айыппұл, қоғамдық жұмыстар және бас бостандығын шектеу, сондай-ақ қамауға алуға балама жазалар қолдану саласын кеңейту мұның бәрі қылмыстық саясатты ізгілендіруден туған игі мақсаттар болып табылады.
Жиында сондай-ақ облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығы Малғаждар Тәткеев, облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары А.Дермановский сөйлеп, жұмыс тиімділігін жетілдірудің жолдарын әңгімеледі.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.