01 Қыркүйек, 2010

Құқық қорғаудың тиімді бағыттары

511 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мемлекеттік мәселе Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап еліміздегі құқықтық реформа нақты жетістіктерге жетті, сондай-ақ олардың сот-құқық қорғау жүйесіндегі қызметін жетілдіру мәселелері жалғасуда. Елбасымыздың “Қазақстан Республикасының құқық қорғау және сот жүйесінің тиімділігін арт­тыру жөніндегі шаралар туралы” 2010 жылғы 17 тамыздағы №1039 Жарлығымен құқық қорғау орган­дарын және сот жүйесін модерни­зациялау қарастырылған. Жарлықтың негізінде жүргізіл­ген қайта құрулар мемлекеттік органдар арасында қызметтерінің қайта­лануын болдырмауға және олардың қыз­меттерін нақты бөлу­ге, нәти­жесінде, ең алдымен аза­мат­тардың құқықтары және заңды мүдделерін қорғауға, олардың мемлекеттік билік орган­дарына сенімін арттыруға бағыттал­ғандығы күмәнсіз. Жарлықта әр мемлекеттік ор­ганның қызме­тінде шешуші болып табылуы тиіс алдын алу мақсат­та­ры белгіленген. Сол себепті ха­лық­қа жүргізіліп жатқан қайта құ­ру­лардың маңыз­ды­лығын, құқықтық білімді түсін­діру және насихаттау жұмыстарын жалғастыру қажет. Заңнаманы жетілдіруге, оны түзетуге, қылмыстық нормаларды ізгілендіруге бағытталған шаралар қабылдануда. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес, бала­малы жазалау шараларының және бұлтартпау шараларының, сондай-ақ татуластыру процедураларының, оның ішінде медиация институтын дамыту арқылы қолдану аясын кеңейту туралы тапсырма заңна­малық тұрғыда қойылған. Сон­дықтан, қолданылған ша­ралардың арқасында облыстағы сот­тарда қылмыстық істер бой­ынша да, аза­мат­тық істер бойынша да тату­ластыру процедураларын қолдану деңгейі облыс бойынша қазірден-ақ жоғарылағанын ескере кеткен жөн. Мәселен, ағымдағы жылда барлық аяқталған қылмыс­тық іс­тер­дің жалпы санынан 824 немесе 35,9% қылмыстық іс жәбір­ленушімен татуласуына байланыс­ты қысқар­тылған, ал 288 азаматтық іс бітімгершілік келісімін жасаумен аяқталған, бұл 2%-ды құраған (2009 жылы – 497 немесе 3,35%). Соттарды кадрлық қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қала бе­ре­ді: сот жүйесінде судьялар мен судья­лыққа кандидаттарға жоғары­ла­тылған талаптар қою және стан­дарттарды енгізу қарастырылған. Белгіленген тапсырмалардың ба­сымдылығын ескере отырып, судья­лыққа үміткерлердің тағы­лым­дама жетекшілерінің және жас судьялар­дың кураторларының жеке жауап­кер­шіліктерін арттыру жо­лымен бұл бағыттағы жұмысты одан ары жетілдіру қажет. Мемлекет басшысы айқында­ған басымдықтар мен стратегиялық мақ­сат­тарды біз барлық құқықтық жүйені дамытудың шешуші сатысы ретінде қабылдаймыз. Бұл әркімге шешілуі сот органдары мен құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыра­тын жаңа тапсырмаларды жүзеге асыруға байланысты міндет жүктейді. Қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларын реттеуді түбе­гейлі өзгерту бойынша шешуші қа­дам жасалынды. Жарлықта қа­рас­тырылған жаңғыртулар қылмыстық істер бойынша өндірісті жеңіл­де­туге және оның жеделдігін көте­ру­ге мүмкіндік береді. Бұдан әрі олар сот өндірісінің жаңа моделін қа­лыптастыру негізі болып табылмақ. Бұл тағы да Қазақстанның ал­дың­ғы қатардағы өркениетті елдердің тәжірибесін қолдану арқылы құ­қық­тық жүйені жетілдіруге ұм­ты­лысын байқатады. Ең алдымен, аза­маттардың және бизнес субъек­ті­лерінің құқықтарын қорғау жоғары деңгейге қойылған. Құқық қорғау органдары құзы­реттерінің нақты бөлінуінің бол­мауы іс жүзінде қызметтерінің қай­талануына, жөнсіз бәсекелестікке және басқа да олқылықтарға алып келді. Мемлекет басшысы ұсынып отырған қылмыстардың баламалы тергелу реттерін азайту болашақта құқық қорғау органдары құрылым­дарының өзара келісімді іс-әре­кет­терінің жоғарғы деңгейін қам­тамасыз етеді. Бұл құқық қорғау органда­рымен тергеу жүргізудің және сот­тар­да істердің қаралуының жеделдігіне, толықтығына және жан-жақты­лы­ғына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мемелекет басшысы экономи­ка­лық саладағы қылмыстарға ерекше көңіл бөлуді, заңсыз бизнес пен меншікті басып алуға (рей­дер­лікке) тосқауыл қоюды тапсырды. Бас бостандығынан айырылған адамдар санын азайтуға байла­ныс­ты мәселе, Жарлықта көрсетіл­ген­дей, заңнаманы декриминализа­ция­лау және ізгілендіру шаралары арқылы шешімін тапты. Ондаған қылмыс құрамдарын қылмыстық істер санатынан әкімшілік істер санатына ауыстыру көзделіп отыр. Бұл сияқты құқық бұзушылықтарға жоғары әкімшілік жауапкершілік белгіленетін болады. Бұдан басқа, олардың алдын алу мақсатында әкімшілік преюдицияны, яғни бір жыл ішінде олардың қайталап жа­салынғаны үшін қылмыстық жау­апкершілік қарастыру ұсынылуда. Тағы бір жаңалық, мемлекетке залал келтірілген кездегі тарап­тар­дың татуласуына байланысты қыл­мыстық істі қысқарту мүмкіндігі болып табылады. Бүгінгі күні қыл­мыстың қайталануы кезінде жаза тағайындауды реттейтін норма­лар­ды өзгерту керектігін жүргізілген талдау көрсетті, себебі қолданыс­тағы тәртіп бойынша судья елеусіз қылмыстардың қайталап жасал­ғаны үшін де бас бостандығынан айыруға – соттауға мәжбүр болып отыр. Келешекте ауырлығы онша емес қылмыстар бойынша тек айып­пұлды ғана еселей отырып, жаза тағайындау ұсынылып отыр. Шағын және орта бизнеске қы­сымды жою үшін жеке және заңды тұлғалардың салық төлеуден жалта­руы туралы нормаға өзге­ріс­тер енгізу ұсынылады. Қылмыстық жауапкер­шілікке әкелетін төлен­беген салық сомасын оншақты есе ұлғайтудың қарастырылуы өте орынды іс. Жалпы, реформада жоспарлан­ған іс-шаралар құқық қорғау және арнайы органдардың қызметін ти­імді ұйымдастыруды қалыптасты­ра­ды. Бұл оларды бір мезгілде өз­де­ріне тән емес қызметтерді ор­ын­даудан босатады. Олардың қыз­ме­тін бағалаудың басты көрсеткіші халық сенімі болып табылып отыр. Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ, Алматы облыстық  сотының төрағасы.
Соңғы жаңалықтар